7


  • Учителю
  • Бақтыбай мұрасы – ұрпақ қазынасы. (Бақтыбай Жолбарысұлына - 180 жылдығына орай)

Бақтыбай мұрасы – ұрпақ қазынасы. (Бақтыбай Жолбарысұлына - 180 жылдығына орай)

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Таладықорған қаласы

Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы

№18 орта мектеп лицейінің

кітапханашы Ботаева Мария Данабатшақызы

Бақтыбай мұрасы - ұрпақ қазынасы.

( Бақтыбай Жолбарысұлына - 180 жылдығына орай)


ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген заманының заңғар

да өрен жүйрік айтыскер ақындарының бірегейі Бақтыбай

Жолбарысұлы шығармашылығының жыр дүлділі І.Жансүгіров,

белгілі академик жазушы С.Мұқанов, ғұлама ғалым М.Әуезов,

филология ғылымының докторлары М.Жолдасбеков, С.Садырбаев

сынды зерттеушілерімізбен қоса М.Жармұхамедов, С.Дәуітов, О.Исмаилов сынды әдебиеттанушы ғалымдарымыз зерделеген. Бақтыбай туындылары ұлы Жамбылдың жинақтарында (1942,1982,1996), «Бес ғасыр жырлайды» (1984), «ХІХ ғасырдың бас ақындары» (1988), «Айтыс» томдарында (1985,1988), т.б. ұжымдық кітаптар мен бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланды.

Бақтыбай Жолбарысұлы, ең алдымен, айтыс ақыны ретінде танылды. Бақтыбай - айтыс өнерінің аса зор тұлғасы. Ол өзіне дейінгі жыр алыптарының үлгі ала отырып, өз дәуірінде ерекше көзге түскен. Біріншіден - ол алғы буынның асыл қасиеттерін бойына дарыта білсе, екіншіден - солардың алымдықтары мен арындылықтарын зеректікпен байыптап, байқап, бағалап отырған. Сонымен қатар ол сол өзі меңгерген тағлымдарының шып-шырғасын - шығармай өзінің тұсіндағы, өзінен кейінгі өнер қуған, жыр жолына түскен жас ұландарға өнеге тастаған ұлағатты ақын. Оның артына қалдырған мұрасы да бай. Әйгілі үлкен айтыстарын былай қойғанда, ескі қоғамның ескірген ішкі сырын ашатын саяси саяси-әлеуметтік тақырыптардағы жеке өлең жырлары өте көп. Оның Тезек төре, Мәйке, Сүйімбай, Бәйімбет, Қыпшақбай, Түбек, Арыстан сынды ақындармен жыр додасына түсіп, өзіндік ерекшелігімен қазақ айтыс өнерінде орны қалды. Ақынның кез келген айтыстарын алып қарасаңыз, құр ұйқасқан сөз емес, сол сөздердің астарында мол өмірлік тәжірибе, білім жататынын аңғаруға болады. Бақтыбай ақын парасаты биік, көргені көп, білімдар екені Тезек төремен қақтығысында-ақ сезіледі. Ақынның дамып жетілуіне оның өскен ортасы, ондағы өнер адамдарының ықпалы зор. Ғалым Е.Ысмайылов «Ақындыққа үйренудің, талантын қалыптастырудың бірнеше кезеңдері, өсу сатылары бар. Жас баланы шуу дегеннен-ақ, ән-күйге, өлең-жырға қызықтыратын өз үйінде, өзінің ауыл-аймағында үлгілі ақындық дәстүр болады. Жоғарыда айтылғандай, баланың әке-шешесі не нағашысы немесе ауылдағы жұртты таңғалдыратын ақын, әнші, жыршы болса, дүниенің бәріне қызыға, еліктей қарайтын жас бала алдымен домбыраға, өлең-жырға әуестенетіні сөзсіз. Мұнан кейінгі екінші сатыдағы үйрену дәуірі белгілі ақынның алдын көру, өзін сынға салудан басталады" деп жазғаны белгілі.

Бақтыбай сынды ертедегі ақындардың біразының өмір жолымен танысқанда (Құлыншақ, Шөже, Сүйімбай) ғажайып түс көріп, түсінде ақындық дарығаны айтылады. Қаблиса- Қабан ақын түсінде аян беріп «Балам, қамығып жүрсің ғой, айт тез, көген аласың ба, өлең аласын ба» деп сұрағанда «өлең аламын» деп өлеңді, жырды таңдаған Бақтыбай Жолбарысұлының аузына үш дүркін үшкіріп жібереді екен. Өзінің не болғанын түсінбеген жас таланттың көмейіне өлең келіп, беткейге жайылып кеткен ешкілеріне қарай жүгірген оның аузынан өлең-жыр төгіледі.

Сөйлесем бек ашылар көңіл кілті,

Бар-жоғы білінбейді үйдің мүлкі.

Үй ішіне көршілер айтып жатты,

Ақын болар Бақтыбай көтеріңкі!

Ақындық, шешендік өнердің өсіп-өркендеуіне ең бір қажетті жағдай- еркіндік... Сөз бостандығы. Бұл жөнінде қазақ елінде сөзге тыйым салынбаған. Шек қойылмаған. Бала Бақтыбайдың ақын Бақтыбайға көтерілгені халықтың қашанда жанашыр жақыны бола отырып өте мәдениетті, білгір, шариғат заңдарына жетік, ел тағдырына қатысты жаңалықтар мен жағдайларға құлағын түре жадына сақтай жүргендігінен де шығар.

16 жасар бала Бақтыбайға «кеткен кегімізді күшпен болмаса да, сөзбен қайтарып бер» деп өтінген халық арасына танылып ел мүддесі жағында болғандығы тым ерте есейгендігін, даналыққа асыққандығын байқатады. «Сен байлықтан үдедің, мен жоқтықтан жүдедім» деген сөздерде шындықты шебер айта білудің үлгісі көрініп, Бақтыбайдың ақындық даралығы да байқалатыны рас.

Баласы Абылайдың Тезек төре,

Қоймаған елден жылқы кезеп төре.

Бұл күнде ел жылатып алғанменен,

Берерсің тәңір алдында кезек төре.

«Тезек төренің атына байланысты туған шығармалардан мазмұн өткірлігі мен көркемдік сипаттары жағынан оқшау тұратыны Бақтыбай мен Тезектің айтысы» деп әдебиеттанушы ғалым бағалағаныңдай, ақынның қоршаған ортадағы сансыз құбылыстардың өзінің жан дүниесіне әсер етіп, сезімдік қабылдау жүйесіне енетін көркемдік суреттеу поэтикалық жад түрінде жинақтала береді.

Айтыс-синкретті өнер. Ақын өлең сөзді тақпақтап қана айтпай, өзіндік белгілі сөзбен, домбыраның сүйемелдеуімен жеткізуінің өзі айтысқа айрықша тартымдылық дарытады.

Тыңдаушыны жалықтырмас үшін Тезек төремен айтысында он алты түрлі әуенге салып, халықты қайран қалдырған Бақтыбайдың сазды дауысы мен домбыра қағысы, айтыстағы тапқырлығы тыңдаушысын ұмытпас әсерге бөлейді.

Қасқайып тұрып, қайсарлық танытқан талант бүгінгі күнімізге ауадай қажет-ақ, өмірін өлімге тіге тұрып «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», айтарымды айтайын халықтан асқан асыл жоқтығын ұғындырайын деген ниетте, батыл сөз сөйлей алған ақын өлең толғаулары ойландырады. «Ассалаумағалейкум, болыс-биім!» толғауында былай дейді:

Ел биледім аз күн деп

Қуаныш қып қоқайма.

Халықпенен адамсың,

Жалғыз жүріп шошайма.

Жемқор көпке жасай ма?

Бақтыбай не жырласа да жайдан-жай сөйлей салмаған, ел тынысына қанық оның тілі шындықты, шындықпен қоса биік әділдікті аңсайды.

Жалған дүниенің парқын азғындыққа, жемқорлықпен алдап-арбауға теліп күн кешкендерді ақын осылай ащы сынға көмкеріп, масқаралайды.

Бақтыбайдың толғау-өлеңдерінде қоғамның бет-бейнесін ашу, би-болыстар ісін әшкерелеу, сондай-ақ, дәстүр жалғастығын бұзбай ала жүру де бар. Өткенге деген өкініш, алдағы белес ақынға ой салады. Не ұтты, не жоғалтты. Ең қымбат асыл дүниесі жырын кімге тапсырады.

Өткен ғой Сүйекең де, Қабекең де,

Оларға қарасам мен жабы екем де.

Алды-артымды тексеріп енді білдім,

Өзімде түзелмес мін бар екен де.

Арқалап домбырамды сағым қуған,

Жел қобыз желге мінген жан екем де.

Ұтымды ой мен әзілі аралас сатираға жақын жырлары Бақтыбайдың тағы бір қырын аша түсетіндей. Оның «Ассалаумаңалейкум, Төлек байым!», «Қонысбайға тік тарттым», «Жеңешемнен мін шықты», «Тоғанның қазылуына», «Құрдасым Сыдық төреге», «Бір лағым бар еді текесымақ», «Жаман ауыз Аңдасба», т.б. өлеңдері сатиралық сипатта келгенімен ақын өзі өмір сүріп отырған кезеңнің шынайы келбетін қарапайым ғана зілсіз жеңіл жеткізе біледі. Абай танып айтқан «Алланың өзі де рас, сөзі де рас", Ыбырайдың "Бір аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық!» деген даналық жолында, иманды әдебиет көпірін қалаған шығармалар қатарында Бақтыбай Жолбарысұлы жырларының да мәні бар. Оған «Ағуз-зи-биллә сөздің анасы, Бісміллә сөздің сарасы» деп басталатын «Дос-жардың бата, дұғасы», «Атамыз- Адам пайғамбар» деген өлеңдері мысал бола алады.

Бақтыбай шығармашылығының тағы бір қыры- дастаншылдығы. Естіген ертегі, аңыз әңгімелерден, хикая, әфсәналардан, тіпті, ел ішіне кеңінен тараған «Мың бір түннің» жеке тарауларынан жыр, дастан, қисса шығарып, халыққа айтып беріп отырған. Сондай-ақ оның «Едіге- Нұран», «Қыз құлаған», «Төрт өнерпаз» сынды дастандары мен мысал өлеңдері бар.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында сөз арқауындағы әдеби үрдіс дамуы дәстүр жалғастығын сақтаған халық ақындары қатарында Б.Жолбарысұлының үлкен орны бар екендігі оның артында қалған айтыстары мен жыр-толғаулары, дастандарынан айқын көрінеді. Түбегейлі ғылыми зерттеуді, ізденісті талап ететін телегей теңіз ақын шығармашылығы уақыт еншісінде.

Қорыта айтқанда , Бақтыбай қай ақынмен жыр тартысына түссе де ойын , сөзінде үстемдік басым,нақты көркем етіп жеткізе білген. Сондықтан Бақтыбайды бүгінгі күнге дейін жинақталған туындыларымен артында қалған өскелең ұрпақтарына үлкен із қалдырған ақын деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Е.Ысмайылов. Ақындар. 1956.

  2. Б.Адамбаев. Халық даналығы. Алматы. 1975..

  3. М.Жармұхамедов. Айтыстың даму жолдары. Алматы. 1976.

  4. Қазағым әр сөзінен нақыл тапқан ,өлеңнін өрт-дауылын лапылдатқан. Талдықорған қаласы ,Жерұйық газеті ,1990ж

  5. Басылып жатқан қазынам... Алматы. «Комплекс», 2005.

  6. О.Исмаилов.Дүбірлі туған дүлдүлім . Алматы. «Абзал - ай», 2010.




 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал