- Учителю
- Мазмұндама Зеңгі атаның ашуы (9 сынып)
Мазмұндама Зеңгі атаның ашуы (9 сынып)
Мазмұндама 9 сынып
ЗЕҢГІ АТАНЫҢ АШУЫ
(аңыз)
Қара малдың иесі - қасиетті Зеңгі ата бір дүйім елдің малын бағып жүріпті. Сиыр, өгізше, тана, бұзау Зеңгі атаның айдауына көніп, мамыражай жайылып, өсіп-өніп көбейе беріпті.
Қара малдың жайын әбден білген Зеңгі ата мал бағып жүргенде, өзгелердей айт-шулемей-ақ, жайылымда беймарал отырады екен. Сиырдың өздері Зеңгі атаның маңынан ұзамай, емін-еркін шөп жұлып, қарнын тойдырыпты.
«Ел ішінде ала да, құла да болады» демекші, Зеңгі атаның малды баға білу шеберлігін көре алмайтын біреу шығыпты. Ол ел басшыларының біріне:
-Зеңгі ата, қартайды. Мал баға алмайды. Сиырларды бір жерге үйіріп, ертелі-кеш қамап отырады, - деп кінә тағыпты. - Сиырларды маған тапсырыңыз, басеке, - депті құрдай жорғалап.
Сөзге еріп, өлшемей-пішпей, тез шешімге келген ел басшыларының бірі:
- Олай болса, Зеңгі атаны істен дереу босатыңдар, қартайса, демалсын. - Сиырларды енді сен бақ, - депті.
Зеңгі ата қараптан-қарап, кінәлі болғанына кейіпті. Ашуланбағанда қайтсін! Өмір бойы қара малдың тілеуін тілеп, жай-күйін бір адамдай білгеніне күмәні жоқ-ты.
Біреудің ала жібін аттап баспаған Зеңгі ата ашуын сап тыйды да:
- Баққан малыңа оқалақ тигір, - деп бір ауыз сөз айтыпты.
Зеңгі атаға жала жауып, бір елдің малын алдына салып, айдап келе жатқан мал сол кезде жан-жаққа бытырай қашыпты.
Күн сайын малына ие бола алмай, әбден әбігерге түскен шағымшыл жан, бақташылықты өз еркімен тастап кетіпті.
- Зеңгі ата - сиырлардың пірі, иесі, - деп ел-жұртқа жариялапты, абыройын биіктетіпті.
Содан бері Зеңгі атаның ренжіп, кейіген шағы - мамыр айында сиырларға оқалақ тиіп, табындағы мал бейжай күйге түседі екен. (330 сөз)
Мазмұндау жоспары:
-
Қара малдың иесі - Зеңгі ата.
-
Зеңгі атаның мал бағу шеберлігі.
-
Зеңгі атаны кінәлау.
-
Зеңгі атаның ашулануы.
-
Ел басшыларының Зеңгі атадан кешірім сұрауы.