7


Сөз сырына саяхат

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание: Сөз сырына саяхат(5 сынып оқушыларына арналған әдеби кеш жүргізу жобасы)«Тілін білмеген түбін білмейді»Ғ.Мүсірепов Әдеби кешті өткізу үшін бір ай бұрын дайындық жұмыстары жүргізіле бастайды. Іс-шараның сценарийі жасалып, сол бойынша қатысушы оқырмандарға тапсырма бері
предварительный просмотр материала

Сөз сырына саяхат

(5 сынып оқушыларына арналған әдеби кеш жүргізу жобасы)

«Тілін білмеген түбін білмейді»

Ғ.Мүсірепов

Әдеби кешті өткізу үшін бір ай бұрын дайындық жұмыстары жүргізіле бастайды. Іс-шараның сценарийі жасалып, сол бойынша қатысушы оқырмандарға тапсырма беріледі,көрнекті жерлерге кештің өткізілетіндігі жөнінде кештің аты, онда қамтылатын тақырыптар, өткізілетін орны және уақыты көрсетілген «Хабарландыру!» жазылып ілінеді. Әдеби кеш өтетін орны әсем безендіріліп, тілге байланысты нақыл сөздер, қанатты сөздер жазылып, ілініп қойылады, кеш тақырыбына орай көрнекті кітап көрмесі ұйымдастырылады. Әдеби кеште қамтылатын тақырыптар:

а) Тіл- ақылдың өлшемі (көне сөздер);

ә) Қазақтың тыйым сөзі- ұлттық тәрбие көзі;

б) Ұлттық дәстүр-рухани қазына.

в)Сөздік қорын мол болсын!

Жүргізуші: «Мұралардың ең қымбаты-сөз» -деген жазушы Ғ.Мустафин, бүгінгі мақсат- ұлттық тәрбиеден, ана тілімізден нәр алу. Адамның рухани дамуы бала кезден басталатыны белгілі, жазылмаған ақ қағаздай бала санасына халық фольклоры арқылы ұлттық рухани байлығымызды ұғындыру, табиғат, қоғам сырын ұлттық тәрбие негізінде насихаттау, сендердің халқымыздың ұлттық әдеп-ғұрыптары мен дәстүрлерін игерулеріңе, білімділікке, ана тілін жете түсінуге және жоғары мәдени деңгей, биік адамгершілік сезімталдық және танымдық ой-өрістеріңнің өсуіне ықпал етеді. Сөздің айтылуы оңай да жазылуы қиын? - Айту- дыбыстау, жазу- сол дыбысты таңбалау. Осыдан келіп әр адамның қабылдауы және қайыра жаңғыртуы әрқалай болғандықтан бәрімізді бірыңғай сөйлеу және жазу тәртібіне салып, сөз жүйесін бірізділікке түсіріп отыратын ереженің қажеттігі осында. Ол-сөздің заңы. Оқушылар, өздеріңмен өткізгелі отырған «Сөз сырына саяхат» атты әдеби кешімізде ана тіліміздегі сөздер сыры, олардың қолданылу тәсілдері, ұлттық, рухани тәрбие берудегі маңызы туралы сөз болады, пікір айтылады, кештің жүргізілуі барысында осы мәселелер төңірегінде өз ойларыңды ортаға салып, кеш жұмысына белсенді түрде ат салысуларыңды сұраймын!

Берілетін сұрақ: Көне сөздер деген не?

1-ші оқушы: Әр заманның өркендеуімен ескі қарым-қатынас ыдырап, адамдардың өмірге көзқарасы өзгеруіне жаңа терминдердің қолданысқа енуіне байланысты бұрынғы қолданыстағы сөздер қалып қойып отырады, мысалы: Ділда- ертедегі алтын ақша, Ылау- бір жерге барып қайтуға, немесе жүк жеткізуге арнайы жалданатын көлік «Түйе, ат), Батпан- бұрынғы заманғы салмақ өлшемі (1 батпан -8 пұтқа тең), Таған үй- төрт қанатты киіз үй, Құмай- тазының бір тұқымы, Пәс- төмен, көңілсіз, Ақбөкен- киіктің бір атауы, Бөрі- қасқыр, Томаша -шымшықтың ең кішкене түрі, Жаңдық- ұсақ мал, Жәндік- құрт-құмырсқа т.б.

Сұрақ: Тыйым сөзінің мәнін қалай түсінуге болады?

2-ші оқушы: Ырым мен тыйым - әлем халықтары арасында кең тараған көне қағида. Сыртқы орта мен адамдар арасында қалыптасқан қарым-қатынасқа көзқарас, түсінік-таным мен ұғым тізбегі.

Тыйым сөздер жеке тұлғаны әдептілікке, тазалыққа, жинақылыққа, өзін қоршаған ортаға деген сүйінпеншілікке тәрбиелейді.

Құстың ұясын бұзба, құмырсқаның илеуін бұзба; Бір қолыңмен нанды үзбе; Аяқ-қолыңды жіппен байлама; Үйге жүгіріп кіріп, жүгіріп шықпа; Адамға қарап қолыңды шошайтпа; Бос бесікті тербетпе; Үлкеннің алдын кеспе т.б.

Жүргізуші: Тыйым-ұлттық әдет-ғұрыпқа сәйкестендірілген тәрбие шарты. Сөздің айтылу ұйқасына сәйкес, оны «тәлім» деп түсінген жөн. Бұл біздің ата-бабаларымыздың көрегендігінің, кемеңгер даналығының, өмірлік тәжірибесінің көрінісі. Өлең өлкесімен тыйым сөзге қатысты қандай мысалдар келтірер едіңдер?

3-ші оқушы:

Кісіні көрсең есікте

Жүгіре шық, кешікпе.

Қарсы алмасаң меймаңды

Кесір болар нәсіпке. (Үмбетай (Тілеуұлы) жырау)

Қайта оралмас жас күнің,

Бұл-атам сөзі күндегі.

Қазақтың салтын, дәстүрін,

Жалғастыр, балам ілгері.

Жан болып өтпе қалғыған,

Халқынның жатта мың әңін.

Қариялардың алдынан,

Кес-кестеп өтпе, шырағым! (Көмек Ыбыраев)

Сұрақ: Төмендегі тыйым сөздердің мағынасын қалай ашып берер едің?

4-ші оқушы: Малға бас киім лақтырса, сүті кетеді; Малды аяқпен тебуге болмайды, малдың құты қашады; Нанды, тамақты сынау ашаршылықты шақыратын жаман ырым, «Асты қорлама, аздырады» деп халқымыз бекер айтпаған.

Сұрақ: Ырым сөзінің мәні қандай?

5-ші оқушы: Ырым- жақсы ниетке негізделген көне дәстүр. Ырым-кейбір жағымсыз құбылыстарды көрсетіп, одан құтылу жолын, адамның жаны мен тәнінің сау болуын, салауаттылығын уағыздайды.

Жүргізуші: Ұлтымыздың ырым-тілекке байланысты сөздері туралы не айтасыңдар?

6-шы оқушы:

Жаңа туған айды көргенде:

Ай көрдім, аман көрдім,

Бұрынғыдай заман көрдім.

Ескі айда есірке,

Жаңа айда жарылқа!., немесе «Жер-ана тәу-тәу өзіңе тапсырдым, Су-ана тәу-тәу өзіңе тапсырдым!» деген тілектердің тамыры тереңде, ежелгі түркі мәдениетінде жатқандығын байқаймыз.

Жүргізуші: Ұлтымыздағы ырымдық этикет «Жол болсын» мен «жолың болсын» сөз тіркестерінің негізгі мәні қандай?

7-ші оқушы: Жол жүргелі тұрған адамға жөн білгісі келген адам қайда бара жатырсың деп тіке сұрақ қоймайды, «жолың болсын» дейді. Жауап- «әлей болсын». Содан кейін барып, жолаушы мән-жайын түсіндіреді. Кетерде жөн сұраған кісі «Жолың болсын» деп тілек айтады. Жолаушы «әумин» деп жауап қайтарады. «Жол болсын» сұраулы мәнде болса, «жол болсын» тілектестік ниет. Сондай-ақ «Іске сәт!» -«Айтқаның келсін», «Көш көлікті болсын!»- «Әумин» т.б. айтуға болады.

Жүргізуші:

Ия, балалар сендерге артар міндет көп,

Орыңдаңдар осынау өсиетті құрметтеп,

Ақтай біл сен ата-баба тілегі мен үмітін,

Әрбір тыйым-тәлім сөзі бір мектеп!

Жүргізуші: «Жеті атаңды білу-азаматтық парызың!»немесе «Ұлттық ізет- адамның жан-дүниесінің байлығы мен алған тәлім тәрбиесінің көрініс»- секілді тіркестер халықтық педагогиканың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызының аса жоғары екендігін көрсетеді. Халық дәстүрінде үлкеннің де кішінің де, бір-біріне жас ерекшелігін ескеріп, үлкеннің жөн сілтеуі, кішінің кішілік ізет көрсетуі міндет саналады. Осы жөнінде кімде қандай пікір бар?
8-ші оқушы:

Туғаннан соң адам боп,

Білімсізден жаман жоқ,

Ел дәстүрін білмесең,

Жұрт айтады надан деп- дегендей, Ата-бабамыздың тарих сынынан өткеріп, кейінгі ұрпағына қалдырған ұлан-асыр тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлеу біздің парзымыз. Сондай ұлағатты дәстүрдің бірі- халқымыздың ежелден қуатты, айшықты сөз құдіретімен өрнектелген үлкен кісілердің ұрпағына тілейтін ақ тілегі, ақ тілеулі батасы:

Асың, асың, асыңа,

Береке берсің басына.

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсің қасыңа!- немесе, жол жүретін адамға:

Жортқанда жолың болсын,

Жолдасың Қыдыр болсын.

Қоржының тоқ болсын,

Қайғың жоқ болсын. Әумин!- деген сөздер халқымыздың «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деген философиялық тұжырымдарымен астасқан өмірлік мақсат-мұраттарға жетелейтін арманы, тілегі, аманаты.

10-шы оқушы: Батаны халқымыз киелі тілеу деп бағалайды, оған дәлел: «Бата-сөздің анасы» , «Атаңнан бота қалмаса да, бата қалсын», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Қыдыр дарып, бақ қонсын» -деген секілді аталы сөздің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқандығы.

Жүргізуші:

Халқынның мақтаны бол,

Алдыңнан ашылсын жол.

Атамекен туған жерді,

Туған тілді, тереңінен

Сақтай біл, тілегім сол!

4-бөлім. Сөздік қорын мол болсын!

Тесттік сұрақтар:

  • Қазақтың тұңғыш ұстазы кім? (Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов)

  • Қазақтың ұлы ақыны кім? (А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин)

  • «Халық поэзиясының алыбы» кім? (С.Дөнентаев, Ж.Жабаев)

  • Әңгіме, повесть, романдардың айырмашылықтары қандай?

(Әңгіме-қара сөзбен жазылған шағын көлемді көркем шығарма, повесть-прозалық жанрдың романнан кіші, әнгімеден көлемді түрі, роман-құрылысы күрделі, оқиғалар желісі, сюжеттік желі, кейіпкерлер қатары кең қамтылған прозалық шығарма)

  • «Аңыз» деген не?

(тарихта болған адам туралы, өлеңмен жырланған халық шығармасы).

  • Терең оймен шебер тілмен айтылған халық шығармасы?

(Шешендік сөз, аңыз)

  • «Бай болсаң халқына пайдаң тисін» -деген сөзді кім айтқан?

(Әйтеке би, Қазыбек би)

  • «Жақсы жігіт белгісі:

Түзде-мырза, үйде-құл» -кімнің сөзі?

  • Дүниенің сырын танып-білуге арналған халық нығармасы не?

(Жаңылтпаш, жұмбақ)

  • «Бес ін, бес іннің аузы-бір іні» халық шығармасының қай түрі?

(Мақал, жұмбақ)

  • Дыбыс пен сөді дұрыс, анық айтып жаттығу үшін не қолданылады?

(Мақал-мәтел, жаңылтпаш)

«Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ойыны:

Оқушылар үш топқа бөлініп, мақал-мәтел айтудан жарысқа түседі.

І-топ: Ата-ана туралы

«Ата-балаға сыншы», «Әке-асқар тау», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ананың сүті-бал, Баланың тілі-бал», «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» т.б.

ІІ-топ. Тіл туралы.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ»

«Жақсы сөз-жарым ырыс»

«Сөз-ақылдың ажары, тілдің көркі»

«Білімнен асқан бақ жоқ»

«Көсем-ел бастар, шешен- сөз бастар» т.б.

ІІІ топ: Туған жер туралы.

«Туған жердей жер болмас,

Туған елдей ел болмас».

«Әркімнің туған жері, Мысыр шаһары».

«Пәлен жерде пайда бар, өз жеріңдей қайда бар».

«Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» т.б.


Әдебиеттер:

1. Әлімбаев М. Өрнекті сөз-ортақ қазына. - Алматы: Қазақстан, 1967. -167 б.

2. Әміреұлы Қ. Көркем шығармалардағы сирек қолданылатын сөздерді түсіндіру. -Алматы: Рауан, 1998.-37 б.

3. Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер/ Құраст: Б.Адамбаев, Т.Жарқынбекова. -Алматы: Жазушы, 1985.-320б.

4. Ел қазынасы-ескі сөз (В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілері- Алматы: Ғылым, 1994.-614б.)

5. Жармұхамедов М. Көненің көзі: Оқу құралы.- Алматы: Санат, 1996.-144б.

6. Қыдырбекұлы Б. Түгел сөздің түбі бір. -Алматы: Қазақ университеті, 1993-175б.

7. Қыраубайқызы А. Ежелгі дәуір әдебиеті (Қазақ әдебиетін тереңдеріп оқытатын мектептерге арналған оқу құралы): Үшінші басылым. -Алматы: Мектеп, 2003.-86 б.

8. Әбенова З. Ана тілі- болашақ пен өркениеттің тілі. // Ақиқат, 2007, №4.

9. Мұқанқызы Р. Мақал-сөздің мәйегі. // Ұлағат, 2006, №3. -28-30беттер.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал