- Учителю
- Баяндама ' Бала тәрбиесі мұғалімге ғана міндет пе?'
Баяндама ' Бала тәрбиесі мұғалімге ғана міндет пе?'
Кез-келген қоғамның күрделі проблемасы қашанда адамның рухани тәрбие мәселесімен тонның ішкі бауындай тығыз байланысты болып келген. Қазір де солай. Қоғамның дамығаны, озғаны, тозғаны, - бәрі-бәрі түгелдей сол ортада жасап жатқан адам ұрпақтарының жүріс-тұрысы мен істеген іс-әрекетінің сипатына қарай өлшенеді.
Рухани тәлім-тәрбие жұмыстары нашарлағанда, қоғамдық ой-сана мен эстетикалық мәдениет бірден құлдырап, құлайды. Ежелгі дәуірдің ойшылдары қолының бостығынан ерігіп философия тудырған жоқ. Олардың басын қатырып, жүйкесін жұқартқан жалғыз қиындық адам тәрбиесі еді. Сондықтан да даналар отырған жерінде әр нәрседен ғибрат алып, одан ой қорытып, адамның болмысы мен шыққан тегі туралы барынша терең ойлануға тырысқан. Көне Грекия даналарының заманында күмәнсіз сенетін киелі кітап пен кереметті пайғамбар болмаса да, олар ақылдың нұрымен табиғаттың терең сырларына барынша бойлап, оның түпкі құпиясын табуға талпынатын. Нені зерттесе де, күллі ғаламның тамаша тәртіппен жүйелі түрде жұмыс жасап тұрғанын дәлелдеуден жалықпайтын. Мақсаттары - ғажайып үйлесіммен жаратылған табиғаттың киелі тәртібіне сәйкес отандастарын ғибратты өмір сүруге үгіттеу. Осындай жанкешті еңбектерінің нәтижесінде олар игілікті істерді ақысыз атқарудан рухани қорек алатын ақжүрек адамдарды тәрбиелеп шығарды. Тәңірдің құдіретті тәртібіне бағынған тақуалар сол кездің өзінде-ақ Алладан арнайы уахи болған хақ діннен хабары болмаса да, ойлау қабілеті өте озық, қоғамдық қарым-қатынаста өте мәдениетті болып қалыптасты.
Орта ғасырда Ислам дінінің келуіне байланысты адамшылық ілімі бірден байып шыға келді. Бұған дейін жұмбағы шешілмеген көптеген сұрақтарға пайғамбар хадистері толық жауап берді. Ұлық Алланың ақырғы Елшісі мұсылмандарға ақиқатты қапысыз анық көрсететін жүрек көзін ашуды үйретті. Осыдан барып, мұсылман қауымы «АҚИҚАТ» деп аталатын құдірет Иесін көңіл көзімен көріп, жүрегімен сезіп біліп, танитын ұлы бақытқа қол жеткізді. Енді адамның не себепті қателесіп, өмірінде шалыс басатыны түсінікті болды. Адам ақылын айнытып, ой сәулесін жойып жіберетін күнә кірінің жиналатын жері де белгілі болды. Кез-келген кіші күнә мен қылдай қиянаттың да ізім-ғайым жоғалып кетпей, қиянатшыл адамның өз жүрегінде әуелі қара дақтан басталып, бара-бара қара татқа айналып, адамды күйрететіні Құран арқылы мәлім болды. Көңіл кірін қырнап, жүрек тазалауды меңгеріп алған мұсылман қауымы тәртіп сүйгіш тақулары көп, мәдениетті мемлекет құруға қабілетті болып шыға келді. Ақжүрек мұсылмандар, керек десеңіз, жүрегі әбден қарайып, өмір сүруден түңілген пенделердің өзін түзеп, қатарға қайта қосатын биік рухани деңгейге көтерілді. Қазақ халқы да жүрек көзі ашылған әулие даналардың себебінен адам рухын кемел дәрежеге көтеретін Ислам өркениетіне жалғанған. Соның арқасында ұлы далада өмір-бақи көшіп-қонып жүрсе де, мәдениет пен руханиятта ешбір елден кем түспейтін іргелі мемлекет жасады.
Амал нешік, ХІХ ғасырдан бастап қазақ үшін тарих көші сортаң соқпаққа ұрынды. Орыс оқудың басымдылығы айқын сезілген сайын рухани ілім де жоғалуға айналды. Ақырында Кеңестер өкіметінің орнауымен қазақ халқы аштыққа ұшырап, сауаттылары атылып, бордай тозды. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде қазақ даласы жүрек көзін ашудың ілімін білетін әулие-ғұламалардан «саяси тазарды». Обалы не керек, бәрібір де сол уақытта дәстүрге сүйенген бала тәрбиесіне көңіл бөлетін ақсақалдар институты мықты болды. Қазақы тәрбиенің арқасында көптеген жастар құлшылық ғибадатсыз-ақ мұсылманның ең күшті қасиеттері - қазақшылықты тұла бойында сақтап жүретін. «Бұл менің мұсылмандық ең аяулы қасиетім не болмаса тәрбием» деп ойламағаны да анық. Ең бастысы, олардың бойында ұстаздарды сыйлау, ата-ананы құрметтеу деген секілді көңілдің хошын келтіретін дұрыс тәрбиенің әсері мол еді. Өкінішке орай, қазақ ұландары өздерінің ең басты осы асыл қасиеттерін шетелден келген жалған діндерге ұрынғанда шапшаң түрде жоғалта бастады. Мұсылманды мәңгүрт қылып жіберудің ең оңай тәсілдері қоғамға дендеп енді.
Біз осы арада мектеп мұғалімдеріне арнайы тоқталамыз. Шыны керек, қазір қазақ қоғамының ең ауыр жүгі мен жауапкершілігі орта мектептерде сабақ беретін ұстаздардың мойнында. Әдеп, тәрбиеден жұрдай болған 50-60 оқушыны бағындыру, бір бағытта алып жүру деген қияметтің қиыны. Айтқанды ұқпайтын өңшең дөкейдің дөрекі балаларын ортақ іске жұмылдыру неткен азап десеңізші. Соның өзінде Құдай берген альтруистік қасиеттің арқасында мектептегі азапқа толы тәрбие жұмыстарын сол ұстаздар шамаларының келгеніше жүргізіп жатыр. Бірақ бұл күндері классикалық үлгіде педогогтық ілім алған ұстаздар шеше алмайтын өте күрделі проблема бар. Ол - мектеп жасындағы балалардың жаппай дінге бет бұруы. Бір қарағанда, мұндай құбылысты құптап, мақтануымыз керек секілді көрінеді. Бірақ, діни тәрбие өзегі - әдептің сол «жас діндәрларымыздың» бәрінің жүрегінен орын алып жатыр деп айту қиын. Ал әдебі жоқ адамда иман шіркін қайдан болсын?. Біле білсеңіз, топырақ сипатты, өте сыпайы мінез-құлық - момынның Мұхаммед пайғамбардан мирасқа алған ең үлкен бақыты. Енді біздің ұрпақ бақытты өмірдің негізгі құлпын ашатын әдеп ғылымынан жұрдай болатын түрі бар. Осы арада ғибратты бір хикаяны баяндай кетудің реті келіп тұр.
Заманында атақты әулие Жалаладдин Румидің даңқы дүркіреп, шет аймақтарға да тарайды. Сол заманда Ыстамбұл шахарында тұратын христианның атақты діндары Румидің даңқын естіп, оны бір көруге ынтық болады. Ол өзінің Кония қаласында тұратын христиан достарына хабарласып, әулие Румимен кездестіруін қатты өтінеді. Араға беделді адамдар араласып, екеуін қалай да жолықтырмақшы болады. Ыстамбұлдан Конияға арнайы келген құрметті қонақ қалада келе жатып, Румимен қаланың тар көшесінде кездейсоқ ұшырасып қалады. Сол кезде христиан достары жамырай шуласып оны Румимен таныстыра бастайды. Жүрегі нұрға толған мұсылманның шын әулиесін көрген кезде, оның бойын мастық сезім билеп кетеді. Қонақ ойланып жатпастан, сол заматта 30 мәрте маңдайын жерге тигізіп, Румиге құрмет көрсетеді. Ол соңғы мәрте сәжде жасап, басын жерден көтергенде, таң қалады. Қараса, Руми де дәл солай оған құрмет көрсетіп, маңдайын жерге тигізіп, 30 реттен көп сәжде етеді. Даңқты мұсылман әулиесінің мынадай сынықтығына ырза болғаны соншалық, христиан тақуасы еріксіз: «Ей, иманның тірегі болған бауырым, не себепті сонша иілдің? Не деген сынықтық мінез еді сенде! Мен секілді жат жұрттан келген жәй пақыр осындай құрметке лайық па еді?!» деп сұрайды. Руми: «Хазреті пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) өсиетінде: «Ұлық Алла бір пендеге байлық берсе, көрік берсе, абырой берсе және ол құлын елдің құрметіне бөлесе, сол адам байлығын елімен бөлісіп, абыройын таза сақтап, қандай құрметті жағдайда да сынықтығын жоғалтпай, топырақ сипатын сақтаса, соны Құдай сүйеді», - деген. Мен осындай ұлық пайғамбардың үмбетінің ортасында жүріп, Құдайдың басқа құлдарының алдында не себепті сынық болмауым керек? Не себепті мен иіліп, құрмет көрсетпеуім керек? Егер мен бұлайша жасамасам, менің өзім не үшін және кім үшін құрметті боп жүрмін?" - деп сұрайды. Бірнеше күнге созылған рухани сұхбаттан соң, келген қонақ Исламды қабылдап, мәңгі бақи сол жерде Румиге шәкірт болып қалып қояды.
Сол оқиғадан кейін, бірнеше күннен соң, Хазіреті Руми Сұлтан Уәлидке жолығып былай дейді: «Сен білесің бе, кешегі келген христанның діндары сәл болмағанда біздің сынықтық көркем мінез-құлқымызды қолымыздан тартып әкете жаздады. Өзіңіз білесіз, Хазреті Мұхаммед пайғамбардың біздей үмбетіне қалдырған ең ұлы нығметі де сол сынықтық еді. Сәл болмағанда, сол бағымыздан айрылып қала жаздадық. Абырой болғанда, Ұлық Алла маған жәрдем беріп, Пайғамбар (с.ғ.с.) шапағат етіп, бағымыз да, тәжіміз де болып тұрған топырақ сипатты сыпайы мінезді әрең дегенде алып қалдым».
Жоғарыда айтылған діншіл балаларымыздың басында бұл тәж бар ма екен?! Әулие Руми жанталасып алып қалған мұсылман бақытын осы жастар іздей ме екен?! Егер дәл осы бетінде кете берсе біздің басымыздағы тәжіміз болуға тиісті көркем мінез-құлық ақыры бөтен жұрттың басында кетуі сөзсіз. Қолдан келгенше ізбасар ұрпақты топырақ сипатты мінез табуға тәрбиелейік. Ол қазақтың қанына сіңіп, мінезіне айналған қасиет. «Ұлық болсаң, кішік бол!»