- Учителю
- Презентация и поурочный план на тему 'Ата кәсіп'
Презентация и поурочный план на тему 'Ата кәсіп'
Мектеп: №132 ОМ
Мерзiм: 08.04.2015
Тақырып: Ата кәсіп-дәстүрлі өнер
Құндылық: Дұрыс әрекет
Қасиеттер: Адамгершілік,адалдық,жанашырлық,мейірімділік, еңбекқорлық, төзімділік.
Мұғалiм: Рахтаева К.С
Сынып: 8«А»
Оқушылар саны: 18
Сабақ мақсаты: Оқушылардың ата кәсіптіңадам өміріндегі маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейте отырып, дұрыс әрекет жасауға үйрету.
Міндеттері:1. Оқушылардың ата кәсіптің адам өміріндегі маңыздылығы туралы түсініктерін өмірмен ұштастыру.
2.Оқушылардың бойындағы адамгершілік, адалдық, жанашырлық, төзімділік қасиеттерін дамыту;
3. Оқушыларды адамгершілік,мейірімділік, еңбекқорлық қасиеттерге баулу
Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер) Видеоматериалдар, интерактивті тақта.
Сабақ барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңi.
Жағымды күйге келу: «Нұрға бөлену»
-
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте қарқын алып және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын». Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Сұрақтар:
1.Жаттығу қалай әсер етті?
2. Қандай күйде болдыңыздар?
Қорытынды:
- Олай болса, балалар, бір-бірімізге сәттілік тілеп, осы нұрды жүрегімізге сақтап қалайық.
2.Үй тапсырмасы
-
«Менің әкем»
-
Менің әкем қыр мұрынды, нарттай қызыл кісі еді,
-
Сол бейнесі көз алдыма еш айнымай түседі.
-
Ол өмірден талай өнер үйреніпті кезінде,
-
Бір басына қалай сыйған, таң қаламын өзім де.
Таң сөгіліп, қылаң сәуле таралғанда жаңадан,
Білесің ғой, бұл ерте шақ-тұрмайтұғын жан адам.
Ал сол кезде менің әкем тұрып шаруа істейтін,
«Өстіп өзің кіріспесең, бітпейді бұл іс»,-дейтін.
Ағаш көрсе, темір көрсе көп қарайтын қолға алып,
Кейде ыза болып қалушы ем, неге тұр деп толғанып.
Күлім қағып,сол кез маған тіл қататын «балам!»-деп,
Осылардан көпшілікке қажет нәрсе табам,-деп.
Кешікпей-ақ ағаш, темір біздің үйдің төрінен,
Орын алып, жол күтетін тағы алғы өмірден.
Әкем қолы білмейтұғын ешбір кәсіп жоқ еді,
Сондықтан ол әрбір үйдің қадірмені боп еді.
Әркім әркез жасататын әр түрлі зат үйге кеп,
Біздің үйден үзілмейтін адамдар кеп үймелеп.
Үй жоныса әкем отыратын берік төзім,еппенен,
Өрімші еді ол, өз кезінде, өзінен жан өтпеген.
Қалап келсе, келі ойып та беретұғын біреуге,
Қазақ шіркін таға,шеге, таралғысыз жүре ме?!
Біреу төсек жасататын ескі таныс, досым деп,
Жүзік соғып берші!-дейтін енді біреу тосын кеп.
Әкем сонда сабырменен тіл қататын оларға,
Шіркін осы, жұрт көңілін қалдыруға бола ма?!
«Қолы білген қандай жақсы»,-дейтін сонда көршілер,
Осы өнермен сен де бір күн кетесің-ау, есіл ер!
Дүкеніне ойда жоқта бара қалдым бір күні мен,
Қайраты мол берік жанның босаңсырын кім білген?
Бар жабдығын жинап қойып, маған қарап тіл қатты,
Өзі де бір мейірбанды жан еді ғой сымбатты.
-Тыңда балам! Мен қартайдым, қолдан әлім кетіпті,
Көрдің бе, әне, таспа тартып, тіге алмадым етікті.
Бұдан былай сен иесің бар жабдыққа, мүлікке,
Мен жоқ болсам осы өнерден, бұл дүкеннен үрікпе...
Р.Нұрпейісов
Сұрақтар:
-Ата кәсіптің адам өміріндегі орны қандай?
-«Әке аманаты» дегенді қалай түсінесіңдер?
-Өз ата-бабаларыңнан қалған ата кәсіп жөнінде әңгімелеңдер.
-Ата кәсібін жалғастыру міндетті ме?
Қорыта айтқанда: Ата кәсіпті дәріптеу арқылы адамдар бірін-бірі мейірімділікке, еңбекқорлыққа, төзімділікке баулуы, дұрыс әрекет жасау арқылы жанашырлықты, мейірімділікті таныта алуы.
Олай болса, адамдардың ата кәсіпке деген құрметі -ол әдептіліктің белгісі және ізгіліктің жолы болып табылады.
Қазақтың ұлттық қол өнері (Видеоматериал)
3.Әңгiмелеу
Бала- ата өнерін,ата кәсібін жалғастырушы ұрпақ. Адамгершілік, адалдық, жанашырлық,мейірімділік, еңбекқорлық, төзімділік қасиеттерін бойына сіңірген ұрпақ қана ата өнерін,ата кәсібін сақтап қалады.Ата өнерін,ата кәсібін сақтап қалу,оны әрі қарай дамыту өз қолдарыңда екенін ұмытпаңдар.
Адам-түзу ниеті, ойы, жақсы іс-әрекеттері арқылы жеңіске, бақытқа жетеді. Яғни, біздің бақытты болуымыз жақсы істерімізден туындайды екен.
4.Дәйексөз.
Ата өнері - балаға мұра,
Ата кәсібі -бала нәсібі.
Халық мақалы
Сұрақ:
1.Дәйексөздің мағынасын түсіндіріңдер.
Түйін:Қазақ халқы бала бойындағы ерекше қаблетті, ата тегі арқылы қонған табиғи дарынды өте жоғары бағалаған. «Атасына тартып ақын болыпты, нағашысына тартып әнші, әкесіне тартып күйші, анасына тартып биші болыпты» деп баланың икемі мен талабына сүйсіне қараған. Дәстүрлі өнер әулет мақтанышы ғана емес, ол-барша халық игілігі. Ал жеке адам тұрғысынан келетін болсақ, бұл да кәсіптің бір түрі болып саналады.
«Сіздің көңіл-күйіңіз қандай?» ойыны
Қажетті заттар: түрлі -түсті қағаздан жасалған гүлдерді таңдаңыздар.
Қызыл- қуанышты көңіл- күй
Жасыл - ұнамды көңіл- күй
Сары - жағымды көңіл -күй
Көк -анықталмаған көңіл -күй.
5.Шығармашылық жұмыс.
Баяу әуен қою.Төмендегі тақырыптарды басшылыққа ала отырып ой толғау жазу, сурет салу.
1. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі»
2. Сиқырлы саусақтар...
6.Топпен ән айту.
Дастарқан
Ей, халайық, халайық,
Бар өнерге салайық.
Ас ұсынып, бас тартқан
Жайылып тұр дастарқан.
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!
Жақсы келсе - құт болар,
Жаман келсе - жұт болар.
Жолаушымыз біз деген
Асыл мұрат іздеген.
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!
Айналайын ағайын,
Үміт отын жағайын.
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуанышың көп болсын.
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелідастарқан,
Ей-ей-ей!
7.Үй тапсырмасы
«Әке аманаты» тақырыбына ой толғау жазып келу
8.Соңғы тыныштық сәтi.
Баяу әуен қою. Балалар әуенмен көздерін жұмып, демдерін ішіне алып, сыртқа шығару еркін тыныс алу.
- Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Бүгінгі сабақтан алған қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп, сақтайық. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.
Сабақ аяқталды. Сау болыңдар. Келесі сабақтарыңа сәттілік тілеймін.
Сабақ барысын талдау:
Топтық жұмыс
Топ болып ән орын-дайды
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
«№132 орта мектебі» КММ
Ашық сабақ
Тақырыбы: «Ата кәсіп-дәстүрлі өнер»
Өткізген Рахтаева Күмісжан Серікқызы
8 «А» сынып
Жаңаарқа - 2015 жыл