- Учителю
- Ұлы Жеңіске – 71 жыл
Ұлы Жеңіске – 71 жыл
Ұлы Жеңіске - 71 жыл
Иә, осы күнгі бейбіт өмір оңайлықпен келген жоқ. Қатал тағдырдың соқтырған азабы соғыс алаңындағы соқталдай азаматтардың жүрегінде жазылмастай жараға айналды. Бәрінің көкірегін кернеген жалғыз ой - Жеңіс туының көкке желбіреуі, ағайынның туып-өскен атамекенге аман-есен оралуы болатын. Алайда қар жастанып, мұз төсенген азаматтарымыздың қаншасы майдан шебінде шейт болды. Бірақ Отан-ана, Жер-ана, абыройлы қазақ елі алдындағы жауынгерлердің азаматтық борышы, өмірге құштарлығы, елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен зор сенімі оларды тек жеңіске жетеледі. Тарихта баяндалғандай, жеріміздің, еліміздің амандығын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған ата-бабаларымыз секілді Ұлы Отан соғысының зұлматты шақтарында ержүрек жауынгерлеріміз кең сахара даламызбен тұтас Отанымыздың амандығын, баянды, бейбіт болашағымызды өжет ерлікпен қорғап шығып, ұлы жеңіс салтанатын күллі әлемге паш етті. Тылда да майданға аттанған жауынгерлердің, оққа ұшқан боздақтардың отбасында тағдыр тауқыметі - үлкен қиындық орын алды. Елдегі ақ жаулықты аналар, сүйіктілерін, ерлерін майданға аттандырған қыз-келіншектер, буыны қатпаған балалар белдері бүгіліп, ұзақты күн білегі талып, «Бәрі де Отан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп ұрандатып еңбек етті. Сондықтан тағдыр тауқыметінің кермек дәмі осы жылдары тер төккен әрбір жанның есінен кетпесі анық.
Міне, адамзат тарихында мәңгі өшпестей болып сақталып қалған 4 жыл, яғни 1418 күнге созылған ең суық та сұрапыл соғыстың аяқталғанына 71 жыл толғалы отыр. Қаншама жылдар бойы өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен миллиондаған адамдардың, қаһармандықпен шайқасқан азаматтар мен азаматшалардың қатарында қазақ елінің өжет ұлдары мен қыздары да ерлікпен шайқасты.
Алтынның сынығындай болған сол аяулы да құрметті азаматтардың қатарында Сыр бойынан қару ұстап, жауға қарсы қасқайып тұрған бүгінгі егемен елдің ардақты ақсақалы болып аты аңызға айналған қарттарымыз баршылық. Олар от пен суға түсіп, сыз жертөлелерде тоңып, өр ағысты өзендерді кешіп, біздің жақсы өмір сүруіміз үшін денсаулығы мен қажыр-қайратын беріп, жарқылдаған жас өмірін құрбан етті. Қасықтай қанын төгіп, ұлтарақтай ата қонысын жау қолына бермеу үшін сұрапыл соғыс майданында ерлікпен, өжеттікпен күресті. Осындай қантөгіс соғыстың ауыртпалығын қайсарлықпен көтере білген, қиындыққа толы парасатты да, мағыналы ұзақ ғұмырды бастан кешкен жерлес аталарым көп. Олар Алиакбар ата, Шәмші ата, Шәкір ата.
Мектебімізде майдангерлер жайында іс-шаралар өткізіледі, сонда мектепке ардагер аталарды шақырып, арнайы сыйлыктар табыстап, баталарын алып, соғыстағы ерліктері жайында әңгімелеуін сұрайтынбыз. Өкінішке орай, 2015 жылы қос бірдей майдангер Алиакбар ата мен Шәкір ата қайтыс болды.
Ардагерлердің арасындағы Шәкір Оразбайұлы ата маған жақсы таныс еді. Елге ерекше сыйлы, қадірменді қариялардың бірі болды. Ұзақ жылдар партия, кәсіподақ, ауыл шаруашылығы жұмыстарында абыроймен қызмет етті. Сан салалы жұмыстар арасында сезімі сергек, зейіні зерек жан шығармашылықпен де айналысқан. Ол кісі менің көршім болатын, үйіне барсақ, ерліктері жайында әнгімелеуді өтінетінбіз. Шәкір ата да бас тартпай
соғыстың сұрапыл кезеңдеріндегі қиындықтарды айтып беретін. Бізге соғыс жайында айтқанда бойымды бір жағынан қорқыныш, бір жағынан мақтаныш билейтін. Біз келешектің бақытты жастарымыз, себебі Шәкір атаны тыңдағанда, соғысты көзімізге елестетуге қорқатынбыз, бірақ әңгіменің соңында соғыстың жақсы аяқталғанын естігенде, көңіліміз жадырап сала беретін. Міне, Шәкір ата да біздің бейбіт күніміз бен тыныш ұйқымызды қорғаған, аянбай тер төгіп, өлім мен өмірдің ортасында жүрген. Шәкір атаны, ол кісінің керемет әңгімесін қатты ұнататынбыз.Ол кісінің балалары қазір ата мен әже боп отыр, олар Шәкір атаның балаларға деген тәрбиесі бәрінен мықты болды дейді. Біз Шәкір атаның қартайған қарт кезінде дүниеге келдік, мен дәл қазір 13 жастамын, ол кісімен ес жиғалы небәрі 3-4 жыл болсақ та, Шәкір ата біздің жадымызда мәңгі сақталады. Мен есейгенде ол кісі жайында өз балаларыма өнеге ретінде айтып беремін. Атаның үйіне барғанда, бөлмесіне кіріп, бірінші атамның қолын алатынмын. Шәкір ата өмірден озған соң үйіне барғанда, орнының бос тұрғанын көргенде, денем мұздап сала береді.
Ұлы Отан соғысына менің нағашы атам Нұртаза Қалекеұлы да қатысқан. Менің есімімді сол кісі қойған екен, дегенмен атам мен дүние есігін ашпас бұрын қайтыс болыпты. Нұртаза ата аудандық қаржы бөлімінде 40 жыл, аудандық тұтынушылар одағының тексеру комиссиясы председателі қызметін 30 жыл, аудандық сотта 25 жыл заседатель болып еңбек еткен. Менің нағашы атам соғыс және еңбек ардагері. Нұртаза атам 1998 жылы қайтыс болған.
Ата! Жатқан жеріңіз жайлы болсын! Сіздей адам мен үшін қайталанбас тұлға.
Ұлы Отан соғысының еліміз үшін ауыр тигені рас. Қазақ отбасының қаншама шаңырағы ортасына түсіп, ойран болды. Бір отбасында бірі асқар таудай әкеден, бірі бауырынан, енді бірі ет жақындарынан айырылды. Ал, әлі ештеңені білмейтін, бұғанасы қатпаған балалар бақытты балалық шағымен ерте қоштасты. 1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс қанша жанның өмірін қиды, қанша отбасын ер жігіттерінен айырды, қаншама апа-әпкелеріміз қара жамылды, көптеген бүлдіршіндер жетім қалды. Елде аштық, жоқшылық орнады, тылда кішкене баладан бастап, еңкейген қарттарға дейін еңбек етті.
Бүгінде соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр. Соғыс туралы әңгімелер ертегі сияқты. Көп қасірет әкелген соғыс енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Неміс басқыншыларына қарсы соғыста қанша жауынгер ағаларымыз бен апаларымыз опат болды, қаншасы жарақат алды, от пен оқтың арасында жүрсе де берілмей, келешек ұрпақ үшін деп, қиындыққа қарсы күресе білді. Қаншама жауынгерлер майдан шебінде қайтыс болып, еліне жете алмай қалды. Қазіргі кезде хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіріп жатыр, жақын туыстары табылған жауынгердің бейітіне туған жерінің топырағын апарып қоюда.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 71 жыл толды. Біз 71 жыл бойы бейбіт өмір сүріп келеміз. Мұның бәрі ержүрек те батыл ағаларымыз бен апаларымыздың арқасы. Қазақстан қалаларының көптеген көшелеріне олардың есімдері берілген және ескерткіштер қойылған.
Біз - бақытты елдің ұрпағымыз. Осы күнгі бейбіт өмірге 1941-1945 жылдар аралығында бейбітшілік үшін күрескен ата-бабаларымызға алғыс айтуға тиіспіз. Бізге осындай бейбіт өмір сыйлағаны үшін, жеңіс сыйлағаны үшін, өз өмірлерін Отан үшін бергеніне алғыс айтуымыз керек!