7


ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание: ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ.Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығын Орталық Азиядағы түңғыш ұлттық мемлекет деп ерекше атап өтеді.Тарихи дамудың заңдарына сәйкес кез келген тарихи
предварительный просмотр материала

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақ хандығын Орталық Азиядағы түңғыш ұлттық мемлекет деп ерекше атап өтеді.

Тарихи дамудың заңдарына сәйкес кез келген тарихи объект өзінің ішкі заңдылығы және сыртқы факторлардың әсерімен қалыптасады, дамиды және күйрейді немеме басқа түрге ауысады. Қазақ хандығының 550 жылдйқ тарихы осы заңдылықты дәлелдей түседі. Қазақ халқының кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заманның алғашқы кезеңіндегі тарихы Қазақ хандығымен тығыз байланысты. Оларды бір-бірінен бөлек, ажырата қарастыру мүмкін емес.

Тарихи құбылыстардың қалыптасу, даму және күйреу кезеңдері болатын секілді, Қазақ хандығы да осындай кезеңдерді басынан өткереді. Әрбір кезеңдегі тарих халықтың, қоғамның саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани мәселелерімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың әрқайсысының халықтың тарихында алатын орны ерекше, маңызы жоғары.

Тарихи әдебиеттерде «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп аталатын Әбілхайыр Хандығы (1428-1470ж.ж.) XV ғасырдың 30-40-шы жылдары өз дамуының жоғары шегіне жетеді. 16-17 жолынан билікке араласқан шайбанилық Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың ру - тайпа көсемдері мен билердің қолдауына сүйене отырып, XV ғасырдың 30-шы жылдары сондағы хандар мен сұлтандардың қарсылықтарын басады. Сөйтіп Дешті Қыпшақта көшпелі тайпалар негіз болған біртұтас мемлекет құруға ұмытылады. 1446 жылы ол Сырдария өзеннің Орта ағысы бойындағы Түркістан аймағын өзіне қаратып, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің астанасын Батыс Сібірден Түркістан аймағына Сығанақ қаласына көшіреді. Сондай-ақ Әбілхайыр хан 1449-1451 жылдары Мәуреннахрда қалыптасқан саяси дағдарысты өз пайдасына шешпек болып, таққа таласушы Ақсақ Темір ұрпақтарының бірі Әбу Сайд мырзаны қолдайды да, тікелей әскери көмектің жәрдемімен оны Самарқан тағына отырғызады.

Әбілхайыр ханның XV ғасырдың 40-50 жылдарында хандықтың батысында жүргізген сыртқы саясаты да нәтижелі болады. Оған себепші болған жағдайлар мыналар еді. Алтын Орданың Кіші Мұхаммед хан тұсында Қазан, Қырым және Астрахан хандықтарына бөлініп, солардың өзара күрестері, Ноғай Ордасындағы Мансұр би өлгеннен кейін, едіге ұрпақтары арасында болған тақ үшін алауыздықтар мен күрестер. Хандықтың батысындағы көрші елде болған жағдайды Әбілхайыр хан тиімді пайдалана біліп, онда да өзіне қолайлы адамды билікке отырғызады. Ол адамы Едігенің көп ұлдарының бірі Қазы би еді. Қадырғали би Қасымұлы Жалаиыри «Ол ұлыста, яғни Ноғай Ордасында Мансұр бидің орнына Қазы би болды» - десе, Әбілғазы Ноғай Ордасында билердің өкімет басына қалай келгендігін Дешті Қыпшақ тайпалары арасында кең тараған мынадай сөзбен түсіндіреді: «Әбілқайыр хан болды. Қазы би болды, Иадгар хан, Масы би болды».

Сөйтіп, Әбілхайыр хан өз хандығының оңтүстігі мен батысындағы мемлекеттердің басына өзіне қолайлы адамдарды қоя отырып, өз мемлекетінің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және өзі отырғызған билеушілермен тиімді қатынас орнатады. Жалпы алғанда XV ғасырдың 40-50 жылдары «көшпелі өзбектер» мемлекетінің сыртқы саясаты оңтүстікте және батыста белсенді, нәтижелі түрде жүргізіледі.

«Көшпелі өзбектер» мемлекеттің ішкі саяси жағдайы XV ғасыр ортасында сырттай тұрақты болып көрінгенімен, ол тұрақтылық объективті заңдылықтар нәтижесінде емес, керісінше, күшпен орнатылған саяси тұрақтылық болатын. Ондағы ұлыстарда бір-бірімен тығыз экономикалық байланыстардың болмауы және ортақ нарыққа қажетті алғышарттардың жоқтығы саяси өмірде бөлінушілік ағымдарды туғызады. Оған Махмуд, Ахмед және Мұстафа хандардың қарсылығын дәлел етіп айтуға болады. Қухистани былай деп жазады: «Жошы ұрпағынан тараған Махмуд хан мен Ахмед хан Әбілхайыр ханға бағынбай және оны тыңдамай, оған қарсы бүлік жасады», 1457 жылы Сығанақ қаласы түбегінде Әбіхайыр ханның қалмақтардың көсемі Үз-Темір тайшыдан жеңілуі және осы жеңістен кейін Керей мен Жәнібек Сұлтандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанға кетуі, сондай-ақ 1468-69 жылдары Әбілхайыр хан өлгеннен кейін оның ұрпақтары арасында тақ үшін болған таластар хандықтың ішкі саяси тұрақсыздығын көрсетеді. Тіпті Әбілхайыр ханға әрі туыс, әрі бағынышты болып, әскер басы қызметін атқарған шайбанилық Буреке сұлтан Әбілхайырдың орнына келген Шайх Хайдар ханның Ордасын ойрандаушылардың қатарында болады. Ол жөнінде Әбілғазы: «Ол уақытта «Атаң жұртын жау шапса, айналдыра бірге шап» деген көне сөз бар еді. Бұл сөзді орындағандай Буреке сұлтан бір жақтан қол созды», - деп баяндайды.

Жалпы алғанда, Әбілхайыр хандығының ішкі саяси әлсіздігі, әсіресе 1457 жылы қалмақтардың жеңілуі оның мемлекетінің ыдырау процесін тездетеді. Ал ол өз кезегінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан бөлініп, Моғалстанда жеке хандық құруына қолайлы жағдайлар жасайды.

Қазақ хандығының құрылу тарихында Моғолстан мемлекеті және оның XV ғасырдың 40-50 жылдардағы ішкі, сыртқы саяси жағдайлары, мемлекеттің осы мезгілде Мауреннахрмен, Әбілхайыр Хандығымен, сонымен бірге қалмақтармен қарым-қатынасы ерекше рөл атқарады.

XV ғасырдың 40-50 жылдарында Моғолстанның ішкі саяси жағдайы дәл осы мезгілдегі Әбілхайыр Хандығымен салыстырғанда анағұрлым нашар еді. Егер де Әбілхайыр хандығында тайпа көсемдері мен ұлыс билеушілердің бағыныштылығы қатаң сақталса, Моғолстанда әрбір тайпа көсемдері өздерін әмір деп жариялап, ханға бағынбаған. Хан билігі мемлекет ішіндегі өзіне бағынышты тайпа мен оның территориясына ғана жүреді.

Моғолстанның сол кездегі ханы Есен-бұға тайпа әмірлерінің мұндай іс-әрекетіне қарсы шебер тоқтау салмайды, тоқтау салатындай онда күш те жоқ болатын. XV ғасырдың 50 жылдарының соңына таман, Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған адамдардың Моғолстанға келу қарсаңында Моғолстанның ішкі жағдайы міне, осындай еді.

XV ғасырдың 40-50 жылдары Моғолстанның сыртқы саяси жағдайы да, көрші елдермен қарым-қатынасы да мәз емес еді. XV ғасырдың басынан бергі оның шығыстағы көршісі қалмақ тайпаларымен қарым-қатынасы көп жағдайда соғыстар, өзара жорықтарымен шектелген. Моғол-қалмақ қатынастарында қалмақтар жетекшілік орынға ие болады. Олар үнемі Моғолстанға тонаушылық сипатта жорықтар жасап, елді күйзеліске ұшыратады, ал Моғол хандары тарапынан ешқандай тегеурінді қарсылықтар жасалмайды. Қалмақ тайпаларының Моғолстанға жасаған жорықтары Есен-Бұға ханға дейін де, оның билік құрған кезінде де жалғаса береді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Есенбұға ханның әкесі Уәйіс ханның (1425-1428ж.ж. Моғол Моғолстан ханы) Қалмақ тайпаларымен 61 рет соғысқанын, оның ішінде 2 рет оларға қолға түскендігін, 60 рет жеңіліске ұшарағандығын айтады. Моғол-қалмақ тайпалары арасындағы жорықтардың санына қарап, әскери қарым-қатынастың қандай дәрежеде, сипатта болғандығын анықтау қиын емес. Уәйіс хан бар болғаны 3-4 жылдай ғана хан болады. Сонда Уәйіс ханның тұсында Моғолдар шығыстағы көршілермен жыл сайын 15-20 рет, ал ай сайын 1-2реттен соғысып, жорық жасасып отырғандығын байқаймыз. Мұндай жағдай XV ғасырдың 40-50 жылдары Есенбұға хан тұсында да жиі қайталанып тұрады. Тіпті 1457 жылы Үз Темір тайшы бастаған қалмақтардың Әбілхайыр хан әскерімен ұрысы кезінде қалмақ көсемі өз тылын Моғолстан территориясындағы Шу өзенінің бойына емін-еркін қалдырып кетеді.

Моғолстанның XV ғасырдың 40-50 жылдарындағы қалмақтармен саяси қарым-қатынасы моғолдар үшін өте ауыр жағдайда болады. Сондықтанда Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуіне Есен-Бұға хан ешқандай қарсылық білдірмейді, қайта олардың келгеніне қатты қуанады.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың Моғолстанға келуінен Есен-Бұға хан да, екі сұлтан да ұтылмайды. Есен-Бұға хан өзінің хандық билігін 1462 жылға дейін, яғни қайтыс болғанша дейін созады, ал екі сұлтан болса жаңа мемлекеттің - Қазақ Хандығының негізін қалайды.

Жоғарыда айтылған ойды түйіндей келе, Моғолстан мемлекеті мен Әбу Сайд мырза мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар Әбілхайыр Хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары, олардың даму барысы, бәрі XV ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ Хандығының құрылуына саяси алғы шарттар әзірлейді. Сондықтан да біз, Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ емес, саяси дамудың заңды қорытындысы деп батыл айтуға болады.

Керей мен Жәнібек хандығының Моғолстанға көшіп келуін баяндайтын мәліметтер ортағасырлық екі шығармада ғана бар. Біріншісі - Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегі. Еңбек 1542-1546 жылдары Кашмирде жазылған бұл кезде Қазақ Хандығының құрылғанына бір ғасырдай уақыт өткен болатын.

Мұхаммед Хайдардың еңбегіне дейін Қазақ Хандығының құрылуы жөніндегі мәліметтер ешбір жазба деректе кездеспейді. Автор еңбегін жазу барысында жергілікті халық арасында кең тараған тарихи әңгімелерді, аңыздарды, ауыз әдебиеттің басқа да түрлерін кеңірек қолданған. Керей мен Жәнібек хандардың моғолстанға келуі туралы мәліметті Мұхаммед Хайдар шежірені жақсы білетін адамдардан алса керек. «Тарихи Рашидидің» бір бөлігін орыс тіліне аударып, оған кіріспе сөз жазған К.А.Пищулина «Тарихи Рашидидің жазылуына ең біріншіден моғол тайпалары арасында айтылып жүрген тарихи аңыз әңгімелер негіз болды» - деп жазады.

«Тарихи Рашиди» еңбегі XIV-XVI ғасырлардағы Қазақстанның оңтүстік шығысында, Шығыс Түркістанда және Қырғызстан территориясында болған Моғолстан мемлекетінің тарихын баяндау үшін жазылған. Еңбек екі дәптерден тұрады. Алдымен 1542 жылы екінші дәптер, ал 1546 жылы бірінші дәптер жазылған. Қазақ Хандығының құрылуы туралы мәліметтер еңбектің ішінде екі жерде айтылып өтеді. Бірінші мәлімет екінші дәптердің «Қазақстардың, олардың хандарының жағдайының ерекшеліктері, бұл атаумен олардың аталу және құлдырау себептері туралы баяндау» деген тарауында кездеседі. Бұл тараудың «Тарихи Рашиди» еңбегіне ену себебі мынада: Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстанның XVI ғасыр басындағы саяси тарихын баяндай келе, Моғолстанның соңғы ханы Сұлтан Сайд ханның Сүйіншік ханмен соғыста жеңіліп, Қасым ханнан көмек сұрағанын, Қасым хан Ордасына Сұлтан Сайд ханның келгенін жазады. Одан әрі Мұхаммед Хайдар: «Әңгіме Қасым хан туралы болғандықтан, ол туралы қысқаша түсініктеме бермесек, онда біздің баяндауымыз түсініксіз болады» - деп онда жоғарыда атаған тараудың («Сұлтан Сайд ханның Сүйіншік ханнан жеңілгеннен кейінгі бастан өткергені туралы баяндау», «Сүйіншік ханмен болған соғыстан кейінгі оқиғалар тарихи және Сұлтан Сайд ханның қазақтарға, Қасым ханға баруы туралы баяндау») ортасына енгізеді.

Автордың бұл тараудағы негізгі ойы - Қасым хан және оның кезіндегі Қазақ Хандығының жағдайын айту болатын. Бұған дейін ел жерде Қазақ Хандығының пайда болуы айтылмағандықтан, тараудың басында ол туралы төрт сөйлем жазып, одан әрі алғашқы хандардан бастап ХVІ ғасыр басындағы оқиғаларға дейінгі жағдайларды қысқаша түрде баяндап өтеді.

«Тарихи Рашидидегі» Қазақ Хандығының пайда болуы туралы екінші мәлімет 1546 жылы жазылған бірінші дәптерде де бар. Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуі Есен-Бұға хан тұсында болғандықтан «Есен-Бұға ханға әмірлердің қарсылығы және сол кезде болған оқиғалар туралы баяндау» деген бірінші дәптер тарауында бұған арнайы тоқталып өтеді. «Тарихи Рашидидегі» екінші мәліметте Қазақ Хандығының Шу мен Қазыбасы аймағында құрылғандығы, сондағы қазақтардың саны 200 мыңға дейін жеткендігі және қазақ хандығының билік құра бастаған жылы туралы бірінші мәліметте кездеспейтін фактілер бар. Сондай-ақ Қазақтар және Қазақ Хандығы туралы мәліметтер 1537-1538 жылға дейін, яғни Бұйдаш ханға дейін келтіріледі. ал екінші дәптердегі мәлімет 1513 жылға дейін, яғни Сұлтан Сайд ханның Қасым хан ордасына баруымен шектелген болатын.

Сөйтіп, біз бір шығармадағы бір мәселе туралы айтылған екі мәліметті салыстыра отырып, соңынан жазылған мәліметті автор арнайы жазған дейміз және Қазақ Хандығының құрылуы туралы ең құнды, ең басты мәлімет деп санауға болады.

Керей хан (XIVғ. соңы-XVғ.) - қазақтың алғашқы ханы. ХV ғасырдың Алтын Орда мен Ақ Орда билеушісі Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібек сұлтан екеуі Дешті қыпшақ ханы Әбілхайырдан бөлініп Моғолстанға келді.

1468 жылы негізгі қарсыласы Әбілхайыр хан өлген соң Керей мен Жәнібек өз ұлыстарымен атамекені Сыр бойына оралды. Осында Керей ханның басшылығымен алғашқы Қазақ ордасының іргесі бекіп, оның маңындағы ру, тайпаларға бөлінген халықтар осында өз жанында дала данышпаны Асан Қайғы отырды. Керей хан 10 жылдай билік құрып, Хантауда жерленген дейді тарихшы М.Елеуов.

Керейдің ата-тегі: Орыс хан, Тоқтақия Әнеке-Болат, Керей.

Керей ханның ұлдары көп болған деп жазған Мұхаммед Хайдар Дулати, бірақ олардың атын атамайды. Жошы әулетінің шежіресі бойынша Керейдің Бұрындық, Қожа Мұхаммед, Сұлтан Әли аталған үш ұлы, бірнеше қызы болған. Қазақ Ордасы мен кейінгі қазақ ұлттық мемлекетінің қалыптасып, оның алғашқы керегесін керіп, шаңырағын көтерген тұңғыш хан Керей есімін біздің халқымыз ешқашан ұмытпайды.

Жәнібек хан Барақұлы - қазақ ордасының екінші ханы. Қазақ халқы елге айрықша сіңірген еңбегі мен кемеңгерлік істерін жоғары бағалап, оны әз Жәнібек деп құрметтеп атаған. Ол Қазақ Ордасының тұңғыш ханы Кереймен бірлесіп Қазақ мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі.

Әкесі Барақ ХV ғасыр басында Ақ Орда мен Алтын Орданы билеген. Жәнібектің ата-бабалары ал билеп, мемлекет билеушісі, хандық құрған ханы болды. Ал оның ұрпақтары Қасым, Ақназар, Тәуекел, Жәңгір, т.б. ХІХ ғасырдың бас кезіне дейін Қазақ хандығының тағында отырып, өздерінің қайраткерлік, ерлік істерімен айрықша көзге түскен адамдар болды. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығының беделі Дешті қыпшақта өсе түсті. Сөйтіп, бұл кезде дербес Қазақ хандығының күшеюіне тұтас келді. Бұған Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлі өте зор. Жәнібек хан Сарайшық қаласын мемлекет астанасы етті және сонда жерленген. Жәнібектің ата-тегі. Орыс хан, Құйыршақ, Барақ. Жәнібек жайында деректер аз. Барлық жазба деректерде ол Керей ханмен бірге есімі аталады. Оның шын аты Әбу Сайд, тоғыз ұлы, бірнеше қызы болды. Сөйтіп, Керей хан мен Жәнібек ханның нақ қашан өлгені де жерленген жері де белгісіз. Бірақ аттары қалды. Ұрпағы қалды. Олар құрған, ұзақ ғұмыр бұйырған хандық қалды.

Қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектелуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары Жәнібек пен Керейдің үлесіне тиді. Олардың басқа Шыңғыс ұрпақтарымен (негізінен алғанда Шайбани ұрпақтарымен) бұрынғы Жошы ұлысының мұраға қалған жерлерінде билік жүргізу құқығы жолындағы тайталыстағы әулеттік мүдделері топтасқан халықтың дербес мемлекет құруға ұмтылсын объективті түрде бейнелеген еді. Қазақ хандары жалпы мемлекеттікке және ұзақ уақытқа созылған өзара байланысты Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу және Түркістан аумағын мекендеген этникалық топтардың этникалық-саяси, шаруашылық-мәдени дамуы арқылы бірігуіне дайындалып та қойған жерлерді топтастырғанын атап өткен жөн.

Әбілхайыр хандығы мен Моғолстанның әлсіреуі және ыдырауы жағдайында аталған кең-байтақ аймақтың рулары мен тайпаларының ең ықпалды көсемдері саяси тәуелсіздікке ұмтылды немесе әлдебір Шыңғыс ұрпағы арқылы қамқоршы іздестірді. Олардың көбісі алғашқы қазақ хандарының біртұтас мемлекет құру мен оны нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерін қолдады.

Қазақ рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау 40-50 жылдардың өзінде Қазақстанның оңтүстігідегі жерлерде - Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегіне тортасқан еді. Әбілқайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынған басшыларының қарсылығын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аймақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды.

Қазақстанның оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір бөлігі бағынды, олардың төңірегіне көшпелі рулық-тайпалық шонжарлардың айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі таптасты. Шонжарлардың бұл топтары өздерінің Сыр өңіріннің отырықшы-егінші халқын қанауға, жергілікті қалалардың саудасы мен қолөнер кәсіпшілігінен пайда алуға дәмеленуін қамтамасыз ететін берік хан билігіне мүдделі болатын Әбілхайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы жиырма жылға жуық күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсылықтарын басумен айналысып жүргенде, Қазақстанның оңтүстігінде мұндай күшті билікті Ақ Орда хандарының мұрагерлері қамтамасыз ете алатын еді. оларға рулар мен тайпалардың Әбілқайырға парызы көптеген көсемдері өз бодандарымен бірге ағылып келіп жатты. Қаратау баурайлары мен Сырдариядағы қала орталықтары мен бекіністер. Созақ, Сығанақ, бәлкім Сауран мен басқа да онша ірі емес бекіністер, сірә Жәнібек пен Керейдің қолында болса керек.

Бұл жорамал әбден орынды, өйткені деректерде 1446 жылы бұл қалалары Әбілхайырдың кімнен тартып алғаны айтылмайды. Б.А.Ахметов 40-жылдары Керей мен Жәнібек Сырдария бойында болмаған, әйтпесе олар Ақ Ордаға қарайтын осы қалалардың бірінде болса, олар Мұстафа ханмен шайқаста күші әлсіреген Әбілқайырға қарсылық көрсетер еді деп санайды.

50-жылдардың аяғында Әбілхайыр қалмақтардан (ойраттардан) жеңілгеннен кейін, ол ойрандалған ұлыстарда қатаң шаралар қолданып тәртіп тәртіп орнатуға кіріскен кезде, Керей мен Жәнібекке бағынған көшпелі рулар мен тайпалардың жағдайы бұрынғыдан да қысымшылыққа ұшырады. Әбілғазы Шыңғыс ұрпақтарының арасында "ханның қысына ұшырамаған не оның садағының оғы дарымаған бірде-бір адам қалмады" деп жазады.

50-жылдардың аяғында көшіп кетуді Жәнібек пен Керей басқарды. Шығыс Дешті Қыпшақ, Түркістан мен егіншілері өздерінің өндірістік еңбектернен еңбектерінен әлсін-әлсін қол үздіріп отырған толассыз тонаушы соғыстар мен өзара алауыздық қақтығыстар жағдайында қисапсыз ауыртпалықтар тартып, кіріптарлыққа түсті. Ортағасырлық далалық еркіндік жағдайында олардың қолдарынан келген бар қарсылықтары өздері бағынатын билеушілердің қол астынан көшіп кету ғана болды. XV ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап, 70-жылдардың басына дейін Әбілхайыр хан билігінің соңғы кезеңінде ерекше жиілеп кеткен Жошы әулетінің, көшпелі рулар мен тайпалар көсемдерінің қайта-қайта бұрқ етіп отырған бүліншілігі жағдайларында, бұл ханның қалмақтардан жеңіліске ұшыраған сәтінде Шығыс Дешті Қыпшақтан, Сырдария бойындағы алқаптар мен Қаратау бөктерлерінің Батыс Жетісуға екі жүз мыңға дейін адам, негізінен қыпшақ рулары мен тайпалары көшіп кеткен.

Тұрғын халықтың жаппай көшуін Жәнібек пен Керей бастады. Олар өз төңіректеріне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелі қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458-1459 жылдары Әбілхайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті. Орта ғасыр авторларының ішінде бұл оқиғаны тіркеген - Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол көшіп барған қазақ топтарының нақты орналасқан аумағын да атайды: "Бұл уақытта Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы тегінен тараған сұлтандарға көп зардап шектірді. Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға барды. Есен-Бұға хан оларды жылы шыраймен қабылдап, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы округтерін берді".

Жәнібек және Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, ең бастысы оның Жетісудың солтүстік бөлігінің иелерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жәнібек пен Керейге қарасты өлкенің бөлігін мекендейтін тұрғындарының этникалық жақындығы; ең соңында, феодалдық-бытыраңқы Моғолстанның әлсіздігі; оның билеушісінің Жетісудағы өкімет билігін өз қолында ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал