7


  • Учителю
  • Сырға толы Сығанақ ғылыми жоба

Сырға толы Сығанақ ғылыми жоба

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Сырға толы Сығанақ

Қызылорда облысы

Жаңақорған ауданы

№ 163 орта мектебі тарих пәнімұғалімі

Ибрагимова Құралай

Елімнің, жерімнің тарихын насихаттау арқылы, яғни бүгінгі жас ұрпақ оқулықпен ғана шектеліп қалмай, жаһандану заманында, тәуелсіз еліміздің тұтқасын ұстап, жан-жақты ақпарат алу, Қазақ тарихында көрсетілмеген Сунақтар жайындағы ақтаңдақтарды тарихи шындықпен дәлелдеу.

Сығанақ қаласының тарихы.

Сығанақ қаласының тарихы, бұл ең алдымен қазақ халқының тарихы. Мақтану үшінде, өткен қателіктерді жібермей сақтану үшін де ең алдымен ел өз тарихын білуі керек. Бізді қазақтарды, батыс елдері артта қалған халықтар қатарына санайды. Бұл монографияда біз Батыста да, Шығыста да бірен сарандарынан басқа оқып, жаза білмеген көне замандарда қазақ халқының көшіп қонып жүріп-ақ оқып, жаза білгенін, сауатты болғанын, астрономия, астрология т.б. ғылымдарды іс жүзінде пайдаланғанын көреміз. «Мың бір түн» сияқты әдебиеттерді және тағы да басқа шығармаларды оқып тіліміз байып, ақыл-ойымыз өрістеп тереңдей түскен.

Ескі заманнан қалған Сығанақтағы ескерткіштермен Сунақ Ата кешенінің мұнаралары да маңызды да, қызықты. Яссыға,Сығанаққа, Отырарға жібек жолымен жүретін керуеншілермен қатар Хорезмнен, Мауараннахрдан тауарлар тасылып жеткізіліп тұрған. Сырдария мен Қаратау қалаларының - Түркістанның, Отырардың, Сығанақтың, Созақтың, Құмкенттің, Жөлектің, Жаңакенттің тағдырлары басқаша қалыптасты. ХІІІ ғасырдың бас жағында талан-таражға түскен, содан кейін өртелініп жіберілген бұл қалалар көп кешікпей жаңадан бұрынғы қалпына келтірілді. ХІҮ-ХҮ ғасырларда аталған қалалар Темір және оның мұрагерлерінің терістік- шығыс жақтағы жаулап алушылық жорықтарында тіректі бекініс, қорған ретінде қызмет атқарды, сонан соң қазақ хандықтарының өмірінде маңызды орын алды. Қолөнер кәсіптерінің және сауда орталықтары, сонымен қатар хандардың резиденциялары болды. ХҮІІ ғасырда Россиямен саудада Яссы, Сығанақ, Отырар нақты маңызды иелікте болды. Сырдария мен Қаратау қалалары арқылы өтетін транзиттік сауда ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларға дейін бұл аудандарда қалалық өмірді сақтауға қолайлы маңызды стимул болды. Бұл жағдайларды толығырақ қарау үшін және көшпелі дана дала халықтарының бұрынғы талантты өнеріне Араб миссионерлерімен бірге келген ғылымдар тәжірибеде тез пайдаланылғанын, мәдениетін үзеңгінің үстінде жүріп-ақ ерте заманда көтере білгенін мына шап щағын тарихи деректерден байқауға болады.

Ғылымда да және қоғамдық сана-сезімде де осы кезге дейін «жабайы далаға» ой-өрісі дамыған урбанизациялық орталықтардың әсері арқылы мәдениет табыстары таралған деген түсінік кеңінен орын алған. Шындығында ертедегі Азияның мал шаруашылығындағы көшпелі халықтары тарихында ғажап, таң қаларлықтай өзіне тән стильдік өзгешеліктері бар бейнелеу өнері Скифтерден бастап болғандығы белгілі. Бұл стильді өнерді оңтүстік Кореядан Дунайға дейінгі территориялар үлгі, өнеге етіп еліктеген және бұл стиль буддизм мен християн храмдарының архитектураларына, қазіргі замандағы көптеген халықтардың іс жүзінде қолданылатын шебер өнерлеріне әсер етіп, әліде ықпалын жүргізуде. Оңтүстік Қазақстан ортағасырдан егін шаруашылығының, сауда және жоғары дамыған мәдениет орталығының бірі болды.

Сунақ қаласында он хандық өткен. Осы хандардың уақытысында қала хандықтың астанасы болған. Бұлар жайындағы білмейтініміз білетінімізден әлде қайда көп. Сондықтан ҮІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың 20 - шы жылына дейін өмір сүрген Сунақ қаласы Біздің тарихшыларымыздан әліде көптеген зерттеулерді талап етеді.

Сунна - пайғамбар өнегесі

Ислам діні ҮІІ ғасырдың басында Мұхамед пайғамбардың (569-632) қырық жасқа толу шамасында (609ж.) қазіргі Сауд Аравиясының территориясында пайда бола бастады. Бұл дінге дейін осы арада өмір сүрген халықтардың басым көпшілігі пұтқа, көп құдайға табынатын болған. Сондықтан арабтардың жарты арал түбегінің өзінде де исламның таралуы оңайға түскен жоқ. Олардың тайпа көсемдері мен аристократиялық топтары ислам дініне қарсы күресумен бірге исламда түрлі ағым тудыруға да тырысты.. Дегенмен жаңа дін араб жеріне 633 жылы тарап үлгерген. Оның үстіне ықлым заманнан араб көпестері көптеген мемлекеттермен тар да тайғақ жолдар арқылы сауда байланысын үзбей жүргізіп отырған. Мысалы, Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанчжоу деген үлкен қала біздің эрамызға дейін 214 жылдан Наньхай облысының орталығы ретінде белгілі болған. Осы уақыттан бастап бірнеше жүз жылдан кейін, ТАСС-ның мәліметі бойынша, осында тұрақты орналасып алған араб көпестері шапшаң, пысық, өжетті түрде сауда жұмысын жүргізген. В.В.Бартольдтің айтуы бойынша да арабтар Мұхаммед пайғамбардан алты жүз жыл бұрын маңызды сауда жолымен айналысқан.

Сауданың қоғам мен мемлекет үшін экономикалық маңызының орасан зор екендігі тарихта да, қазіргі замандарда да белгілі. Діннің көбірек, кеңірек тарауына байланысты араб жұрты бір системаға келіп сауда одан әрі дамып күшейе түскен. Жаңадан пайда болған ислам дінінің системалық көмегімен ҮІІ ғасырдың бас жағындағы әлеуметтік экономика, саяси және этникалық процестер Аравиядағы тайпаларды өз алдына Араб халқы ретінде құрастырып мемлекет етуге жеткізген. Бұл жайында тарихтада көрсетілген. Осы кезең жайында кейбір тарихи еңбектерде төмендегі анықтама ретінде айтылған: «Сол уақытта өзінің бірлестігі, ауызбіршілігімен мықты, күшті ислам, мұсылман емес халықтарға қарсы «Дін үшін қасиетті соғыс» деген ұран жариялап, бұл ұран әрбір мұсылманның міндетіне, борышына айналған.

Хиссамиддин Сығанақи

Ислам қозғалысы Арабстанда басталған тұста Пайғамбармен(салла аллаһу әлейһи уа салам) бірге басқа да мұсылмандар кәдімгідей қарапайым араб ұлттық киімдерін киген. Алайда Пайғамбар мұсылмандардың мұсылман еместерден сыртқы бейнесінің де айырмашылығы болуын қалады. Ол ерекшелік сол кезеңде айрықша роль атқарды. Сунна - пайғамбарымыз Мұхамедтің ұстанған жол өнегесі. Оның жолын қуушыларды сунниттер деп атайды. Сонымен қатар шииттер ағымы да бар екендігін де білеміз. Хадистер топтамасын сунна деп атаймыз. Сунниттер мойындайтын аса беделді алты хадистер жинағы бар екендігін әрбір мұсылман біледі.Оларды, яғни хадистерді Әл Бұхари, Мүсілім, Әбу Дәуіт, ат-Термизи, ан-Нассай, ибн Маджа құрастырып шыққан. Осыған байланысты мұны мойындайтын қандайда бір мұсылман баласы болмасын діни мәселелерді шешуге келгенде Сунна кітабына хадистерге жүгінеді. Сунна қасиетті Құран Кәрімнен кейінгі екінші кітап болып саналады. Сол себепті, ислам өріс алып дүние жүзіне тараған кезде төрт халифты мойындайтынжәне төрт мазғаб жолының бірін ұстанатын мұсылмандар өздерін «сунниттер» деп атады. Суннизм негізі Суннадан бастау алады.Сунна жолын дәріптейтін Ислам дініндегі мұсылмандар. Осы сунна жолын ұстанушы Араб тұқымынан тарайтын Һисамиддин Сығанақидың(Сунақ Ата) да дін таратушылығына қатыстылығынан болып отыр. Ол Сығанақ қаласында медресе ұстап, мешіт салдырады. Исламға халықты баулиды. Мұсылмандыққа шақырып, дінге кіргізеді. Өзі туып өскен Сығанақ қаласы ертеректе еліміздің мәдени орталықтарының бірі болды. Оның аты Араб, Парсы,Орыс ғалымдарының жазуымен әлемге белгілі еді. Сығанақ қаласының тарихы кітапқа жазылып, хандық құрылған дәуір сипатталды. 1219 жылы Жошыхан әскері, Сығанақты жаулап, оның қорғанын бұзып, қиратқан. 100 жылдан соң қайта қалпына келіп гүлденген. Онда талай қазақ хандықтары өткен. Сығанақ қаласының қорғаны қасында Һисамиддин Сунақидың (Сунақ Ата) мазары орналасқан. Оның шығу тегін тағы да еске салар болсақ арабтың Құрайыш тайпасының Тайм руынан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің қайын атасы, төрт халифтың алғашқысы Әбу Бәкір Сыддықтың он алтыншы ұрпағы. Ол қазақ жеріне хақ дін исламды насихаттаған. Кезінде Қожа Ахмет Иассауидің имамы болып қызмет атқарған. Сонымен қатар Һисамиддин Сунақидың алдыңғы аталары да қазақ топырағында өмір сүрген. Сунақ Атаның арғы аталарының бірі Мәнсүр Мәліктің де Сығанақ қаласында мазарының болуы, үлкен бабамыздың сол Сығанақ қаласымен өмір сүргендігін дәлелдейді Аты әйгілі Сығанақ қаласында ертеде Сунна(қ) қаласыда жапсарлас болғандығын атақты гоеграф Ремезовтың картасынан анық көреміз. Десекте жергілікті тұрғындар мен басқа да халықтар екі қаланың атауын қатар айтып, алып жүрген. Тіптен ата бабаларымыз өздерінің аттарын ру атымен емес, қала атымен атап отырғанға ұқсайды. Қожа Ахмет Иассауи де өзінің ныспысын Түркістани демей, сол ғасырда дәурені жүріп тұрған Иассы қаласына байланыстыра атауында да үлкен мән бар сияқты. Сунақ Атаның да өз ныспысын лақап атпен «Сығанақи» деп атауы екі ғұламаның бір-біріне ұқсастығын байқатады.

Сырға толы Сығанақ

Кез келген қандай халықтың өткен тарихын білмейінше, оның тәуелсіз мемлекет болуы мүмкін емес. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қолымыз жеткен, өз тарихымызға деген көзқарасымыз өзгеріп, төл тарихымыз қайта жазылып, қасиетті қазақ жерінің тарихы жандана бастады. Сол тарихымыздың бір бөлшегі боп саналатын орта ғасырлық Сығанақ қаласындағы Хисамиддин бабаға салынған кесенесі мен мешіт медресесі өте көрнекті болған деседі. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі бабамыздың кесенесінің үлгісімен салынған, олардың қыштары мен бояулары ұқсас болғанын ел аузындағы аңыздардан білеміз. Кеңес үкіметі кезінде кесене мен мешіт қараусыз қалғанын пайдаланып 1937 жылы Владивостоктан Шиеліге келген кәрістер оларды бұзып «Гигант» колхозының конторы мен клубын салған. Баба кесенесін бұзып жатқан кезде кәрістердің біразы түрлі аурудан өлген. Олардан қалған қыштар тоналып, бабаның кесенесі толығымен бұзылып кеткен. Сондай жағдайға ұшырасада Бабаның орнында қалған мазаратының басынан үнемі шырақшылар үзілмей, бабаға арнап құран бағыштап отырған. Хисамиддиннің ұрпағы Қошан-Ата бабаға шырақшы болған. Тәтібай ұлы Қошан немересі Мәженов Әнуардың айтуы бойынша шамасы 1866 жылы туылып 1933 жылы қайтыс болған.Олар ел-жұрт, ағайын туыстардың арасында аңызға айналған Тәтібайдың 5-ші ұлының 4-ші ұлы Қошанды 1906 жылы ағайындары Сунақ ата бабасының басына қарауыл етіп бекітіп, егелік жасауды тапсырған екен. Бір қызығы ол кісі «Биссмилләдан» басқа сөз білмеген екен. Әулиелер ұйықтағанда түсінде «Сен Меккеге қажылыққа барып қайыт» деп аян беріп тынышын ала берген соң 1908 жылы ақпан айында Қошан ата жолға жарты қап құрт алып Меккеге қарай жаяу шығып кетеді. Кетерде Сунақ Ата әулиенің Ішіне 3 қап құнды кітаптарды тығып кеткен. Ол кітаптарды сауаты болмағандықтан оқи алмаған. Сол кеткеннен ол Меккеден 1909 жылдың қараша айында елге оралады. Сол Маженов Әнуардың анасы Ұлбибі қайынатасының әулие Сунақ Ата кесенесі жақтан келе жатқанын көреді. «Ата келгеніңізде үйге кіріп бізді қуантып, содан соң бармадыңыз ба?», деп сұрағанда Қошан «Шырағым-ай мына әулиенің айналасында жатқан әруақтар ортаға алып, Сунақ Ата бабаның басына ертіп барып маған құран оқытып бағыштатты, сонда намаз оқып келемін» деген екен. «Ата намаз бен құран оқуды қашан үйрендіңіз, бұрын білмейтін едіңіз ғой», деп сұрағанда «Қошан ата Меккеге барып келгенше аруақтар түнде құран сүрелері мен намазды түсімде үйретіп оқытты», деген екен. Қошан атаның ұрпағы Жаңа қорғандағы Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғыны Ахметов Файзулла да мешіт көріп оқымасада, аруақтар түсінде оқытып, білімді молда және білгіш емші қасиетімен танымал болған .Қошан ата Меккеден сауаттанып келгеннен кейін, кетерде тығып кеткен 3 қап кітаптарын енді оқиын десе жоқ болып шығады. Ол кітаптарды кім алганын білмей жылап жүріп іздегенімен таба алмайды. Бір күні түсінде әруақ «Балам көп әбіржіме алған адам өзі келіп алдым деп мойындайды, бірақ саған бермейді, сен онда Меккеден әкелген кітапты пайдаланып оның қолына ұстат, сонда ол жазасын тартатын болады», - деп аян береді. Сонымен ол кітаптарды алған адам әруақтың айытқанындай Қошанға келіп кітаптарды алғанын мойындағанымен кітаптарды қайтып бергісі келмейді. Сол кезде Меккеден әкелген кітабын әлгі кісінің қолына ұстатып тұрып «Саған құдайдан залал келсін» дейді. Ол кісі қайтып бара жатып үйіне жетпей жолда қайтыс болады, оның әйелі күйеуінің бір жағдайға ұшырайтынын сезіп, күйеуі алып келген 3 қап кітапты қайтадан Сунақ Атаға жеткізіп береді. Әйелі үйіне қайтып келе жатып, жол үстінде күйеуінің өлгенінің үстінен шығады, үйіне келсе үйінің өртеніп кеткенін көреді. Қошан атаның Меккеден әкелген қасиетті кітабы Мәженов Әнуардің үйінде сақталған. Келіні Жиенбаева Қарашаштың айтуы бойынша , өмірінің соңында Әнуар белгісіз бір себептермен сол кітапты жоғалтып алады. Қошан ата әулие әрі көріпкел болған, зиярат етуге келген адамдарға берген бәтесі қабыл болса, біреу кеуіліне орынсыз тиіп нала етсе, наласы қате кетпеген. Ол кісі баба басында 27 жыл шырақшы болып 1933 жылы қайтыс болған, мазары Сунақ Ата кесенесінің тау беткейінде 2 метр жерде жерленген.

Жаңақорған ауданының тұрғыны Әшімов Мұсабек 77 жаста.Бала кезінде өз әкесімен Сунақ Атаға келіп көргені мен әкесінен естігені туралы баяндаған әңгімесінің желісімен, құпия құдық жайлы. Балалық шағым, соғыс жылдарының алды болатын. Ауыл үйдің адамдары көбінесе біздің үйге жиналып құрылған әңгімені бар ықыласыммен әкемнің тізесіне шынашақтап жатып тыңдаушы едім. Сол бір әңгімелерінің бірі осы құпия құдық жайлы еді. Мәденит колхозы жанындағы Сунақ Ата әулие жеріне әкем бірде зиярат етуге барғанда, онда зерттеуге келген бір орыс әйелі мен бір студент балаға жолығып, әңгімелесіп, өздерінің Ленинградтан арнайы тапсырмамен келгені туралы айтып, Сығанақ қаласының картасын көрсетеді. Ойларын ортаға салып, хабарласып тұруын өтінеді. Бірнеше күдерден кейін орыс әйелдің әкемді іздегенін естіп, әкем барса, олар бір шыңырау құдықты тауып едік, шелек салсақ жібіміз бос шығады. Әбден әуреге түстік, енді сізден өтініш, бізге ақшасына бір ешкі тауып беріңіз деп, енді құдыққа ешкі салады.Ешкінің де үні өшіп жібі бос шығады. Не салсада жіптері бос шығып, сол күні кешке дейін әуреге түседі. Орыс әйелдің қасына еріп келген студент жігіт енді кезек менікі, мен түсемін деп түседі де оның да үні өшеді. Қолдан келер еш амалы болмай орыс әйел, шашын жұлып жылайды. Дәл сол жылы соғыс басталады. Ашық қалса тегістеліп кетер деп, құдықтың бетін сексеуілмен жауып, аман болсам соғыстан кейін келем деп орыс әйел еліне қайтады.

Тарихымызда сардоба деп орта ғасырларда құдық үстіне салынған күмбезді құрылысты айтады. Әшимов Мұсабектің әкесінің тағы бір әңгімесі бойынша Қошан қажы әкесін бірде сардобаға ертіп түседі де , саған бір аманатым бар дейді. Аласалау төбеге келіп сол төбені топырақтан аршып,бүйірден бір үңгірді көреді. Төмен қарай тепкішек арқылы түсіп, жалғыз аяқ жолмен жүреді. Алдымызда түрегеп тұрған бір адамның тұлғасын көреді. Әлгі тұлғаны түйенің мойын терісімен қаптап, бет әлпетін тірі адамдай сақтаған екен, бірақ сақал мұрты өсіңкіреп кетіпті. Қасында шағын ғана үстел үстінде бәкі, сабын, қайрақ тасы тұр екен. Ал екі жағына жиып қойған сүйек көп екен. Шырақшы жақын барып алдымен сәлемдесіп ,сақал мұртын реттеп , аптасына, айына бір рет келіп, осылай жасап тұруымды өтінді. Еш нәрседен қорықпа, өзім қасыңда боламын деп, сыртқа шығып Сардобаны белгі болсын деп сексеуілмен бекіттік дейді. Бірақ соғыс кезі болатын, жұмыстан еш қолымыз тимей,колхозымыз бөтен жерге көшіп, араға 30 жылды салып оралдым. Жерде, атыз, арықта бәрі өзгерген, сол көзіммен көрген тосын жай құпия болып қала берді.- деп әңгімесін аяқтайды.

Исламның тарихи маңызы.

Қорыта айтқанда ҮІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың 20 - шы жылына дейін өмір сүрген Сунақ қаласы біздің тарихшыларымыздан әлі де көптеген зерттеулерді талап етеді.Сонымен ерте замандағы ислам дінін таратушы араб миссионерлерінің халықтарды бір күшке сендіруінің арқасында Орта Азия мен Қазақстан территорияларындағы көптеген жеке-жеке рулар мен тайпалардың өзара әдетке айналған үнемі болып тұратын жаугершіліктері, бір-бірін тонап, өлтіріп жеңгендері жеңілгендерін қанаушылыққа айналдыруы, алыс-жұлыс пен бақталастықтары уақытқа байланысты біртіндеп азайып, соңырақ хандықтар құрылған. Уақытқа байланысты деп отырғанымыз - халықтардың эволюциялық прогрестік өсу процесін айтып отырмыз. Бұл процесте олардың, яғни арабтардың көптеген сөздері кірігіп, ғылымдары тарап, өрісіміз кеңейіп, ойымыз тереңдеп, мәдениетіміз бен экономикамыз күшейген. Осылардың нәтижесінде медреселер салынып, жастарды тәрбиелеуде, қалалар көбейіп тұрақты өмір сүруге, сауда және жер шаруашылығымен айналысуға , ықпал болған.Бұлардың қазіргі халықтар үшінде әлі де ролі аз емес. Сонымен мен бұл жазған мақаламды қазақтың дара туған дана поэтесса қызы Фариза Оңғарсынованың мынадай өлең шумақтарымен аяқтағым келеді.

Сунақтың жері - жұмақ, дала бағы,

Перзенті періштедей дара бәрі.

Жаны мен тәні таза мұндай ұрпақ,

Тек қана құштарлықтан жаралады!

Сейіліп көңілдегі көп күдігім,

Менің де шаттанатын жетті күнім.

Осында көргендеймін даламыздың

Ертегі сұлулығын, тектілігін.

Тарихи біліммен тәрбие беру жастардың туған халқының әлемінен нәр алуына, оның мәдениеті мен тарихының бастауын байыптауына жәрдемдеседі, халық поэзиясын, музыкасы мен бейнелеу өнерін терең түсінуге жетелейді. Осы мақсатта өлкетану жұмысын жандандыру, тарих, мәдениет пен тарихи ескерткіштерді қорғауды күшейту, дәстүрлі қолөнер кәсібін түлетіп, дамыту қажет. Араб миссионерлерінің таратқан дінімен бірге ала келген сол кездегі арабтардыңғылыми еңбектерінің өз заманындағы халықтардың білімін тереңдеткені, мәдениетін кеңейтумен бірге ауыл шаруашылығы мен денсаулықтарына көмектескені байқалады. Бұлардың қазіргі халықтар үшін де әлі де ролі аз емес. Сондықтан жаһандану бізден әлі көп зерттеулерді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Мәдениет» газетінің басылымы Ж.Е.Ержанов.

Сунақтардың этногенезі және Сунақ қаласының тарихы.Алматы қаласы,1992ж

  1. Танымдық - ғұмырнамалық толғау Шаһизында Қарақожаұлы Сунақ Ата (Һисамиддин) Астана -- 2003 жыл «Нұржол»

  2. Әбсаттар Дербісәлиев «Қазақ даласының жұлдыздары» Рауан 1995 жыл

  3. Скендір Құдияров Сунақ шежіресі: «Атамұра» баспасы 1995 жыл

  4. Нұртай Ерназар «Суннаның маңызы» «Шапағат нұр» №8, 2001 жыл

  5. Маулана Саийд Абуль Ала Маудиди. «К вопросу об одежде»,серия «Культура Ислама» Книга первая, стр 15.

  6. Б.Айсынов. «Сыр бойындағы сырлы қала»Алматы ақшамы 1990 жыл көкек 11 жұлдызы.





 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал