- Учителю
- Жаяу көкпар ойыны
Жаяу көкпар ойыны
-
БӨЛІМДЕР
-
-
СЕРІКТЕСТЕР
-
МҰРАҒАТ
-
Көкпар қазақтікі екенін аты айтып тұр
2-Ақпан, 2012 | 975 рет оқылған
Бүгінде көкпардың өзі көкпарға түсіп кеткен жайы бар. Әркім таласып жүр. Ол қырғыздарда да, өзбектерде де, ауғандарда да, аргентиналықтарда да, ақыр аяғы «жаяу көкпар» америкалықтарда да бар. Ал бірақ көкпардың атауының өзі оның қазақтікі екенін айтып тұрған жоқ па? Көкпар, этнографтардың айтуынша, «көк бөрі» сөзінен шыққан…
Көкпар қандай ойын?
Көкпар -жігіттердің күш-қайраты мен ептілігін сыналатын ұлттық ат ойыны. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қаймана халық қасқырды соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, лақтырып ойнаған. Кейін ол ұлттық ат спорты ойынына айналып, көк бөрі - көкпар аталып кеткен. Әлбетте бастапқы табиғи қалпынан өзгерістер енген. Өйткені қасқырды алып қашып ойнау - спорт емес болатын. Ол - тұрмыс. Ал спорттық көкпар басқаша. Этнографтардың жазуынша, «көкпар аттылардың үлкен саны қатысатын «жаппай тартыс» және ойыншылары топқа бөлініп тартысатын «дода тартыс» болып екіге бөлінеді. Көкпар ойналатын алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес бекітіліп, онда басы кесілген серке тартылады. Көкпар десе делебесі қозып тұратын қазақ үшін бұл ойынның маңызы зор. Көшпелі елдің керемет мәдениетін үлгі еткен көкпар ойынының бәсекелік сипаты жастардың күші мен ептілігін арттырып, көшпелі шаруа мен батыр сарбаз үшін қажетті батылдық пен ерлік қасиеттерін дамытады». Мұнда ер жігіттер ғана емес, сәйгүлік аттар да сынға түседі.
Киелі және жасанды серке
Көкпардың серкесі қасиетті саналады. Ойын аяқталғаннан кейін оны Құдайдан бала тілеп жүрген әйелдерге берген. Мұндағы сенім - көкпарға түскен серке, жігіттердің мықты тақымына түскен серке - нәресте әкеледі. Қазақ халқы, міне, көкпарға тек ойын ретінде емес, үлкен сенімнің құралы ретінде де қараған. Сол үшін де көкпарды бала күлкісін аңсаған шаңырақтың отағасылары беріп отырған. «Ұлттық ойындар» еңбегінде жазылғандай, «серкені союдың да өз тәртібі бар. Жарыс басталар алдында көкпаршылар серкені ортаға алып шығады. Ақсақалдар бата беріп, ойынның сәтті өтуіне тілектестігін білдіреді. Бұдан соң көкпарға қатысатын аттардың аяғы тұсалмасын, шабысы кең, екпіні қатты болсын деген ниетпен құрбандықтың аяғын матамай, төрт сирағын төрт жігіт ұстап тұрып, серкенің басын кеседі. Бұлшық еттері сіресіп қалмауы үшін алаңқайда ұзақ жатқызады». Бірақ бүгінде көкпар тағы да түрлену үстінде. Өйткені бұл ойынды қазақ қарап жүргенде, қырғыздар патенттеп алған. Айырқалпақтылар командалық топпен серкені қазандыққа салу тәжірибесін енгізіп, қазір көкпар осылайша ойналып келеді. Оған батыс әлемінің қосқан үлесі де бар. Ол ереже бойынша, серкені - ту-талапайға салу - қатыгездік болып табылады. Соған орай, таза серке емес, жасанды серкені көкпарға салу - қолданысқа енді. Ағайынды Жақып пен Нұрлан Спабековтің мұндай серкені жасап, патент алуға ұсынғанын «Халық сөзі» басылымы жазған еді. Ағайынды жігіттердің сөзінше, бұл - көкпарды олимпиядалық ойындар қатарына қосудың бірден-бір жолы. «Жасанды серкені ойлап тапқандағы бар мақсатымыз, өзіміздің ұлттық спортымызды әлемге танытсақ деген ниет. Бір жағы мұндай үлгіде «оқу-жаттығу» жұмыстарын жүргізудің өте тиімді. Себебі ересектер арасында тартылатын көкпарда серкенің салмағы 33 келіден, ал жасөспірімдер үшін 27-28 келіден аспауы тиіс (бұл қай ата-бабасынан қалған ереже екенін біз біле алмадық). Алайда тірі серкені сойып тарту кезінде бұл мөлшерлер сақтала бермейді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл үрдіс іске асқан жағдайда әр жаттығуға арнап серке «сою» тыйылады. Әрине, біздікі әзірше тек бастама ғана. Біз жасанды серкені сойылған серкеге 95 пайыздай етіп ұқсатуға тырысып бағамыз. Қазірдің өзінде көкпаршылардың ұсыныстары бойынша «серкеміздің» белін «ойнамалы» қылу жағын қарастырдық» дейді өнертапқыштар.
Алайда жасанды серке қай әйелге ұл таптырсын? Бұрындары серке көкпарға түсерде, жасы үлкен қариялар бата беруші еді, жасанды серкеге бата беру ақылға сыяр емес. Көкпар - ойын ғана емес, ол - дәстүр. Демек, көкпарға өзгеріс енгіземіз деп, дәстүрге қиянат жасауға болмайды.
Жаяу көкпар
Қазақта нағыз көкпардан бөлек есек көкпар және жаяу көкпар ойындары да бар. Есек көкпар - балалардың ойыны. Әлі үлесіне тай тимеген балалар ағаларына еліктеп, бұйырған есекке мініп, қолдарына түскен теріні не кез келген затты тартысып ойнаған. Бұл - шын мәніндегі көкпарға жатпайды. Сонымен бірге жаяу көкпар ойыны бар. «Ұлттық ойындар» еңбегінде баяндалғандай, «Бұл ойын жазды күні, кең жазықта ойналады. Ойын өтетін жердің ұзындығы 50-60 метр, көлденеңі 25-30 метрден кем болмайды. Сол жазық алаңның бір шетіне шағын дөңгелек шеңбер сызылады да, ішіне құм түйілген ақ шүберек қойылады. Алаңның екінші шетінен де сондай сызық сызылып, оны көмбе деп белгілейді. Ортадан сызық сызылады. Ойынға қатынасушылар екі топқа бөлінеді де сол ортадағы сызықта сан құрып тұрады. Ойынды жүргізу үшін екі топқа ортақ бір басқарушы тағайындалады. Орамал жатқан және көмбе етіп белгіленген жерде екі ойыншы бақылаушы болып тұрады. Басқарушының берген белгісі бойынша ойын басталады. Әр топтың ойыншысы құм түйілген шүберекке бұрын жетіп, оны көмбеге жеткізуге тырысады. Топтың қалған ойыншылары оған көмекке келеді. Ал қарсы топ, одан шүберекті алып, өздері апаруға тырысады. Қызу тартыс басталады. Ойынға қатысушылар айла-амал қолданып, алаңның ішінде бұлтарып қаша жүріп, өз тобының көмбеге бұрын әкелуін қарастырады. Бірақ белгіленген межелі жерден шығуға болмайды. Көмбеге белгіленген мерзімде жеткізген ойыншы ұпайды көбірек алады. Ойынға допты да пайдалануға болады. Ойын жастардың дене күшін, жүгіру қабілетін жетілдіріп, денелерін шыңдап, денсаулықтарын жақсарта түседі». Жаяу көкпарды Америка футболы немесе регбиге ұқсататындар көп. Аса үлкен айырмашылығы жоқ. Әлбетте, Америка бұл ойында көшпелі халықтан көріп алды ма, әлде өздерінің төл ойыны ма, бұл арасы - жұмбақ. Қалай десек те, жаяу көкпар ойнап жүрген мұхиттың арғы жағындағы мемлекет тұрғындары қазақтың нағыз көкпарына қызығушылықпен қарап жүргеніне көп болды. Бішкекте орналасқан халықаралық «Көкбөрі» көкпар федерациясының атына жолданған ресми хатта америкалықтардың өз елінде көкпарды дамытуға құлшынып отырғандары баяндалған. Білетіндердің айтуынша, америкалықтардың көкпарға қызығушылығы «Рэмбо-ІІІ» фильмінде Сильвестер Сталлоне ауған көшпенділерімен көкпар ойнауынан кейін оянған.
Қазақ көкпары қалай дамуда?
Көкпарға енген түрлі өзгерістер оның дамуына да кедергі келтіріп, сипатын да басқа арнаға бұрып жібергені шындық. Мәселен, қазақ көкпары кең алаңқайда ойналған. Аттардың шабуына еркіндік берілетін. Бүгінде көкпар тар алаңдағы тартыс талабына бағындырылған. 1996 жылы Ат спорты қауымдастығы көкпардың алаңқайының ұзындығын - 320 метр, енiн - 150 метр етiп бекiткен болса, кейін алаңқайдың ұзындығы - 200 метрге, енi - 70 метрге қысқарды. Бұл біз жоғарыда әңгімелеген қазандықтың пайда болуымен байланысты. Соған орай, аттар еркін шаба алмайды, адымдары қысқарып қалған. Алысқа шабатын алаңқай болмағасын, көбіне көкпаршылар серкені алып қаша алмайды, тек бір-бірімен жекпе-жекке түсуге ғана мәжбүр. Бұл - әлбетте, нағыз көкпардың дамуына үлкен кедергі. Қазақстанда «Көкбөрі» қауымдастығы 2000 жылы құрылған. Дәлірек айтқанда, Ұлттық ат спорты федерациясы 2000 жылы «КөкБөрі» федерациясы болып бөлініп, оған көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу сайысы кірді. 2001 жылы Спорт министрлігімен бірігіп ересектер арасында чемпионат Өскемен қаласында өтті. Биыл ересектер арасында 10 чемпионат көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу өнері Астанада өткен болатын. Көкпар ересектер арасында 10 жыл, жасөспірімдер арасында 6 жыл қатарынан өткізіліп отыр. Команда үздік болса, әр шабандозға атақ беріледі. Жастар арасында 2004 жылы Қостанай қаласында алғашқы чемпионат өткізілді. 4 мемлекет бірігіп «Көк-Бөрі» федерациясын ашты. Оған Ауғанстан, Ресей, Қытай мемлекеттері кірді. 2001 жылдан бастап Қырғызстан Республикасы президентінің кубогын өткізіп жүр. Дегенмен көкпардың дамуында мемлекеттік деңгейдегі үлкен серпіліс әлі де болса жоқ…