7


'Қазақ хандығы' ашық сабақ

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

« Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз - бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», - деді Қазақстан Президенті.

Қазіргі кезде еліміздің егемендігі бекіп, іргесі нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылықтар арта түсуде. Әсіресе, соңғы жылдарда "Қазақ мемлекеттілігі қай дәуірден басталады?", "Қазақ хандығы қашан құрылды?" немесе "Қазақ хандығының құрылғандығына қанша жыл?" деген нақты сауалдарға көпшіліктің ынтасы ауып отыр. Мұндай мәселелер бұрынырақта тек тарихшы-мамандардың ғана айналысатын нысаны болса, бүгінгі күндері бұл тақырыптар тарихшылармен қатар, көзі ашық, көкірегі ояу, өз елінің тарихына сүйіспеншілікпен қарайтын әуесқой тарихшылардың, әдебиетшілердің, журналистердің, сондай-ақ кейбір мамандық иелерінің зерттеу обьектісіне айналуда. Әсіресе, журналист ағайындар бұл істе өте белсенділік танытып, отқа май құйғандай, тақырыпқа деген қызығушылықты одан әрі арттырып жіберді. Үстіміздегі 2006 жылы Қазақ хандығының құрылғанына- 550 жыл толады деп кей газеттер жарияға жар салып, өз беттерінде мақалалар жариялап, сұхбаттар ұйымдастырып жатыр. Сол себепті де біз осы мақаламызда Қазақ хандығының құрылған жылына байланысты зерттеуші-тарихшылардың әртүрлі пікірлеріне тоқталып, оларға талдау жасаймыз.
Қазақ хандығының Дешті Қыпшақ аумағында ежелден бері үзілмей жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени-рухани дамулар мен XIII-XV ғғ. саяси процестердің заңды қорытындысы ретінде XV ғасырдың ортасында тарих сахнасына шыққандығын зерттеушілердің бәрі мойындайды. Сондай-ақ хандықтың құрылуында Керей мен Жәнібек хандардың атқарған басты рольдерін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенменде жоғарыдағы тұжырымды бірауыздан мойындайтын тарихшылар хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөніндегі мәселе бойынша XV ғасырдың ортасындағы бірнеше датаны көрсетеді. Төменде сол даталар мен оның авторларын атап өтелік.
Қазақ хандығы 1428 жылы құрылды деген пікірді тарихшы Ә.Хасенов дәлелдейді; (1)
Кейінгі жұмысында бұл автор 1428 жылдан бас тартып, 1445 жылды ұсынады; (2)
Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірді М.Тынышбаев, А.Чулошников және тағы басқалары атап өтеді;(3)
1458 жылы құрылған деп осы мақаланың авторы көрсетсе;(4)
1465-66 жылдар шамасында құрылған деген пікірді Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйеніп М.Қ.Абусейітова және тағы басқалары ұсынады;(5)
Тарихшы Т.И.Сұлтанов болса Қазақ хандығының құрылуы 1470 жылы аяқталады деп қорытады.(6)
Қазіргі кезде осы көрсетілген даталар ішінде 1456 мен 1465-66 жылдар үстем пікірлер болып, тарихи әдебиеттерде жиі қолданылып жүр. Ә.Хасеновтың мақалалары баспасөз беттерінде жарық көрген бойда-ақ оның пікірлеріне қарсы пікірлер айтылып, ғылыми орта оларды қабылдамай қойды. (7) Т.Сұлтановтың соңғы пікірлері тың болғандықтан көпшілік оны әлі игере қоймаған секілді. Сондықтанда біз аталған екі автордың пікірлеріне тоқталмай, көпшілікке кең тараған және Қазақ хандығы 1456 және 1465-66 жылдары құрылған деген тұжырымдарды талдап, соларға қатысты өз ойларымызды білдіреміз.
Алдыменен Қазақ хандығығы 1456 жылы құрылды деген пікірді талдап көрелік. Қазіргі күнде бұл пікірді жақтаушылар М.Тынышбаев, А.Чулошников пікірлеріне сүйенеді де, олардың бұл датаны қайдан және қалай алғандығына назар аудармайды. Біз бұл пікірді талдау барысында жоғарыда аталған авторлардың "1456 жылды" В.В.Вельяминов-Зерновтан алғандығына көзімізді жеткіздік. Олай болса, XIX ғасырдағы орыс шығыстанушы-ғалымының зерттеуіне де құлақ асып көрелік.
В.В.Вельяминов-Зернов 1864 жылы Санкт-Петербург қаласында жарыққа шыққан "Исследование о Касимовских царях и царевичах" атты зерттеуінің екінші кітабын қазақ сұлтаны, XVII ғасыр басындағы Қасым хандығының билеушісі Ораз Мұхаммедке арнайды. Автор Ораз Мұхаммедтің Орыс ханға дейінгі шығу-тегін анықтау үшін көптеген шығыс деректерінің мәліметтерін қолданады. Кейбір дерек мәліметтері автордың пайдалануы арқасында алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, ғылыми көпшілікке белгілі болады. Сондай деректердің біріне Мұхаммед Хайдар Дулатидың "Тарих-и Рашиди" атты еңбегінің мәліметтері жатты.
В.В.Вельяминов-Зернов "Тарих-и Рашидидің" екі нұсқасын пайдаланады. Біріншісі-парсы тіліндегі нұсқа болса, екіншісі-Ш.Уәлихановтың Қашғарға барған сапарынан алып келген Қашғарлық нұсқасы болды. Екінші нұсқаны Мұхаммед Садық түрік тілінің Қашғарлық диалектісіне аударады. Автор осы екі нұсқаны бір-бірімен салыстыра отырып, мәліметтерінің шынайылығын тексереді. Ораз Мұхаммедтің ата-бабалары туралы деректерді іздестіре келе, "Тарих-и Рашидиден" Керей мен Жәнібек хандарды кездестіреді. Бұл екі ханның Қазақ хандығының негізін салушылар екендігіне көз жеткізіп, соған қатысты мәліметтерді орыс тіліне аударады. "Бұл кезде Дешті Қыпшақта Әбілхайыр-хан билік құрып тұрды, одан жошылық сұлтандар көп қысым көрдік сол себепті де Жәнібек хан мен Гирей хан екеуі Моғолстанға қашты...",-деп аударылады.(8) Кейінгі жылдардағы "Тарих-и Рашидидің" Ташкентте шыққан орыс тіліндегі, Алматыда жарық көрген қазақ тіліндегі аудармаларымен салыстырғанда В.В.Вельяминов-Зернов аудармасының ешқандай айырмашылығы жоқ.(9) Мәтіндегі кейбір сөздер басқаша түрде, басқаша стильде берілгені болмаса, жалпы мазмұн бәрінде бірдей, ортақ боп келеді. Бірақ та көпшілік көп назар аудара бермейтін бір өзгешелік XIX ғасыр ғылымында ұшырасады. Осы өзгешеліктің біз қарастырып отырған мәселеге негіз боп қаланатынын автор аңғармаса керек. Ол мынау еді: В.В.Вельяминов-Зернов Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын айта келе, оның қай кез, қай жылдар екенін оқырмандарға түсіндіре кету үшін "Бұл кезде" деген сөз тіркесінен кейін (шамамен 860-1456 ж.) деген датаны жақша ішінде өзі қолданады. XIX ғасырдағы тарихи зерттеулерде авторлар өзіндік түсіндірмелерін мәтіннің арасына кіргізіп, оларды жақшамен бөліп көрсету дәстүр болатын. В.В.Вельяминов-Зернов та осы әдісті қолданады. Сөйтіп ол, Әбілқайыр ханның хижра бойынша -860 жыл шамасында, қазіргі жыл қайыру бойынша -1456 жылы Дешті Қыпшақта билеуші боп тұрғанын түсіндіре кетеді. Және де "шамамен 860 жылы" деуі -хижраның 860 жылының төңірегін меңзейді. Ол жылдар -1455-1458 жылдар шамасы.
Парсы тіліндегі мәтін аудармасының қандай екендігін жоғарыда айтып өттік. Шығыстанушы ғалымның сол кездегі ғылыми беделі, атақ-дәрежесі ол қолданған 1456 жылды -басқа зерттеушілер Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Қазақ хандығын құрған жылы деп түсінеді. Кейіннен бұл датаны Ш.Құдайбердіұлы, А.Чулошников, М.Тынышбаев ең дәлелденген, дұрыс дата ретінде қолданады. Ал олардан кейін 1456 жыл -басқа тарихшыларға ауысады. Соңғы жылдары бұл датаны М.Мағауин "Қазақ тарихының әліппесі" атты кітабында қолданып, одан әрі жаңғыртып жібереді.(9) Қазіргі күнде мерзімді басылым беттеріндегі журналист ағайындар негізінен, М.Мағауиннің еңбегіндегі датаға негіздеп тұжырымдар жасап жүр. Біздің ойымызша, 1456 жыл -Әбілқайыр ханның қаһарына мініп тұрған кезі. Оның беделін түсіріп, сағын сындыратын Сығанақ түбіндегі Өзтемір тайшы басқарған қалмақтардан жеңілуіне әлі бір жыл бар. Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуі -1457 жылғы жаздың соңы -күздің басында Әбілқайырдың қалмақтардан жеңілісінен кейін болғандығын басқа дерек мәліметтері дәлелдейді. Олай болса, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікірдің көмескі, анық, дәл емес екендігін бірден көруге болады.
Енді Қазақ хандығы 1465-66 жылы құрылған деген пікір туралы ойларымызды айта кетсек.
Бұл пікірге Мұхаммед Хайдар Дулатидың "Тарихи Рашиди" еңбегіндегі деректер негіз болып отыр. Екі бөлімнен тұратын еңбектің біірнші бөлімінде автор XIV ғасырдың ортасынан XVI ғасырдың ортасына дейінгі Моғолстан атты ортағасырлық мемлекеттің тарихын баяндайды. Бірінші бөлімнің 39-шы тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати Есенбұға хан тұсындағы Моғолстан тарихын айта келе, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан қашып Моғолстанға келгендігін, сол тұстағы моғол ханы Есенбұға екендігін, оның Керей мен Жәнібек хандарға Моғолстаннның батысындағы Шу өзені бойынан Қозыбасы жерін бергендігін жазады.(10) Одан әрі Дулати: "Қазақ сұлтандарының билік жүргізуінің басы 870 жылдан басталады,"-деп жалғастырады.(11) Ал "Тарихи Рашидидің" 43-ші тарауында Мұхаммед Хайдар Дулати хижраның 866 жылы (1461-62) Есенбұға ханның қайтыс болғандығын нақтылап көрсетеді.(12)
Алғаш рет деректегі осы мәліметтердің бір-біріне сәйкес келмейтіндігін тарихшы Т.И.Сұлтанов анықтады. Ол Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келуі Есенбұға ханның тірі кезінде болғандығын ескеріп, Шу бойына келу - 1461 жылға дейін жүзеге асқан деп пікір білдірген еді.(13) Біз де осы тұжрымды қостай отыра, өзіміздің осы тақырыпқа арналған мақалаларымызды Қазақ хандығының құрылған жылы - 1458 жыл деп дәлелдеуге тырыстық .Бұл жерде біздің мақсатымыз хижраның 870 жылы немесе қазіргі жыл санау бойынша 1465-66 жыл - Қазақ хандығының құрылған жылын не себепті дәл көрсетпейтіндігін дәлелдеу болғандықтан, бар күшімізді осы мәселе төңірегіне жұмылдыралық.
"Тарих-и Рашиди" авторының стилінде тарихи оқиғаларды баяндау мен олардың болған жылын көрсетуде өзіндік бір ерекшеліктің бар екендігі байқалады. Ол ерекшелік кітаптың бірінші бөлімінде қатты байқалып тұр. Мұхаммед Хайдар Дулати маңызды деген тарихи оқиғалардың даталарын біріншіден, анық білмеген жағдайда болжаммен шамалап көрсетеді. Екіншіден, автор кейбір даталарды ондыққа дейін жуықтатады да, болған оқиғаларды "соған дейін" немесе "содан кейін" деп түсіндіреді. Үшіншіден, автор өзінің болжаммен, шамалап, жуықтататын көрсеткен даталарының соңына "Анығын бір Алла біледі " деп жазып отырады. Кітаптың бірінші бөлімінде жуықтатып көрсетілген даталар бірнешеу. Мысалы, 26-шы тарауда "Хан (Қызыр) 770 (1368-1369) жылға дейін дүниеге келген болса, ал бұл баяндалып отырған оқиға 807 (1405) жылы болған. Сонымен Қызыр қожа хан Әмір Темірден соң қанша жылдан кейін қайтыс болғаны белгісіз. "Алла жақсы біледі". (14) Ал келесі 27-ші тарауда Ұлықбектің туған және қайтыс болған жылдары туралы былай деп жазады: "Тарих жылнамасында оның (Ұлықбектің) туған күні белгісіз. Егер десол кездегі мерзімдерді салыстырар болсақ, ол шамамен 860 (1455-1456) жылдары қайтыс болған. "Алла жақсы біледі" (15). Тарих ғылымы Ұлықбектің нақты қай жылы, қай айда туғанын да, қайтыс болғанын да біледі. Ол 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келіп, 1449 жылы 25 қарашада о дүниелік болған. (16). 41-ші тарауда Жүніс ханның өмірі жайлы айта келе, "... Оның туған жылын мен естімесем де, өлген жылы және өмір сүрген уақытына қарап оны 819 (1416-1417) жылы туған деп санауға болады. "Алла жақсы біледі"(17). Мұхаммед Хайдар Дулати дәл осындай әдіспен осы кітаптың 39-шы тарауында Қазақ хандығының құрылуы туралы баяндай келе, "Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-66) жылдан басталады. "Алла жақсы біледі"-деп аяқтайды.(18). Былайша сөйлеу қазіргі күнгі қазақ тілінде жиі кездеседі. Егерде иманды адам бір нәрсе жөнінде әңгіме айтып тұрып, әңгіменің кейбір жақтарын нақты білмесе, онда ол сол белгісіз жақтарды мөлшермен айтады да, одан әрі "қалғаны бір құдайға мәлім", "анығын бір Құдай біледі", "Аллаға анық" деген сөз тіркестерін қосады.
Төртіншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде аз болса да кейбір кемшіліктер мен қателердің бар екенін біліп, оқырмандарға ол жөнінде алдын-ала ескертеді және олардан кешірім сұрайды. Бұл туралы ол бірінші кітаптың соңғы тарауында былай деп жазады: "Авторлардың салтында оқырмандардан егер де олар [шығармадан] кемшіліктер мен қателіктер байқап қалса, онда оған кешіріммен қарап, түзетіп оқуын өтініп сөге көрмеңіз деп кешірім сұрау әдеті бар. Бірақ мендей жазған құлдың кешірім сұрауға батылы жетпейді. Әдетте [авторлар]: "Кемшіліктері мен қателіктері болса, мен жақсы білемін. [Менің шығармамда] қате мен кемшілік жеткілікті -қандай да бір ескертпе болмасын -орынды болмақ" деп айтып жатады".(19)
Көріп отырғанымыздай, Мұхаммед Хайдар Дулати өзі толық көзі жетпеген тарихи оқиғалардың датасын осылайша шамамен жуықтатып беріп отырған. Бұл әрине оның қатесі емес, керісінше, оқиғаларды мүмкіндігінше анық көрсетуге тырысуы деп түсінуіміз керек. Қазақ хандығының құрылған жылы туралы оған дейін ешбір автор жазбағандықтан, сондай-ақ Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі мен "Тарих-и Рашиди" кітабының жазылуы арасында бір ғасырдай уақыт өткендіктен автор оқиғаның барысын дұрыс баяндайды да, ал оның мезгілін жобалап көрсетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи оқиғалардың уақытын ондыққа дейін жуықтатып, автор қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465-66) жылдан басталады деп жазады. Бұл датаның өте анық емес екендігін осылайша көруге болады. Олай болса, Қазақ хандығы қай жылы құрылған деген сауалға өзіміздің жауабымызды беріп көрелік.
Қазақ хандығының құрылуында Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарындағы мемлекеттердің саяси дамуы, бір-бірімен саяси қарым-қатынастары қолайлы жағдай жасайды. Керей мен жәнібектің Моғолстанға көшіп келуіне Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы қарым-қатынастар себепші болса, Моғолстанның батысында Қазақ хандығының құрылуына Моғолстан мен Мауереннахр билеушілері арасындағы шиеленіскен саяси жағдайлар алып келеді. Қазақ хандығының нақты құрылған жылын анықтауда осы екі мемлекет арасындағы саяси оқиғалар қосымша жәрдем бере алады.
1449 жылы Ұлықбек қайтыс болып, Мауереннахрда екі-үш жыл бойы Темір ұрпақтар арасында билік үшін күрестер жүреді. Осы жағдайды пайдаланып, Есенбұға хан бірнеше рет Мауереннахрдың шығысындағы аймақтарға тонаушылық сипаттағы жорықтар жасайды.(20) Ал Мауереннахрдың қоластындағы Хорасан аймағына батыстан да қауіп төнеді. 1451 жылы Мауереннахр тағына келген Әбу Сайд мырзаға екі майданда соғыс жүргізуге тура келеді. Ол мұндай қиын жағдайдан шығу үшін негізгі күшін Хорасан жаққа бұрып, Исан Бұғаға қарсы оның ағасы Жүністі жібереді.(21) Бұл -1455-1456 жылдар болатын. Жүніс ханның Исан-Бұға ханмен алғашқы шайқасы 1456-1457 жылы өтті.(22) Ал, 1457-1458 жылдан бастап ол ашық шайқастан гөрі күш жинақтауға көшеді. Оның себебі де жоқ емес еді.. Дәл осы 1457-1458 жылы Қашқар билеушісі Әмір Сайд Али қайтыс болады. "Тарих-и Рашидиде" ол туралы: "Әмір Сайд Али қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай 866 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша -1461-62) Исан Бұға қайтыс болады. Хандық билік оның ұлы Дос Мұхаммед ханға тиеді..." делінеді.(23)
Керей мен Жәнібек хандардың бір жыл кеш емес, дәл 1457 жылы Шу бойына келіп, екі хан иеліктерінің ортасында хандық құруы Исан-Бұға ханды күшейтіп, ал Жүніс ханға тосқауыл болған дейміз. Керей мен Жәнібек хандардың 1457-ші жылы келгенін, тіпті жылдың қай мезгілде болғанын тарихи аңыз да растайды -"Тышқан жылы қара күзде" Керей мен Жәнібек сұлтандардың Мойынқұмға келгендері туралы мәлімет бар.(24) XV ғасырдағы тышқан жылы ол қай жыл? XIV ғасырдың 40-50 жылдары жазылған Масут ибн Осман Кухистанидың "Тарих-и Абулхайырхани" атты еңбегінде Әбілхайырханның қай жылы өлгендігі туралы: "57 жасында тышқан жылына сай келетін 874 жылы (біздің жыл санауымыз бойынша 1469 жыл -Б.К.) оның жаны о дүниеге ұшты" делінеді.(25) 1469 жыл -тышқан жылы болса, оның алдында өтіп кеткен тышқан жылға 1457 жыл сай келіп тұр. Ал "қара күзіміз" қараша айы. Сонда Керей мен Жәнібек хандар 1457 жылы қараша айында Шу бойына келіп, қыстап шыққан және келесі жылы көктемде, яғни 1458 жылы наурыз-көкек айлары ішінде Керейді хан сайлаған болады. Алғашқы ханы Керей хан болған Қазақ хандығы осылайша дүниеге келген.
Осылайша, қазіргі кезде баспасөз беттерінде және кейбір тарихи әдебиеттерде жиі айтылып жүрген Қазақ хандығы 1456 немесе 1465-66 деген даталар шындыққа сай келмейді. Ал хандықтың 1458 жылы құрылғандығы жөнінде біз бұған дейінгі бірнеше мақалаларымызда айтып өткенбіз. Бұл жерде де сол жылды ұсынамыз. Ол -1458 жыл.

Қазақстан тарихында Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын кезеңге XV ғасырдың ортасы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы жатады. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен Қазақ хандығы құрылады. Ол мемлекет қазақ жерінде сақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан мемлекеттіліктің жалғасы және қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті болып саналады. XIX ғасырдың бірінші ширегінде Ресей билігі алдыменен Орта жүзде(1822), содан кейін Кіші жүзде(1824) хандық билікті жояды.

Үш жарым ғасырдан астам өмір сүрген Қазақ хандығы дәуірі өз ішінде екі үлкен тарихи кезеңге бөлінеді. Біріншісі - бір орталықтан басқарылған кезең, екіншісі - бытыраңқылық кезең деп аталады. Бірінші кезеңге хандық құрылғаннан 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатса, ал екінші кезең 1715- 1824 жылдар аралығын қамтиды.

Бірінші кезең тағы да өз ішінде шартты түрде бірнеше кішігірім кезеңдерге бөлінеді. Олар - хандықтың құрылуы, күшеюі, әлсіреуі, қайта өрлеуі, өзара талас немесе «текетірес», жоңғарлармен алғашқы күрес, «алтын ғасыр» кезеңдері. Осы кезеңде Қазақ хандығында мынадай хандар билік жүргізді: Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Мамаш хан, Тахир хан, Бұйдаш, Ахмет, Тоғым хандар бір мезгілде, Хақназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хан, Тұрсын хан, қайта Есім хан, Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін екінші кезең - бытыраңқылық кезең басталып Қазақ елінде -Ұлы жүзде, Орта жүзде және Кіші жүзде жеке хандар пайда болады.

Кіші жүз хандары: Әбілқайыр хан-1710-1748 жж., Нұрәлі хан-1748-1786 жж., Ералы хан-1791-1794 жж., Есім хан-1794-1797 жж., Айшуақ хан-1797-1806 жж., Жантөре хан-1806-1809 жж., Шерғазы-1812-1824 жж.

Ресей мойындамаған Кіші жүз хандары:Батыр хан-1748-1786 жж.,Қайып хан-1786-1790 жж., Есім хан-1790- ? жж., Қаратай хан-1806-1816 жж., Арынғазы -1816-1821 жж.

Бөкей Ордасының хандары: Бөкей хан-1812-1823 жж., Жәңгір хан-1823-1845 жж.

Орта жүз хандары: Қайып хан-1715-1718 жж., Болат хан-1718-1823 жж., Сәмеке хан-1719-1737 жж., Әбілмәмбет хан-1738-1771 жж., Абылай хан-1771-1781 жж., Уәли хан-1781-1819 жж., Бөкей хан1812-1817 жж.(Орта жүздңң бөр бөлігінде.) Ғұбайдулла хан-1820-1824 жж.

Ұлы жүз ханы: Жолбарыс хан 1720-1740 жж.

Тарихтың атқаратын көп міндеттерінің бірі - оның жекелеген адамдар үшін де, түгелдей бір халық үшін де, тіпті бүкіл адамзат баласы үшін де өткен қателіктерден сабақ алып, оны болашақта болдырмауға, қателіктерді қайталамауға тәрбиелеу болса керек. Тарихын терең зерделемеген қоғам басынан өткерген тарихи қателіктерін ертеңгі күндері қайта басынан өткеруі әбден мүмкін. Мұны дүниежүзілік тарихтан да, түрік халықтарының тарихынан да, өзіміздің елдің тарихынан да байқауға болады. Тарихтың ащы сабақтарын мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, оның тарихи алғышарттары мен себептерін айқындап, пайда болу немесе қалыптасу заңдылықтарын ашып көрсеткенде, теріс құбылыстардың қоғамның дамуына тигізер кері салдарларын терең түсінгенде, ең бастысы қоғамның әрбір саналы мүшесі ел тарихының қасіретті беттерін жас кезінен біліп өскенде ғана сол қоғам болашақта тарихи қателіктерге бой алдырмайды. Ол үшін ең алдыменен, тарихшылар өз елінің тарихындағы қайғылы да қасіретті беттердің алғышарттары мен себептерін, қалыптасуы мен дамуы барысын және оның халықтың өсуіне, қоғамның дамуына тигізген кері әсерлерін терең қарастырып, ашып көрсетуі керек. Сондай-ақ тарихшылардың тұжырымдары жай ғылыми пікір болып қана қоймай, ол мемлекеттік саясат пен идеологияның негізіне алынуы қажет.
Қазақстан тарихының сонау ежелгі және ерте ортағасырлардағы кезеңіне бармай-ақ, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдың ортасынан кешегі XX ғасырдың 20-30 жылдарына дейінгі аралықта қазақ қоғамы өз басынан ірі-ірі бірнеше қасіретті жылдарды басынан өткереді. Солардың ішінде көпшілікке белгілі болғандары өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық пен оның тікелей салдарлары және XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы «Ақтабан шұбырынды» жылдарындағы халықтың басынан өткерген қасіреті. Бұл мәселелер тарихшыларымыздың ғылыми ізденістері мен жариялаған еңбектері арқасында көпшілікке кең танымал болды. Соның нәтижесінде бұл тақырыпты бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін біледі деуге болады. Дегенменде әлі күнге дейін осындай маңыздағы кейбір қайғылы жылдар тақырыбы тарихшыларымыздың назарынан тыс қалып, жабулы қазан күйінде келе жатыр. Солардың қатарына XVI - XVII ғасырлардағы қайғылы кезеңдер оқиғалары жатады. Біз төменде соның біріне жататын - XVI ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ халқының басынан өткен қасіретті жылдар тарихы мәселесін көтеріп, оның себептері мен барысын, мемлекеттілікке, халыққа тигізген кері салдарларын қарастырмақшымыз.
Жалпы, XVI ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ халқының басына төнген ауыр жылдарды Отандық тарихнамада мүлде көтерілген емес деп айтуға болмайды. Кешегі кеңестік тарихнама бұл кезеңді «өзара қырқысулар мен соғыстар» кезеңі деп атағаны белгілі.[1, 282-285 бб.] Жазба дерек мәліметтеріне сүйенген авторлар негізінен бұл кезеңге қатысты тек саяси оқиғаларға баса көңіл аударып, кезең ішіндегі оқиғаларды бяяндаумен және сипаттама берумен шектеледі.
Ал енді осы жылдарға қатысты оқиғалардың деректеріне келсек, 20 жылдай уақытқа созылған тарихи үдеріс ортағасырлық бірнеше автордың еңбектерінде үзік-үзік баяндалады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінде» бұл жылдар өте қысқаша түрде баяндалып, автор бұл жылдардың қазақ халқына қатысты қорытындысын «...сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» деп айтады.[2, 306-307 бб.] Екінші автор Қадырғали Жалайыр өз еңбегінің «Ораз Мұхаммед хан дастаны» атты тарауында осы жылдары сыртқы жаулармен болған соғыстарда қаза тапқан қазақ хандары мен сұлтандары жөнінде баян етеді.[3,421-123 бб.]
XVI ғасырдың басындағы Қасым ханның 10 жылдық билігінің қорытындысы бойынша қазақ халқының этникалық аумағы батыста Еділ - Жайық алқаптарына дейін, шығыста Ертіске дейін, солтүстікте Тобылдың орта ағысына, ал оңтүстікте - Сырдың орта ағысы мен Ташкентке дейінгі жерлерді алып жатты. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегі бойынша Қасым хан «Дешті Қыпшақ даласын толық билейді, Жошы ханнан кейін ол жұртта одан ұлы хан болған емес» делінсе[2, 111 б.], Қасым ханның замандасы Захираддин Бабыр ол туралы «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде -бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мыңға жуық адам бар еді»- деп баяндайды.[4, 32 б.]. Халық ауыз әдебиетінің материалдары Қасым ханның билігі тұсында қолданысқа енгізілген заңдар жинағын «Қасым ханның қасқа жолы» деген атаумен күні бүгінге дейін жеткізіп отыр. Бұл дегеніміз Қазақ мемлекетінің күшею кезеңіндегі саяси, территориялық, этникалық тұтастықтарды құқықтық жағынан қамтамасыз етудің бір көрінісі болатын. Өкінішке орай, Қасым ханның қайтыс болуы және оның мұрагерлерінің атақты хан секілді ел басқару мен мемлекетті билеу өнерін жетік білмеуі қазақ елінің дамуын бірнеше ондаған жылдарға кері шегереді. Тек қана шегеріп қоймай мемлекеттік билік орталықсызданады, этникалық территорияның бір бөлігі уақытша болса да көршілердің еншісіне тиеді, соған сәйкес халықтың бір бөлігі өзінің этникалық тұтастығынан айырылып, басқа елдің билеушілеріне жәутеңдеп қалады. Қолдарына саяси билікті ұстаған билеуші әулеттің бірнеше ондаған өкілдері соғыстарда қаза табады. Міне, осының бәрі Қасым ханның билігінен соң басталып, Хақназар хан билікке келгенге дейін созылады, яғни XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары аралығында өтеді. Соған байланысты біз осы мақаламызда қазақ елінің осы жылдардағы қасіретті күйін қарастыра отыра, оның себептерін ашып көрсетуге тырысамыз.
Қасым ханның қайтыс болған жылын айта келе, Мұхаммед Хайдар Дулати одан кейін болған оқиғаларды былайша баяндайды: «Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде тұншықпадан өлді. Одан кейін Әдік сұлтанның ұлы Тахир хан таққа отырды.» [2, 306 б.] «Тарих-и Рашиди» авторының осы төрт сөйлемнен тұратын мәліметіне терең үңілелік. Алғашқы сөйлемнің өзінен-ақ Қасым ханнан кейін тақ үшін билеуші әулет өкілдері арасында күрестердің басталып кеткенін көреміз. Сол тұстағы тек Жәнібек ханнан тараған билеуші әулет өкілдерінің жалпы санын мөлшермен жүзден асады деуге болады. Біз оны былайша дәлелдеп көрсетеміз. Дулати 1513/1514 жылы Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде оны қарсы алуға жастары 50 мен 60-тың арасындағы 30-40 сұлтанның алдынан шыққанын және олардың ішінде Жәнібек ханның ұлдары - Жаныш ханның, Таныш ханның, немерелері - Мамаш ханның, Жанқайдар сұлтанның, Қарыш сұлтанның және тағы басқа сұлтандардың болғанын айтады[2, 309 б.]. Егерде 50 мен 60 жастың арасындағылардың өздері 30-40-тай болса, онда 20 мен 50-ге дейінгілер олардан 2 - 2,5 есе көп болған деп айтуға толық негіз бар дейміз. Деректегі «Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды» деген Дулати мәліметі соншама қазақ сұлтандарының тақ үшін бірнеше топқа бөлініп, күрескенін көрсетеді. Ал қандай топтардың болғандығын сол кездегі ең беделді хандар мен сұлтандар есімдерімен байланыстыруға болады. «Тарих-и Рашидиде» Жаныш хан мен Таныш ханның, сондай-ақ Мамаш хан, Жанқайдар сұлтан, Қарыш сұлтан есімдерінің кездесуі - олардың сол кездегі беделдерін көрсетсе керек. Дулати дерегіндегі екінші сөйлем Қасым ханның ұлдарының бірі - Мамаш хан тобының жеңіске жетіп, топ жетекшісінің таққа отырғандығын анық көрсетіп тұр.
Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, хандықтың тарихындағы басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек мәліметі жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді.
Біздің ойымызша, Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Сол жылдары Қазақ хандығының ең қауіпті қарсыласы Мауреннахрдағы шайбанилар әулеті еді. Егерде Мамаш хан сырттан болған шапқыншылық барысындағы ұрыстардың бірінде қайтыс болғанда, онда бұл оқиға міндетті түрде XVI ғасырдағы шибанилық деректердің бірінде айтылған болар еді. Сондықтан да біз Мамаш ханды билік үшін күрестің құрбаны деп есептейміз.
«Тарихи Рашидиде» Мамаш хан тұншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли оны «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді» деп жазады.[5, 353 б.] Ал Хайдар Разидың мәліметі Мамаш ханның қалай өлгендігін сәл нақтырақ айтады. Онда Мамаш хан «...бір шайқаста қару- жарағының ауырлығынан және көп тапталудан тұншығып өлді», - делінеді[6, 215 б.]. Жоғарыда келтірілген дерек мәліметтерінен тақ үшін күрестің қазақ сұлтандары арасында өте қатал және аяусыз жүргенін байқауға болады. Талдап отырған Дулати мәліметіндегі «одан кейін Әдік сұлтанның ұлы Тахир хан таққа отырды» деген соңғы сөйлемнен тақ үшін күресте қай топтың жеңіске жеткенін және кімнің таққа келгенін нақты көре аламыз.
МұхаммедХайдар Дулати Тахир ханның билігіне және оның жеке басына өте қысқа түрде мынадай сипаттама береді: «Ол қатыгез адам болатын, қаталдығы өз шегінен шыққан соң елінің саны төрт жүз мың бола тұра одан бірден безіп бытырап кетті. Оның қарабасы қырғыздардың арасында жалғыз қалды, мүшкіл жағдайда қаза тапты»[2, 306 б.].
Отыз мыңға жуық адам тағы да Моғолстанға жиналды. Тахир ханның бауыры Буслаш (Бұйдаш ханды айтып отыр.- Б.К.) хан таққа отырды. Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне, бүгін төртінші жыл болып барады (Кітап 1541 жылы жазылған. - Б.К.), ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары (930 (1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944 (1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» [14,306-307 бб.].
«Тарих-и Рашидидегі» осы келтірілген мәліметтердің шынайылығына көңіл қойып көрелік.
Біріншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати «отызыншы жылдар» мен «қырық төртінші жылды» нақты атап, қазіргі тарихнамада «уақытша әлсіреу» кезеңі деп аталатын кезеңнің басталуы мен аяқталуын көрсетіп отыр. Қазақ хандығының әлсіреуінің басты себебі - билеуші әулет өкілдері арасында бірліктің болмай, тақ үшін күрестердің күшеюі болатын. Дулати мұны нақты атап айтып отыр. Мамаш ханның осындай күрестің құрбаны болғандығын да ол баяндап береді.
Екіншіден, қазақ халқының тарихи санасында әр кезеңдердегі аса ауыр жылдар белгілі бір атаулармен, сөз тіркестерімен сақталынып қалып отырғаны белгілі. Мысалы, XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы ауыр кезең - «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама», XX ғасырдың 20-шы жж. соңы мен 30-шы жж. басындағы аштық жылдар «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөздермен қалғаны белгілі. Ал XVI ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ халқы үшін қайғылы жылдарды Мұхаммед Хайдар Дулати «тағдырдың қырсығынан соншама халықтан ...ешбір жерде із де қалмапты» және «...сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған»- деп қинала баяндайды.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың мұндай сөз тіркесін жайдан жай қолданбағанын Қадырғали Жалайыр деректері дәлелдейді. Оның мәліметтері бойынша дәл осы жылдары қазақтың хандары мен сұлтандары сыртқы жауларымен соғыстарда көп қаза табады. «Тоғым хан, оның ұлдары «тоғыз сары» деп аталды. Мәлік сұлтанның баласы Башыбек сұлтан тоғыз сарымен бірге Жағат уалаятының жанында шахит болды, [сол ұрыста] әйгілі әрі даңқты отыз жеті сұлтан шәйіт болды...» Және де «Жәдік хан. ...Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шахит болды»[16, 121 б.]. Әдік сұлтанның ұлы Бұйдаш хан осы жылдары Ташкент билеушісі Дервиш ханмен (Сүйініш қожа ханның немересі, Барақ ханның ұлы) болған ұрыстардың бірінде 24 қазақ сұлтанымен бірге қаза табады[16, 121 б. ]. Жәнібек ханның тағы бір немересі Ахмет хан (кей деректе Қожахмет хан) ноғай мырзасы Сейдақтан жеңіліс тауып 15 сұлтанмен бірге тұтқынға түседі. Көп ұзамай Ахмет ханды Алшағыр бидің ұлы Орақ батыр өлтіреді [2, с.275; с.325]. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша осы кезеңде 60-тан астам қазақ хандары мен сұлтандары сыртқы жаулармен болған соғыстарда қаза тапқан екен.[17, 184 б.] Ал біздің есебіміз бойынша Мамаш ханның өлтірілуімен басталған «уақытша әлсіреу» кезеңінде тақ үшін болған күрестер мен жауларға қарсы жүргізілген соғыстарда билеуші әулет өкілдерінен 80 астам хандар, сұлтандар әр түрлі жағдайларда қаза табады. Бұл сан жазба дрек мәліметтері арқылы белгілі болғаны, ал белгісіз болғандары қаншама. Ал қаза болған немесе тұтқынға түскен қарапайым халықтың санын ешкім де айта алмас, тек болжаммен қаза тапқан билеуші әулет өкілдерінен бірнеше жүз есе көп болған деуге болады. Міне, осындай ауыр да қиын жылдары Жетісу жеріне моғол хандарының саяси билігі, Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге шибанилық әулеттің билігі, Қазақстанның батыс бөлігінде ноғай мырзаларының үстемдігі қалыптасады. Осылайша, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік биліктің жойылып, тақ үшін күрестердің өршіп, сыртқы жаулармен болған соғыстарда үнемі жеңіліске ұшырап отырған тұста қазақ халқының жағдайы өте қиын болатын. Дулатидың «...сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» деуі артық айтылса да, оның астарында осындай тарихи ащы шындық жатқан болатын.

Кейінгі ортағасырлық Қазақстан тарихындағы маңызы өте жоғары оқиғалардың біріне - Қазақ хандығының құрылуы жататындығы баршаға мәлім. Ұлттық сипаттағы мемлекеттің тарих төріне шығуымен қазақ жеріндегі ежелгі замандардан бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық, мәдени, рухани, мемлекеттілік және тағы басқа үрдістер өзінің этникалық межесіне жетіп, одан кейінгі тарихи кезеңдерде жаңа сипатта дами бастайды. Қазақ хандығының құрылуы - сонымен қатар қазақ тарихында хандық дәуір деп аталатын жаңа тарихи кезеңнің пердесін ашып береді. Осы айтылғандардың бәрі Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызын көрсетсе керек.
Соған қарамастан Қазақ хандығының құрылуы мәселесі ұзақ уақыттар бойы толық шешімін таппай келді. Оның ең басты себебіне мәселеге қатысты жазба деректердің тапшылығы жатса керек. Үстіртін қарағанда осы мәселеге қатысты жазба деректер өте аз болып көрінгенімен, мәселенің әртүрлі аспектілеріне тереңірек үңілсек жазба деректердің біршама бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бірақта олардың үзік-үзік, әрі шашыраңқы және әр түрлі тілдердегі туындыларда болуы, сондай-ақ әртүрлі тарихи кезеңдерде жазылуы зерттеушілерге көптеген қиындықтар туғызады. Соған байланысты Қазақстан тарихының кейінгі ортағасырлық дәуірімен айналысатын зерттеуші мамандар осы мәселеге қатысты жазба деректерді жүйелеуді қолға алып, мәселеге қатысты дерек мәліметтерін бірізділікке түсіру үшін бірнеше принциптерді ұсынады. Сондай принциптердің біріне - әулеттік принцип негізге алынып, ол бойынша Қазақстан тарихының жоғарыда аталған кезеңіне қатысты парсы тіліндегі тарихи шығармалар темірлік, шибанилық, аштарханилық, шағатайлық, хиуалық деректер деп топтастырылады. Біз төменде аштарханилық деректер тобына жататын ортағасырлық автор - Махмуд бен Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар» атты тарихи шығармасының мәліметтеріне тоқталып, олардың Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде қаншалықты маңызға ие екендігін қарастырамыз.

Алдыменен Мауереннахр аймағында шибанилық әулеттің орнына келген аштарханилар әулеті жөнінде қысқаша тоқтала кетелік.
ХYІ ғасырдың ортасында Астрахань немесе Хажытархан хандығын Орыс мемлекеті жаулап алғаны белгілі. Қазан хандығындағы секілді бұл мемлекетте де билеуші әулет өкілдері Мәскеу княздығының үстемдігіне байланысты екі қарама-қарсы топқа бөлінеді. Орыс үстемдігіне қарсы топ жеңіліске ұшырап, амалсыздан басқа елдерге кетуге мәжбүр болады. Солардың қатарында болған билеуші әулеттің екі өкілі - Жармухаммед пен оның ұлы Жан Мауереннахрға келіп, шибанилық Ескендір ханды паналайды. Ескендір хан қызын Жанға ұзатып, одан Бақымұхаммед атты ұл дүниеге келеді. ХYІ ғасырдың соңында шибанилық әулеттің соңғы өкілдері - ІІ Абдаллах хан мен оның ұлы Абд ал-Мумин өлтірілгеннен кейін билікке 1599/1600 жылы Бақымұхаммед отырғызылады. Тарихта бұл жаңа әулет - Жанилықтар немесе Аштраханилықтар (астрахандық) әулеті деп аталады. Әулет билігі Мауереннахрда әртүрлі тарихи жағдайларды басынан өткере отыра, 1785 жылға дейін созылады [1, 232-233 бб.].
Әулеттің билігі тұсында Орталық Азияда көптеген жазба туындылар дүниеге келеді. Олардың ішінде тарихи тақырыптарға арнап жазылған еңбектер бір төбе. Тарих ғылымында осы әулеттің билігі тұсында жазылған жазба дерек ескерткіштері аштраханилық деректер тобына жатқызылады. Аштраханилық деректердегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерге шығыстанушы ғалым Ж.М. Төлебаева өзінің арнайы зерттеуінде жалпы ғылыми сипаттама береді. [2, 133-153 бб.]. Ал біз болсақ, осы топтағы Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын дерек мәліметтеріне ғана тоқталамыз. Ондай дерекке Махмуд бен Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» (Море тайн относительно доблестей благородных) атты 1634-1640/41 жылдары жазылған еңбегі жатады. Еңбек алғысөз бен кіріспеден, жеті томнан, әрбір том төрт бөлімшеден тұрады [3, 1136-1137 бб.]. Шығарманың алтыншы томы ХІІІ ғасырдан ХYІІ ғасырға дейінгі Шығыс Дешті Қыпшақтағы, Мауереннахрдағы әулеттер тарихы мен саяси оқиғаларды баяндауға арналған [4, 70-71 бб; 2, 136-141 бб.]. В.П. Юдиннің жазуынша Махмуд бен Уәлидің мәліметтері көп жағдайда компиялтивті, соған қарамастан онда автор тың мәліметтерді жиі пайдаланған [5, 323 б.]. Біз өзімізге қатысты «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» шығармасындағы мәліметтерді К.А. Пищулинаның орыс тіліне аударып, «XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихының материалдары» ( одан әрі жинақ атауын МИКХ деп атаймыз - Б.К.) атты жинаққа енгізген үзінділерінен алғанымызды атап өтеміз [5, 346-351 бб.].
Бұл шығармада Қазақ хандығының құрылу тарихынан басқа көптеген тарихи мәселелерді түсіндіруге негіз бола алатын құнды мәліметтер мол кездеседі. Олардың қатарына Ақ Орда атауы, Йуз Орда атауы, XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасыр басындағы қазақ-моғол қарым қатынастары, Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қатынастар және тағы басқа мәселелер жатады.
Енді осы еңбектегі Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты нақты мәліметтерге тоқталалық.
Шығарманың екінші бөлімі Шығыс Түркістандағы шағатайлықтар әулетінің билігіне арналса, ал үшінші бөлімі Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси оқиғаларды баяндауға арналған. Деректегі оқиғалардың бәрін тізіп жатпай, біз тек шығарманың үшінші бөлімінде кездесетін Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректерді қарастырамыз. Ол деректерді төмендегіше топтастыруға болады:
1) ХІІІ - ХY ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген Шибан әулеті шежіресінің (деректе Шайбан деп жазылады - Б.К.) қысқаша тарихы туралы мәліметтер. Бұл мәліметтер XVI ғасыр басындағы шибанилық топқа жататын анонимді «Тауарих-и гузида-ий нусрат- нама» еңбегінен алынған [6, 33-43 бб]. Махмуд бен Уәли ол мәліметтерді сол күйінде көшіріп алмай, ондағы әрбір шибанилық өкілге сипаттама беріп отырады және олардың өміріне қатысты тарихи фактілерді мүмкіндігінше беруге тырысады. Ол мәліметтердің моңғолдар үстемдігі мен одан кейінгі кезеңдердегі Қазақстанның саяси тарихы үшін маңызы ерекше болып саналады. Мысалы, Жошы ханның бесінші ұлы Шайбанның (Шибан, Сибан,) екі ұлының кенжесі Бахадүрдің әкесінен кейін ұлысты басқарғанын, оның өзіне қарасты ру-тайпаларға арнап қысқы-жазғы жайылымдық жер үшін Ақ Орданы таңдап алғанын, Ақ Орда атауының одан басқа тағы да Йүз Орда деп аталатынын айтып өтеді.[5, 347 б.] Сондай-ақ Махмуд бен Уәли одан әрі Шибан әулетін дәріптей отыра, Әбілхайыр ханның билікке келуімен осы әулеттің Шығыс Дешті Қыпшақта саяси жағынан беделінің өскенін айтады және Алтын Ордадағы Жәнібек ханнан (1341-1357) Әбілхайыр хан билікке келгенге дейін ел мен мемлекетті дұрыс басқара алатын тұлға табылмады деп шибанилық әулет өкілін асыра бағалайды. [5, 346-351 бб.].
2) Әбілқайырдың билікке келуі туралы мәліметтер. Мұнда өте қысқаша түрде Әбілхайырдың шибанилық әулет арасындағы билік үшін күрестерде жеңіске жетіп, тақты иеленгендігі жөнінде айтылады[6,141-150 бб]. Махмуд бен Уәлидің бұл мәліметі компилятивті. Автор Әбілхайыр ханның билікке келуі жөніндегі мәліметтерді Масуд бен Осман Кухистанидың «Тарих-и Абулхайр хани» атты еңбегінен алынғаны анық байқалады. «Тарих-и Абулхайр хани» еңбегінде кең түрде баяндалған оқиғаларды Махмуд бен Уәли өте қысқа түрде береді.
3) Керей мен Жәнібек бастаған шығысдештілік тайпалар тобының Моғолстанға көшіп келуі туралы мәліметтер [5, 352 б.]. Шығарма авторының бұл мәліметтерді «Тарих-и Рашидиден» алғаны белгілі. Өйткені Қазақ хандығының құрылуын баяндайтын ең алғашқы жазба дерек мәліметі тек Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінде ғана кездеседі[8,110-111 бб; 305-306 бб]. Махмуд ибн Уәли ол мәліметтерді жай ғана көшіріп қоймай, оны өзінше түсіндіріп және бізге дейін жетпеген кейбір деректердің мәліметтерімен толықтырып береді. Негізінен алғанда, Қазақ хандығының құрылу тарихындағы ең басты оқиға - Керей мен Жәнібек хандар бастаған ру-тайпалар тобының «көшпелі өзбектер» мемлекетінен бөлініп, Моғолстандағы Есенбұға ханға келіп қосылғандығы туралы мәлімет «Бахр ал-асрарда» қайталанады. Махмуд бен Уәли тек кейбір тұстарда ғана Керей мен Жәнібек хандардың бөлінуі мен Жетісу жерінде қоныстануына қатысты жерлерде нақтылық көрсетеді. Мысалы, «Тарих-и Рашидиде» Керей мен Жәнібекке Есенбұға ханның Моғолстанның батысындағы Шу мен Қозыбасы өңірі берілді десе, Махмуд бен Уәли оның себептерін түсіндіреді. Махмуд бен Уәлидің баяндауы бойынша Керей мен Жәнібек хандарға берілген - Шу мен Қозыбасы өңірі - жай ғана жер емес, Есенбұға ханның иелігі мен оның ағасы Жүніс ханның ихтасы арасындағы өңір. Жүніс ханның ихтасы дегеніміз - Ферғана аймағының шығысындағы Жетікент өңірі, Жүніс хан Мауереннахр билеушісі Әбусайд мырзадан ол жерді басқару үшін алған, сол себепті Махмуд бен Уәли ол өңірді Жүніс ханның ихтасы деп жазады. Автордың осы мәліметіне терең назар аударып, оны сол тұстағы оқиғаларды баяндайтын басқа да дерек мәліметтерімен әрі салыстыра, әрі бір-бірімен толықтыра қарастырсақ, Қазақ хандығының не себепті Жетісудың батыс өңірінде құрылғандығына көзімізді жеткізгендей боламыз.
Төменде сол жөнінде ойымызды тарқатып көрелік.
Моғолстан мемлекеті Орталық Азиядағы үш географиялық аймақтан тұрғаны белгілі. Оның құрамына XIV ғасырдың ортасында Шығыс Түркістан, Жетісу және қазіргі Қырғызстан аумағы енеді. Есенбұға ханның билігінің соңғы кезеңінде орталық билік әлсіреп, жергілікті әмірлердің, әсіресе, соңғы екі аймақтағы көшпелі және жартылай көшпелі тайпа әмірлерінің шағатайлық ханға қарсы наразылықтары күшейеді. Сол себепті де Есенбұға ханның ағасы Жүніс хан Әбусайд мырзаның қолдауымен Моғолстан жаққа бет алғанда оны бірінші болып Ыстық көл маңайында көшіп-қонып жүретін Есенбұға ханға наразы тайпа әмірлері қолдайды.Бұл туралы Бабыр былай деп жазады: «Сұлтан Әбу Сайд мырза Жүніс ханды моғол ұлысына хан етіп отырғызғанда, бұрын Есенбұға ханға өкпелеп кеткен Сағараш тұманының барлық бектері Моғолстанға қайтып оралды. Жүніс хан оларға келіп жолықты. Ол кезде Сағараш тұманының бегі Шир Қажы бек болатын. Жүніс хан оның қызы Исан Дулат бикеге үйленді. Моғолдардың әдеті бойынша Жүніс хан мен Исан Дулат бикені ақ киізге отырғызып, хан көтерді»[9, 30 б.]. Деректен көріп отырғанымыздай, Моғолстандағы үш аймақтың біріне жататын қазіргі Қырғызстан бірінші болып Жүністі хан көтереді. Оған іргелес жатқан Жетісу жерінің тайпалары да Жүніс ханды қолдап кетуі әбден мүмкін болатын. Сол себепті де Есенбұға хан Жетісу тайпаларының Жүніс ханды қолдауына жол бермеу үшін осы аймаққа Жүніс ханмен бір мезгілде келіп жатқан Керей мен Жәнібек хандарға Жетісудың батысынан, яғни Шу мен Қозыбасы өңірін береді. Шынында да картаға көз салсақ, Махмуд бен Уәли айтқандай, Шу мен Қозыбасы өңірі - Ыстық көл маңы мен бүкіл Жетісу жеріне апаратын жолда тұр. Осылайша, Есенбұға хан Керей мен Жәнібек хандарға Шу мен Қозыбасы өңірін беру арқылы бүкіл Жетісу тайпаларының Жүніс ханды қолдап кетуіне тоқтау қояды. Бірнеше дерек мәліметтерін бір-бірімен байланыстыра отыра қарастыру, бізге осындай қорытынды жасауға мүмкіндіктер береді. Сол деректердің ішінде әрине, Махмуд бен Уәли дерегінің алатын орны ерекше болып табылады. Осы топтағы құнды деректердің біріне - алғашқы қазақ ханы боп Керейдің тағайындалуы туралы мәлімет жатады. Осы үшінші топтағы мәліметтерге қатысты жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, оның Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде құндылығы өте жоғары деп санаймыз.
4) Келесі маңызды деректерге - Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа ең соңғы жорығы мен оның бағыттары және жорық барысында ханның қайтыс болуы туралы мәліметтер жатады [5, 358-361 бб.]. Өкінішке орай, Махмуд бен Уәлидың осы мәліметіне зерттеушілер тарапынан онша мән берілмей жүр. Дерек мәліметінде Әбілхайыр ханның Моғолстанға жорық жасау ойы пайда болып, әскер жиюға бұйрық бергендігі, хан әскерінің Еділ өзені бойында жиналғандығы, жорық бағытының Еділ өзені бойынан басталып, Алатау (деректе Ала-Так деп айтылады. - Б.К.), Қызыл Нәдір жайлауы және Жетіқұдық деген жер арқылы өткендігі, Ақ қышлақ деген жерде Әбілқайыр ханның ауырып, қайтыс болғандығы және сол кезде оның жасы 57-де, хижра жыл санауы бойынша 874 жылы(1469/1470 жыл), тышқан жылы екендігі айтылады.[5, 358-361 бб.] Егерде автордың осы мәліметтерін жоғарыда айтып өткеніміздей, басқа да дерек мәліметтерімен салыстыра, толықтыра отыра қарастырсақ, Қазақ хандығының құрылуының соңғы кезеңіндегі көптеген мән-жайды түсінгендей боламыз. Махмуд бен Уәлидың бұл мәліметтерді бізге дейін жетпеген басқа деректен алғаны көрініп тұр, соған қарамастан біз оларды Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты оригиналды мәліметтер қатарына жатқызамыз. Осы дерек мәліметтерінің маңызын білу үшін олардың қандай мәселелерді шешуге жәрдемі бар екенін біліп алу қажет. Ол үшін алдыменен, не себепті Әбілхайыр хан дәл осы 1469/1470 жылы Моғолстанға кенеттен жорық жасады деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Тарихи деректерде дәл осы жылдың көктемінде Есенбұғаның мұрагері, әрі Моғолстан ханы Досмұхаммед ханның, Мауереннахр билеушісі Әбусайд мырзаның қайтыс болғандығы айтылады[8,117 б.]. Бұл хабарды естіген Әбілхайыр хан бірден Қазақ хандығын жою үшін жорыққа шығуға бұйрық береді. Өйткені Моғолстан құрамындағы Қазақ хандығына Әбілхайыр ханға наразы ру-тайпалар кетіп жатқан болатын. Бұл үрдіс Әбілхайыр ханның жағдайын қалай әлсіретсе, керісінше қазақтардың жағдайын солай күшейтуде еді. Сол себепті де жорықтың мақсаты - Жетісу жеріндегі қазақ мемлекетін жою болып саналды. Ал жорықтың бағыты біздің ойымызша, Махмуд бен Уәли дерегінде қате берілген. Біз ол жөнінде - өзіміздің басқа бір жұмысымызда дәлелдеп көрсеткен едік. Жорық барысындағы географиялық атауларға деректанулық тұрғыда талдау жасау арқылы біз, Әбілқайыр ханның соңғы жорығының Моғолстанның батысындағы Қазақ хандығына бағытталғандығын анықтадық.[10, 11, 17-19 бб.]. Жорыққа қатысты мәліметтерде кемшіліктер болса да, олар оған дейінгі ешбір деректе айтылмағандықтан, біз оны Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты оригиналды мәліметтер қатарына жатқызамыз.
5) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі оның мемлекетінде қалыптасқан жағдайлар туралы мәліметтер. Бұл мәліметтер Қазақ хандығының құрылуының соңғы кезеңін ашуға көмектеседі. Онда шығарма авторы Әбілхайыр ханнан соң билікке оның мұрагері Шайх - Хайдар ханның келгенін, бірақ та оның мемлекетті басқарудың сырын жақсы білмегенін, оған қарсы көрші елдердегі билеушілердің күрескенін, олардың ішінде қазақтар тарапынан Барақ ұлы Жәнібек ханның айтылатындығын және тағы басқа мәліметтерді баяндайды[5,361-368 бб.]. Бұл мәліметтер компилятивті сипатта, өйткені Махмуд бен Уәли бұл деректерді шибанилық деректер қатарындағы «Таварих-и гузида-ий нусрат нама», «Шайбани -нама», «Фатх - нама» деректерінен алған. Соған қарамастан автордың бұл деректері Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде өз маңыздылығын жоғалтпайды.
Осылайша, Махмуд бен Уәлидің еңбегіндегі мәліметтердің Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеудегі маңызы мәселесін қарастыра келе, біріншіден, автордың мәліметтері Қазақ хандығының құрылуы тарихын зерттеуде басты, негізгі немесе мәселеге тікелей қатысты деректер қатарына жатады, ал, екіншіден, Махмуд ибн Уәлидің біз қарастырып өткен мәліметтері ғылыми құндылығы жағынан «Тарих-и Рашидидың» мәліметтерінен кейін келесі орынды иеленеді дейміз.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі 20 жылдан сәл ғана астам уақыт ішінде еліміз бірнеше жиырма жылдарға тұрарлықтай кезеңді басынан өткеріп, адам танымастай өзгерді деуге болады. Ол өзгерістер қоғамдық қатынастардан бастап қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтыды. Тәуелсіз елдің жаңа жас буыны өсіп жетіліп, олардың өздері ел ішіндегі қайнаған қызу өмір мен үдемелі үдерістерге белсене араласа бастады. Жалпы ғылымдар мен қоғамдық ғылымдар секілді отандық тарих ғылымы да осы жылдары сандық жағынан да, сапалық жағынан да анағұрлым жоғары көтерілді. 20 жыл ішіндегі Отандық тарих ғылымының жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері ұшан-теңіз. Ал енді тарих ғылымының қай дәуірі мен кезеңі, оның қандай мәселелері жақсы зерттелді деген сауалға келсек, оған бірден және біржақты жауап бере қою қиын. Өйткені тарих ғылымының барлық мәселелері бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Соның біріне - кейінгі ортағасырлардағы Қазақстан тарихының мәселелері жатады.
Ортағасырлық Қазақстан тарихының XV-XVIII ғасырлардағы кезеңі - Қазақ хандығы дәуірі деп аталатыны белгілі. Бұл дәуір өз ішінде бірнеше кезеңдерден тұрады. Тек қана XV- XVI ғасырлардың өзінде хандықтың тарихы саяси тарихтың дамуына байланысты құрылу, күшею, «уақытша әлсіреу», қайта өрлеу және қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасуының аяқталуы деген кезеңдерге бөлінеді. Осы кезеңдердегі саяси тарихтың мәселелерін зерттеуде бірінші орынды жазба дерек мәліметтері алатыны белгілі. Кейбір жазба дерек мәліметтері нақты бір тарихи мәселені шешуде жанама немесе қосымша рөлдер атқарса, ал кейбіреулері басты немесе негізгі рөлдер атқарады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ хандығының тарихындағы алғашқы үш кезеңді зерттеуде, яғни хандықтың құрылу, күшею және «уақытша әлсіреу» кезеңдерін қарастыруда негізгі жазба дерек мәліметтерін ортағасырлық тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінен табамыз. Ал басқа жазба дерек мәліметтерін «Тарих-и Рашиди» мәліметтерімен толықтыра отыра, Қазақ хандығының жоғарыда айтып өткен кезеңдерін терең зерттеуге мүмкіндіктер аламыз. Не себепті шығарма авторы Қазақ хандығының алғашқы кезеңдері туралы мол мағұлұматтар қалдырған деп сұрақ қойсақ, оған былай жауап беруге болады. Егерде ортағасырлық шығармалардың көпшілігі баяндау сипатында болып, авторлар өз көргендері мен естігендерін қағазға түсірсе, Мұхаммед Хайдар Дулати өз шығармасын жазуға үлкен дайындықпен келіп, жиналған материалдарын белгілі бір принциптер бойынша оқырмандарға ұсынады. Шығармамен етене танысқан адам оның хронологиялық, проблемалық принциптерді қолданғанын байқайды. Мұндай принциптер зерттеушілерге ғана тән. Олай болса, Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының алғашқы кезеңдеріндегі тарихын тек баяндап қоюшы емес, сонымен бірге оны жүйелеп, материалдарын екшелеп, өз заманының талабына сай келетін зерттеуші болып саналады. Сол себепті де «Тарих-и Рашиди» еңбегінен біз Қазақ хандығының алғашқы кезеңдердегі тарихына қатысты мол материалдарды таба аламыз. Төменде біз Мұхаммед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығының алғашқы кезеңдерін қалай зерттеп, материалдарды қалай қолданғанына назар аударалық.
Алдыменен қысқаша автор туралы айта кетсек.
Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары Шағатай Ұлысының шығыс бөлігінде, кейіннен автордың өзі Моғолстан мемлекетінде жоғарғы мемлекеттік қызмет атқарып, мемлекеттің қоғамдық-саяси тарихында ерекше орын алған тұлғалар болған. Ұлысбегі қызметі автордың ата-бабаларына мұрагерлік жолмен беріліп отырған. Мұхаммед Хайдар 1499/1500 жылы Ташкентте дүниеге келеді. Шешесі жағынан ол моғол хандарына туған жиен, Темірлік Захир ад-дин Бабырға туған бөле болып келеді. Оның жастық шағы XYІ ғасыр басындағы Мауереннахрдағы болған аумалы-төкпелі жылдарға сәйкес келіп, 1508 жылы әкесінен айырылады. 3-4 жыл Ауғанстандағы Бабырдың қолында болып, 1513-1533 жылдары шағатайлық Сайд ханмен бірге жүреді. Одан кейін Солтүстік Үнді жеріндегі Бабырдың ұлдарына келеді де, 1540-1551 жылдары Кашмир өлкесін бағындырып, ол жақта жеке дара 11 жыл билік құрады. 1551 жылы қастандықтың құрбаны болған.
Мұхаммед Хайдар қолбасшы, мемлекет басшысы, философ, дінтанушы ғана емес, сонымен бірге дастан жазған ақын, тарихи шығарма жазған ғалым - тарихшы да. Оның қаламынан «Жахан-наме» атты поэма, «Тарих-и Рашиди» атты тарихи туынды дүниеге келген. Жалпы алғанда, Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі тарих ғылымына XІХ ғасырдың 50-шы жылдарынан бері жақсы таныс [1, 14-27 бб.; 2, 131-133 бб.; 3, 598-599 бб.; 4, 91-100 бб.; 5, 78-87 бб.; 6, 22-23 бб.; 7, 829 б.; 8, 190-203 бб.; 9,176-197 бб.;]. Соңғы жиырма жылдық кезеңде тарихшыларымыздың ізденістері арқасында Мұхаммед Хайдар Дулатидың есімі мен оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі Отан тарихында өзіне лайықты бағасын алу үстінде деуге болады.[10,176-197 бб.; 11,12, 13, 14, 15.]. Осы бүгінгі болып жатқан ғылыми басқосу және бұған дейін 1997-2000 жылдар аралығында Тараз бен Алматы қалаларында Мұхаммед Хайдар Дулатиға арнап өткізілген халықаралық ғылыми конференциялар соның көрінісіне жатады.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» - автордың көзімен көрген және құлағымен естіген тарихи оқиғаларды баяндап қана қоятын шығарма емес. Шығарманың құрылымы, екі бөлімде де хронологиялық, жүйелілік принциптердің сақталынуы еңбектің ғылыми сипатын көрсетеді. Жалпы шығарманың ғылыми құнылықтарының бірін - онда қолданылған деректік негіздер анықтайды. Жас ғалым, дулатитанушы Манзура Калиекованың дәлелдеп көрсетуінше, Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидиді» жазу барысында үш түрлі дерек көздеріне сүйенген:
1) діни деректер, олардың саны - 9;
2) тарихи деректер,олар - 12;
3) әдеби шығармалардың деректері, олар - 6.[15,38-56 бб.] Сонымен қатар Дулати жазба деректерден басқа жергілікті түрік халықтары арасындағы ауыз әдебиетінің, ауызша мәлімет берушілердің материалдарын да өз еңбегінде жақсы пайдаланған. Міне, осы айтылған ойларымыздың бәрі Мұхаммед Хайдар Дулатидың ірі ғалым екендігін, оның шығармасында ғылыми сипаттың басым екендігін көрсетеді. Біз оны автордың Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңдерін баяндауынан аңғарамыз.
Енді «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңдері қалай қарастырылып, қалай көрініс тапқанына тоқталалық.
«Тарих-и Рашидидің» екі бөлімнен немесе екі кітаптан тұратыны белгілі. 1541/42 жылы мемуарлық сипаттағы екінші кітап, ал тарихи сипаттағы бірінші кітап - 1546 жылы 3 наурызда жазылған [14, 529-530 бб.]. Аталған екі кітапта да қазақ тарихына қатысты материалдар жиі кездеседі. Тарихи сипаттағы кітапта біз қарастырып отырған мәселе 39-шы тарауда өте қысқаша түрде Моғолстан тарихының Есенбұға хан билік құрған жылдарында болған оқиғалардың бірі ретінде баяндалады.[14,108-111] Ал тарихи сипаттағы кітапта автор Қазақ хандығының тарихына байланысты оқиғаларды 33-ші және 34-ші тарауларды айтады. [14,305-311].
Қазіргі кездегі Отандық тарихнаманың осы мәселе бойынша қол жеткізген жетістіктері тұрғысынан Дулатидың баяндауларын талдап көрелік.
1) «Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсеткен күндерінен әңгіме» атты тарауда XY ғасырдың 30-50-шы жылдарындағы Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі жағдайлар туралы, яғни моғолдың ірі тайпалары көсемдерінің ханға қарсы әрекеттері баяндалады[14, 104-108 бб.]. Бұл мәліметтер бізге Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайынан хабардар етіп, ол жағдайлардың хандықтың құрылу барысына қаншалықты дәрежеде қолайлы алғышарттар жасағанын көрсетеді;
2) Есенбұға ханның Мауереннахрдағы саяси дағдарысты пайдаланып, ол жаққа жасаған жорықтары туралы, Әбу Сайд мырзаның Есенбұға ханның жорықтарына қарсы ойластырған жоспарлары, темірлік мырзаның моғол әскерлерін Ианги (Тараз) түбінде жеңіліске ұшыратуы туралы мәліметтер [14, 108-110 бб.]. Бұл мәліметтерден біз Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Моғолстан мен Мауереннахрдағы Темір әулеті мемлекеттері арасындағы саяси қатынастардың әбден ушыққанын, жетер шегіне жеткенін көреміз. Өз кезегінде бұл жағдай Қазақ хандығының Жетісу аймағының батыс бөлігінде шаңырақ көтеруіне тікелей себепші болады.
3) XY ғасырдың орта тұсында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өз билігін толықтай орнатқан Әбілқайыр хан және одан бөлініп Моғолстан аумағына қоныс аударған Керей мен Жәнібек хандар туралы, оларды Есенбұға ханның қуана қарсы алып, Моғолстанның батыс жағындағы Шу мен Қозыбасы өңірінен жер беруі туралы, олардың «қазақ» атануы туралы мәліметтер. Қазақ хандығының құрылу тарихында бұл мәліметтер - ең негізгі дерек болып саналады.
4) Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-66) жылдан басталады, «Алла жақсы біледі» деген мәліметтері - Қазақ хандығының құрылу тарихындағы ең басты, ең негізгі жазба дерек мәліметтерінің біріне жатады.[14, 110]. Қазіргі кезде Қазақ хандығының құрылуына қатысты ой-пікір айтып, тұжырымдар білдіріп жүрген тарихшылардың бәрі Мұхаммед Хайдар Дулатидың осы мәліметтерін негізге алады. Дегенменде автордың оқиғаларды баяндауында дәлдік сақталғанымен, олардың уақытын көрсету кей жағдайларда болжаммен, шамамен беріледі. Мұхаммед Хайдар Дулати ондай болжаммен, шамамен берген даталардың өте дәл емес екенін алдын ала біле отыра, олардан кейін міндетті түрде «Анығы бір Аллаға аян» деген сөз тіркесін қолданып отырады. Бұл сөз тіркесі қазірге дейін қазақ тілінде қолданыста бар. Ол көбінесе бір нәрселердің санына, уақытына, көлеміне қатысты мөлшермен, болжаммен айтқанда қолданылады. «Тарих-и Рашидидің» мемуарлық сипатындағы кітабында бұл сөз тіркесі жоқ. Өйткені автор онда тек өзі қатысқан, куәгері болған оқиғаларды баяндағандықтан уақытты, сандарды, жылдарды шегелеп нақты айтады. Ал тарихи сипаттағы кітапта «Алла жақсы біледі» деген тіркесі 6 жерде кездесіп қалады. Осы жолдардың авторы сол алты жағдайды саралағанда деректердің жетіспегендігінен Дулати кейбір оқиғалардың уақытын ондыққа дейін мөлшермен айтып, соңына жаңағыдай сөз тіркесін пайдаланып отыратынына көз жеткіздік. Солардың біріне осы жерде тоқтала кетсек. Ол Ұлықбек туралы тарихи кітапта айта келе, « Тарихи жылнамада оның [Ұлықбектің] туған күні белгісіз. Егер де сол кездегі мерзімдерді салыстырар болсақ, ол шамамен 860 (1455-1456) жылдары қайтыс болған. Алла жақсы біледі»[14, 95]. Қазірде тарихта белгілі болып отырғандай, Ұлықбек 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келіп, 1449 жылы 25 қарашада қайтыс болған. Көріп отырғанымыздай Мұхаммед Хайдар Дулатидың дәлсіздігі ондықа дейін болып отыр.
«Тарих-и Рашидидің» біз жоғарыда келтіріп отырған мәліметтері Қазақ хандығының құрылу кезеңін көрсетеді. XV-XVI ғасырларда жазылған басқа деректерде мұндай мәліметтер кездеспейтіндіктен, біз Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректерін оригиналды және өз шамасынша хандықтың құрылуын жүйелі баяндайтын деректер қатарына жатқызамыз.
Қазақ хандығының құрылу кезеңіне - 1457-1470/71 жылдар аралығы жатса, 1470/71-1521 жылдар аралығы хандықтың күшею кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің басты оқиғалары, олар -XV ғасырдың соңғы 30 жылдығында хандықтың Сыр бойындағы қалалар мен жайылымдар үшін Темір әулетімен жүргізген күрестері, XVI ғасыр басында Мауереннахрда билікке келген Шибан әулетімен болған күрестер және Қасым ханның билікке келіп, қазақ халқының аумағын біріктіру жолындағы жүргізген күрестері. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл кезеңнің де оқиғаларын өз еңбегінен тыс қалдырмайды. Алғашқы екі күрес оқиғалары жөнінде ештеңе айтылмайды да, Қасым ханның билікке келген кезінен бастап қазақ мемлекетінің күшеюі мен нығаюын өте тәуір баяндайды. Ол кезеңнің деректері мынадай сипатта болып келеді.

  1. Керей ханнан соң билікке оның ұлы Бұрындықтың отыруы, әкесі Жәнібек хан секілді Қасым ханның Бұрындық ханды тыңдап бағынғандығы туралы мәліметтер.

  2. Қасым ханның Жүніс ханның қыздарының бірі - Сұлтан Нигар ханымға үйленіп, шағатайлық әулетпен туысқандық байланыстар орнатуы туралы мәліметтер.

  3. Қасым хан билігінің күшейіп, Бұрындық ханның Мауереннахрға кетуі туралы мәліметтер.

  4. Қасым хан билігін бағалап, оны XIII ғасыр басындағы Жошы ханның билігімен теңестіруі және Қасым хан әскерінің саны мен қазақ халқының санын көрсетуі.

  5. Қазақ Ордасына шағатайлық Сұлтан Сайд ханның келуі, Қасым ханның оған көрсеткен қошеметтері және соған байланысты кейбір оқиғалар туралы кең мазмұндағы мәліметтер.

  6. Қасым ханның қайтыс болған жылына байланысты мәлімет [14,306-307 бб].

Көріп отырғанымыздай, Қазақ хандығының Қасым хан тұсындағы күшеюі Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегінде біршама көрініс тапқан. Кейіннен бұл мәліметтер басқа жазба деректерге негіз болып алынады.
Қасым ханның қайтыс болуынан кейін Қазақ тарихында «уақытша әлсіреу» деген шартты атауға ие болған кезең басталады. Бұл кезеңнің хронологиясына зерттеушілер XVI ғасырдың 20-30 жылдары аралығын жатқызады. Қасым хан қайтыс болғаннан оның ұлы Хақназар хан билікке келген кезге дейінгі аралық Қазақ хандығы мен қазақ халқы үшін ең алғашқы тарихи сынақ болған кезең деуге болады. Бұл кезеңге қатысты мәліметтер Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінде біршама жақсы баяндалады. Енді сол кезең туралы автордың деректеріне құлақ түрсек.
Қасым ханның қайтыс болған жылын айта келе, Мұхаммед Хайдар Дулати одан кейін болған оқиғаларды былайша баяндайды: «Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде тұншықпадан өлді. Одан кейін Әдік сұлтанның ұлы Тахир хан таққа отырды. Ол қатыгез адам болатын, қаталдығы өз шегінен шыққан соң елінің саны төрт жүз мың бола тұра одан бірден безіп бытырап кетті. Оның қарабасы қырғыздардың арасында жалғыз қалды, мүшкіл жағдайда қаза тапты.
Отыз мыңға жуық адам тағы да Моғолстанға жиналды. Тахир ханның бауыры Буслаш (Бұйдаш ханды айтып отыр.- Б.К.) хан таққа отырды. Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне, бүгін төртінші жыл болып барады (Кітап 1541 жылы жазылған. - Б.К.), ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары (930 (1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944 (1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» [14,306-307 бб.].
«Тарих-и Рашидидегі» осы келтірілген мәліметтердің шынайылығына көңіл қойып көрелік.
Біріншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати «отызыншы жылдар» мен «қырық төртінші жылды» нақты атап, қазіргі тарихнамада «уақытша әлсіреу» кезеңі деп аталатын кезеңнің басталуы мен аяқталуын көрсетіп отыр. Қазақ хандығының әлсіреуінің басты себебі - билеуші әулет өкілдері арасында бірліктің болмай, тақ үшін күрестердің күшеюі болатын. Дулати мұны нақты атап айтып отыр. Мамаш ханның осындай күрестің құрбаны болғандығын да ол баяндап береді.
Екіншіден, қазақ халқының тарихи санасында әр кезеңдердегі аса ауыр жылдар белгілі бір атаулармен, сөз тіркестерімен сақталынып қалып отырғаны белгілі. Мысалы, XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы ауыр кезең - «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама», XX ғасырдың 20-шы жж. соңы мен 30-шы жж. басындағы аштық жылдар «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөздермен қалғаны белгілі. Ал XVI ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ халқы үшін қайғылы жылдарды Мұхаммед Хайдар Дулати «тағдырдың қырсығынан соншама халықтан ...ешбір жерде із де қалмапты» және «...сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған»- деп қинала баяндайды.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың мұндай сөз тіркесін жайдан жай қолданбағанын Қадырғали Жалайыр деректері дәлелдейді. Оның мәліметтері бойынша дәл осы жылдары қазақтың хандары мен сұлтандары сыртқы жауларымен соғыстарда көп қаза табады. «Тоғым хан, оның ұлдары «тоғыз сары» деп аталды. Мәлік сұлтанның баласы Башыбек сұлтан тоғыз сарымен бірге Жағат уалаятының жанында шахит болды, [сол ұрыста] әйгілі әрі даңқты отыз жеті сұлтан шәйіт болды...» Және де «Жәдік хан. ...Шағым мырзамен соғысып, Жыланды төбеде бір ұлымен бірге шахит болды»[16, 121 б.]. Әдік сұлтанның ұлы Бұйдаш хан осы жылдары Ташкент билеушісі Дервиш ханмен (Сүйініш қожа ханның немересі, Барақ ханның ұлы) болған ұрыстардың бірінде 24 қазақ сұлтанымен бірге қаза табады[16, 121 б. ]. Жәнібек ханның тағы бір немересі Ахмет хан (кей деректе Қожахмет хан) ноғай мырзасы Сейдақтан жеңіліс тауып 15 сұлтанмен бірге тұтқынға түседі. Көп ұзамай Ахмет ханды Алшағыр бидің ұлы Орақ батыр өлтіреді [2, с.275; с.325]. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша осы кезеңде 60-тан астам қазақ хандары мен сұлтандары сыртқы жаулармен болған соғыстарда қаза тапқан екен.[17, 184 б.] Ал біздің есебіміз бойынша Мамаш ханның өлтірілуімен басталған «уақытша әлсіреу» кезеңінде тақ үшін болған күрестер мен жауларға қарсы жүргізілген соғыстарда билеуші әулет өкілдерінен 80 астам хандар, сұлтандар әр түрлі жағдайларда қаза табады. Бұл сан жазба дрек мәліметтері арқылы белгілі болғаны, ал белгісіз болғандары қаншама. Ал қаза болған немесе тұтқынға түскен қарапайым халықтың санын ешкім де айта алмас, тек болжаммен қаза тапқан билеуші әулет өкілдерінен бірнеше жүз есе көп болған деуге болады. Міне, осындай ауыр да қиын жылдары Жетісу жеріне моғол хандарының саяси билігі, Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге шибанилық әулеттің билігі, Қазақстанның батыс бөлігінде ноғай мырзаларының үстемдігі қалыптасады. Осылайша, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік биліктің жойылып, тақ үшін күрестердің өршіп, сыртқы жаулармен болған соғыстарда үнемі жеңіліске ұшырап отырған тұста қазақ халқының жағдайы өте қиын болатын. Дулатидың «...сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған» деуі артық айтылса да, оның астарында осындай тарихи ащы шындық жатқан болатын.
Осылайша, біз Мұхаммед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңдеріне қатысты баяндауларын қарастыра келе, мынадай жалпы қорытындыға келеміз.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінде» Қазақ хандығының XV-XVI ғғ. тарихы жай тарихи фактілердің жиынтығы түрінде емес, нақты бір мәселені ғылыми принциптерді сақтай отыра, арнайы түсіндіруге бағытталған түрде беріледі. Сол себепті де біз Мұхаммед Хайдар Дулатиды Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңдерін алғаш зерттеген ғалым деп санаймыз.

Қазақ хандығының құрылуы - ортағасырлық Қазақстан тарихындағы ұлттық сипаттағы мемлекет пен этносты тарих төріне шығарған аса маңызды оқиғалардың бірі. Соған қарамастан мәселемен айналысқан зерттеушілер хандықтың құрылуын өте тар көлемде қарастырып, оны бір оқиғамен және бір уақытпен шектеп көрсетеді. Ал бұл мәселемен терең айналысқан Т.И. Сұлтанов осыған байланысты мынадай тұжырым айтқан болатын: «... Қазақ хандығының құрылуы бір оқиғамен жүзеге асқан жоқ, ол сипаты жағынан күрделі, уақыты жағынан ұзаққа созылған көп астарлы процесс болды, атап айтсақ, саяси процестер этникалық процестермен қатар дамып, бір-бірімен астасып жатты» [1, 238 б.].
Біз өз кезегінде зерттеушінің пікірін қостай отыра, Қазақ хандығының құрылу барысы 10 жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше кезеңнен тұрған деп санаймыз. Бөлініп кету - хандықтың құрылуындағы алғашқы және маңызды қадам болса, Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығының билігінің толық және түпкілікті орнауы - хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді.
Бірінші кезеңге - Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу өңіріне келуі және Керейдің хан болып сайлануы жатады. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бірінші кезең - 1457 жылдың күзінің соңыне қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығын қамтиды.
Тарихи әдебиеттерде Сығанақ қаласының түбіндегі Көке Кесене деген жерде Әбілқайыр хан мен қалмақ билеушісі Үз Темір тайшы арасындағы ұрыстың 1457 жылы өткендігі толық анықталған [2, 17 б.; 3, 65-66 бб.; 1, 230 б. Шайқастың салдары Әбілқайыр хан үшін ауыр болғаны белгілі. Қалмақтардан жеңілу, шибанилық әулеттің белсенді өкілдері, әрі «көшпелі өзбектердің» әскер басылары - Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтанның ұрыста қаза табуы, ханның Сығанақ қаласына тығылуы, қалмақтардың жергілікті өңірдегі тұрғындары емін-еркін тонаушылққа ұшыратуы - Әбілқайыр ханның жеке басының беделін күрт төмендетеді. Шибанилық деректердің көпшілігі Әбілқайыр ханның үш жасар немересі Махмуд сұлтанның қалмақтарға аманат ретінде берілгендігі жөнінде ештеңе айтпаса, тек «Тарих-и гузида -йи нусрат намеде» ғана хан немересін қалмақтарға тұтқынға түсті деп баяндайды [2, 17 б.].
Б.А. Ахмедов бұл жағдайды, яғни хан немересінің аманатқа берілуін Әбілқайыр ханның қалмақ тайпасының жоғарғы билігін мойындауымен түсіндіреді [3, 67 б.]. Біздің ойымызша Б.А. Ахмедовтың бұл пікірі асыра айтылған пікір. Егер шынымен де жағдай Б.А. Ахмедов айтқандай болса, онда ол туралы деректер шайбанилық шығармаларда айтылмаса да, жағдайдың барлығын жіті бақылап отырған темірлік деректерде, әсіресе Абдарразак Самаркандиде айтылған болар еді. Ол туралы шағатайлық шығармаларда да ешқандай мәлімет жоқ. Соған қарағанда Әбілқайыр хан Үз Темір тайшының саяси билігін емес, оған белгілі бір көлемде салықтар мен төлемдерді жыл сайын төлеп тұруға міндетттенген секілді. Ал соның кепілдігіне үш жасар немересі берілген. Жеті жылдан кейін Махмуд сұлтан өз еліне үлкен құрметпен қайтарылады [2, 17 б.]. Жалпы алғанда, 1457 жылғы шайқас - Әбілқайыр хандығындағы барлық қайшылықтардың бетін ашады, «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында бір кезеңнің аяқталып, келесі кезеңнің яғни, күйреу кезеңінің басталғандығын көрсетеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуі - соған дәлел бола алады.
Хандықтың құрылу барысындағы алғашқы және өте маңызды оқиға - бөлініп кету болғандықтан бірден соған ауысайық.
Үз Темір тайшы бастаған қалмақтар жорығы 1457 жылдың жаз айларында болғандықтан, Әбілқайр хан секілді Керей, Жәнібек және ордаежендік басқа да сұлтандар өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге сол тұста күндерін жайлауда өткізіп жатқан. Дерек мәліметтерінде баяндалғандай, Әбілқайр хан қалмақтар жорығы туралы хабардың растығына көз жеткізгеннен кейін, жарлық шығарып, Бахтияр сұлтан мен Ахмед сұлтандарды әскердің басшысы етіп бекітеді. Кухистани Көк Кесене түбіне аттанған шайбанилық сұлтандар мен шибанилық ру-тайпа басшыларының тізімін көрсетеді, бірақ онда ордаежендік әулет өкілдері мен ордаежендік әулетті қолдайтын тайпа атаулары кездеспейді [4, 168 б.].
Шайқастың нәтижесінен хабардар болған ордаежендік әулеттің басшылары Әбілқайыр тарапынан болатын қарсы әрекеттерді алдын-ала сезген. Мұхаммед Хайдар Дулатыи бір дерегінде «Жошы әулетінің кейбір сұлтандары одан келер бір пәлені сезіп, оны болдырмауға тырысты», - десе, келесі бір дерегінде «Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашты»,- деп жазады. [5, 348 б.; 6, 305 б.; 110 б.]. Көріп отырғанымыздай, Әбілқайыр хан өзін қолдамағандарға қарсы жазалау шараларын жүргізген. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханға қарсы топтың жетекшілері болғандықтан ханның негізгі соққы бағыттары өздері мен ұлыстарына бағытталғанын көре біліп, оны болдырмаудың жолы деп Моғолстанға кетуді ұйғарған.
Егерде Керей мен Жәнібек аздаған адамдармен кетсе, онда олар жылдың қай мезгілі болғанына қарамастан көшкен болар еді. Олардың соңында ордаежендік ру-тайпалардың бір бөлігі болуы себепті олар жылдың қай мезгілінде болса да ауа көшіп кете алмайтын еді. Көшпелі мал шаруашылығы ол тайпалардың негізгі шаруашылық түрі болғандықтан, олар тек жайлаудан қайтар кезде ғана көтеріле көшіп, бұрынғы дәстүрлі қысқы тұрақтарына емес, Моғолстанға бет алған. 1996 жылы Қазақстанға белгілі археолог М. Елеуұлының Шу, Талас өңірлеріндегі ел аузынан жинаған тарихи аңыз-әңгімелерінің бір тобы ҚазМУ Хабаршысының тарих сериясында жарық көрді [7, 6-12 бб.]. Сол тарихи аңыз-әңгімелер арасында Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты екі дерек кездеседі. Бірінші аңыз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға кетіпті», - деп басталса, келесі бір аңызда «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап кетіпті», - делінеді [7, 7-8 бб.]. М. Елеуұлы бұл аңыздардың бірін 1924 жылы туылған Шәуенов Жүзімқұл деген ақсақалдан 1976 жылы тамыз айында жазып алғанын, ал келесі аңызды 1899 жылы туылған Назарқұлов Жүнжұма деген ақсақалдан алғанын айтады [7, 7-8 бб.]. Бұл жерде екі аңыздың мазмұнында «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөніндегі дерекке ұқсастығы бар. Ұқсамайытын жеріне көшіп кетудің «тышқан жылы және қара күзде, қыс түсе» деген уақытты көрсетуі жатады. 1457 жылдың қай жылға жататынын білу үшін деректерге назар аударып көрелік. Кухистани да, Махмуд бен Уәли де Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылын «874 (1469-70) жылы тышқан жылы» деп жазады. [4, 171 б.; 8, 361 б.]. 1469-70 жылға дейінгі тышқан жылына 1457-58 жылдың жататынына ешкім күмән туғызбас болса керек. Олай болса, аңыздағы тышқан жылы жазба деректегі тарихи оқиғалардың уақытымен сәйкес келеді.
Ал «қара күз», «қыс түсе» деген сөз тіркесі қараша-желтоқсан айларын білдіретінін ескере отыра, бұл мезгілдің күзеу, күзеуден қыстауға ауысатын мезгіл екенін білеміз. Олай болса, аңыздағы мезгілді көрсететін мәліметті дұрыс деуге болады.
Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалар Сығанақ түбіндегі шайқастан кейін Әбілқайыр ханның қаһарынан қорқып, сол жылдың күз айының соңында дәстүрлі қыстауларына бармай, Шу өзенінінң бойына келеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алқабындағы Қозыбасыны берді», - деп айтады [6, 110 б.]. Ал Махмуд бен Уәли бұл өңірді берудің себебін былайша түсіндіреді: «Сол кездерде Моғолстанда Шағатай хан ұрпақтарынан Уәйіс ханның ұлы Есенбұға хан билік жүргізіп тұрды. Сол тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан-Мұхаммед мырзаның ұлы Әбу Сайд мырза Ирактан Жүніс ханды шақыртып, оған көмек пен жәрдем береді де, інісіне қарсы жібереді. Сол себепті Есенбұға хан билігінің негізіне сызат түсіп, соған байаланысты бұл хан Жәнібек хан мен Керей хандардың келуін адамдар [үшін] қайырымдылық пен ізгіліктің көзі деп санады. Ханзадалардың келуіне құрмет көрсетіліп, келісім берілгеннен кейін, хан оларға Моғолстанның батыс өңірін берді. Ол өңір Есебұға ханның [иелігі] мен Жүніс ханның иктасы арасында болды. Бұл өңір Шу және Қозыбасы деген [атаумен] белгілі болатын» [8, 352 б.]. Қозыбасы - Тарғаптың қарсы бетіндегі Қордайда орналасқан тау жайлауы [9, 265 б.]. Енді осы географиялық атауларды карта бойынша анықтасақ, онда Керей мен Жәнібектің Есенбұға ханнан алған аймағының шекарасы - Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауы мен Шудың төменгі ағысы бойындағы алқаптар арқылы, батысы - Талас өзенінен, шығыста Іле өзеніне дейінгі, ал оңтүстікте - Іле Алатауының солтүстік тау жоталары мен қыраттары арқылы өткен. Бұл аймақ - Есенбұға хан үшін біріншіден, оның Моғолстанның Жетісу жағындағы иеліктерін Андижан маңындағы Жетікент деген жерді иелікке алған Жүніс хан тарапынан болатын жорықтардан қорғап тұрса, екіншіден, дәл сондай міндетті Әбілқайыр хан тарапынан болар жорықтарға байланысты атқарып тұрды. Жүніс ханның Моғолстан аймағына жақын келуіне байланысты билігінің іргесі сөгіле бастаған Есенбұға хан жоғарыда айтылған аймақты Керей мен Жәнібеке беру арқылы өзіне сенімді одақтас табады да, өмірінің соңына дейін тақ билігіне ағасын жолатпайды. Махмуд бен Уәлидің мынадай мәлімет осыны дәледейді: «Есенбұға ханның тірі кезінде [оған] жоғарыда айтылған хандардың (Керей мен Жәнібекті айтып отыр - Б.К.) көмегі мен тірегі арқасында Жүніс хан тәкәпарлықпен аяғын үзеңгіге сала алмады» [8, 353 б.]. Басқаша айтқанда бұл дерек мәліметі Жүніс ханның Моғолстанда Есенбұға ханның тірі кезінде хан бола алмағанын көрестеді. Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінің бір жерінде былай дейды: «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза Сұлтан Әбу Сайдта Моғолстанға келгенде, мұндағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентте тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» [6, 113 б.]. Осылайша, 1457 жылдың соңында Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батыс жағындағы Шу өңіріне келіп қоныс тебуі арқасында, Есенбұға хан ағасы Жүніс ханға қарсы өзіне сенімді одақтас табады да, 1461/62 жылы қайтыс болғанға дейін оның иелігіне ешқандай қауіп бола қоймайды.
Енді Керей мен Жәнібекке қайта оралайық.
Біз бұған дейінгі тараушаларымызда Керей мен Жәнібектің Шу бойына келуі - 1457 жылдың күзінің соңында, ал келгендер саны шамамен 100 мыңдай адам болған деп айтқанбыз. М. Елеуұлының жариялаған аңыздарының бірінде келуді «қара күзде» болған десе, ал екіншісінде «қыс түсе» деп көрсетеді. Деректердегі мәліметтердің баяндалуын хронологиялық тұрғыдан қарастырсақ, мынадай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ру-тайпалардың Шу өңіріне қоныстануы, Керейдің хан болғандығы, Есенбұға ханның иелігіне Жүніс ханның аяғын аттап баса алмағандғы, Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін қазақ билеушілері мен Жүніс хан арасында жақсы қатынастардың қалыптасуындағы жөнінде айтылады [8, 352-353 бб.]. Соған қарағанда Керейдің хан болып сайлануы Шу бойынан көшіп келгеннен кейін және Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін жүзеге асқан. Жазба деректер ол жөнінде нақты айтпаса, М. Елеуұлының аңызында оған қатысты былай делінеді: «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (Ұланбаелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр - М.Е.) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлап өздерін «қазақ» деп атапты» [7, 7 б.]. Аңыздың мәліметіне сүйенсек, Керейдің хан болып сайлануы -1458 жылдың көктем айларының бірінде, мүмкін наурыз айында жүзеге асқан. Хан сайлау процесі аса маңызды болғандықтан, әсіресе жаңа әулеттің алғашқы ханын сайлау сол елдің өміріндегі ерекше маңызды оқиға болып саналатындықтан, оған билеуші әулет өкілдері ерекше мән беретіндігі өз-өзінен түсінікті. Хан сайлау жинына билеуші әулет өкілдерінен басқа дін басылары, ру-тайпа көсемдері, мен батырлары және басқа әлеуметтік топ өкілдері қатысады. Қазақ қоғамында хан сайлау дәстүрі ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып, ол жөнінде орыс авторларының еңбектерінде баяндалады. А.И. Левшинның жазуы бойынша хан сайлау үшін алдын-ала оның уақыты мен өткізілетін жері белгіленеді, әртүрлі «жеке кеңесулер» өткізіліп, хан сайлауға әрбір топтың өкілдері анықталады, негізгі үміткер анықталғаннан кейін жалпы жиында ол ақ киізге отырғызылып, сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің қолдауына ие болып, үш рет киізбен жоғары көтеріледі. [10, 126-127 бб.]. Бұл дәстүрді Керейді хан көтргенде қолданды деуге болады.
Ал енді Керейді хан көтерген мезгілге келетін болсақ, біздің ойымыз жоғарыда айтып өткен аңыздағы уақытқа сай келеді. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік ру-тайпалар үшін 1457 жылдың соңында ең басты мәселе қыстау, қыста жайлатын орындарын таңдау, оларды белгілеу, елді қоныстандыру және т.б. шаруашылық мәселелер болған. Ал көктем шыға алдын-ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, жас жағынан Жәнібекке қарағанда үлкендеу Керей хандық билікке отырғызылады. Керейдің хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылу барысындағы бірінші кезеңді аяқталды деуге болады.
Осылайша, тарих мінбелеріне көтерілген Қазақ хандығын сол кездер үшін толыққанды, дербес хандық деуге толық болмайды. Өйткені, дербес хандық деу үшін оның нақты территориясы мен халқы, билеуші әулеті мен ханы, басқару әкімшілігі мен құрылымы, өзіндік жүргізетін дербес саясаты және мемлекетке қажетті тағы басқа шарттары қажет болатын. Керейдің хан сайлануымен мемлекет үшін ең басты шарттардың бірі орындалады, яғни жаңа хандық - Қазақ хандығы дүниеге келеді. Ортағасырларда хан - тек жоғарғы билікті иеленген адам ғана емес, сонымен бірге мемлекетттің символы болып есептелген. Жазба деректерден хан болмаған жағдайда елдің тарап, халықтың басқа хандарға көшіп кететін мысалдарын кездестіруге болады.
Осылайша, Керейдің 1458 жылдың көктем айларының бірінде хан болып сайлануымен Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезең аяқталды. Осы кезең ішіндегі оқиғалардың тарихи маңызын атап өтер болсақ, біріншіден, Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі - олардың Қазақ хандығын құрудағы алғашқы қадамы болды және Әбілқайыр хандығының тарихындағы күйреу кезеңінің тереңдегенін көрсеіп берді. Екіншіден, Шу өңіріне келіп қоныс тепкен ордаежендік тайпалар жаңа этникалық атауға - «өзбек-қазақ» атауына ие болды. Бұл дегеніміз этникалық процестің жаңа, ұлттық сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, хандық билікті қалпына келтіріп, Керейдің хан сайлануы - ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылымды дүниеге алып келгендігін көрсетіп береді.
Сөйтіп, таза ұлттық негізде құрылған Қазақ хандығы толыққанды мемлекет мәртебесіне ие болуы үшін әлі де болса өзінің қалыптасуы барысында бірнеше сатыны бастан өткеруі қажет болды.
Шарты түрде екінші сатыға - 1458 жылдың көктем айларынан - 1461/62 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады.
Осы аралықта Қазақ хандығының қалыптасуы барысындағы маңызды оқиғаларға мыналарды жатқызамыз. Біріншіден, Моғолстанның батыс жағында мемлекет құрып алған ордаежендік тайпаларға Әбілқайыр ханға наразы немесе оған қарсы шыққандар бірте-бірте Керей мен Жәнібек хандарға келіп, қосыла бастайды.
Екінші маңызды оқиға - Жүніс ханға қатысты оқиғалар жатады. 1457 жылдың қазан айында Әбу Сайд мырзаның қолдауымен Моғолстанның іргесіне келген Жүніс ханның бірінші болып Ыстықкөл маңындағы құнжы, бекжак тайпаларының әмірі Керімберді, әмір Қажы Пір, әмір Ибрагим секілді басшылары мойындайды. Жүніс хан тайпа әмірлерімен жақындасу үшін осы жылдың соңында Әмір Қажы Пірдің қызы Исан Даулет бегімге үйленеді [6, 113 б.]. 1458 жылдың күзіне дейін Жүніс ханның маңайына біршама моғол тайпалары жиналады. Ыстықкөл тайпаларын өзіне қаратқаннан кейін Жүніс ханның алдында екі бағыт тұрды, бірі - Жетісу аймағындағы тайпаларға билігін орнату арқылы бүкіл Моғолстан тағы үшін күресу болса, екіншісіне - бірден Моғол ханы Есенбұға ханға қарсы аттанып, тақты күрес арқылы тартып алу жатты. Бірақта Жетісудағы тайпаларды өзіне қарату үшін оған Жетісудың батыс өңіріндегі Қазақ хандығы тосқауыл жасап тұрғандықтан, Жүніс хан бірінші жолдан бас тартып, екінші жолды таңдайды. Осы жерде Есенбұға хан есебінің өте дұрыс шыққандығын айтып өтпесе болмайды. Керей мен Жәнібек хандарға Жетісудың батысын беру арқылы ол бүкіл Жетісу аумағындағы тайпаларға Жүніс ханның ықпалын болдырмау жоспарын жасады. Қазақ хандығымен күресуден бас тартқан Жүніс хан 1458 жылдың жаз айының соңы - күз айларының басында Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы Қашқарға көзін тігеді. Бұл кезде Есенбұға хан Моғолстанның шығыс жағындағы Жұлдыз жайлауында болатын. Жүніс ханның Қашқарға аттанғанын естіген Есенбұға хан тез арада Қашқар маңына келеді. Ағасы мен інісі арасындағы шайқас Қашқардың Ақсу жанындағы Хансалар деген жерде өтіп, өте қиындықпен Есенбұға хан мен әмір Сайд Әлі жеңіске жетеді (Мұхаммед Хайдар Дулатидың үшінші атасы -Б.К). Жүніс хан қашуға мәжбүр болады, бірақ әйелі жаңа туған үлкен қызы Михр Нигар ханым және қызыметшілері тұтқынға түседі.
Жүніс ханның Исан Дәулет бегімге 1457 жылдың соңында үйленгенін, олардың тұңғыштары Михр Нигар ханымның емшекте болғанын ескеріп, Хансалар ұрысы 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті дейміз. Осы шайқасқа қатысқан Дулатидың арғы атасы әмір Сайд Әлі 862 (1457 ж. қараша -1458ж. қараша) жылы, яғни, 1458 жылдың қазан-қараша айларының бірінде қайтыс болады [6, 113-114 бб.].
Сөйтіп, Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ хандығы да өз септігін тигізеді. Қазақ хандығы Махмуд бен Уәлидің жазғанындай «Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы аралығында орналасып», Жүніс ханға бүкіл Жетісу тайпаларының қосылуына кедергі жасайды.
«Тарих - и-Рашиди» авторының осы мәліметі Жетісудың батыс жағында құрылған Қазақ хандығының елеулі саяси күшке айналғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы сол жылдары Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі оқиғаларға тікелей араласпаса да, саяси күш ретінде ондағы билік үшін күресуші топтар арасында танылады, Қазақ хандығын олар мойындауға мәжбүр болады. Бұл - біздің ойымызша, Қазақ хандығының құрылуы барысының екінші сатысындағы ең басты жетістігі болып табылады.
Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461/62-1469/70 жылдар аралығы жатады. 1461/62 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер Қазақ хандығына да ықпал етеді.
«Есенбұға хан ажалы жетіп дүниеден озған соң, орнына ұлы Дос Мұхаммед хан патша тағына отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт болса да мастықтан есін жинаған емес. [Мисра]:
Жүретұғын жері лас, отыратын тағы лас,
Ақылды жан аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!»,- деп Мұхаммед Хайдар Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады [6, 115-116 бб.]. Мемлекетті басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Тарих-и Рашиди» авторының арғы атасы Әмір Сайд Әлі 862(1457-1458) жылы қайтыс болғаннан кейін, артында қалған екі ұлдың үлкені - Сансыз мырза моғолдардың саясаты бойынша әкесінің орнына әмір болады да, Жаркентті өзіне орда етеді. Ал кіші ұлы - Мұхаммед Хайдар мырзаға жомарттықпен Қашқар мен Ианги Хисарды береді [6, 115 б.]. Сансыз мырзаның шешесі шорас тайпасынан, ал Мұхаммед Хайдар мырзаның анасы - Жүніс ханның әпкесі Ұрун сұлтан ханым да, әйелі - Есенбұға ханның қызы Даулет Нигар ханым болды [6, 115 б.].
Әмір Сайд Әлінің тұсында Шығыс Түркістандағы моғол тайпалары арасында алауыздық жоқ болатын, ал бар болса байқалмайтын. Әмір Сайд Әлі көп ұзамай Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін, Дос Мұхаммедтің билігі басталысымен тайпа басшылары арасында жік пайда болып, ол кеңейе түседі. Дулатидың жазуына қарағанда, Мұхаммед Хайдар мырза күйеу баласы болғандықтан, Есенбұға ханмен жақсы байланыс орнатты, ал ол болса дүние салғаннан кейін Дос Мұхаммед ханмен жақсы болды, ал Сансыз мырза Жүніс ханды қолдауға мәжбүр болды [142, 115 б.]. Сол себепті ағайынды екі мырзаның арасында араздық пайда болды. 863 (1464-1465) жылы Сансыз мырза аңда жүріп аттан құлап, жарақат алады да, көп ұзамай қайтыс болады. Осы кезде ешбір себепсізден Дос Мұхаммед хан әскерімен Жаркентке аттанып, Сансыз мырзаның әйелі мен үлкен ұлы Әбу Бәкірді өзімен бірге ала кетеді. Қашқарға да аттанып, қаланы тонауға ұшыратады да, өз астанасы Ақсуға қайтып оралады. Ханның бұл ісіне Мұхамед Хайдар мырза қатты ренжіп, ол енді Жүніс хан жағына шығады [6, 115-117 бб.]. Осылайша, Моғолстанның Ыстықкөл жанындағы Жүніс ханның күші молая түседі. Ал Дос мұхаммед ханның жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің қоластындағы қалаларға әскерімен барып, оларды тонауға ұшыратуын түсініп білу өте қиын. Ханның мұндай саясаты оның абырой-атағы мен беделін төмендетіп, жақтастарын азайтады, қарсыластарын көбейтеді.
Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы болған жекеленген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары да жалғаса береді.
Осылайша, «көшпелі өзбектер» ханның көз алдында кеше ғана одан бөлініп кеткен қарсыластары Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп кетушілер есебінен әрі көбейе, әрі күшейе түседі. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр ханның ұзақ жылдар бойы соғыстар арқылы күшпен қалыптастырған мемлекетінің іргесі оның көз алдында сөгіле бастайды. Ол мемлекеттің күйреу процесін тоқтатудың бірден-бір дұрыс жолы деп Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығын жоюды қажет деп тауып, өмірінің соңғы жылы өзінің соңғы жорығын жүргізеді.
Әбілқайыр ханның бұл жорығының «көшпелі өзбектер» елінің тарихында, Қазақ хандығының құрылуы тарихында алатын орны маңызы болғандықтан, ол мәселе арнайы қарастыруды қажет етеді. Жорықтың барысына кіріспес бұрын, алдымен жорық қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Темір әулеті мемлекеттерінің саяси дамуындағы маңызды оқиғаларға талдау жасап, олардың жорыққа жалпы қатысын анықталық. Әсіресе, 1469 жылғы Моғолстандағы ішкі саяси жағдайдың барысы - жорықтың себептері мен мақсатын анықтауға мүмкіндіктер береді.
Жалпы алғанда, Әбілқайыр ханның Моғолстанға жорық жасауының себебі түсінікті. Өзіне бағынбаған Керей мен Жәнібек сұлтандарды және олардың соңына ерген ру-тайпаларды Жетісуға қоныстануға рұхсат берген моғол ханы Әбілқайырдың жауы, әрі қарсыласы болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келгеннен кейін, бірден оларға қарсы Әбілқайыр хан бірнеше себептерге байланысты жорық жасай алмайды. Бірінші себепке - 1457 жылғы қалмақтардан жеңілуіне және ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуіне байланысты күшінің әлсіреуі жатса, Керей мен Жәнібек сұлтандарға жорық жасау - Моғолстанға қарсы соғыс ашуды білдіргендіктен, күші әлсіреген Әбілқайыр хан оны уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бұл - Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібеккке қарсы бірден жорық жасамағандығынының екінші себебіне жатады.
Ал 10 жылдан астам уақыт бойы Әбілқайыр ханға наразы болған ру-тайпалардың Қазақ хандығына қосылу процесінің жүруі «көшпелі өзбектер» елі ханын жорық жасауға итермелейді. Әлі де болса күш ала қоймаған Жетісудағы Қазақ хандығын талқандау арқылы ол негізгі қарсыласын жоюды және өзіне бағынышты тайпалардың бөліну процесін тоқтатуды мақсат етеді. Бірақта Моғолстан ханының қол астындағы аймаққа жорық жасауға жүрегі дауаламаған секілді.
1469 жылдың бірінші жартысында Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай Әбілқайыр ханға жорық жасауға мүмкіндік береді. Біз бұған дейін темірлік әулеттің өкілі Әбу Сайд мырзаның 1451 жылы жаз айында Әбілқайыр ханның тікелей әскери көмегі арқасында Самархан тағына ие болғанын айтқанбыз. 1458 жылдың соңында ол Герат қаласын алып, Мауереннахр мен Хорасанды қайта біріктіреді. Иранға толық үстемдік орнатуға оған Иранның батысындағы Қарақойлы әулетінің мемлекеті (1410-1467) кедергі жасайды. 1459 жылы Әбу Сайд мырза қарақойлылар билеушісі Жаһан Шахпен бейбіт келісім жасайды. 1467 жылы Қарақойлы мемлекеті құлап, орнына Батыс Иранда Аққойлы мемлекеті құрылады. Бұрынғы Қарақойлы мемлекетінің астанасы Тебриз қаласы Аққойлылардың астанасына айналады. Аққойлы мемлекетінің күшеюіне жол бермеу үшін Әбу Сайд мырза 100 мыңдық әсерімен Ұзын Хасанға қарсы аттанады. 1469 жылдың қысын Муган қаласында өткізген хорасандық әскер бүкіл аткөліктерінен айырылады, әскер аштыққа ұшырайды. Ұзын Хасан әскері Әбу Сайд мырза әскерін қоршауға алып, ақыры жеңіліске ұшыратады. Қолға түскен Әбу Сайд мырза өлтіріледі [11, 353-354 бб.; 12, 236-237 бб.; 13, 230-231 бб.].
Темірлік мырзаның өлімі Хорасан мен Мауереннахрдағы саяси тұрақтылықты саяси бытыраңқылыққа айналдырады. Ең алдымен Әбу Сайд мырзаның басты қарсыласы Хұсайын Байқара бас көтереді. Ол 1460 жылдан бері Әбілқайыр ханның қолдауына сүйеніп, бірнеше рет Хорезм аймағына өз билігін орнатқан болатын. Бірақта Самархан билеушісінің тықсыруымен ол Дешті Қыпшаққа қашуға мәжбүр болған еді [3, 144-145 бб.]. Б.А. Ахмедов Абдраззақ Самарканди мен Хондемирдің мәліметтеріне сүйеніп, оның Әбу Сайд мырзаның қаза табар қарсаңында Әбілқайыр хан Ордасында болғандығын айтады [3, 145 б.]. Соған қарағанда Әбу Сайд мырзаның 1469 жылдың қыс айларының соңы - көктемінің басында өлтірілгені туралы хабар Дешті Қыпшаққа сол жылдың көктем айында белгілі болған. Өте тез қимылдаған Хұсайн Байқара әуелі Хорезмді, кейін Гератты алады. Осы жылдардағы Хорасан мен Мауереннахрдағы оқиғаларды А. Мюллер былай деп баяндап түсіндіреді: «Темірлік мырзаларға бірлік деген ұғым өте жат болатын, Әбу Сайд мырзаның артында қалған он бір ұлы жағдайды өте қатты қиындатты. Одан басқа мырзаның өлімі Хұсайын Байқараның Хорасанға қарсы жорыққа аттануына мүмкіндік берді. Әртүрлі қақтығыстардан кейін онымен және Әбу Сайд мырза ұлдары арасында тіл табысылады. Әбу Сайдтың ұлдарының төртеуі - үлкені Ахмед мырза Самарқан мен Бұқарада, үшінші ұлы - Махмуд мырза - Бадахшанда, төртінші ұлы - Омаршейх мырза - Ферғанада, ең кіші ұлдарының бірі - Ұлықбек мырза - Кабул мен Ғазия аймақтарында өз биліктерін сақтап қалады. Ал қалған аймақтардың бәрінде Хорасан, Саджестан, Балх, Хорезмде Хұсайын Байқараның билігі онайды [6, 117 б.].
Сөйтіп, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы қарсаңында Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдай күрт өзгеріп, империя бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетеді. Бұл өз кезегінде Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жорық жасауына жол ашқандай әсер етеді.
Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа қарай жорықты бастауына түрткі болған оқиғаға - 1469 жылы моғол ханы Дос Мұхаммедтің кенеттен қайтыс болуы жатты. Мұхаммед Хайдар Дулати оның қайтыс болған жылын былай деп түсіндіреді: «Дос Мұхамед мырзаның өкпесіне суық тиіп, алтыншы күні көз жұмады. Ол жиырма төрт жаста еді. Жеті жыл патшалық етті 873(1468-1469) жылы қайтыс болды» [6, 16 б.]. Қазіргі біздің жыл санауымыз бойынша хижраның 873 жылы - 1468 жылдың 22 шілдесі мен 1469 жылдың 11 шілдесі аралығына сәйкес келеді [14, 16 б.].
Деректегі «мырзаның өкпесіне суық тиді» деген дерекке қарағанда, Дос Мұхаммед хан 1469 жылдың қыс айының соңында немесе көктемнің басында қайтыс болған секілді. Бірақта бұл туралы хабар Әбілқайыр ханға кеш жеткен деп есептейміз. Өйткені Әбілқайыр хан жорыққа шығу туралы шешімді жайлауда жүргенде қабылдайды. Біздің ойымызша, егерде моғол ханының қайтыс болғандығы жөніндегі ақпарды ол Сыр бойындағы қыстауда естіген болса, онда Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстік жағына жайлауға көшпеген болар еді.
Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуы Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы ішкі саяси өмірді біршама шиеленістірді. «Тарих-и Рашидиде» ол туралы: «Бұдан соң ел бір-бірімен тартысып, берекелері кетті»,- делінеді [6, 117 б.]. Ондағы әмірлердің бір тобы Жүніс ханды қолдаса, екінші бір тобы Дос мұхаммед ханның ұлы Кебек Сұлтан оғланды алып, Турфан жаққа кетеді [142, 117 б.].
Осындағы, Моғолстандағы саяси жағдайдан хабардар болған Әбілқайр хан өзінің негізгі мақсатын жүзеге асыруға уақыттың жеткенін біліп, бірден жорыққа дайындалады.
Сөйтіп, 1469 жылдың басынан бергі Мауереннахр мен Моғолстандағы саяси жағдайлар Әбілқайыр ханға 1457 жылға дейінгі мемлекетінің қуаты мен өзінің беделін қалпына келтіруіне қолайлы жағдайлар қалыптастырады. Мауереннахрда үш дербес иелік пайда болып, бір-бірімен алауыз болып жатқанда олар Әбілқайыр ханның қайта күшеюіне тосқауыл қоя алмас еді. Моғолстанның оңтүстігіндегі әмірлер арасындағы бірліктің болмауы, Жүніс ханның әлі де болса Ақсудағы билікке отыра қоймауы да Әбілқайыр ханнның Жетісудағы Қазақ хандығын талқандап, ол аймақты өз мемлекетіне қосып алуына ешқандай кедергі жасай алмаған болар еді. Жалпы қорытып айтқанда, Әбілқайыр ханның 1469 жылғы Моғолстан жаққа жорығы қарсаңындағы бүкіл аймақтағы саяси жағдайлар ол үшін өте қолайлы болды. Мұндай сәтті өз пайдасына шешу үшін «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі бірден жорыққа аттану туралы шешім қабылдайды.
«Көшпелі өзбектер» елі билеушісінің 1469 жылғы Моғолстанға жасалған жорығы туралы зерттеу жұмыстары өте аз. Бұл жорықтың Қазақ хандығының қалыптасуы кезеңінде, оның ішінде үшінші сатысында алатын маңызы өте ерекше болғандықтан, оған тереңірек тоқталуды жөн санап отырмыз.
Махмуд бен Уәли жорықтың нақты қай жылы және қай айда басталғанын айтпаса да, оны жорық барысындағы кейбір оқиғалармен салыстырулар арқылы анықтауға болады. Ханың қайтыс болған жылы мен айы - 874 жылғы қыстың алғашқы айы болса керек. Ол қазіргі жыл санау бойынша - 1469 жылдың желтоқсанына сай келеді [144, 359-360 бб.]. Осыны ескере келе Әбілқайыр хан жорықты 1469 жылдың күзінің басында бастаған деп санаймыз.
Махмуд бен Уәли Әбілқайр ханның жорыққа дайындығы туралы былай деп баяндайды: «... Кенеттен ол (Әбілқайыр хан- Б.К) моғол сұлтандарының билігіндегі Моғолстанның қалған жерлерін бағындыруды ойластырып, әскер жинауға жарлық береді. Хан жорығына сәйкес барлық ел мен ұлыстардағы басшылар айтылған уақытта өздерінің ондықтарымен, жүздіктерімен және мыңдықтарымен Еділ бойындағы хан ордасына келуі тиіс болды» [8, 358-359 бб.]. Махмуд бен Уәли Әбілқайырдың жорыққа аттанған, әскерінің жиналған жері деп Еділ өзенінің бойын өз дерегінде біршама атап өтеді [8, 359 б.]. Одан ары жорықтың жүрген бағытына үңілсек, Әбілқайыр хан Еділ өзені бойынан аттанып, Ала-Так маңынан өтеді де, Қызыл Надыр жайлауының жолымен жүре отырып, бірнеше асулардан асады. Одан ары Жеті Құдық деген жерге келіп тоқтайды [8, 359 б.]. Қызыл Надыр жайлауы Талас өзенінің төменгі ағысында, қазіргі әкімшілк жүйе бойынша Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының шекаралары түйіскен жерде болған [4, 552 б.]. Көрсетілген географиялық атаулар бойынша Әбілқайыр ханның жорық бағыттары: Еділ-Алатау-Қызыл Надыр- Жетіқұдық арқылы жүрген болып шығады. Енді осы жорық бағытына карта бойынша көз салсақ, Әбілқайыр хан мол әскерімен Еділ бойынан аттанып, Алатау маңына жеткен, одан ары кейін оралып, Қызыл Надырға барған да, қайтадан 180 градусқа бұрылып, Жетіқұдық деген жерге келіп тыныстаған. Әрине, талай жорықтарды басынан өткерген және Шығыс Дешті Қыпшақты бес саусағындай жақсы білетін «көшпелі өзбектер» ханы қалың қолымен бұлайша жүрмеген. Біздің ойымызша, жорық бағытындағы географиялық атауларды көрсетуде дерек авторы, не болмаса деректі көшірушілер тарапынан қателіктерге жол берілген. Егерде біз жорық басталғандығы географиялық атауларды дәл анықтасақ, онда жорық бағыты анық айқындалады да, Әбілқайыр ханның соңғы жорығының қайда және кімге қарсы бағытталғандығын нақты біле аламыз. Олай болса, алдыменен жорықтың бағытындағы географиялық атаулардың көрсетілуіне көңіл аударалық.
Ортағасырлық шығармалардың кезінде түпнұсқадан талай рет көшірілгені белгілі. Осындай көшірулер барысында түпнұсқадағы кейбір адам есімдері мен жер-су атаулары қате жазылуы мүмкін екендігін деректану ғылымы мойындайды. Сондай-ақ араб әліппесімен жазылған шығармаларды көшіруде «б», «т», «и» және т.б. әріптердің үстіндегі немесе астындағы ноқаттары артық не кем болса, тіпті көрсетілмеуі сөзді мүлде өзгеріске ұшыратады. Осыған орай, «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» кітабының түпнұсқасын көшіру кезінде көшірмешілер тарапынан жоғарыдағыдай қателер кеткен деп есептейміз. Қателерге байланысты Әбілқайыр ханның жорық бағыты да қате көрсетілген.
Алдыменен Әбілқайыр ханның жорықты бастаған жері - Еділ өзенінің атауына тоқталалық. Еділ өзені - Дешті Қыпшақ аумағындағы ең белгілі, ең танымал өзендердің бірі. Ортағасырлық деректерде бұл өзен - Итил, Атил деген атаулармен кездеседі. Махмуд бен Уәли еңбегінде Әбілқайыр ханның әскер жиған жері Еділ өзенінінң бойы деп жазылса да, біз оны дұрыс деп есептей алмаймыз. «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиардан» үзінді аударып, оған түсініктемелер жазған К.А. Пищулина «Әбілқайыр әскерінің жиналған жері басқа бір өзеннің жағасы болған, ол көшірушілер тарапынан өзгеріске ұшыраған» деп есептейді [4, 552 б.]. Біз де ғалымның осы пікірін қостай отырып, Әбілқайыр ханның Еділ өзені бойында әскер жиюы мүмкін еместігін мынадай дәлелдермен келтіреміз.
Біріншіден, Ноғай бегі Оқастың тұсында оның Әбілқайыр ханмен ордадағы достығы қатты көрініп, маңғыт тайпалары мен шибандық тайпалар «көшпелі өзбектер» қауымдастығын құраса, Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері Әбілқайыр ханнан ат құйрығын кесісіп, маңғыт тайпаларынан бөлініп кетеді. Еділ мен Жайық аралары маңғыттардың негізгі қонысы болып қалғандықтан, басқа бір мемлекет басының өз елінің аумағында емес, көршілес елдің аумағында әскер жиды дегеніне ешкім илана қоймайды.
Екіншіден, маңғыт билері Әбілқайыр ханға Еділ бойында әскер жинауға мүмкіндік берді дегенің өзінде, Жетісу жеріне қарай жорыққа аттанбақ болған Әбілқайыр ханның қолбасшылары өз әскерлерін Шығыс Дешті Қыпшақтың әр ұлысынан Еділ бойына алып келген, одан кейін қайтадан Жетісуға қарай аттанған дегенге ешкім сене қоймайды.
Сонда Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың қай өзен бойында әскер жинаған деген заңды сұрақ өз-өзінен туындайды. Біздің ойымызша, ол өзен Шығыс Дешіт Қыпшақ аумағында болған, сондай-ақ ол өзеннің айтылуында, не жазылуында Еділ сөзіне ұқсастығы болған. Сонымен қатар ол өзен жергілікті жердегі кішкене өзендердің бірі емес, Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрға танымал Сырдария, Ертіс, Жайық, Шу, Талас, Жем секілді өзендердің бірі.
Біздің ойымызша, Әбілқайыр хан әскерінің бас қосып, жиналған жері - Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Тобыл өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойы болған. Оған біздің бірнеше дәлеліміз бар. Бірінші, Тобыл өңірі - XІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Шибан әулетінің иелігіндегі жер және осы өңірде 1428 жылы 17 жасар Әбілқайыр хан тағына отырғызылған. Екінші, жорыққа дайындық жаз айларында басталып, хан әскер жию туралы жарлығын Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі жайлаулардың бірінде жинаған. Жайлаудың негізінен өзендерге жақын, өзендер маңында болатынын ескерсек, онда Шибан Ұлысы аумағындағы үлкен өзеннің бірі - Тобыл өзені болғандықтан, хан әскерінің бас қосар жері осы өзен бойы деп белгіленген. Үшінші, Тобыл сөзі араб әріптермен жазылғанда, оның Еділ (Итыл, Атил) сөзіне ауысу мүмкіндігі өте көп. Біздің ойымызша, түпнұсқадағы Тобыл сөзін көшіру барысында көшірмелер астыңғы және үстінгі ноқаттарды шатыстыру арқылы Итил сөзіне айналдырып жіберген.
Осылайша, жоғарыда айтылған дәлелдеулерімізді қорыта келе, Әбілқайыр хан 1469 жылы жаз айында өзінің ежелден бергі ата-баба иелігіндегі жайлауда болып, жорық жасау туралы шешімді осында қабылдаған. Сондай-ақ осы өңірдегі Тобыл өзеніннің бойы әскерлердің бас қосатын жері боп белгіленген. Сөйтіп, жорықтың бағытындағы алғашқы географиялық нүкте - Тобыл өзені болған деп санаймыз.
Тобыл өзені бойынан Моғолстан бағытына қарай баратын жолдағы екінші географиялық атау - Ала-Таг деп аталады. Біз бұл атауды Алатау емес, Орталық Қазқастандағы Ұлытау деп қабылдаймыз. Араб әріптеріндегі дауысты а,ә,ұ,ү, дыбыстары бір ғана әріп, آ - алифпен берілгендіктен «ала» сөзін «ұлы» деп оқимыз. Ал «таг», «так» сөзінің көне түрік тілінде «тау» деген мағанасын білдіретіні көпке мәлім. Сонда дерек мәліметіндегі Ала-Так сөзі - Ұлытау сөзі болып шығады. Шынында да, Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Осы анықталған екі географиялық нүкте арқылы: Тобыл-Ұлытау бағыттарымен түзу сызық жүргізсек, онда Әбілқайыр ханның жорығы Моғолстанның Жетісу аймағының батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы бағытталғанын байқаймыз.
Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін, әскердің жиылуы, оларды тексеру және соншама мол әскермен Тобыл-Ұлытау-Қызыл Надыр арқылы жүру біршама уақытқа созылады. Хан әскерлері Қызыл Надырдан Жетісуға қарай бірнеше асу жер жүріп, Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суыта бастайды. Соған қарағанда, Әбілқайырдың жорық жасау жөніндегі шешімі мен жарлығы жаздың соңында шығып әскердің жиылуы мен аттаныс күз айларында болған. Махмуд бен Уәлидің: «... осы мезгілде қалың қар түсіп, құйындата жаңбыр жауды және күшті жел соғып, суық ең жоғарғы белгіге жетті».- деген дерегі күздің соңы немесе қыс айының басталғанын көрсетеді [8, 359-360 бб.]. Одан әрі ол биылғы қыстың басқа жылдармен салыстырғанда өте суық және қар аралас жаңбырлы болғанын айтып өтеді [8, 360 б.].
Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастырып, ұлдарының бірі Көшкінші сұлтанды әмір Жұлдыз тархан, Хасанбек ойрат, Жәлел оғлан, Сатылмас найман, Сейітбек қоңырат, Темір маджар, Тошбек Қыпшақ және тағы да басқа әмірлермен бірге әскердің авангарды ретінде алға жібереді. Аққышлақ деген жерге жеткен кезде суықтың күшейгені соншалық, хан әскерін сақтау үшін жорықты тоқтатуға мәжбүр болады. Осы кезде Әбілқайыр ханның өзі де суықтан қатты ауырып, емшілердің қолданған еміне қарамастан Аққышлақ деген жерде қайтыс болады. Махмуд бен Уәли оның өлген жылын «елу жеті жасында 874 (1469 шілде - 1470 маусым) жылы, тышқан жылында»,- деп көрсетеді [8, 361 б.]. Дәл осы жылды өз еңбектерінде Кухистани, Ходжамкули бек Балхи да айтып өтеді [4, 171 б.; 15, 393 б.]. Осылайша, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы өз мақсатына жетпей, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Сөйтіп, Қазақ хандығына төнген қауіп, өзінен-өзі сейіледі.
Осы жылдардағы Қазақ хандығының ішкі саяси өміріндегі жағдайларды баяндайтын дерек мәліметтер жоқ. Сондақтан да ол жөнінде пікір айту қиын.
Енді хандықтың құрылу барысындағы 1461/62-1469/70 жылдардағы үшінші кезең оқиғаларына қорытындылар жасалық.
Өзіміз шарты түрде бөліп отырған үшінші кезең маңызды болып саналады. Біріншіден, осы жылдары Қазақ хандығына Әбілқайыр хандығынан бөлінген ру-тайпалардың келіп қосылуы үзілмей жалғаса береді. Бұл процесс хандықтағы адам санының арта түсуіне алып келді.
Екіншіден, Есенбұға ханның мұрагері Дос Мұхаммед ханның билік құрған жеті жылы ішінде 866(1461/62) - 873 (1468-1469) Моғолстанның ішкі саяси жағдайы өте нашарлап кетеді. Ханның жүргізген саясатында нақты бір принциптердің болмауы әмірлердің арасында жікті ұлғайтып жібереді. Ал ол қайтыс болғаннан кейін әмірлер қарам-қарсы екі топқа бөлінеді де, бірі - Ыстықкөл жақтағы Жүніс ханды қолдаса, екінші біреулері - Дос Мұхаммед ханның жас ұлы арқылы өз үстемдігін сақтап қалуды мақсат етеді. Мұндай жағдайда Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығы бірте-бірте дербестене бастайды.
Үшіншіден, осы саты ішіндегі ең ірі оқиғаға - Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына қарсы бағытталған жорығы жатып, жорықтың мақсаты - Моғолстандағы саяси жағдайды пайдалана отырып, Жетісудағы Қазақ хандығын жою болғаны анықталды. Мауереннахрдағы саяси бытыраңқылық та Әбілқайыр ханның жорық ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды.
Сөйтіп, осы үшінші кезеңде Қазақ хандығына басты қарсыласынан төнген қауіп оның қайтыс болуына байланысты сейіліп, өзінің қалыптасуы барысындағы соңғы кезеңіне аяқ басады.
Ал Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы, төртінші кезеңге Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билігі толық орныққанға дейінгі аралықты жатқызамыз.
1470-ші жылдан бастап Қазақ хандығы Моғолстанның саяси қамқорлығынан шығып, дербес, толыққанды мемлекет атануға мүмікіндік алады. Шығыс Дешті Қыпшақ, Мауереннахр аумақтарында және Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағындағы саяси жағдайлар оған өте қолайлы алғышарттар әзірлейді. Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуынан кейін моғол тағына ешбір қиындықсыз Жүніс хан отырады.
1470-ші жылдардың басында ол Моғолстан ханы боп мойындалса да, моғол әмірлері арасындағы алауыздықтарды тоқтата алмайды.
Мауереннахр аймағында да Әбу Сайд мырзаның өлімінен кейін саяси тұрақтылық саяси бытыраңқылыққа ауысып, мырзаның үш ұлы ондағы өз иеліктерінде жеке-дара билік жүргізеді.
Ал Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін «көшпелі өзбектер» еліндегі этносаяси ахуал мүлде шиеленісіп кетеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың бірінші кітабындағы мәліметтен біз «көшпелі өзбектер» еліндегі 1470-ші жылдардың басындағы ішкі саяси жағдайдың қалай дамығанын байқаймыз. «Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды» деген мәлімет Әбілқайыр хан өлгеннен кейін билеуші әулет өкілдері арасында хан тағын иеленуге байланысты бірнеше топтың болып, олар арасында күрестер мен қақтығыстардың жүргенін білдіреді. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Тарих-и Кипчаки», «Фирдаус ал-икбал», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Түрік шжіресі» секілді деректердің мәліметтерінен біз Әбілқайыр ханнан кейін таққа Әбілқайырдың ұлдарының бірі Шайх Хайдар мен шибанилық әулеттің өкілі, Арабшахтың шөбересі - Иадгардың таласқанын көреміз [2, 19 б.; 16, 56 б.; 8, 359-360 бб.; 17, 126 б.]. Билікке таласушылардың шығу тегіне қарап мұрагерлік мәселесіндегі екі дәстүрдің - монғолдық және түркілік дәстүрлердің күресін көруге болады. Әбілқайыр ханның қаншы қызы болғанын дерек мәліметтері айтпаса да, оның он бір ұлы болғаны белгілі. Олар ханның төрт әйелінен және күңінен дүниеге келеді. Бүркіт тайпасынан алған әйелінен - Шах Бұтақ-сұлтан мен Қожа Мұхаммед, маңғыт әйелінен - Мұхаммед сұлтан мен Ахмед, қоңыраттан алған әйелінен- Шайх Хайдар, Санжар, Шайх Ибрагим, 1451 жылы алған Ұлығбектің қызы Рабиға сұлтан бегімнен - Көшкінші мен Сүйініш қожа, ал Ақ Бурук пен Сайд Баба аты ұлдар - күңнен туылады [8, 354 б.]. Үлкен ұлы Шах-Бұтақтың әкесінің тірі кезінде қаза тапқаны белгілі, ал Қожа Мұхаммед Әбілғазы жазғандай «ақылы кем кісі болатын» [17, 128 б.]. Оқас бидің қайтыс болуынан кейін шибанилық әулеттің маңғыт билерімен қарым-қатынасы нашарлап кетуіне байланысты маңғыт әйелден туған Мұхаммед пен Ахмед Сұлтандардың әулет өкілдерінің қолдамайтыны белгілі.
Рабиға Сұлтан Бегімнен дүниеге келген Көшкінші мен Сүйініш қожа сұлтандар - 16-17 жаста болатын. Ал қоңырат әйелден туылған үш ұлдың үлкені, Әбілқайыр ханның бесінші ұлы - Шайх Хайдарды Болаттың Ибрагимінен өсіп-өнген жиырмадай сұлтан қолдайды. Ал шибанилық Болаттың Арабшахынан тарайтын Иадгар сол кезде Болат әулетіндегі ең жасы үлкені болғандықтан хандық билікті иеленуге ол да үміт артады. Бұған дейінгі келтірілген «өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасты» деген Дулати мәліметі осы екі үміткер арасында болған қақтығыстарды айтса керек.
Арабшах ұрпағы Иадгар 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісінен кейін өз ұлысында хан болып сайланған еді [18, 436 б.]. Оны билікке үлкен ұлы Буреке сұлтан мен маңғыт биі Мұса отырғызады [18, 436 б.]. Сырдың төменгі ағысының бойындағы өз ұлысында билік құрған Иадгар хан енді Әбілқайыр ханнан кейін түркілік дәстүр бойынша Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибанилық әулеттің ең үлкені ретінде «көшпелі өзбектер» тағына отырмақ болады.
Бірақта Шайх Хайдар хан мен Иадгар хан арасындағы таластар ұзаққа созылмайды. Иадгар ханның қандай жағдайда қайтыс болғанын деректер айтпайды, бірден оның қайтыс болғандығын және оның орнын Шайх Хайдар ханның иеленгенін баян етеді [16, 56 б.]. Дәл осыдан кейін Иадгар ханның ұлы Буреке сұлтан бұған дейін Әбілқайыр хан мен ұлдарына, шибан әулетіне адал қызмет етіп келсе, енді билеуші шибан әулетіне ашық күреске шығады.
Иадгар ханның қайтыс болуынан кейін оның ұлысындағы биліктің Буреке сұлтанға тимей, Шайх Хайдар ханның қолына өтуі үміткердің қарсылығын туғызды. Сөйтіп, Болат әулетінің ішінде де жік пайда болады. Осындай жағдайды пайдаланып, Қазақ хандығы тарапынан Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан әулетінің билігін жою үшін алғашқы күрестер басталады. «Тарих-и Кипчаки» авторы ол туралы былай деп мәлдімет береді. «Бузург-хан [қайтыс] болғаннан кейін мемлекеттің басты адамдары ханзадаларымен ұйғарыса келе Шайх Хайдарды билікке алып келді. Ол жуастау және әлсіз адам болатын, басқару ісінде [өз бетінше қадамдар] жасауға дәрменсіз еді. Сол себепті де Жәнібек ханның ұрпақтарының бірі Бұ[рын]дық хан өз ұлысын біріктіріп, Әбілқайыр ханның ұлдарына бас салды. Оларда қарсылық [көрсететіндей] күш болмады, сол себепті жан-жаққа қашып кетті, олар кейін қайтқаннан соң [бұлар] қайта жиналды» [15, 393 б.].
Бұл мәліметте автор Бұрындықты Жәнібектің ұрпағы және оны хан деп қате жазғанына қарамастан, негізінен дерек Қазақ хандығының шибан әулетіне қарсы күресінің басталғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы он жылдан астам уақыт бойы Моғолстанның Жетісу аймағында болып, енді қайтып оралу үшін қорғаныстан шабуылға шыға бастайды.
Жетісудағы Қазақ хандығы болса осы жылдары бұрынғы Орда Ежен ұлысының аумағына қайта келеді. Жоғарыда айтып өткен Бұрындықтың жорығы осы аумақтағы шибанилық сұлтандардың үстемдігіне қарсы бағытталып, оларды сол аумақтан кетуіне мәжбүрлеген. Бұрынғы өңірлеріне қайта оралған қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақтың батыс, солтүстік-батыс өңіріндегі шибан Ұлысын толықтай жоюға кіріседі. Т.И. Сұлтановтың көрсетуі бойынша Шайх Хайдар ханның билігі өте қысқа болып, ол ұрыстардың бірінде қаза табады [19, 129 б.].
Осылайша, Шайх Хайдар ханның өлтірілуімен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы шибани әулетінің билігі де күйрейді. Көптеген әмірлер мен бектер жан-жаққа тарап кетсе, әулетке адал бір топ адам әулет өкілдерін Астрахань хандығына апарып паналатады. Бірақ ол жақта да ұзақ тұра алмай, қарсыластардың тықсыруымен қашып-пысып жүріп, арқыры Сырдың орта ағысы бойындағы Түркістан аймағына келеді [8, 362-363 бб.]. Сөйтіп, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы жалғыз саяси күш - Қазақ хандығы болып санала бастайды. Белгілі зерттеуші Т.И. Сұлтанов бұл жөнінде былай деп тұжырымын береді: «Өзбек Ұлысының көп бөлігі билік Керей мен Жәнібектің және олардың жақтастарының қолына өтті. Жазба дерек мәліметтерін терең талдау бұл тарихи оқиғаның 875 (1470-1471) жылы болғандығын көрсетеді» [19, 129 б.].
Біз де осы тарихи тұжырыммен келісе отыра, Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы саты аяқталды деп санаймыз. Қазақ хандығы енді осы жылдан бастап Шығыс Дешті Қыпшақтағы жеке, дербес мемлекетке айналады да, бүкіл аймақтағы саяси қарым-қатынастардың субъектісі ретінде көріне бастайды.
Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорыта келе, Қазақ хандығығының құрылуы бір оқиға барысында және бір мезгілде қалыптасқан деген бұрынғы пікірлерден бас тартамыз да, хандықтың құрылуы бір тарихи желідегі оқиғалар тізбегі нәтижесінде қалыптасқан деген тұжырымды ұсынамыз.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал