7


  • Учителю
  • ӘДебиет-сөз өнері, тарих айнасы

ӘДебиет-сөз өнері, тарих айнасы

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание: Әдебиет-сөз өнері, тарих айнасы(9 сынып оқушыларына арналған пікір-сайыс кешінің жобасы) Жұмыстың мақсаты- жас ұрпаққа ұлттық ауыз әдебиеті түрлерінің тіліміздегі сөздің көркі екендігін ұғындыру, сөз мәнісін терең ұғынуға, логикалық ойлауға, сөйлеу мәдениетін жетілдіру
предварительный просмотр материала

Әдебиет-сөз өнері, тарих айнасы

(9 сынып оқушыларына арналған пікір-сайыс кешінің жобасы)

Жұмыстың мақсаты- жас ұрпаққа ұлттық ауыз әдебиеті түрлерінің тіліміздегі сөздің көркі екендігін ұғындыру, сөз мәнісін терең ұғынуға, логикалық ойлауға, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, ана тілімізді ардақтап бағалай білуге үйрету, сол арқылы адамгершілік, ұлттық тәрбие беруге, елжандылыққа тәрбиелеу.

Кеште қамтылатын тақырыптар:

1. Мақал-мәтелдер;

2. Шешендік сөздер;

3. Айтыс өнері.

Жүргізуші: Әрбір жеке халықтың өмірлік тәжірибесі айқындалған биік адамгершілік, азаматтық, кісілік қасиеттерінің сырын ашып, бағасын беретін рухани асыл мұрасы- әдебиеті. Біз үшін ол- қасиетті қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиеті- әлемдегі аса бай, көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең әдебиеттерінің бірі. Ол -сонау Күлтегін жазбаларынан бастау алып, орта ғасыр ойшылдары Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмед Иүгінеки, Қожа Ахмет Иассауи еңбектерімен сабақтасып жатыр. Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар, Ақтамберді, Махамбеттердің ерлік пен елдікті ту еткен асқақ жырлары, бабаларымыздың ұрпағына қалдырған ұлағатты сөдері, Шоқан, Ыбырай, Абай мұралары, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов одан бергі М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, О.Бөкеев, М.Мақатаев шығармалары- тебіреніс пен тереңдік астасқан, ой мен сезімге толы, құндылығы арнасынан асып төгілердей жоғары, рухани мол қазына.

Елінің қамы үшін тебірене толғанған Сыпыра, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Марқасқа, Махамбеттің арқалы шабытын, жерінен ел кеткен зар заманда қабырғаларыв қарс айрыла жырлаған Бұхар, Шортанбай, Дулат Мұрат, Қашаған, Сүйінбай зарын, халқын күйзелткен көп сауалдың мәселесін шешуге бел байлаған А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов тағылымын, одан бергі М.Жұмабаев, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов қалдырған мол әдеби мұрамызды жеткізген асыл қазынамыз- ана тіліміздің парасат-парқы өрлеп, ұлттық рухани әлеміміздің төрінен орын алуы тиіс.

Әдебиетті жасайтын- ой мен тіл. Ата-бабамыз қалдырған асыл ойы мен тілін жаңа, кейінгі ұрпаққа жоғалтпай жеткізетін - әдебиет. Бүгінгі әдебиетіміздегі- ауыз әдебиетінің үлгілері мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыс өнері баға жетпес ұлттық құнды қазыналарымыз. Өздеріңізбен бірге өткізгелі отырған бүгінгі «Әдебиет- сөз өнері, тарих айнасы» атты кешімізде осы тақырып төңірегінде өз ой-пікірлеріңізді білдіріп, сұрақтар беріп, кеш жұмысына белсенді қатысуға шақырамын.

Мақал-мәтелдер- ғасырлар шежіресі. Онда халық тарихы, ақыл-өнегесі тоғысқан. Халық даналығының ерекшелігі- үлкен ойды асқан шеберлікпен аядай қалыпқа сыйғызған ой дәлдігімен, тереңдігімен кейінгі ұрпаққа қалдыра білуінде.

Мақал-мәтелдер- халық даналағының көрегендігінің айнасы, өмір шындығының көрініс, тіл байлығының алтын қазынасы. Мақал-мәтел халықтың өмірден алған тәжірибесінің, ой-тұжырымының қорытынды жиынтығы, ол айқын ойды үлгі-өнеге, ақыл ретінде қысқа қайырып, көркем бейнелеп жеткізетін халықтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, дана да нақыл сөзі, өмір сүру әрекетінің ережесі.

1.Мақал деген не?

1-ші оқушы: Мақалдар көбіне екі бөлімнен тұрады да ойды тиянақты береді («Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер»), сонымен қатар бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар мен нәрселерді салыстыру («Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді») арқылы ойды айқындай түседі, сөйлем аяқталады.

2. Мәтел деген не?

2-ші оқушы: Мәтел мақалға қарағанда ойды ақырына дейін жеткізбей, топщылап, болжам ретінде түсіндіреді: «Әлін білмеген әлек», «Көппен көрген ұлы той» т.б. тұспалды мағына, ойды дәлелдеу жоқ.

3.Мақал мен мәтелдің негізгі айырмашылықтары неде?

3-ші оқушы: Мақалда: Ой ашық, нақты, тура айтылады.

Мәтелде: Ой түспалдап, астарлап, меңзеп жеткізіледі.

Бас кеспек болса да,

Тіл кеспек жоқ.

Ұлт қасиеті- тіліңде,

Құс қасиеті- қанатында.

4. Екеуіне ортақ сипат қандай?

Жауап: Екеуі де ауыз әдебиетінің үлгісі.

Жүргізуші: Шешендік өнер- қазақ халқына ежелден тән құбылыс. Ежелгі түркі шешендігі, көне және орта ғасырлық түркі шешендігінің қазақ шешендік сөздерінің қалыптасуындағы рөлі зор. «Өнер алды-қызыл тіл»деп, шешендік өнерге ерекше зейін қойған халқымыз, көркем сөйлейтін жанды «қызыл тілді» немесе сөзі өткір, сенімді жанды «аузы дуалы, ділмар» деп сипаттап отырған.

Шешендік өнері ежелгі Мысыр, Вавилон, Ассирия, Үнді елдерінде де белгілі болғанымен, алғаш Ежелгі Грекияда б.э. бұрынғы пайда болған.

Ежелгі Грекия мен Рим тарихындағы шешендер мемлекет істеріне араласса, қазақ елінде ел басқару ісінде, мәмілегерлік (бітімгерлік) қызметте шешендер арасынан халық өздері сайлаған билердің орны ерекше болғаны мәлім.

Халқымыздың шешендік сөздерінде ой-арманы мен ар-намысын қастерлеген аталық ақыл-өсиет, елдің өмір тіршілігі, бүкіл әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі қамтылған. Шешендік сөздерде оқиға желісі болмайды, онда тұжырымды ой айтылып, аз сөзбен нәрлі жауап қайтарылып, адам баласын білімділікке, ерлікке, сөз қадірін білуге, адалдыққа баулып, жағымсыз жат қылықтардан сақтандырып, аулақ болуға шақырады.

4-ші оқушы: Шешендік өнер туындысы үшін ойдың тереңдігі мен дәлелділігі қандай маңызды болса, сөздің сұлулығы мен бейнелілігі сондай мәнді. ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген шешендік өнердің хас шебері- Бөлтірік шешен шеберлігінің айғағы ойының даралығы мен сөзінің көркемділігінде. Заманының маңдай алды шешені Бөлтірік Әлменұлы (1771-1853) Жамбыл облысы, Шу ауданына қарасты Шоқпар деген жерде дүниеге келген екен. Адамды тануға, жақсы мен жаманды айыруға, дос, жолдас таңдауға үйрету, баулу, кісілік қасиеттің болуы- шешен өлеңдерінде үлкен орын алған мақсаттарының бірі:

Жақсымен жолдас болған...

Жадыраған жаздай болады,

Айдын көлдегі қаздай болады,

Тұрағы алтын шырақтай болады,

Тұяғы асыл пырақтай болады...

деген жолдарда, жақсымен жолдас болудың артықшылығы күрделі деңгейде теңеу түрінде көрсетіліп және шешеннің ойы мен сөзінің қуаты тең түсіп, бірін-бірі күшейтіп, шешен тілінің байлығы мен асқан өнерпаздығын көреміз.

5-ші оқушы: Шешен сөзінің даналығы оның мына ой шеберлігінен де көре аламыз:

Жерді су көтереді,

Елді ел көтереді,

Жердің құты күйінде болады,

Ердің құты үйінде болады,

Елдің құты биінде болады,-

деп ауыстыру тәсілімен айтар ойының ажарын ашып берсе,

Арғымақ атта жал болмас,

Жабы келіп жалыменен теңесер,

Ақиық ерде мал болмас,

Жаман келіп малыменен теңесер-

деп қарама-қарсы ұғымдарды жарыстыра баяндау арқылы нұрлы ой мен сөздің сұлу суретін жасайды.

Халқымыздың салт-дәстүрінде жеті санының орны бөлек, «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер», сондай-ақ аптада жеті күн, жеті қат көк, жеті қат жер, жеті ата, жеті қазына, жеті жұт, әлемнің жеті кереметі, жеті жоқ, жеті жетім, жетелі жұрттың жеті белгіі т.б.

«Жеті жарғына білмегенді жөнсіз дейді,

Жеті құбыланы білмегенді көкірек-көзсіз дейді,

Жеті жақсы білмегенді жаман дейді,

Жеті жамаңды білмегенді надан дейді,

Жеті жетімді білмегенді арзан дейді,

Жеті жетіні білгенді адам дейді»-

деген екен Бөлтірік шешен.

Халқымыздың шешендік өнері оқушының бойына ұлттық рухты сіңіре отырып, ана тіліне, еліне, жеріне деген құрметін дамытып, адалдық, әділдік, шыншылдық, қайырымдылық секілді асыл қасиеттерге баулиды.

6-шы оқушы: Өз заманымыздағы шешендік өнерді иреген жандары туралы айтсам деймін. Өзі де тамаша шешендер қатарында саналатын әдебиет сыншысы З.Қабдолов: «Мұхаңдай (М.Әуезов) шешен адамды өз басым ғұмырымда көріп-білген емеспін. Мінбеде не кафедрада күркіреген өзенше тасып, яки толассыз сіркіреген ақ жаңбырша төгіліп тұрушы еді. Сіз уақыттың қалай өткенін білмей, шешеннің ой-ағымымен жер-дүниені шарлап кете барасыз» (Таңд.шығармалары. А., 1983, ІІ том, 272 б.)-деп тамсанған.

7-ші оқушы: Жазушы Ғ.Мүсіреповтың: «Әрине адам өмірінде көп қиыншылықтар ұшырасады. Онсыз өмірдің өзі де өлімтікпен тең, сұр көлеңке болар еді. Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жақын, жеңіс пен жеңіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе?... Әңгіме таудай қиындықты тымақтай сілкетін заман жасауда ғой...» (Ғ.Мүсірепов шығармалары, І-том,151 б.)-деген сөзінен өмір заңдылығын айғақтайтын, адам жігерін жанып, қиыншылықпен күресуге, өмірді сүюге шақырған балама теңеулерді дәл тауып жеткізген кемел шешенді танимыз.

Жүргізуші: Еліміз тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болғаннан бастап, еліміздің Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылдануына байланысты да шешендік өнердің қажеттігі артып келеді. Ел тәуелсіздігі өзімен бірге ой тәуелсіздігін, санадағы, танымдағы тәуелсіздікті, тіл тәуелсіздігін қоса алып келді. Әрине, бұл жетістіктеріміз қазақ тілінде шешен сөйлеу талабын күшейте түсері сөзсіз.

Сөз өнерінде ата-бабаларымыздың келесі бір бізге қалдырған асыл мұраларының бірі- «қиыннан қиыстырып», «сөзден түйін түйген» суырып салма ақындық қасиеті, жаныңды жадыратып, кеудеңді күмбірлетет айтыс өнері. Бұл жөнінде кімде қандай пікір бар?

8-ші оқушы: Айтыс-халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Бұл қазақтың ескі заманнан келе жатқан ауыз әдебиетінің бір кең саласы. Айтыс- «айт» етістігінен туған зат есім. Айтыс екі кісінің сөйлесуі. Ол кейде «талас» мағынасында ұғылып, «екі кісі айтысып қалыпты» деп те айтылады, ең маңыздысы өлеңмен айтысу.

Жазба әдебиетінің тарихы әріден келе жатқан Грек, Рим елдерінде айтыс поэзиясы ұшыраспайды. Тек Араб елдерінде айтысқа ұқсас өлеңмен сөйлесу бар.

Өткен ғасырларда жазба әдебиеті тумаған кезде ақынға «ақын» деп атақ әперетін ең басты сынақ ақындық талантын көзге көрсетіп, ұтқыр да көркем сөзімен көптің көңілінен шығып, сынынан өтетін-айтыс өнері болған.

Халық фолклорына айналып кеткен «Бәдік», «Жар-жар», «Ақбала-Боздақ» т.б. айтыстар бізге өте аз жеткен. Айтыс жанрынан ең мол сақталғаны- ХІХ ғасырдағы айтыстар. Орынбай, Шортанбай, Серәлі, Шөже, Құлтума, Жанақ, Мұрат, Сүйінбай, Біржан, Ақан сері, әйелдер арасында Ұлбике, Қадиша, Ақсұлу, Сара, Тәбия т.б. көптеген айтыстары тіл тазалығы, тіл құрылысының образдылығы жағынан жазба әдебиетінің ең көркем саласы бола алады.

9-шы оқушы: Өз заманының барлық тіршілігіне араласып, халық тұрмысының шындығын суреттеуі, халықтың қуанышына да, ренішіне де шын көңілмен өткір тіл шешендігімен ортақтасуы айтыс ақындарының мәртебесін көтеріп халық құрметіне ие болуына негіз болып келген. Мысал ретінде Ұлбике мен Таспақожаның айтысынан үзінді келтіруге болады:

Ұлбике:

Орны бөлек әр сөздің, жөні басқа,

Елі бірге әрқыздың жөні басқа.

Көрмегелі көп айдың жүзі болды,

Серт беріп пе ең аулыма жоламасқа?!

Таспақожа:

Барған жерің балауса майдай болсын,

Көк аспаны күні мен айдай болсын.

Туып-өскен жеріңнің бәрі жібек,

Өз аулыңдай бөтен жер қайдан болсын?

Ұлбике:

Көзіме ыстық керегем, шаңырағым,

Саулық қойым, көк ешкім-маңырағым,

Жас шағымда атаған адамым сол,

Сен секілді қожаны не қыламын?!

10 оқушы: немесе Ұлбикенің Мәделімен айтысында:

Әудемжармен әуелі үнімді аштым,

Он екімде өлеңмен тілімді аштым.

Он үшімде өзімдей бозбаламен

Жұмбақ айтып өлеңменен жағаластым,

десе Мәделі:

Өлең айтып бәдікте үніңді аштың,

Көп алдында қалқайып маржан шаштың,

Ат арытып айтысқа келгендердің

Арқасына ырситып қамшы бастың,-

деп оның тіл шеберлігіне тәнті болғандығын білдіреді...

Оқушылар «Біржан-Сара» айтысынан үзінділер оқып, айтыстағы негізгі мәселе оның қалай аяқталғаны сарапталуы керек.

Жүргізуші: Ақындар айтысы-рухани қазына ретінде, мәдени өмірдегі үлгі-өнеге ретінде, сөз шеберлігінің үлгісі ретінде, ақындықтың асқар шыңы ретінде, әдебиеттің дамуына, мәдени ой-сананың дамуына, сөз өнерінің дамуына әсері өте зор.

Қасиетті тіл құдіретімен жан сарайыңды ашып, қоғамымыздың өркендеу үшін қайшы келер, сондай-ақ шешілуі тиіс мәселелердің өткір тілмен жеткізілуі өз туған тіліңе деген мақтаныш сезіміңді, ұлтыңа деген сүйіспеншілігіңді арттырары даусыз.

Кеш барысында оқушыларға төмендегі сұрақтарды қоюға болады:

Жеті ата деген не? (Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат), Жеті қазына деген не? (Жеті қазынаға бұрынғы ата-бабадан қалған асыл-мұра: Ілім-білім, Ержігіт, Ақылды әйел, Жүйрік ат, Қыран бүркіт, Құмай тазы, Берен мылтық) Жеті жұт деген не?(құрғаушылық, жұт, өрт, оба, топан су, зілзала), Дүниеде тоймайтын не? (көз-көруге, құлақ-естуге, жер-жауынға, жол-тұяққа, дария-суға, аспан-буға, сері-серуенге тоймайды), Әлемнің жеті кереметі деген не? (Хеопс пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Артемида ибадатханасы, Галикарнас мавзолейі, Гелиос мүсіні, Александрия маягі, Зевс мүсіні), Жеті жоқ деген не? (жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талқ жоқ, суда түс жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ) Жеті жетім деген не? (Тыңдалмаған сөз жетім, киюсіз тозған тон жетім, иесіз қалған жер жетім, басшысыз қалған ер жетім, аққу-қазсыз көл жетім, елінен айырылған ер жетім, замандасы қалмаған қарт жетім), Жетелі жұрттың жеті белгісі деген не? (Ту, Елтаңба, Әнұран, Елұран, Елтеңге, Төлқұжат, Ұлт жазу) т.б.

Оқушыларға берілетін тапсырма- Мақал-мәтелдермен жұмыс:

Құрамында сан есімі бар 10 мақал жазу,

Берілген суретке қарап мақал-мәтелдер құрастыру,

Еңбек, өнер-білім тақырыптарына мақал-мәтелдер айту.

Қорытынды: Мемлекеттік тіл- Тәуелсіздік деген ұғыммен тікелей байланысты, тілде жоқ тәуелсіздік- елде де болмақ емес... Ата-бабаларымыз ауыз әдебиеті арқылы артына қаншама мол мұра қалдырып кетті. Ауыз және жазба әдебиеттерінің құндылықтары- ұлтымыздың ана тілімізбен сіңген мол мұрасы, қымбат қазынасы. Ұлттық тіл- ұлттық философияның қайнар көзі. Сондықтан тілімізге деген сүйіспеншілігімізді әуелі от басынан, содан соң балабақшадан , мектептен өрістете дамыту қажет.

Әдебиеттер:

1. Дүйсенбаев Ы.Т. Қазақтың лиро-эпосы. -Алматы, Ғылым, 1973.-150б.

2. Күйеу келтір, қыз ұзат /Құраст: Ш.Керімов.- Алматы: Ана тілі, 1992.-112б.

3. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері.- Алматы, Мектеп,1970.-379 б.

4. Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. 2том: Айтыс/ Жауапты шығарушы А.Әлманов. -Алматы: Жазушы, 1986.-352 б.

5. Қаһарлы сөз қамал бұзады: Ұлы Отан соғысы кезіндегі ақындар айтысы.-Алматы: Ғылым, 1995. -272 б.

6. Қосымова Г.Қазақ шешендік өнерінің негіздері: Оқу құралы.- Алматы, Білім, 2003.-260 б.

7. Құтты болсын тойларың!: Той кітабы/ Құраст: Б.Сапаралы, Ж.Дәуренбеков.- Алматы: Өнер, 1993.-732 б.

8. Мағауин М. Ғасырлар бедері: Әдеби зерттеулер. -Алматы: Жазушы, 1991.-432 б.

9. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері: [Ерте дәуірден ХІХ ғ. Аяғына дейін]/ Ред. Басқ. Ә.Х.Марғұлан.- Алматы: Қазақстан, 1937.-384 б.

10. Соқыр-теке: Ауыз әдебиетіндегі балалар ойындарының үлгілері.- Алматы, Өнер, 1990.-175б.

11. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХҮ-ХІХ ғасырлар). -Алматы, «Арыс» баспасы, 2004.-286 б.

12.Ысқақұлы Д. Әдебиет алыптары. -Астана: Фолиант, 2004.-304б.

13. Дәдебаев Ж. Бөлтірік шешеннің әдеби мұрасы. //Ұлағат, 2007.-№2,46-50 беттер.

14. Каренов Р. Жеті саны: Жұмбағы, маңызы, қасиеті. //Ақиқат,2007,№1,

54-61 беттер.




 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал