- Учителю
- География пәнінен сабақ. Тақырыбы: Жетісу жотасы. Климаты мен табиғат зоналары 8-сынып
География пәнінен сабақ. Тақырыбы: Жетісу жотасы. Климаты мен табиғат зоналары 8-сынып
Сабақ
Тақырыбы: «Жетісу жотасы. Климаты мен табиғат зоналары»
Сыныбы: 8 сынып
Сабақтың мақсаттары: Жетісу жотасы. Климаты мен табиғат зоналары Жетісу жотасының географиялық орны, геологиялық құрылымы және пайдалы қазбалары, өзендері мен көлдері табиғат зоналары, өсімдіктер мен жануарлар туралы білімдерін кеңейту;
Тәрбиелік:
Таулар туралы түсінік бере отырып, табиғат көркемдігін түсіне білуге үйретіп, эстетикалық тәрбие беру, экологиялық сауаттылыққа баулу;
Дамытушылық:
Қазақстанның физикалық карталармен жұмыс істеп жазықтарға сипаттама беруге үйрету, жаңа технологияны меңгерту және қосымша тапсырмалар беру негізінде, логикалық ой-өрісті қамту;
Сабақтың типі:
Жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың түрі:
Ашық сабақ
Сабақ әдісі:
Түсіндіру, баяндау, сұрақ-жауап
Көрнекілігі:
Оқулық, Қазақстанның физикалық картасы, атлас, сызбалар, интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, география, экология, эстетика т.б.
Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
ІІІ. Жаңа білімді меңгерту.
IV. Оқушылар білімін бекіту.
V. Үй тапсырмасы туралы хабар беру.
VI. Жаңа сабақты қорытындылау
VII. Бағала
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, сабақ қатысымдарын тексеремін.
III.Жаңа сабақ
Жоспары:
1.Географиялық орны.
2.Жер бедері мен геологиялық құрылымы.
3.Пайдалы қазбалары.
4.Климаты.
5.Өзендері мен көлдері.
6.Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі.
Географиялық орны. Жоңғар Алатауы - Қазақстанның шығыс бөлігіндегі тау, Жоңғар тау жүйесінің солтүстік және солтүстік-батыс жалғасы болып табылады. Ол солтүстігінде Алакөл қазаншұңқыры мен оңтүстігінде Іле өзені арнасы аралығында ендік бағытта созылып жатыр. Ұзындығы 450 км, ені 100-200 км. Жоңғар Алатауын батыста Көксу өзені, шығыста Буратал өзені кесіп өтеді. Бұл екі бөлік Солтүстік және Оңтүстік Жоңғар Алатауы деп аталатын екі үлкен тау жотасын құрайды.
Жер бедерінің сипаты. Қазақстан шекарасы маңында Қытай аумағында жатқан Үрқашар Барлықтау тауына (3300 м, Жайыр және Майлы деп аталатын аласа тауларға ауысады. Бұл тау жоталары аралығында кең аңғарлы ойыс орналасқан. Тау аңғарларында кішігірім тас үйінділері (қорымдар) көп. Ойыс Ебінұр көлін Алакөл қазаншұңқырымен жалғастырып жатыр, бұл табиғи асуды Жоңғар қақпасы деп атайды. Жоңғар Алатауының Қазақстандық бөлігі Жоңғар қақпасынан батысқа қарай басталады. Бұл бөлігінде Жоңғар Алатауы ассиметриялық құрылымы бар алып тау жотасына айналады.
Жоңғар Алатауы қатар жатқан екі басты жотадан (Солтүстік және Оңтүстік) тұрады, оларды Көксу өзені бөліп жатыр. Солтүстік жотаның ең биік нүктесі - Бесбақан (4622 м). Солтүстік тау жотасы солтүстік-шығысқа қарай баспалдақ тәрізді аласара отырып, біртіндеп кең жазыққа ұласады. Оның жоғарғы сатысында Тастау, Ақанжайлау, Қотыртас, Мыңшұқыр (2800-3000 м) орналасқан. Олардың аралығында кішігірім тау аралық қазаншұңқырлар жатыр. Екінші саты - Күңгей, Ешкіөлмес, Суықтау, Қарашоқы, Желдіқарағай (2000 м) тау жоталары. Үшінші саты - Шыбынды, Қарасарық, Қырықкөл тау алды аңғарлары (1500-1600 м), олардан солтүстік-шығысқа қарай Текелі және Сайқан таулары (1100 м) орналасқан.
Оңтүстік жотаның ең биік нүктесі - Мұзтау (4370м). Оңтүстік тау жотасының жер бедері де сатылы, бірақ солтүстік жотамен салыстырғанда күшті тілімделген. Оның батысында және оңтүстік-батысында Итшоқы, Қотырқайың, Алтынемел, Суаттау тау алды жоталары орналасқан. Олар Іле өзені аңғарына жақындап келеді.
Солтүстік беткейдің жер бедері тегіс, көлбеу болады, тау төбелері тегіс. Тау қыраттарын бөліп жатқан аңғарларының беткейлері тік жарқабақты, тілімделген. Оңтүстік беткейлері жарлы болып келеді. Тау шыңдары солтүстікпен салыстырғанда тегіс емес, көтеріңкі болады.
Геологиялық жыныстары. Олардың тау жоталары кембрийге дейінгі граниттер мен кристалдық гранитті тақтатастардан құралған. Жоңғар Алатауының солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде силур мен девонның құмтастары, сазды тақтатастарынан тұратын негізгі жыныстардан басқа төменгі және орта палеозойдың шөгінді жыныстары да кездеседі.
Тау жүйесінің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөліктерінде жоғарғы палеозойдың көптеген жыныстары таралған. Олар тас көмір және пермь дәуірлерінің құмтасы, тақтатасы, әктасы мен конгломераттарынан тұрады. Тау аралық қазаншұңқырлар мен аңғарларда, тау етектерінде палеоген мен неогеннің шөгінді жыныстары кездеседі.
Жоңғар Алатауы каледон жөне герцин тау жасалулары кезінде қатпарлы тауларға айналды, ал мезозой мен төменгі кайнозойда сыртқы күштер әсерінен бұзылып, біртіндеп тегістелді. Қарқынды жүрген альпі қатпарлығы нәтижесінде кейіннен қатпарлы-жақпарлы биік тауға айналды. Жер бедерінің қалыптасуына ежелгі және қазіргі мұз басулар да ықпал етті. Мұз басу іздері әртүрлі жерлерде байқалады.
Пайдалы қазбалары. Полиметалл кен орындары бар. Кен құрамында кадмий, индий, висмут, селен, сынап сияқты сирек металдар кездеседі. Аумақта алтынның кварц желілі шағын кен орындары бар. Тау аралық ойыстарда көмір қоры табылған.
Климаты. Жоңғар Алатауы Дүниежүзілік мұхиттан шалғай орналасқан. Оның климатына Арктиканың суық ауасы, Тұран ойпатының ыстық ауасы және сібір антициклоны әсер етеді. Тау етегіндегі шөлейттер мен шөлдерге континентті климат тән. Биік таулардың беткейлерінде климат қоңыржай сипат алады: қыс суық, жаз қоңырсалқын. Қаңтардың орташа температурасы -10°-11°С аралығында, шілдеде +18°+20°С. Тау беткейлерінде жауын-шашын мол түседі. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 600-800 мм, оңтүстік-шығыста 400 мм. Қыста қар қалың жауады, ал тау шындары мұздықтармен көмкерілген.
Жоңғар қақпасы арқылы күшті Ебі желі соғады. Ол Жоңғар Алатауындағы Барлықтау мен Майлытау жоталарынан келетін циклон мен Жоңғар қақпасының оңтүстік-шығысы арқылы өтетін антициклонның соқтығысуынан пайда болады. Ебі жылы жел, оның жылдамдығы 60-80 м/с.
Көбінесе 1-2, кейде тіпті 3-7 тәулік бойы соғады. Осы қақпа арқылы Сайқан тауларынан соғатын суық сайқан желі де өтеді.
Өзендері мен көлдері. Жоңғар Алатауында мол су қоры бар. Мұндағы өзендер жергілікті көлдерге құяды. Солтүстігінде Ырғайты өзені Жалаңашкөлге, Жаманты өзені Алакөлге, тентек Сасықкөлге құяды. Тау өзендерінің көпшілігі (Лепсі, Қаратал, Сарқан, Бүйен, Ақсу) Балқаш көліне құяды.
Оңтүстік жотада су қоры едәуір. Қытай шекарасы бойымен ағатын Қорғас өзені Іле өзеніне құяды. Ілеге солтүстігінде Өсек өзені құяды. Бурақожыр өзені де Ілеге бағытталады, бірақ өте ыстық болғандықтан кеуіп қалып, суы жетпейді.
Жоңғар Алатауының Солтүстік және Оңтүстік жоталары аралығында Қаратал өзені ағып жатыр. Ол Көксу, Биже (оның Мақаншы, Қарабұлақ, Сарыбұлақ, Құсақ салаларымен бірге) өзендерімен бірге Балқашқа құяды.
Тау шындарында мұздықтар бар, олардан Жоңғар Алатауының ірілі-ұсақты өзендері бастау алады. Олардың көпшілігі солтүстік жоталардан басталады. Мұнда жалпы ауданы 1000 км2 болатын 1369 мұздық бар. Ең ірі мұздықтар Лепсі өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Жоңғар Алатауының мұздықтары жеті топқа белінеді: Ырғайты, Тентек, Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен.
Табиғат зоналары. Өсімдік және жануарлар дүниесі. Жоңғар Алатауы Сібір мен Орта Азия таулары аралығындағы өзіндік көпір тәрізді. Солтүстігінде сібірлік шалғынды-далалы зона, оңтүстігінде далаға тән ландшафттар тараған. Таудың биіктік белдеулері тау алды мен тау іші жазықтарында 500-600 м-ден 1200- 1400 м-ге дейінгі аралықты қамтитын шөлейт зонасынан басталады. Мұнда суармалы егістік алқаптар мен жайылымдар орналасқан. Көкөніс, жеміс ағаштары, мал азықтық шөптер мен астық дақылдары өсіріледі.
Биігіректе дала зонасы (1200-1400 м-ден 1800-2000 м-ге дейін) орналасқан. Мұнда шыршалы ормандар мен самырсын өседі. Марал, аю, еліктер мекендейді. Шалғындар мал жаюға жарамды.
Таудың биік белдеуі солтүстікте 2200- 2400 м-ден, ал оңтүстікте 2400-2500 м-ден биікте жатыр. Мұнда субальпі шалғындары, қар мен мұздықтар кездеседі. Биік таудың кейбір бөліктерін малшылар жайылым ретінде пайдаланады.
Жануарлар дүниесінде алтайлық және тянь-шаньдық түрлер көп.
Бекіту: Атласты және оқулық мәтінін пайдаланып төмендегі кестені толтыру