- Учителю
- Жауһар жырды жүрегінде тербеген поэзия падишасы
Жауһар жырды жүрегінде тербеген поэзия падишасы
Жауһар жырды жүрегінде тербеген поэзия падишасы
Мырзагарина Алтын Мұратқызы
Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы
«Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған
кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып,
бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады»
Н.Ә.Назарбаев
Азамат болып ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып
тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған бірегей
ақын, жауһар жырды жүрегінде тербеген поэзия падишасы - Фариза
Оңғарсынова болатын.
Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза
шығармашылығы, жыр әлеміне құлаш ұрған ақын жырлары қазақ
әдебиетінде өзіндік үні мен орны бар тұғырлы дүние.
Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Күллі шығармашылық- өнерпаздық қабілет - талантымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып, ойлы да сыншы, талғампаз оқырмандарының көңілінен шыққан ақын поэзиясы сарқылмас қазына.
Ақын мұрасы сонау алпысыншы жылдардың нақ ортасында "Сандуғаштан" бастау алып, сексенінші жылдардың аяғындағы "Таңдамалыны" және "Қыз ғұмырға" дейінгі аралықты қамтиды. Ақын Ф.Оңғарсынова поэзиясының шырқау биіктерге көтерілгенін өз дәуірінде танып, баға берген "алыптар тобының" өкілі Ғ.Мүсірепов: "Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін" деп ой түйген.
Қасиетті Атыраудың тумасы ақын 1939 жылы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүние есігін ашып, 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық қызметтен бастап, «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, «Пионер» журналының бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.
Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді. Шындықты тек шын дарындар ғана айта алады. Ақының творчествосына тән басты қасиет - шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.
Жүрек сенсің, Отаным, қоғамым да
Мейлі күлдір, күрсіңдер, ора мұңға, -
Мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,
Сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да.
Туған - жерін сүйген, оған барлық ыстық жүрегімен берілген ақын сол жердің тыныштығын, бейбіт өмірін армандаған. Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше. Ақынның «Сүтін емген тілімнің қадір-қасиетін сезіп білмегендерден жаным жылап, түңілгем» деген жолдары ана тілін қорлап жүрген шала қазақтарға дәл тауып айтылғандай.
Ф.Оңғарсынова - өмірге сергек қарайтын, жамандық атаулыны, оның ішінде адамдардың бойындағы салқындықтың, екіжүзділік, жігерсіздік сияқты болсандықты жан-жүрегімен жек көретін ақын. «Кітап оқымаған адам тамырсыз қаңбақ. Өркениетті мемлекет болу үшін адамдардың рухани байлығы керек. Кітап-сол рухани байлықтың негізі» -деп жас ұрпаққа ой толғамын қалдырған.
Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады.
Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен
трагедиясына дастандар арнады. Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол
болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің
пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс
айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер
дәрі-дауасы - поэзия.
Көңілді, жайлы күнімді,
Азапты қайғы мұңымды
Өзімменен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О, баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем! - деп толғайды.
Қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау - Фариза туындыларының бір қыры. Әйел - Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол.
Өз-өзіммен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса,
Ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, - деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді. Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы - махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз. Ақын қыз соғыс зардабын, соғыстан оралмаған талай әкелер мен ағалардың, қыршын кеткен жастардың тағдырын айрықша бір сүйіспеншілікпен жырлайды. Фариза өлеңдеріндегі табиғат тақырыбы да ғажайып суреттерге толы.
Жыр әлеміне құлаш ұрған ақын жырлары өз оқырмандарын қуанта берері сөзсіз. Фариза Оңғарсынова - күллі қазақ халқының мақтанышы.
Жіңішке қыздың жолы не десек те.
Тумаппын жаман ер боп
тым құрыса
Калпағын кейбіреудің
жұлып алып, - деп жылаған өр рухты ақын апамыздың шындықты жырлаған поэзиясы мен ерлігіне, өжеттілігі мен намысшылдығына басыңды иесің. Әр қазақ қызы Фариза ақындай қайсар мінезді болуды армандап, өздеріне үлгі тұтады.
Фариза!
Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі - жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, -деп Мұқағали мұңын шаққан ұлы тұлғаның бейнесі өшпейді.
Қорыта айтқанда, Фариза ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңді күйсандық сазындай күйге толтырып, ой санаңды дауылдай сапыратын сипатымен ерекшеленеді. Саңлақ ақынның жауһар жырлары, отты өлеңдері, тәуелсіздік жолындағы сіңірген жанқиярлық еңбегі барша қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Фариза әлемі -қазақпен бірге мәңгі жасайтын әлем.