7


Баяндама 'Макала' 7 класс

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Ш. Уәлиханов және сурет өнері

Азатхан Серікұлы Шаймерден

Жоғары санатты бейнелеу пәнінің оқытушысы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназия

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы (1835-1865жж) жақсы суретші де болған.

Ғалымның бай мұраларының бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Өз еңбектерін суретпен толықтырып отырған, көбінесе акварель, майлы бояумен, ал кейде тущь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Суретшілік өнерді арнайы үйренбесе де оның суреттерінде кәсіби шеберлерге тән өзіндік қолтаңбасы бар. Бұл ғалымның табиғи дарынының ерекше бір қырын байқатады. Қазіргі уақытта Шоқаннан бізге мұра боп қалған 150-ге тарта сурет бар /2,318/. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» секілді беделді басылымдарда жарияланған. Шоқан өзінің күнделіктерін, қолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі кескіндемелерімен де толықтырды. Ғалым сондай-ақ тастағы жазуларды, ондағы көне заманның суреттерін қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың сол жазуларды оқуына жағдай жасады /3,3/.

Бейнелеу өнері тарихында он, жиырма ғана еңбегімен маман суретші атанып, әлемдік даңққа иеленгендер бар. Шоқан Уәлиханов бізге 150 туындысын мұра етіп қалдырды. Демек, Шоқанның суретшілігі - маман көзбен қарауға болатын, талғаммен өлшеп, танымымызға сіңіретін суретшілік /4, 16/.

Қазақ халқының тұңғыш суретшісі Ш. Уәлиханов бала жастан сурет салумен шұғылданған. Кадет корпусында оқи жүріп, сурет салуға деген құштарлығын одан әрі шыңдай түседі. Оның бейнелеу өнеріне деген бейімділігіне әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыстың тәрбиесі ерекше әсер етті /5, 315/.

Қоршаған ортаны бейнелегенде, көргенін қапысыз суретке сала білген Шоқан тас мүсіндермен қатар таңбалы тастардағы бейнелік суреттерді қағазға түсіріп, жүйелі зерттеуді көздеген. Оның салған суреттерінде қазақ халқының мәдениетін зерттеуге мүмкіндік беретін қару-жарақ, садақ, қорамсақ, кісе, селебе, жел ауыз, қамшы нобайларынан ұлттық мұраның үлгілерін көруге болады. Сонымен қатар ғалым ұлттық киімдер мен киіз үйдің қыр-сырын өте жақсы білген /6, 40/.

Сурет салумен бала жастан шұғылданған Шоқан он екі жасында «Жатақ» атты суреттемесін салады. Суретші бұл еңбегінде киіз үй мен түйеші баланы өте нанымды бейнелейді. Бұл оның тырнақ алды туындысы болса да, бояу үйлесімділігі жарасымды үндестік тапқан шығарма болып табылады. Көкейге ұялаған ойды жедел қағаз бетіне түсіруге ұмтылған қаламгер талай туындыны өмірге алып келеді. Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде сурет пен сызу пәндерінен жүйелі білім алады /8, 37/.

Үздіксіз ізденістер мен қажырлы еңбегінің жемісі Шоқанның қазақ халқының тұңғыш суретшісі екендігін дәлелдей түседі. Оның өзіндік бір ерекшелігі - көрген затты жақсы есте сақтап, ойша салуға дағдылануы. Қоршаған ортаны бейнелеуде зерттеушілік әдіске бейім. Мысалы, «Рауғаш және киіктің лағы» атты нобайына көңіл бөлсек, мұнда шөптің құрылысы мен киіктің сұлу тұлғасы дәл ұқсастықпен бейнеленгендігін байқай аламыз /8, 38/.

Шоқанның портреттік адам тұлғасын бейнелеуде сол адамның ішкі жан-дүниесіне үңіле отырып, мінез-құлық ерекшелігіне айқын сипаттама береді. Өзінің «Автопортреті» - кәсіби типте орындалған шығарма. Оның графикалық туындылары арасында портреттік жанр басты орын алады. Шоқан - өткір ойлы, көргенін жаңылмай бейнелейтін аса шебер суреткер. Шоқанның адам келбетін бейнелеудегі аса шеберлігі - адамның ішкі жан-дүниесін жарқыратып ашуында. Ол «Бұғы руының бас манабы Боранбай» суретінде Боранбайды кескіндеуінде кеудеден жоғары келбетіне көбірек көңіл бөледі. Қиғаш қас, қысық көз, қыр мұрынды, шоқша сақал, сирек мұртты маңғолға ұқсас дөңгеленген өңін нанымды бейнелейді. Күңгірт түстерді үйлесімді пайдалану арқылы Боранбайдың бет - пішінін айқындай түскен. Шоқанның кез-келген портретті шығармасын алып қарасақ, жанды сызықтың құдіретімен қас-қағым сәтте бейнеленген нобайлары асқан шеберлікпен туындаған. Адамның тынымсыз іс-әрекет жасаудағы тұлғасын дәлдікпен қағаз бетіне түсіре білген. «Тезек сұлтанның портреті», «Сарыбағыш руының манабы Сартай», « Ұлы жүз сұлтаны Мамырхан Рүстемов» т.б. портретті туындылары ұлттық мазмұнда өз шешімін тапқан /8, 39/.

Шоқан қолтумаларының шоқтығы биігі портреттік жанр болғанымен, табиғат тамашасын, халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салтын бейнелеуде еш тосырқамайды. «Аспан әлемі» деген этюдінде ғалым - суретші қазақ халқының көнедегі күнтізбені тәптіштей сызып, Құс жолы, Арқар жұлдыз, Сүмбіле, Таразы, Жетіқарақшы, Темірқазықтың орнын көрсетеді /4, 16/.

Шоқанның көнедегі архитектуралық ескерткіштерді, тамылжыған табиғат сұлулығын, «Киіз үй алдындағы қазақтарды», «Кітап ұстаған қазақты» да салғаны бар. Портреттік жұмыстарында Шоқан адамның күрделі психологиясын ұтымды деталдармен (қара қауырсын, қандауыр пышақ т.б.) ашып отырады. Бұл еңбектер орындалу сәттілігімен ғана емес, ұлттық бейнелеу өнеріміздің, оның ішінде ұлттық реалистік графикамыздың алғашқы үлгісі болуымен де құнды /4, 17/.

Шоқан мұрасының ішінде сәулет құрылыстары бейнеленген суреттемелер өте көп. Шығармашылық еңбегінің нәтижесі тарихи деректемелерге дәлел бола алады. Мысалы, «Семейдегі тас мешіт», және «Түп өзеніндегі қырғыз бейіттері» қырғыз бен қазақ өлкесіндегі сәулет өнерінің үлгілерін зерттеуі дүниежүзілік сәулет өнерімен сабақтастырылған /6, 144/.

Ш. Уәлиханов шексіз сахараның сан құбылған табиғатының ортасында жүріп, өнерін жетілдіреді. Шоқанның 1856 жылы қарындашпен салған «Іле Алатауындағы бекет», суретінде дала ауа райының кеңістік заңдылығын мейлінше ұтымды пайдалана білген /1, 126/.

Шоқанның суреттері мен графикалық кескіндемелері сюжеттік жанрға тән. Ұлы саяхатшы 1858 жылы Қашқарияда болып, жергілікті Қытай халықтарының мәдениетімен жетік танысады. Ол қытайлардың қала сыртындағы бақтары, жазғы мекен-жайлары өте көрікті, әсіресе үйлердің терезелері оюланып, шатырының ернеулері жұлдызшалармен ерекшеленгендігін көрсетеді. Оның «Шығыс - Түркістан ұйғырларының киімдері», «Түркістан әйелдерінің киімдері» атты шығармалары - осы бағыттағы сәтті туындылары. Шоқан өз халқының өнерін дүниежүзілік мәдениетпен байланысты зерттеуде ұлттық бояуды сақтап қалуды арман етті. Шоқанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі - ұлттық мұражайымыздың асыл қазынасы /8, 40/.

Бүкіл саналы ғұмырында Шоқан өнер зерттеушісі ретінде көрінді. Ол қысқа ғұмырында сурет, сәулет, мүсін және қолөнерге айрықша мән берген. Осы салалар бойынша Шоқанның еңбектерін зерттеген тарихшы Әлкей Марғұлан оның сурет жазбаларын мынандай жеті топқа бөледі:

  1. Жас кезінде салған суреттері.

  2. Қазақстан мен Қырғызстан мәдени және археологиялық ескеркіштерінің суреттері.

  3. Қазақтардың, қырғыздардың, ұйғырлардың тұрмысы мен салтына қатысты суреттер.

  4. Ыстықкөл экспедициясы суреттері.

  5. Құлжа сапарынан туған суреттер.

  6. Қашқар экспедициясы суреттері.

  7. Замандастар портреттері.

Түйіндеп айтар болсақ, Шоқан Уәлиханов басқа ештеңе тындырмай, тек қана бізге жеткен суреттерімен белгілі болғанда да, рухани тарихымыздың төрінде тұрар еді. Шоқанның жазба мұраларынан көп қырларын таратып әкетіп жүргеніміздей, бейнелеу өнеріндегі Шоқан мұралары да этнографты, тарихшыны, сәулетші - суретшіні, топограф, географ, ботаник, музыкантты, әдебиетші, өлкетанушыны қызықтырады. Соның ішінде, ғалымның суретшілік еңбегі әлі де өз зерттеушілерін күтуде. Ұлттық бейнелеу өнерінде, ең алдымен, қазақ халқының тұңғыш суретшісі Шоқан Уәлихановтың мұрасынан сабақ алып, оның суреттері толық зерттеліп, ғалымның суретшілік мұрасының өмірдегі шын қуаты анықталып, өз орнын тапса екен деймін.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ешмағанбетов Б. С. Шоқан Уәлиханов - ғұлама ғалым. Қазақстан тарихы әдістемелік журналы. 2005 ж №5

  2. Бейсекбаев Ж. Жасын тағдыр жарқылы. Алматы. «Жалын», 1987ж

  3. Есмағанбетов К. Шоқан дүниетанымы.

  4. Алаш айнасы газеті. 2009 жыл 20 мамыр

  5. Телжанов Қ. Бояуы қанық бір әлем. Білім және еңбек. ғылыми көпшілік журнал. 1985 ж. №11

  6. Қабылдинов З. Е, Қайыпбаева А. Т. Шоқан Уәлиханов - қазақтың аса көрнекті ғалымы әрі ағартушысы. Қазақстан тарихы. Атамұра, 2008жыл

  7. Болатбаев Қ, Қосбармақов Е, Еркебай А. Қазақ халқының тұңғыш суретшісі - Ш. Уәлиханов . Алматы, Өнер. 2006 жыл

  8. Ш. Ш. Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы, ІІ-ші том, Алматы, 2010 жыл



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал