- Учителю
- 'Абай жолы' роман- эпопеясынан алынған мәтіндер (орыс сыныптарына)
'Абай жолы' роман- эпопеясынан алынған мәтіндер (орыс сыныптарына)
БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІ
Диктанттар күніне арналған «АБАЙ ЖОЛЫ» роман- эпопеясынан алынған мәтіндер
( орыс тілде оқытылатын жалпы
орта білім беру мектептері үшін)
Баянауыл, 2015 жыл
Түсінік хат
Бұл құрал орыс тілде оқытылатын мектептердің қазақ тілі пәні мұғалімдеріне арналған. Ол 5-11 сынып оқушыларына арналған диктанттар жинағы ретінде құрастырылған. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан алынған мәтіндер аудан мектептерінде диктанттар күнінде арнайы жазба жұмыстарын жүргізуге арналған.
Жинақтағы мәтіндер оқушылардың жас ерекшелігі бойынша құрастырылған. Мұндай диктанттардың берілу мақсаты - оқушылар арасында «Абай жолы» роман-эпопеясын насихаттау сонымен қатар, сауаттылықтың тексеру өлшемі ретінде оқушылардың мемлекеттік тілден алған теориялық білім дәрежелерін айқындауға, тілдік ерекшеліктерді еркінірек меңгеруге, нығайтуға және жетілдіруге, коммуникативтік біліктілігін арттыру арқылы қазақ тілін сөз мәдениеті талаптарына сай деңгейде дұрыс қолдана білуге жетелеу. Сонымен қатар жинақ оқушылардың қазақ тілі грамматикасынан өткен материалдарды қайталап, олардан алған білімдерін нақтылап, сауаттылықтарын арттыру мақсатын да көздейді.
Диктантты бағалау нормалары:
«5» деген баға: Ешбір қатесі болмаса немесе емле,тыныс белгілерінен бір-бірден қате жіберсе;
«4» деген баға: Емле және тыныс белгілерінен екі-екіден қате жіберсе;
«3» деген баға: Емле мен тыныс белгілерінен 4-5-тен қатесі болса немесе 3 емле,5 тыныс белгілерінен қатесі болса;
«2» деген баға: Емле мен тыныс белгілерінің әрқайсысына 6-дан 10-ға дейін.
Диктанттың белгіленген нормасы төмендегідей:
5-сыныпта-50 сөз;
6-сыныпта-60 сөз;
7-сыныпта-70 сөз;
8-сыныпта-80 сөз;
9-сыныпта-90 сөз;
10-сыныпта- 100 сөз;
11-сыныпта-110 сөз.
5-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Абайдың Әзімбайдан естіген соңғы суық хабарын, қазір Оспан «қат-қабат қуаныштың» бірі есепті ұсынып отыр. Абай біледі, Базаралыға өштікте, ожар томырық Оспан, Тәкежаннан кем түспеген болу керек. Анау арамдағы болмаса да, өр кеуделікте бұның да зілі көп. «Ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кетеді» деп, қақпайлап, теріске әкететін Майбасарлар аз емес.
(М.Әуезов, 50 сөз)
7-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Базаралы келгелі айдай уақыт өтті. Бұл кездерде оған амандаса келіп, қуаныш білдірген ағайын көп. Аталас жақын ауылдар той істемек болысқан. Бірақ үйінің, жақын туысының жүдеулігін көрген Базаралы той-топыр жасатқан жоқ. Алғашқы он-он бес күн бойында оны Жігітек ішіндегі туыстары ертелі-кеш ауылдан ауылға шақырып, қонақ етісті. Келісін, амандығын қызықтасты. Бір Жігітек емес, қонақ етіп, қуанысқан Бөкенші, Көтібақ, Көкше де аз болған жоқ.
Ырғызбай ішінде Базаралы тек Абай ауылында қонақ болып қайтқан.
(М.Әуезов, 74 сөз)
6-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Қалада Құнанбай жағының сөзін сөйлеген қуғыншы даугерлер тіпті көбейіп кетті. «Қарғаның көзін қарға шоқымас» деп, ел атаулыны өзінің жемі көретін қарға құзғындар, бірін-бірі екілендіріп жүр. Байға қарсы шабуыл бастаған өжет топты өлердей жазғырып, кінәлап жатыр.
«Бір Тобықты емес, көп елдің келесіне салып, көп тентектің бәрінің есінен кетпес жаза, соққы береміз деседі.
(М.Әуезов, 52 сөз)
8- сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Қазір Абай ауылы Қызылқайнар деген қоныста отыр. Жіңішке өзенмен қатар бұлақ бастаулары мол, шалғыны да қалың кең жайлау болғандықтан, бұл қонысқа Абай ауылымен ілес көшіп келген ауылдар аса көп. Мұнда Ырғызбайдың бір өзінен он шақты ауыл болғанда, көршілес Қарабатыр, Әнет, Торғай, Топайдан да талай ауыл бар.
Жиі қонған қалың елдің малы араласып, иттері де сәт сайын әуліге үрісіп, көп таласа береді. Осындай қалың ауылдар бас қосқанда, әр ауылдың шет-шетіндегі қара үйлер, жарты лашықтар, күрке мен қостар бүгіндер көзге, әсіресе, көп көрінеді. Мынадай отырыста бұл өлкедегі елдің «жоғы» мен «тоғын» айыруға оп-оңай.
(М.Әуезов, 92 сөз)
9-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Әбіштің қоңырқай қызыл тартқан, тотыққан жүзі қып-қызыл боп кетті. Ол қысыла күлген бойында, әскери қозғалыспен шұғыл бұрылып, есікті аша берді де, Мағышты өзінен бұрын кіргізді.
Мағыштың бой сымбаты сұңғақ, биік. Аппақ маңдайына, қара қасына шұғлалы, үлкен қой көзі сәл ғана қайшылықтай болса да, жақсы жарасқан. Абайдың жүзіне Мағыш көзі құрмет ізетпен қарай түсіп, төмендей берді. Толық, сұлу еріндері мен сопақша келген аппақ, қызғылт беті де әдептілік танытады. Қызыл еріндерінде сәл ғана сыпайы жымию бар. Бұл жүзден уыз жастықтың сүттей таза, момын адалдығы нұр атады. Абай оған «қарағым» деп амандасты. Әкелік бейілмен жылы достық аңғартты.
(М.Әуезов, 95 сөз)
11-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Енді бір алуан аса көп жұрт, бұл жиында қол созып жағалап жүрген өте жүдеу жүзді қайыршылар. Анығында бұл кездегі Алматы бір жағынан азық-тамақ, жеміс-дәннің молдығы өзгеше қала болса, сонымен қатар неше алуан халықтан шыққан өзгеше көп қайыршы, тіленшіге де мол еді. Бұлардың қалың бір тобы, соңғы жылдарда ішкі Ресейдің жерсіз қалған, аштыққа ұшыраған крестьяны. Мекен іздеп, қоныс-жай іздеп, адал еңбек кәсіп қуып келген бұқара халық, қара шаруа болатын. Және соңғы жылдарда құм мен тауда болған қалың жұт себебінен бүкіл ауыл аймағымен шұбырып босып кеткен қазақтың аш-арығы да көп.
«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Тоқ қызыққа мастанған топтар арасында, осы кәрі-құртаң әке-шеше сорға ұшырап, өздерінің дәл бүгінгі түн аштан өлмес талшығын тілеп жүр.
(М.Әуезов, 118 сөз)
10-сынып.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейлерін тексеру, сауатты жазу дағдыларын бақылау.
Мағаш Жамбылды сергек, сезгіш, көреген адам деп аңғарды. Осыдан кейін ол енді өзі болып, үй іші болып тілек етті де, түн жарымына шейін, бар жиын бір ғана. Жамбылдың өз жырларын тыңдаумен болып еді.
Осы кеш пен түн Әбіштің бой жасаған, соңғы қуатын танытқан болымсыз, шолақ шағы екен.
Міне енді қар кетіп, жер қарая бастады. Бірақ Алматының көктемі ашық күнге зар қып тұр. Ауыр сұр бұлттар біресе тауын бүркеп, біресе биік таудан асып аунап, қаланың үстін басады. Өзгеше бір жүдеу сұрғылт күндер боп кетті. Соған орай дымы көп, ауасы ауыр мезгіл Әбіштің онсыз да біткен әбден әлсіз демін үзуге тақап келді.
(М.Әуезов, 100 сөз)