- Учителю
- Проект по казахскому языку на тему 'Қымыз'
Проект по казахскому языку на тему 'Қымыз'
Мазмұны
І. Абстракт................................................................................................3-4 бет
ІІ. Кіріспе...................................................................................................5-6 бет
ІІІ.Зерттеу бөлімі........................................................................................7-17 бет
1.Қымыздың шығу тарихы.......................................................................7-8 бет
2.Қымыздың түрлері..................................................................................9-11 бет
3.Қымызды құюға арналған
ыдыстар...................................................................................................12-14 бет
4. Қымыздың адам ағзасына тигізер әсері ............................................15-17 бет
ІV.Қорытынды..........................................................................................18-19 бет
V.Қолданылған әдебиеттер.......................................................................2 0бет
Абстракт
Зерттеу мақсаты: Қымызды пайдасын анықтау және келешекте барлық ауруға шипа ретіндегі қасиеттерін айқындау.
Гипотеза: Біз қымызды күнделікті өмірде жиі қолданатын болсақ,келер ұрпақтың денсаулығы нығая және арта түседі.
Зерттеу бөлімі:
●Қымыздың түрлері
●Қымызды құюға арналған ыдыстар
●Қымыздың адам ағзасына тигізер әсері
●Қорытынды
Зерттеу әдістемесі:
-
Әдебиеттерді іздеу.
-
Оқу және анализ іздеу
-
Сауалнама алу
Тақырыптың өзектілігі: Қымыздың қасиетің қазіргі кезеңде барлық ел білуі қажет. Бұл өмірдің талабы.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:Зерттеу барысында қымыздың адам ағзасына тигізер пайдасы туралы анықталады.
Зерттеудің нәтижелерін практикада қолданылуы: Сөздерді дұрыс қолдану,сөзді орынды жұмсау,тілдік амал-тәсілдерді қарым-қатынас мақсатына сай қолдана білу.
КІРІСПЕ
Қымыз - бие сүтінен арнайы ыдыста (сабада) ашытылып жасалатын қазақ халқының көне замандардан бергі дәстүрлі тағамы, қадірлі асы, емдік қасиеті мол сусын. Қымыз әдетте соғымға сойылған семіз жылқының қыртысы зақымдалмаған, жүні қырқылған шыңылтырланған терісінен тігілген ыдысқа ашытылады.
Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Барлық түліктен де жылқы өсіру жеңіл. Жылқының бір қасиеті - сүтінде. Бие сүтінен қымыз жасалынады.Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның денсаулығына пайдалы. Қымыз десем баяғы қазақ халқы көз алдымызға елестетемін. Қымыз бұрыннан келе жатқан ұлттық тағамдардың бірі. Оны тек сусын ретінде емес тағам ретіндеде өте қажет. Басқа тағамдарға қарағанда қымызды дайындаудың әдіс, тәсілдері, салт-дәстүрлері,ырымдары мен кәде-жоралары көп. Көктемде құлындаған биенің сауылып ашымаған сүтін саумал дейді. Ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, қымыз-туберкулез ауруына қарсы бірден-бір шипа. Қымыздың құрамындағы дəрумендер адам ағзасына тез тарайды. Оның құрамында қан гемоглобині, эритроциттерді көбейтетін дəрумендер өте көп. Тіптен кейбір деректерге сүйенсек, жүкті əйелдің бетінде қалып қоятын қара дақтарға биенің жаңа сауылған сүтінің көбігін жақса, еш дақ қалмайды екен. Сондай-ақ бұрынғы аналарымыздың ешқандай медицинасыз, дəрі-дəрмексіз дүниеге қаншама ұл -қызды əкелуін де осы қымыздың қуаты десек қателеспейміз.Жаңа сауылған биенің сүтін жас балаға жылыдай ішкізген. Дімкəс балалардың денсаулығы осы саумалдың арқасында дұрысталып кеткен. Қазіргідей беймəлім шетелдік дəріні сатып алғанша, дəмі бал татып, тіліңді үйіретін қымыздан ішіп алсаң жаныңа дауа болары сөзсіз. Қымыз созылмалы ауруларға таптырмас шипа. Ал еліміздегі дəрігерлер оның ата- бабаларымыздың тек соқырішектен басқа аурудың бəріне шипа екенін дəлелдеп отыр. Қазақтың ұлы ақыны, жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өзі қымыз туралы былай толғайды:
...Үйірілген сары алтындай сары
қымыз,
Ауруға-ем, сауға-қуат,дəрі қымыз.
Елімнің баяғыдан сүйген асы,
Шығаршы тағы нең бар кəрі қымыз!
Рас-ay, қымыз жанға-қуат, ауруға-шипа. Газды судың орнына бір кесе сары қымыз ішсең шөлің қанып, жаның рахаттанып қалады. Газды судың құрамындағы неше түрлі химиялық қоспаның өзі адам денсаулығына кері əсерін тигізетіні белгілі. Ал қымыз ішкен адамның қан айналымы жиілеп, холестериннің қызметі қалпына келеді екен. Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жерінде ғылым мен білімнің дамуына дейін «анадай ауру, мынадай ауру» дегенді естіген емеспіз. Себебі, қазақ халқы мал бағып, соның ішінде жылқы малына көп көңіл бөлген. Біздің ата-бабаларымыз сапты аяқтағы сары қымызды сапырып ішкен қазекем емес пе? Яғни, табиғи таза өнімдердің арқасында денсаулығы мықты болған деген түйін жасауға болады.
Сауалнама сұрақтар беріліп оқушылардан нақты сұрақтар алынды.
1.Қымыз деген не?
2.Қымыздың қалай дайындалатынын білесіңдер ме?
3.Қымыздың қандай түрлерін білесіңдер?
4.Қымызды қандай ыдыстарға құяды?
5.Қымыздың адам өмірінде алатын маңызы қандай?
Зерттеу бөлімі
-
Қымызды зерттеу тарихы
Жылқы сүтімен жылқы етінің шипалы екені бұл бүкіл әлемге мәлім. Жылқы етін қанша жесең де күпті болмайсың, тез сіңеді, тез қорытылады. Қанша суық болса да, жылқы майы қатпайды. Тобарсып қана тұрады. Сол сияқты сүтін қымызын қанша ішсең де, сіңе береді. Туа сала анасынан айырылған сәбиді жылқының саумалымен асырауға болады. Демек, жылқы сүті ананың сүтімен бірдей. Қымыз жай ғана шипалы сұйық емес, ол астыңда қызметін арттырады. Қымыз ішкен адам тоқ жүреді. Ол асты да қорытады. Тамаққа тойып алып, соңынан қымыз іщсең, біраз уақыт өткеннен кейін қарныңдағы тамақтың қайда кеткенін білмей қаласыз.
Біздің қымыз туралы дерек осыдан екі жарым мың жыл бұрын қағаз бетіне түскен. Тарихи деректерге назар аударсақ, сырқат адамдарды қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылыпты. Оны ұйымдастырған дәрігер В. Толстиков деген кісі. Ол: «Қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, тәнін жаңғыртады», - деп жазып кетіпті. Ал оның алдында В. И. Даив қымызбен емдеу әдісін уағыздап, 1843 жылдары Орынбор қаласында әскери қызметте жүргенінде-ақ қымыздың шөл қандырар сусын екенін, құрқұлақ ауруының алдын алуда емдік қасиетінің өте молдығын ресейліктерге ашықтан-ашық айтып, дәлелдеп беріпті. Олардан тағы бір орыс ғалымы Н. В. Постниковтың да қалыспай, ХVIII ғасырдың 73 жылдарында ғылыми негізде қымыздың адам ағзасына пайдалысын, адамды жасартатынын және салмақ қосуына ықпал ететінін дәлелдеп, өзінің ғылыми зерттеуінің нәтижесін жариялапты. Біз мұның сыртында тағы бір орыс ғалымы Сигерстің «Кумыс и его лечебное действие» деген кітабын баспадан шығарғанын да білеміз.
Бұлар ғылыми аз деректер десеңіз, әңгімені әріден қозғайық. Біздің эрамызға дейінгі V ғасырда грек тарихшысы Геродот біздің арғы атамыз Скифтердің бие сүтінен сусын ашытып, сусын ретінде ішетінін жазып, олардың сүтті қалбырлауды да білетінін, оның құпиясын мұқият сақтайтынын, ешкімге ешқашан ашпайтынын баяндайды. Керемет деп осыны айт. Француз саяхатшысы Вильгельм Рубринас та 1253 жылы қазіргі Татарстан аймағынан өткенінде қымыз ішкен екен, ол да өзінің жазбаларында қымыз ашыту тәсілдерін, сусынның дәмін, адам ағзасына, оның ішінде несеп бөлу мүшелеріне емдік әсерін талдап тұрып түсіндіріпті. XVIII-XIX ғасырларда көшпелі елдердің тұрмыс-тіршілігін бақылаған С. Т. Аксаков та, орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкин де қымыз туралы өте жақсы пікірлерін білдірген, Ол деректер Ресей мұрағаттарының материалдары, көне басылымдар арқылы біздерге жетіп отыр. Мен мұнан он жыл бұрын Орынбордың мемлекеттік мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтқанымда, Ресейдің көне газет-журналдарынан да қымыздың шипалық қасиеті туралы мақалаларды кездестіріп, оның көшірмесін алып қайтқанмын. Қазір ол менің жеке мұрағатымда сақтаулы тұр. Келешекте оны өз кітабымда жарияламақшымын да...
Біз С. Т. Аксаковтың да жазбаларымен нақты танысқанымызда, бір білгеніміз: ең алғаш қымыздың дәрілік қасиетін біліп, онымен емдеген Уфа қаласының дәрігерлері екен. Дәлірек айтқанда, дәрігер Авенариус. Жалпы қымыздың емдік қасиеттері жөнінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орыстың медициналық журналдарында Н. Шванковскийдің, П. Скворцовтың, В. Дальдың да бірнеше мақалалары жарияланған болатын. Ұлы орыс жазушылары Л. Н. Толстой Самара қаласында, А. П. Чехов Андреевск санаторийінде қымызбен емделсе, ХІХ ғасырдың ортасында ғалым дәрігерлер С. П. Боткин, Г. А. Захарин, Н. В. Склифосовский де қымызбен емдеу мәселелерін қызу қолдапты. 1858 жылы Самара қаласынан 6 шақырым жерде ашылған қымызбен емдеу санаторийін Н. В. Постников 55 жыл бойы басқарып, қазақтың қасиетті қымызы арқылы мыңдаған ауруларды емдеп-жазды. Тек қазақ жерінде қымызбен емдейтін алғашқы емхана 1910 жылы Бурабайда ашылып, мұндағы сырқаттар үшін қымыз дәстүрлі қазақ әдісімен сабада ашытылады. Сол 1910 жылы Торғайда да темір жол қызметкерлерін емдейтін Берсүгір емханасы жұмыс істеді. Қазақстанда ең алғаш рет ашылған қымызбен емдейтін орталық - «Бурабай» санаторийі. Қазір елімізде аурудың даму барысына қарай қымызбен емдеу әдістерін Қазақ тағамтану академиясы зерттеуде. Негізінен қымыздың ашытылу әдісін, құрамын, емдік қсиеттерін ғылыми тұрғыда жете зерттегендердің бірі Рубинский. Ол 1910 жылы қымызды зерттеп, оның ойдағыдай ашуы үшін ашытқылары мен «палочкаларының» өте маңызды екендігін айтып, қымыздың құрамындағы басқа микроорганизмдер оны жасау үрдістерінде пайда болады деп атап көрсетті. Қымызды лабороториялық жағдайда даярлаудың негізін қалаған ғалымдар: Голубков, Шипин, Сорокин, Штанге, Белокопытовалар болды. Сөйтіп, қымыз микрофлорасын зерттеп тексеруге көңіл бөлінді, қымыздан сүттің қышқыл таяқшалары (палочкалары) мен ашытқылық заттар да бөлініп алына бастады. Қымызды ашытып, қышқылдандыратын басты агент не деген мәселе кеңінен талқыланып, Орынбор, Уфимск аудандарына профессор А. Ф. Войткевич басқаратын Орталық Курортология институтының микробиологиялық бөлімі экспедицияға шығып, зерттеулер қорытындысында қымыздың ең таза жоғары сортының морфологиялық және биохимиялық қасиеттеріне қарап бөлініп алынған таяқшалар - «болгар таяқшалары» деп танылды. Қымызды қышқылдандырып ашытатын басты зат осы болып, қымыздың спирттеніп ашуына қымыз ашытқыларының әсер ететіні анықталды. Кейін бұл пікірді 1946-1947 жылдары Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарына шыққан Қазақ КСР ғылым академиясының экспедициясы да қуаттады. Башқұртстанның бірнеше аудандарында ұзақ жасаушылардың өмір салтын зерттеген З. Загидуллин мен Н. Махмутзяновалар мұны олардың тұрақты түрде қымыз ішіп, оның шипалық қасиетімен денсаулығын күшейтіп, иммунитетін нығайтуынан деп мәлімдеді.
-
Қымызды дайындау әдісі
Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі дайындалады.
Қымыз негізінен жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінінің ысы сіңген сабада немесе ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы қор деп аталады. Саба мен күбіні ең кемінде бір рет ыстап отыру керек. Дер кезінде тазартып тұрмаса ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып тұрады. Әжелеріміз негізінен қымыз пісетін күбіні киікотымен ыстайды. Киікоты піскенде оны келесі жылға жететіндей орып, кептіріп алатын болған. Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне,уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі. Жаңа сауылған бие сүтін сүзгіден өткізіп, жылы кезінде күбідегі немесе сабадағы саумалдын үстіне құяды. Содан сон оны міндетті түрде 30-40 минут пісіп аузын байлап не тығындап ұстаған. Алғаш рет қымыз ашытарда бие сүті сабаға арнаулы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады. Ашытқыны көбінесе , сынық салып сүттен, ол жоқ болғанда сүтке ашытқысын езіп әзірлейді. Қор дегеніміз ескі қымыз, ол жақсы ашыған қымыздың саба түбінде қалатын, арнайы сақталған сарқыны.
Қымыздың сапасы ең алдымен ұйытқыдан басталады. Қазiргi кезде қымыздың микрофлоры құрғақ түрде жақсы сақталады. Қымыздық ұйытқы ретiнде көктемде, қымыздық мезгiлдiң басында ұйытқы қолданылады.
Ұйытқыны күзде дайындау үшiн қымызды бiрнеше тәулiкке қалдырады және ол екiге - жоғарғы мөлдiр және төменгi iрiмшiктiк қабатқа бөледi. Бұл тұнбаны селдiр матада сығып алады да, күнге кептiредi және келесi маусымға (мамыр) дейiн жабық ыдыста, салқын жерде сақтайды.
Ұйытқыны тiрiлту үшiн ұнтаққа буландырылған бие сүтiн 3-4 ас қасығына есептей отырып, 5 литр сүтке араластырады және дүркiн-дүркiн араластырып отыру арқылы жылы жерде бiр тәулiк сақтайды. Бiр тәулiктен соң ұйытқыны қымыз дайындау үшiн пайдаланады. Одан әрi қарай қымызды жасап шығару үшiн ендi ұйытқыны емес, кәрi қымызды 1 литр қымызға 6-7 литр бие сүтiн есептей отырып пайдаланады. Қымызды әзiрлеу үшiн булы бие сүтiн ұйытқымен бiрге сабаға құяды да, түнге қалдырады. Келесi күнi әрбiр сауыннан аши бастаған сүтке бiрнеше жаңа бөлiктерiн қосады, жақсылап араластырады да, 10-15 сағат сақтайды. Дегенмен, мұндай әдiспен алынған қымыз әлi әлсiз және аз газдалған, қою, тағы да мұқият араластырады да бiр күн қоя тұрады. Мұндай өндеудiң нәтижесiнде екi күндiк орташа қымыз пайда болады. Дайын қымызды басқа ыдысқа құяды. Айта кету керек, сабадан барлығын емес, оның бөлiгiн (шамамен 1/5) қымызды ғана құйып алып, қалғанын ұйытқыға қалдырады. 10-15 күн өткеннен кейiн саба толығымен босатылады, қосымша сүрленедi және маймен сыланады. Сабаны қымыз дайындау үшiн бiр-ақ маусым пайдаланады.
Қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты. Жиі-жиі піскен қымыздың дәмі кіре береді. Ал, пісуі жетпеген қымыз ірімтіктеніп, суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып, бұзылып, сапасын жояды. Көбірек пісілсе тіпті күшті деген қымыздың өзі жұмсап, ішуге сүйкімді бола береді. Бал татыған барқыт қымыз осындай баппен дәмді. Қымыз - халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамы. Ол тек тағам емес, сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Басқа тағамдарға қарағанда қымызды дайындаудың әдіс, тәсілдері, салт-дәстүрлері, ырымдары мен кәде-жоралары көп. Көктем туып, құлындаған бие байланып, сауылады. Биенің ашымаған сүтін саумал дейді. Оған арнайы ашытқы қосылып, екі-үш күннен кейін ашиды. Алғашқы қымызды үй иесі өзі ішпейді, дәстүр бойынша үлкендерін шақырып, ауыз тигізіп, батасын алады. Мұны "қымызмұрындық" дейді.
-
Қымыздың түрлері
Ақ қымыз - әлі ашуы келмеген саумал қымыз .
Бал қымыз - жылқының сүр қазысын қосып әбден бабына келтіріп пісілген қымыз. Бұл басқа қымыздарға қарағанда сары әрі қою, дәмді, жұғымды, тұщы болады.
Бесті қымыз - төрт күн сақталған ашуы әбден жеткен қымыз.
Дөнен қымыз - үш тін сақталған өте күшті қымыз.
Жуас қымыз - баяу ашыған немесе саумал қосқан қымыз.
Кәрі қымыз - халықпен бірге жасасып, ежелден келе жатқан қадірлі, атадан қалған асыл ас.
Күздік қымыз - сірге мөлдіретерге дейінгі кезеңдегі күздік шөпке жайылған биенің сүтінен жасалған құнарлы қымыз.
Қорбалы қымыз - мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып, бірнеше күн жинаған қымыз.
Қою қымыз - жақсы ашып, бабына жеткен, жаз соңындағы немесе ерте күздегі әбден піскен шүйгінді шөпке жайылған бие сүтінен жасалған қымыз.
Сары қымыз - жақсы пісіліп, әбден бабына келген, дәмі үйірілген құнарлы, қою қымыз.
Құнан қымыз - екі түн сақталған, толық ашыған қымыз.
Асау қымыз - бесті қымыздан да күшті қымыз
Сірге жияр қымыз - күзді күні бие ағытарда жинаған ең соңғы қымыз.
Тай қымыз - ашығаннан кейін екінші тәулікке ауысқан қымыз.
Тосап қымыз - қымыздың ыдыс түбіндегі тұнып қалған қоймалжың қоюы.
Түнемел қымыз- ашығаннан кейін бір түн тұрған, күн асқан кешегі қымыз.
Уыз қымыз - биені алғаш байлап, жаңадан ашылған қымыз.
Мұнымен қатар шөп буыны қатып, күзде сауылытын қымызды сары қымыз дейді. Мұның емдік қасиеті жоғары болып келеді. Ал қыста қысыр биелерді қолда ұстап сауылатын қымызды қысырдың қымызы дейді. Алған құлындаған биенің қымызын қысырақтың қымызы дейді. Бұл бірнеше құлындаған биенің қымызына қарағанда құнарлы, жұғымды болып келеді.Бұрынғы қымыздың үстіне саумал қосылса түнемел қымызы дейді.Көп пісілген ащы дәмі кеткен қымызды өлтірілген қымыз дейді.
4.Қымызды құюға арналған ыдыстар
«Қымыз күткен қазақ ыдысын да сыйлап ұстаған. Әр ыдыстың иесі болады. Қымызды кесемен жай кісіге ұсынады. Келім кетім көпшілік ішеді. Мешкейлер мен саудагерлер тостақпен сусындаған. Оларға жұтары мол болса болғаны. Дәмін алып тұшынып жатпайды. Зеренмен асыл достар ішкен. Соққан зергеріне, шапқан ұстасына сай зереннің де әрқилысы болады. «Енді бір көненің көзіндей бұйымы - алақанның аумағындай жұмыр көзе. Жиде ағашының көзінен шапқан шымқай қызыл ыдыс. Ернеуінде емшектей бұлтиып кішкене көз қалған. Кәдімгі ағаштың көзі. Көзді шауып тастаса, көзінің қасиеті жойылады. Ұстаның серті осы. Ұстаның ұстасы ғана осылайша жиде жігерінен тоз-бас, оңбас ыдыс шабады.
«Зады қазақ қымызды жеті түрлі ыдысқа ашытады», дейді жазушы Д.Досжанов. «Көнек: бұл тайыншаның, не ботаның мойын терісінен тігілген, көлемі орташа, сусынын қолмен шайқап ашытатын ыдыс, қымызы қытымырлау болады. Мұны көбіне бірер биелі диқандар істейді. Сосынғысы мес - бұл керуен-жорық ыдысы, ішінде сүт көліктің жүрісімен шайқалып ашиды, көбіне жылқының қарын терісінен жасалады. Келесі торсық, сосынғы тай саба, құнан саба. Сосынғы қол күбі, қымызға қайың күбі ғана дәм береді, сосын екпе қауақ. Жетісу қазақтары қымыз ашытуға қарынды да жаратады, кәдімгі қойдың қарыны, бірақ қарын қымызы көпке шыдамайды, жінігіп кетеді. Ең асыл қымыз - қол торсық пен тай сабанікі», деп тұжырымдайды. Біздіңше, жазушының айтып отырған қымыз ыдыстары, оның жасалу жолдары Қаратаудың күнгей беті қазақтарының тұрмысынан алынған болу керек. Кең-байтақ еліміздің әр шалғайының өзіндік тұрмыстық ерекшелігіне, табиғи жағдайына қарай өзгешеліктер болуы ғажап емес. Төменде қымыздың дәстүрлі ыдыс түрлерінің бірқатарына, олардың өзіндік қадір-қасиеті тұрғысынан баяндап жеке жеке тоқталамыз.
«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген халық даналығында үлкен мән бар. Бабаларымыз қымызға арналған ыдыстардың ерекшелігін де ескерген. Ел арасындағы он саусағынан өнер тамған шеберлер қымызға пайдаланатын ыдыстарды тек табиғи таза шикізаттан, яғни жылқы терісі, түйе, ешкі терісі, арша, емен, өрік ағаштарынан, алтын күміс, болат, шойын металдарын да қолданған. Қымызға арналған саба, торсық, көнектерді әзірлеуге көп мінілмеген, тер сіңбеген, ауырмаған, арқасы жауыр болмаған, семіз жылқының терісі таңдап алынады. Ол қыс бойы от жағылатын асхананың (шошаланың) төбесіне кептіріліп, жаз шыға қайтадан жібітіледі.
Мес
Қымыз, шұбат, айран, тағы басқа сусын құюға және сақтауға арналған тері
ыдыс. Ол бітеу сойылған ешкі (серке) терісінен жасалады. Оны жасаудың
жолы былай: терінің жүнін шелін алып, илеген соң талдың қабығымен, қынамен бояйды және ыстайды. Ішіндегі сусынды кесе, аяққа құюға ыңғайлы
болу ішін мес аузына асықты жіліктің екі басын кесіп өткізіп қояды. Мес жолаушыларға, көшіп қонушыларға, бақташыларға сусын құйып алып жүруге өте ыңғайлы ыдыс.Мес ұлт ұғымында толу, жинау мағынасын білдіреді. Білімдар ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбалар жинағын «Мес» деп атаған.
Торсық
Жылқы терісінен сыйымдылығы бес- алты литрлік шағын, сусын құюға арналған тері ыдыстың местен кішірегін «торсық» деп атайды. Бұл да қымыз, айран сияқты сусын құюға, алып жүруге ыңғайлы ыдыс. Торсықтың мүйізторсық, өркешторсық, жанторсық деп аталатын бірнеше түрлері болады. Ердің қасына немесе қанжығаға байлай салады. Жазда арбамен жүргендер көлеңке жаққа немесе күн түспеуі үшін арба астына, арысына да іліп қояды. Ол шайқалғанда ішіндегі сусын да араласып, маңызы арта түседі. Торсықтан үлкен, местен кіші ыдысты сүйретпе дейді.
Бұлқыншақ
Бұлқыншақ сусын құюға арналған тері ыдыс. Оны жасау үшін жылқының сан терісін шашасына дейін бітеу сойып алады да саба әзірлегендей жолдардан өткізеді. Сан жағына сопақшалау етіп тері тігіледі, ол пайдаланғанда астыңғы жағына келеді. Аузына ағаштан, тоздан тығын жасалады. Бұлқыншақ ердің қасына, кереге басына ілуге, жаяудың иығына асуға ыңғайлы ыдыс.
Зерен
Қымыз, шұбат құятын қадірлі ыдыс. Көлемі де, сырты да шараға ұқсас болады. Қатты ағаштан ойылып жасалады. Шұңғыл, жиегі қалың, бүйірі тіктеу келеді. Жиегінен, бүйірінен ойып, сәнді ою өрнек жасалады. Орнықты болу үшін жалпақ шығыңқы түбі болады. Түсін бірыңғай келтіру үшін ағаш қабықтары бояуымен қанықтырады. Шараның өзінен айнымайтындай етіп ожау, бірнеше аяқ, тостағандар да жасалады. Мұндай ыдыстармен ас ішудің өзі адам тәбетін арттыра түседі. Сонымен бірге, олар сән салтанат үлгісі, берекесі мен ырыс көзіндей әсем де әсерлі көрініс, дастарханға айтарлықтай ажар, көрік беріп тұрады. Зерен мен шара қазақтың қол өнері, шеберлігі мен тұрмыстық мәдениетін танытатын үздік өнер туындысы болып табылады.
Шара
Қымыз құюға арналған ыдыс. Кей жерлерде тегене деп те аталады. Қымызды дастарханға апарғанда сабадан осы шараға құйып апарады. Оның ішіне он-он бес литр қымыз сияды.Шараны емен, қайың сияқты қатты, кепкен ағаштардан ойып жасайды. Оның іші шұңғыл, өзі дөңгелек, жиегі тік болып келеді. Шара сырты ою-өрнектермен, күміс немесе сүйек әшекейлермен көркем безендіріледі. Өзіне лайық ағаш қақпағы болады, ол да әшекейленіп жасалады. Сары қымыз, әсем шара ыдысты дастархан сәні, үйдің көркі, қолы берекелі әйелдің мәртебесі десе де болады.
Тегене
Бұл да қымыз құюға арналған қадірлі ыдыстардың бірі. Қатты ағаштан жиегі тік әрі қалың шабылады. Ағаштың өзінен шеңбер, құлақ шығарады. Кейде темір, жез құлақтар қағылады. Сүйекпен, күміспен безендірілген тегененің іші кең әрі шұңғылдау болады. Ағаштан өрнектеліп, қақпақтар жасайды. Тегенені мерекелі, атаулы, той, салтанатты күндерде қолданады. Сүйегі ауыр болғандықтан, оны әр күн сайын пайдалана бермейді. Жуып, сүртіп, майлап орап, күнге тигізбей сақтайды.
Аяқ
Көбінесе қымыз, шұбат құйылып, сыйлы кісілерге ұсынатын ыдыс, ағаштан ойылып жасалады, сыйымдылығы бір литрдей шұңғыл, дөңгелек болып келеді. Оның орнықты түбі, жиегі тік, жұқа болады. Сыртын оюлап, түрлі - түсті сырмен сырлайды. Балаларға арналған шағын түрін тостаған дейді.
Саптыаяқ
Қымыз құюға, сапыруға арналған сабы бар аяқ тәрізді шұңғыл, ағаш ыдыс. Саптыаяқ деп аталуы да сондықтан. Қымызды сапыруға, бір ыдыстан екінші ыдысқа құюға ыңғайлы. Саптыаяқты дөңгелек те, сопақшалап та әдемілеп, безендіріп жасайды. Ыдыс атына лайық жасалған.
Ожау
Шарадағы қымызды сапыру, аяққа құю үшін ожау керек. Мұны да әсемдеп, өрнектеп, ұзын сапты етіп тұтас ағаштан ойып жасайды. Сабын қолға ұстауға ыңғайлы етіп, бунақтап, қосарлап, өрнектеп әсемдейді. Кей өңірлерде оның сабы қысқа, тіке жасалатын үлгілері де бар, оны саптыаяқ деп те атайды.
Ожау шараның егіз сыңарындай бір-біріне жарасып тұрады. Сондықтан да екеуі бірге жасалады, бірге қолданылады, бірге сақталады.
Күбі
Малды ауылдың жазы-қысы пайдаланатын ыдысы. Бұған қымыз, шұбат, айран, ашыған көже құйылады. Күбіні тұтас ағаштан үңгіп, немесе арша, емен, талдың жұқа тақтайшаларынан қосып та жасайды. Жеке тақтайшалардан жасалған күбіге түп салып (ол үшін тақтайшалардың іш жағы кертіледі), сыртынан темір құрсаулармен тартылады. Тұтас ағаштан жасалғандарының іші тегіс болу үшін күйдіріледі. Дайын күбінің ішін майлап, саба сияқты жиі - жиі ыстап отырады. Күбінің сыйымдылығы 20-30 литр, биіктігі сексен сантиметрдей, түп жағы кең, аузы тарлау болады. Шаң - тозаң түспеу үшін, әдемі дөңгелек қақпақ жасалады. Піспек сабы шығып тұруы үшін қақпақтың төбесін теседі немесе шетіне кертік қалдырады. Ағаштан күбі сияқты ойып немесе құрастырып кіші ыдыс та жасайды. Оны күршек дейді. Күршекті қыштан да саздан да жасайды.
Піспек
Күбідегі сусынды пісіп, араластыру үшін піспек пайдаланады. Оны күбі аузынан (қақпағынан) сыртына шығып тұратындай ұзын сабы және жалпақ әрі дөңгелек басы болады, ағаштан жасалады. Сабының жоғарғы жағын әшекейлеп немесе күміспен қаптап әдемілейді.
Құты
Бір-екі литр сұйық сиятын шағын ыдыс. Оны жылқы терісінен, ағаштан ойып, (немесе құрап) жасауға да болады. Жоғарғы жағынан мойын, одан ауыз шығарады, ағаштан не тоздан тығын жасайды. Мойнына қайыстан, жібек жіптен бау тағады да ер қасына, белбеуге, кереге басына, ілгешекке іліп қояды. Ішіне қымыз, шұбат, айран, көже сияқты сусындар құйып алып жүруге жеңіл, ыңғайлы ыдыс. Бұл жолға шыққанда жолаушылардың, малшылар мен жылқышылардың жанынан тастамайтын қолайлы ыдыстарының бірі. Құты шайқалған сайын ішіндегі сусын әсіресе қымыз бен шұбат нәрлене түседі. Ыдыс сыртынан қалың матадан немесе ақ киізден әсемдеп, оюлап қап та жасайды. Ол ыдыстың сынып, бүлінбеуіне, ішіндегі сусынның жылып кетпеуіне де әсері бар.
Көнек
Бие саууға қолайлы теріден жасалған ыдыс. Көнектің бүйірлері ою-өрнекпен бедерленеді. Тұрмыста өзге ыдыстардан гөрі осындай теріден жасалған ыдыстарға баса көңіл бөлінеді, өйткені онда қымыздың тағамдық қасиеттері жақсы сақталады
5. Қымыздың адам ағзасына тигізер әсері
Қымыз ем болатын аурулар
* Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады.
* Бие сүтіндегі полиқанықпаған май қышқылдары қан айналымын жақсартады.
* Бие сүтіндегі лактоферрин атты ақуыздан Ресей ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі жасауда.
* Қымыз ішкен адамның жаны мен қаны бұрынғы ішкен арақ пен сыраның зардаптарынан тазартады.
* Қымыздың майы атерокслероз ауруына шипалы.
* Қымыздың құрамындағы қанықпаған май қышқылдары адам денесіндегі жасушаларды жақсартады.
* Тамақтың алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50-100 мл) ішілген қымыз ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді.
* Ағзадағы зат алмасуын реттеп отыратын асқазанның, ішектің, ұйқы безінің ас қорыту сөлдерінің, бауырдағы өт бөлу жұмысын ынталандыратын қымыз құрамында пайдалы заттар бар.
* Қымыз құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар, аминқышқылдар болғандықтан, сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді.
Бұл өнімдерде В тобы, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп.
* Қымыз ашығанда пайда болатын сүт қышқылы, спирт асқазан-ішек сөлін қоздырып, астың жақсы қорытылуына, ыдырау өнімдерінің сіңуіне жәрдемдеседі.
* Бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады.
* Қымыз құрамында В, В2, В12 дәрумендері бар болғандықтан, ол жүйке ауруларына да өте шипалы.
* Қымыз ас қорыту органдарының, жүрек-қантамырларының, жүйке жүйесінің, басқа да органдардың қызметін жақсартады.
* Қымыз ішкенде адам тәбеті ашылады. Оған қымыз құрамындағы сүт қышқылы әсер етеді.
* П. Ю. Берлиннің зерттеуінде бие сүті майының туберкулез бактериясының өсуін тежейтіні айтылады.
* Қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра, өкпе туберкулезінен, бүйрек, сүйек ауруларынан, ішек-қарын, жүрек, қантамырлары кеселдерінен емдегенде, дәрумендер жетіспегенде қолданылуда.
* Қымызда адам ағзасына қажетті барлық элементтер бар.
* В12 дәрумені жоқ болса, жілік майында қан құрау бұзылады, қан аздық пайда болады. Мұнан қымыз ішіп сақтана аласыз.
Профессор З. Сейітов: «Саумал мен қымыз шипалы және тез сіңетін компоненттерге бай деген.
6. Қымызбен емдеу
Қымыздың энергетикалық қуаттылығы - 10 граммында 40 ккал бар. Қымызбен ас қорыту жүйесі ауруларын, анемияны, құрқұлақты, мешелді, туберкулезді емдеп-жазу оң нәтижелерін беруде. Қымыз ішектегі іріп-шіру үдерістерін де тежейді.
Қымызбен емдеу ережесі: алғашқы 3-4 күн бойы аз-аздап, күніне 0,5 литрдей ғана ішеді. Кейін 1 литр, одан да көбірек ішуге болады. Қымызды тамаққа дейін 1-1,5 сағат бұрын ішу қажет. Туберкулез қайталап өршіп, сырқат қан түкіріп, дене ыстығы көтеріліп тұрғанда оны қымызбен емдеу уақытша тоқтатылады. Гастрит ауруының қышқылдығы жоғары түрінде де қымыз ішуге рұхсат етілмейді. Төрт ай бойы тұрақты түрде қымыз ішкен адам ағзасындағы ауруларынан айығып, жасарады, жасы ұзарады.
Академик Төрегелді Шарманов: «Қымыз бен жылқы етінен жазылмаса, аурудың тым қауіпті болғаны».
Қымыздың құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Жақында ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана сүттің ерекше түрі қасиетіне ие екен. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше болып келеді. Бұл - бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары қаншама.
Жылқы малының төрт түлік ішінде текті екендігін бұған дейін де айтқанбыз. Жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейтінін қайтерсіз?!
Аурудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!
- дейді Ақтамберді жырау.
Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы.
Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру, ұйқысыздық, ішектегі жара сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі дәрумендер бар.
Дәрігерлер қымызды жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
Иә, ағайын, қымыз - дертке дауа, жасару, жасты ұзарту шипасы, қажетті сусын.
Қорытынды
Бұл «Қымыз барлық ауруға шипа» атты ғылыми жобаны, мен 4 -сынып оқушысы Калимат 2014 жылдың қыркүйегінен бастап зерттеп келемін.
Сонымен қымыз қазақ халқының ең құрметті сусыны. Ол барлық ауруға шипа.
Біз қымыздың тарихын, түрлерін, адамға ағзасын тигізер қасиетін қарастырдық. Ұлттық тағам - ұлы тағам. Ата -бабаларымыздан мұра боп қалған осындай ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз, яғни ұлттық өнімдерімізді білу оқушылардың міндеті.
Зерттеу жұмысының барысында ұлттық тағамдардың ең құрметтісі, дастарқан дәмінің бірі-қымыз жайлы, олардың адам денсаулығына келтірер емдік шипалы сусын екендігін зерттеп, өз ойымен ұштастыра білді.
Қорыта келгенде, қымыз сапалы тамақ өнімі ғана емес,сондай ақ шипалы сусын деп те есептеледі. Ешқандай сусын қымызбен тең келе алмайды. Құрамында дәрумендер, майлар, белоктар бай, ол талай ауруды емдеп қана қоймайды, олардың алдын да алады. Қымыз - қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Қымыз организмге жан-жақты әсер етеді. Қымыз - шипалы әрі жұғымды сусын. Сапы қымыз - дертке шипа, денеге күш.
Қымыз - ауруға ем, сауға қуат. Қымыздың денсаулыққа тигізер пайдасын айтып тауыса алмайсың. Қымыз құрамында «С» дәрумені мол, сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Оның емдік қасиеттері, әсіресе құрт ауруын емдеу қасиеті жоғары. Оның адам ағзасын әлсірететін созылмалы ауруларға қарсы күресетін артықшылығын да айта кеткен жөн.Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады. осы күні жастар жағы қымыздың орнына шетелдік «Coco-cola», «Pepsi-cola» тәрізді сусындарды жиі тұтынады. Оның ағзаға зияндылығын ескеріп жүрген бірі жоқ. «Coco-cola»-ның бала денсаулығына ауыр зиян келтіретінін дүниежүзі біліп, жар салып жатыр. Тіпті жарнамалауға тыйым салып, компанияға оның зияндығын мойындаты. Осы «Coco-cola» сусынымен көліктің есігін жуғанда бояуы бірден кетіп қалыпты. Тағы бір мысал - ауылдағы мал сойған үй қарын тазалау үшін осы сусынды пайдаланады екен.
Жаңа сойылған малдың қарнын 15-20 минут «Coco-cola» сусынына салып қойса, қарын аппақ болып шыға келетін көрінеді.«Pepsi-cola» сусынын да ішкеннен сақтану керек. Бұл сусын денсаулыққа өте қауіпті. Айталық, семіздік, диабет, жүрек, қан тамырлары ауруларына шалдықтырады.Сондықтан, тек қана ата-бабаларымыздың ізімен ұлттық тағамдарымызды бойымызға, ұлттық құндылықтарымызды жанымызға азық етейік, ағайын!
Ұсыныс
1. Қымыздың адам денсаулығына, аурудың алдын алу мақсатында сапалы дайындалған қымызды әрбір жас ұрпаққа ішкізіп, кеңінен қолға алынса.
2. Қымызды ауру түрлеріне байланысты шипа ретінде пайдаланатын бірқатар емдеу сауықтыру орындары ашылса.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақша энциклопедия
2.Қ.Бозымов "Жылқы және түйе шаруашылығы"
3. Қ.Дүйсенбаев, З.Сейітов, Ә.Хасенов "Қымыз"
4.Интернет материалдары
Павлодар облысы
Ақтоғай ауданы
Агрономия орта мектебі
Калимат Жансая «4» сынып
«Қымыз барлық ауруларға шипа»
Бағыты: Гуманитарлық
Секциясы: Этномәдениеттану
Жетекшісі: бастауыш сынып мұғалімі
Уалитова Әсел Жасқайратқызы
2015 жыл