- Учителю
- Сценарии театрализованого представления к 550-летью Казахского ханства (9 класс)
Сценарии театрализованого представления к 550-летью Казахского ханства (9 класс)
«Тарихы терең Қазақ елі»
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай
тарихи-әдеби қойылымның сценарийі
Өтетін орны: №44 ОЖББМ № 116 кабинет
Өтетін күні: 18.09.2015 сағ.
Қатысушы: 9 «В» сынып оқушылары
1-жүргізуші: «Қазақтың алтын ғасыры»- бұл елді-елдікке, ынтымаққа, бірлікке бастайтын және сол жолда жанын сала күрескен ерлерді туғызған заман. Тарихтың терең-терең қатпарларына көз жіберер болсақ, елдің есі мен санасында ұзіқ уақыттан бері сақталып келе жатқан небір орасан оқиғаларға куә боламыз. Сол соқпақтардың бойында еліне еңбек сіңіріп, қаһармандық қызмет атқарған ірі-ірі тұлғалардың өмірі мен тарихта қалдырған іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Өз заманындағы Тәуке хан сондай ардақты есімдердің ішінен ерекше орын алады. Салқам Жәңгір атанған Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан тұсында қазақ хандығы саяси жағынан нығайған және бір орталыққа бағынған үлкен мемлекет болды. Оны Тәуке ханның үш жүзге және қырғыз бен қарақалпаққа билігі жүргенінен де көреміз.
2-жүргізуші: Тәуке хан тұсында Сыр бойында қазақтың 32 қаласы болған. Қысқы ордасын Тәуке хан Түркістан қаласына орналастырды.Жазғы ордасы қазіргі Астана қаласына таяу, 10 шақырым жерде болған. Халық зердесінде қалған аңыздар бойынша да Тәуке хан билік жүргізген заман ең бір өркендеген алтын ғасыр ретінде қалған.
Аталып Тәуке хан боп ел биледі,
Айырмай жарлы, бай деп тең биледі.
Артық қайрат, тапқыр ой болғандықтан,
Ешкім деп айта алған жоқ кем биледі.
1-жүргізуші: Тәуке ханның билік құрған кезеңі: 1680-1715жж. Яғни қазақ даласында 30 жылға жуық хандық билік құрған. Тәуке ханның басты еңбегі-Қазақ хандығының ішкі саяси ахуалын оңалту жолындағы еңбегі. Ол өзіне дейінгі «Қасым ханның қасқа жолы», «Хақназардың хақ жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталған әдет-ғұрып нормаларына сүйене отырып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» аталған жинағын қабылдаған.
Назарларыңызға Тәуке хан туралы қойылымды ұсынамыз
Қатысушылар:
-Елана-тарих үні;
-Тәуке хан- қазақ ханы;
-Төле би- Ұлы жүздің биі;
-Қазыбек би- Орта жүздің биі;
-Әйтеке би-Кіші жүздің биі;
-Көкім би-қырғыз биі;
-Сасық би-қарақалпақ биі;
-Қатаған Жайма би.
Елана ( «Көш керуен» күйі орындалып тұрады):
-Батыр да, хан да, қара да өз заманының перзенті Тәуке хан сол дәуірде қазақ, орыс, қытай, жоңғар және басқа Шығыс халықтарының тарихында ірі қайраткер, көрнекті қолбасшы ретінде де елеулі орын алған. Ол өз елінің өмірінде дипломат-мәмілегер, данышпан, айлакер қолбасшы, әдеттік құқық системасының реформаторы және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылады.
Тәуке ханның реформаторлық қызметінің сапынан ерекше орын алатын мәселе-қазақ қоғамының құқықтық жүйесін қалыптастыруда негіз болған «Жеті жарғының» орны ерекше. Мағжан Жұмабаев «Түркістан» деп аталатын әйгілі өлеңінде былайша суреттейді:
Әділ хан аз болды Назардайын
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен,
Басында Күлтөбенің құрылтайын.
Ал кезінде Тәуке ханның әрі елшісі, әрі кеңесшісінің бірі болған Қожаберген жырау «Жеті жарғының» пайда болуы хақында былай дейді: Жәңгірден соң орнына Тәуке қалды,
Кезінде әз-Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды.
Тәуке хан (ойлы, тақ үстінде отыр):
-Уа, жұртым, алты Алашқа аты шыққан қазақтың игі жақсылары!
Бүгінде Күлтөбенің басына жайдан-жай жиылып отырған жоқпыз. Бабаларымыз Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын» жалғастыра отырып, ел тыныштығын сақтайтын, тентекті түзейтін Жарғы қабылдап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға» жетуіміз керек.
Бабадан мирасқа қалған жерді сақтау, нығайту үшін, ең алдымен, дау-жанжалдың негізі болған көшпелі елдің мал жаятын жайылымын, қоныстарын дұрыс жолға қою қажет. Олай болса бірінші жарғы-Жер дауы болсын. Бұдан былай жайылымдар ру-ру болып пайдалануға беріліп және әр ру белгіленген аймақтың шеңберінде ғана көшіп-қонуға мүмкіндігі бар болсын. Белгіленген жер межесінің шеңбері рудағы түтін саны мен мөлшеріне қарай бөлініп, жерді пайдалану барысында дау туатын болса, ру басшылары, билер әділетті шешім шығаруы қажет.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан: Ал енді Ұлы жүздің бас биі, Төле би сен не айтасың?
Төле би:
-Жыртық үйден жел гулесе, сол жаман.
Өлім-бесік әлдилеген сол жаман.
Ұрлық, қарлық, барымталап мал тауып,
Берекесін елдің алған сол жаман,-олай болса, екінші жарғымыз ұрлық, қарлық, барымтаның жолын қиып, ел тыныштығын қорғайтын заңымыз болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Ал енді Орта жүздің бас биі Қаз дауысты Қазыбек биге сөз берейік.
Қазыбек би:
Біз қазақ деген-мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз,
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз,-келесі жарғымыз ұлт қауіпсізідігін қамтамасыз ету болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды)
Тәуке хан: Келесі сөзді Кіші жүздің бас биі Әйтекеге берейік.
Әйтеке би:Қазақ Ордасын нығайту үшін, ең алдымен, бет-бетімен ру-руға бөлініп, бір-бірімен қырқысып, ел берекесін алған рулар арасындағы дауын шешіп, елдің ұлттық бірлігін сақтауымыз керек. Алты Алаштың баласы бір-біріне жау болса, елдің ертеңі не болмақ? Келесі жарғымыз ру арасындағы дауды шешуге арналған заңымыз болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Келесі сөзді қырғыз Көкім биге берейік.
Қырғыз Көкім би:
«Аға өлсе, жеңге мұра; іні өлсе, келін мұра» дегендей, аға өлсе, іні мұрасы, іні өлсе, аға мұрасы, жетімдеріміз бен жесірлеріміз ел кезбесін десек келесі жарғымыздың бірі-жесір дауы болсын.
( «Әділ сөз», «дұрыс айттыңыз», «көреген шешім», деп Билер қостайды).
Тәуке хан:Қарақалпақ Сасық би, жарғыға қосарың бар ма?
Қарақалпақ Сасық би:
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы емес пе!
Әйелің жаман болса,
Бұл жалғанның тозағы емес пе!