7


  • Учителю
  • Мероприятие по казахскому языку на тему Бабалар сөзі - тәрбие көзі

Мероприятие по казахскому языку на тему Бабалар сөзі - тәрбие көзі

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Бабалар сөзі - тәрбие көзі

Кітапхананың оқу залы әдемі безендірілген. Көрнекті жерге Қазақстан Республикасының рәміздері ілінген. Қонақтар, оқырмандар осы залға жайғасуда. (Композитор Н.Тілендиевтің "Ата толғауы" күйі жаймен ойналып тұрады)

1-жүргізуші: Көп жасаған қария

Ақылы теңіз-дария.

Көп өнеге сөзі бар

Сөзі - соқпақ, өзі нәр.

Ата салты - ардақты,

Әрбір сөзі - салмақты.

Сол сөздерді ұқпасаң

Тістерсің бір күн бармақты.

2-жүргізуші: Бабалар сөзі - кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы.

Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты - бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, жүрегімізден орын алуда.

Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар.

"Бабалар сөзі - тәрбие көзі" атты сауалнама-әңгімеміз қарт ата мен жас жігіт арасында болған әңгіме түрінде өтеді. Яғни, қарияның жігітке қойған сауалына жігіттің жауап беруі және қарияның ол пікірді толықтырып өз ойын айтып беруін көрсетеміз.

1-бала: - Арман деген не? - депті қария.

- Ата арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс -ұшсам дейді, бала - өссем дейді, қыз - көрікті болсам дейді, жігіт - бақытты болсам дейді, қарт - жүзге жетсем дейді, ұстаз - шәкіртіне үлгі болсам дейді.

Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмайды.

Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, - депті қарт.

2-бала: - Бақытты болу оңай ма? - депті қарт.

- Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында - депті жігіт.

- Жоқ балам, ақыл басында болса, бақыт жанында болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен.

3-бала: - Дос табу оңай ма? - депті қарт.

- Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.

- Жоқ балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, - депті қарт.

4-бала: - Өмірде не жетім? - депті қарт.

- Ата-анасы жоқ бала жетім - депті жігіт.

- Дұрыс балам. Өмірде ата-анасы жоқ болса бала тірі жетім. Өмірде тоғыз жетім бар. Халқына сенімсіз болса - хан жетім. Ханы ақылсыз болса - халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса - әкім жетім, суы жоқ - құдық жетім, ұлы жоқ - әке жетім, қызы жетесіз болса - ана жетім, досы жоқ -жігіт жетім, шәкіртсіз - ұстаз жетім.

Өмірде жетім болсаң есірме. Ақылды жетім кеңесуге құмар; Ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.

5-бала: - Үйде кім, елде кім қадірлі?

- Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі - депті жігіт.

- Жоқ балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала үйдің патшасы, балалы үй базар, баласыз үй қу мазар, - депті қарт.

6-бала: - Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

- Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, - депті жігіт.

- Жоқ балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін ол - ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

Ана - үйдегі бақ, әке отыратын - тақ. Ана ақылды болса үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы - депті қарт.

7-бала: -Елді кім, үйді кім бүлдіреді? - депті қарт.

- Ата, елді өсекші бүлдіреді, үйді ақылсыз бала бүлдіреді.

- Есіңде болсын, ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдірер.

Әкім - ақылсыз болса - ел тозады, өсек әкімді өсірмейді. Өсекті тыңдау - әкімге жараспайды, өсиетті тыңдау тақтағы ханға жараспайды, - депті қария.

8-бала: - Үйдегі алтын қазық кім? - депті қарт.

- Ата, үйдегі алтын қазық бала, - депті жігіт.

- Жоқ балам, үйдегі алтын қазық - ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде, - депті қарт.

9-бала: - Өмір сүру үшін не қажет? - депті қарт.

- Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, - депті.

- Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді, - депті қарт.

10-бала: - Шындықты не бұзады? - депті қарт.

- Ата, шындықты тіл бұзады, - депті жігіт.

- Дұрыс, балам, шындықты тіл бұзса, өкініші көбейеді, не өсек көбейеді. Шындықты білу қиын, айтылған сөзді тоқтату қиын. Адал адам шындықты білсе, өсек қылады. Өсек ерді бұзады. Өсекті көп айтқан шындықты білмейді, шындықты білген өсекшіге ере бермейді. Өмірде шындықты өсек бұзады, - депті қарт.

11-бала: - Адамға ақыл беретін кімдер? - депті қарт.

- Ата, ана тілі ғой ақыл беретін, - депті жігіт.

- Жоқ балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос - жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, - депті қарт.

12-бала: - Адамның ақылы қайда? - депті қарт.

- Адамның ақылы тілінде, ата, - депті жігіт.

- Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінгеннің қалтасында, - депті қарт.

13-бала: - Достықты нығайтатын не? - депті қарт.

- Ата достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.

- Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын, шын достың ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң "Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұхсат па" дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі, кешіре білген рахмет те айта біледі. Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз өміріңді өшіреді - депті қарт.

1-жүргізуші: Міне, балалар, көрдіңдер ме, дос табу үшін, елде кімнің қадірлі екенін, өмір сүру үшін не қажет екенін, шындықты бұзатын, достықты нығайтатын не екенімен таныстық және осындай ғибрат аларлық сөздерді есте сақтау керектігін ұмытпаңдар.

2-жүргізуші: Енді "Ескірмейтін есті сөз" айдары бойынша ойын-жарыс өткізіледі.

Бұл бөлімге дайындалу балалардың өздеріне тапсырылған. Күнделікті өмірде ата-әжелерің, әке-аналарыңның айтып отыратын ырым мен тиым сөздер жарысын өткіземіз. Кім көп біледі екен?

1-бала: Отқа су құйма, түкірме. Себебі кезінде ата-аналарымыз отқа табынған. От өмір, тіршілік көзі саналған.

2-бала: Мал сүйегін отқа жақпа, ақты төкпе.

Себебі тірі малдың сүйегі сырқырап, желіні іседі, малсыз қалып жоқшылыққа ұшырайды деген ұғым бар.

3-бала: Қазақ түнде мал, адам санамайды, себебі басың кемиді деп есептеген.

4-бала: Пышақтың жүзін жалама, пышақты кезенбе. Себебі пышақ ұзарып кетеді.

5-бала: Үйге қарай, үйді айналып жүгірме.

6-бала: Күлді, тұзды баспа, шашпа, аяғың ауырады.

7-бала: Жағыңды, беліңді таянба, тізеңді құшақтама. Тек қаралы адамдар ғана осылай отырады.

8-бала: Бас киіміңді лақтырма, теппе, басың ауырады.

9-бала: Нанды шашпа, баспа, нан - өмір нәрі.

10-бала: Туысыңа ит, пышақ сыйлама, себебі араз болып қалуың мүмкін.

11-бала: Өсек, өтірік айтып, жағымпаз, мақтаншақ болма.

12-бала: Үш күн айтта кір жууға, тырнақ, шаш алуға болмайды.

13-бала: Адамға ажал шақыратын мына ырымдар:

Саусақты тарақтап, қолды көкірекке не желкеге қойып жатпайды. Мойынға бос арқан салмайды. Қамшының өрімінен ұстап сабын жерге сүйретпейді. Жуылған киімді далаға оң қаратып жаймайды.

14-бала: Тәңертең міндетті түрде өз үйіңнен ораза ашып (тамақ ішіп) шық. Себебі "таңғы тамақ тәңірден" деген сөз бар.

15-бала: Дастарханды баспа, аттама.

16-бала: Сыпырғышты көкке көтеріп, баланы ұруға болмайды.

Міне осындай ырымдар мен тиымдарды еске сақтап,

орындап жүруіміз қажет.

(Музыкалық үзіліс)

1-жүргізуші: - Ендігі кезекте біз ненің жақсы, ненің жаман екендігімен, қасиетті ұғымдармен танысуымыз керек. Бұл бөлім сайыс түрінде өтеді. Қонақтар мен оқушылар болып сайысқа түсеміз. Сұрақтарға жауап беру кезегін алдымен қонақтарға береміз, соңынан оқушылар толықтырады.

2-жүргізуші: Жерден ауыр не бар?

Судан терең не бар?

Оттан ыстық не бар?

Көктен биік не бар?

(Қонақтар жауабы тыңдалады)

Оқушы: Жерден ауыр дегенім - ақыл, білім,

Судан терең дегенім - оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім - адамның өмірі.

Көктен биік дегенім - тәккапардың көңілі

1-жүргізуші: Алты алаш деген не?

Оқушы: - Алты алаш деген - Алаш ханның балалары - Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайылхан.

2-жүргізуші: Дүниеде не жетім?

Оқушы: Жаңбыр жаумаса - жер жетім,

Басшысы болмаса - ел жетім.

Ұқпасқа айтылған - сөз жетім

1-жүргізуші: Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?

Оқушы: Ананың сүті тәтті. Ананың қолы жұмсақ. Әкенің жүрегі қатты.

2-жүргізуші: Дүниеде ең жақының кім?

Оқушы: Тату болса - ағайын жақын

Ақылшы болса - апайың жақын

Бауырмал болса - інің жақын.

Инабатты болса - келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,

Қимас жақын - қарындасың.

1-жүргізуші: Дүниеде не қымбат?

Оқушы: Алтын ұяң - Отан қымбат,

Құт-береке - атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат.

Мейірімді - апаң қымбат.

Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.

2-жүргізуші: Дүниеде не қиын?

Оқушы: Арадан шыққан - жау қиын.

Таусылмайтын дау қиын.

Шанышқылаған сөз қиын.

Жазылмаған дерт қиын.

Іске аспаған серт қиын.

Ақылынан адасып,

Өзің түскен өрт қиын.

Не істеріңді біле алмай,

Ашиды сонда бас миың.

(Музыкалық үзіліс)

1-жүргізуші: Енді біз сайысымызды мақал-мәтел айту түрінде жалғастырамыз. Мақалды біз бастаймыз, қонақтар жалғастырып аяқтайды. Егер қонақтар жалғастыра алмаса, кезекті оқушылар алады. Таңдап алынған мақалдар тіл, шешендік, ата-ана, ұл, қыз туралы айтылады.

(Мақалдардың бірінші бөлігін екі бастаушы кезек айтып, жалғасына жауап күтіп тұрады)

1. Таппасаң сөздің жүйесін ... (отына өзің күйесің)

2. Ақылдының сөзі қысқа, ... (көпке болар нұсқа)

3. Шешен сөз бастар, ... (батыр қол бастар)

4. Қылыш жарасы бітеді, ... (сөз жарасы бітпейді)

5. Көп ішінде сөйлеген, ... (ойға салмай сөйлеген)

6. Көсемдіктің белгісі, ... ( шешендіктің белгісі)

7. Көп сөз - күміс, ... (аз сөз - алтын),

8. Жақсы жігіт - аспандағы жұлдыз ... (жақсы қыз - жағадағы құндыз).

9. Ақылың ағаңда болсын... (құндызың жағаңда болсын).

10. Әке көрген оқ жонар ... (шеше көрген тон пішер).

11. Өткір тіл - дарын ,... (ұзын тіл жауың)

12. Тоқсан ауыз сөздің ... (тобықтай түйіні бар)

13. Тіл тас жарады,... (тас жармаса бас жарады).

14. Жігіт болсаң 7 жұрттың тілін біл ... ( немесе 7 түрлі ғылым біл)

Осыдан соң сайыстың қорытындысы шығарылады.

1-жүргізуші: Міне, балалар, сендер тәлім-тәрбие аларлықтай "Бабадан қалған асыл сөздер" өте көп екен. Сондықтан да үлкендердің әр сөзіне зер салып, әр сөзінің астарына үңіле қарай білу керек. Әсіресе үйдегі ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның әр сөзін ұғып, кәрі адамдардың ақылын, өсиетін есте сақтаңдар.

1-оқушы: Атам - кітап, мен - дәптер,

Ақыл толы сөзіне.

Қызығам да әлбетте

Көшіремін өзіме.

2-оқушы: Еш дүкенде сатылмас,

Тегін кітап атамыз.

Қанша оқысаң сарқылмас

Өмір - кітап - атамыз.

3-оқушы: Беттер ашық ұдайы,

Оқылатын кітап ол.

Сырын ашып ұдайы

Тоқылатын кітап ол.

Соңы концерттік бағдарламамен жалғасады

БАЛАНЫҢ ДАРЫНДЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛДЕР

маған ұнады

Архабай Тоғжан Перденқызы

Шиелі ауданы, Ы. Жақаев ауылы

№ 149 «Қызылту» орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Қазақстанның көркеюі үшін оқушылардың таланты мен қабілеті ашып, оларды оқыту барысында дамыту өте маңызды. Қазіргі уақытта білім беру саласында жоғары жетістіктерді анықтайтын және ынталандыратын бірқатар өңірлік, ұлттық, халықаралық сайыстар мен бағдарламалар жүргізіледі. Мұндай сайыстық құрылымдар талант пен қабілетті өрістетудің, барлық балалар әлеуетін дамытудың жалғыз тәсілі болып табылмайтыны туралы пікірлер баршылық. Осы бағдарлама аясында талантты және ларынды балаларды оқытуды дамыту үшін анағұрлым инклюзивті тәсіл пайдаланылатын болады.

Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет - балалардың қабілеттері мен таланттарын жан - жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін (түрі, деңгейі және т.б) анықтау мен айқындау болып табылады.

Дарынды балаларды анықтау - баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы, сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет. Балалар бойындағы дарындылықты анықтау - ұлттық маңызды мүдделердің бірі. Қазіргі уақытта баланы дарынды және дарыны жоқ бала деп бөле отырып, біз келешектегі баланың дарындылығына қол сұғып отырғандаймыз. Баланың бойындағы қайталанбас ерекшелігі өсе келе баланың шын мәнінде талантты болатынына кепілдік бола алмайды.

Жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, дарынды балаларды анықтаудың мынадай ұстанымдары тұжырымдалады:

  1. түрлі ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез - құлқы мен іс - әрекетін жан - жақты бағалаудың кешендік сипаты;

  2. баланы танып - білу мен зерттеудің ұзақтығы (баланың түрлі жағдайдағы іс - әрекетін кең уақыт көлемінде бақылау);

  3. баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясында баланың іс - әрекетін талдау жүргізу (арнайы ұйымдастырылған пәндік - ойындық сабақтарға қатыстыру, сәйкесінше түрлі іс - шараларға қатыстыру);

  4. дамытушылық ықпал ете отырып, баланың психологиялық «кедергілерін» жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану;

  5. баланың бойындағы қандай да бір дарынды бағалауда жоғары санатты тәжірибелі мамандарды тарту (математиктер, филологтар, шахматистер, инженерлер және т.б);

  6. баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес, сондай -ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырып бағалау;

  7. жұмыс нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелесу, мұғалімдер мен ата - аналардың сараптамалық бағалары, баланың эксперимент жағдайындағы нақты іс - әрекетін бағалаумен байланысты психодиагностиканың эксперименттік маңызды әдістеріне сүйену,

Баланың дарындылығын тек бірегей көрсеткіштерге қойылған бағамен негіздеуге болмайды, мысалы, ақыл - ой дамуының жеке деңгейін сандық көрсеткіштер - психоөлшемдік сауалнамалар көмегімен анықтайтын ақыл - ой коэффициенті (IQ).

Дарынды балаларды анықтауда кешенді қадам жасау ұтымдырақ болатыны сөзсіз болып табылады. Бұл тұста кең ауқымды түрлі әдістер қолданылады:

- балаларлы бақылаудың түрлі баламалары (шынайы және зертханалық жағдайда, мектептен тыс іс - әрекет барысында);

- баланың отбасылық жағдайы, оның ерте балалық шағынан бергі жетілуі туралы ақпараттарды жинаудағы түрлі әдістер ( ата - аналармен әңгіме, сауалнама алу, балалар шығармалары, күнделік жазбалары және т.б);

- арнайы психодиагностикалық тренингтер;

- арнайы бағдарламалар бойынша «байқау» сабақтарын өткізу, балаларды арнайы ойын және пәндік сабақтарға қатыстыру;

- түрлі танымдық әрі пәндік олимпиадалар, конференциялар, спорт жарыстарын, шығармашылық байқаулар, фестивальдар және т.б ұйымдастыру;

Дарынды балаларды анықтау - арнайы бағдарлама мен білікті мамандардың қатысуын қажет ететін өте күрделі мәселе және дарынды балалармен жұмыс істеудегі қажетті кезең болып табылады. Тұлға дарындылығы өзінің құрылымдық негіздері бойынша адами қайталанбастықтың көп өлшемді, көп қырлы болып байқалады. Басқаша айтқанда дарындылық өзара байланысқан үш: ынталандырушылық, когнитивтік (танымдық), іс жүргізушілік толықтауыштан тұратын біртұтас сипатқа ие.

Дарындылықтың ынталандырушылық толықтауышы мынадай сипатта болады:

- танып -білуге, ақыл - ой жұмысына деген шынайы қызығу, ұмтылу және еңбектену, нәтижесіне қуану мен қанағаттанудың айқын көрінуі;

- өз бетімен жүргізетін шығармашылық - зерттеу жұмыстарына деген ұмтылыс пен қызығушылық;

- өзін жетілдіруге, ойларын жүзеге асыруға, өзін және өз жұмысының нәтижесін бағалай алуға қабілеттілігі мен ұмтылысы;

- болжам жасауға, еріктік ауыртпалыққа, ойларды межелеуге, зейінді жинақтауға жоғары деңгейлі дайындық;

Когнитивті (танымдық) толықтауыш мынадай сипатта болады:

- жоғары танымдық мүмкіндіктің болуы, айқын қабілеттер мен шығармашылық қабілеттердің болуы. Өз бетімен жұмыс істей алушылық, ойлау мен кез келген мәселені шешудегі қайталанбастық;

- жеке жауапкершілікті түсіну, ішкі басқару тұтқасының болуы, жетілуге қарсы кедергілерді жеңе білу, алынатын нәтижеге көрегендік жасай алу, жеке мүдделердің ауқымдылығы, өз қызығушылық аясын құрайтын қызметтерге ынтызарлық көзқарас, олардың әлеуметтік маңызын түсіне білу, әсершілдік, сезімталдық, тынышсыздық;

Субъектінің іс - жүзілік толықтауышының сипаттары:

- білімпаздық, жалпы оқу дағдылары мен қабілеттерінің жоғары деңгейлілігі, танымдық қажеттілігі мақсаты және саналы сипатқа ие, зерттеліп жатқан мәселенің маңыздылығын зерделей алушылық;

- жаңалық ашуға деген мақсаттылық, иілгіш, жылдам, ілеспелі және шығармашылық ой - өріс шыңдау мен дәлелдеуге деген ұмтылыс, өзінің дарындылығы аясындағы қызметке толығымен берілу;

Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай XXI ғасыр -білімділер ғасыры. Бізге ой-өрісі дамыған, талантты және дарынды ұрпақ тәрбиелеу керек. Мектептегі іс - тәжірибе кезіндегі жұмыстарымда жүргізілген Фриманның 8 өлшемі бойынша (1998) баланың дарындылығын анықтауға болатынына көз жеткіздім. Баланың дарындылығын анықтаудағы алға қойған мақсатым жан - жақты білімді іскер өздік ойлау жүйесі дамыған адамгершілігі жоғары, дені сау барынша қабілетті жанды қалыптастыру. Бала дарынының ашылуын өз қабілетіне сәйкестендіре дамытуымыз керек. Дарынды балалармен жүйелі жұмыс ұйымдастыру керек. Бала дарындылығын ашылуын өз мүмкіншілік қабілетіне сәйкестендіре отырып дамыту және үнемі жетілдіру мақсатында жүзеге асыру қажет. Шәкірттердің оқушылардың ақыл - ой қабілеттерін жетілдіру, шығармашылық жеке дарындылығын дамыту. Дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына, дамуына, қоршаған ортаға өзін - өзі жарнамалауына үлес қосқанымыз абзал. Осыдан күтілетін нәтиже өз ойын дәлелдей алатын, жан-жақты білімді, білімін жүзеге асыра алатын, белсенді, мәселені анықтау үшін стратегияларды қолдана алатын, жаңашыл идеялар туғызады, ашық, қалыптасқан өзіндік азаматтық көзқарасы бар іскер, ақылды, адамгершілігі мол тұлға болады.

Фриман (1998) тексеру парақтары мұғалімдерді шатастырып, дарынды, талантты балаларды анықтау барысында қате бағыт беретіні жайында зерттеулерден мысал келтіреді. Бірақ тексеру парағында зерттеулерге негізделген және ең үздік оқушыларды анықтайтын сенімді өлшемдерді тиімді қолдануға болады, олар тқменде көрсетілген (Montgomery, 1996; Freeman,1991):

- есте сақтау және білім: олардың есте сақтау қабілеттері өте жоғары; олар ақпаратты біліп қана қоймай, оны пайдалана алады;

- өз білімін жетілдіру: олар оқыту үдерісінің қалай жүретінін басқалардан гөрі жақсы біліп, өздерінің оқуын реттей алады.

- ойлау қабілетінің жылдамдығы: олар жоспарлауға көп уақыт жұмсауы мүмкін, бірақ жоспардың жүзеге асуына тез жетеді;

- мәселені шешу: олар ақпартты толықтырып, олардың қайшылықтарын анықтап, мәніне тезірек жетеді;

- икемділік: басқалараға қарағанда олардың ойлау қабілеттері жақсы ұйымдастырылған, дегенмен олар оқуда және проблемаларды шешуге балама шешімдерді көріп, қабылдай алады:

- күрделілікке деген сүйіспеншілік: қызығушылығын арттыру үшін олар күрделі ойын мен тапсырмаларға ұмытылады;

- шоғырлану: ерте жасынан бастап ерекше қабілеттерін ұзақ уақытқа шоғырлау қабілеттері бар;

- ерте символдық белсенділік: олар ерте жасынан сөйлей, оқи және жаза бастайды (Freeman, 1998)

Оқушылар дарындылығының дамуын екіге бөлуге болады. Олар: дарынды және аса дарынды.Аса дарынды балалар деңгейіне жатқызылған оқушылар ерте жастан танып - білуге құштарлық, таңғажайыптарға деген қызығушылық танытады және оларға адамның табиғи қасиеті ретінде зерттеушілік мінез - құлық тән.

Бұл жастағы балалар өзінің дарындылығын жеке өмірінің қалыптасуында маңызды екенін ғана емес, еліміздің әлеуметтік - экономикалық хал - ахуалының дамуында да маңызды рөл атқаратындығын түсінеді. Қандай да бір білім беру мен қызмет саласында анық байқалатын қабілеті бар оқушы өзін - өзі жүзеге асыруға деген қажеттілікті сезіне біледі. Оларға бәсекелсетік пен көшбасшылық сияқты қасиеттер тән, сондықтан да олар түрлі байқаулар, олимпиадалар, конференцияларға қатысып,жүлделі орындарға ие болып, марапатталады. Мұндай оқущылар түрлі деңгейлік жарыстардан өте келе республикалық және халықаралық білім сайыстарына қатысуға іріктеледі және жоғары білім алу үшін республикалық, алыс - жақын шетелдік атақты оқу орындарына сөзсіз оқуға түседі. Аса дарынды балалар үшін мектептің оқу бағдарламасының көлемі тарлық етеді. Олар мұғалімдер мен ата - аналардың көмегі арқылы, өз бастамалары бойынша білімдерін жетілдіріп, жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізе отырып, ғылыми - зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дарынды балалармен әңгімелесу мен ой эксперименттерінің негізінде аса дарындылық деңгей көрсеткіштері 90 - 100 % - ға сәйкес келуі керек.

Екінші деңгейді «дарынды балалар» деп атаймыз. Оларға да ынталандыру белгілерінің барлық көрсеткіштері тән. Оларға танып - білу, танымдық қызығушылық, белгілі білім беру мен қызмет саласындағы еңбекке бейімділік жатады және осының негізінде танымдылық қажеттілік туындайды. Осы топқа жатқызылған жоғары сыныптағылар ел экономикасы, ғылымы мен мәдениетінің дамуын жақсы біліп, туындап отырған көптеген мәселелерді түсінеді, олар өз қабілеттерін дамытып, жоғары білім алуға талпынады. Дарынды балалар мектеп өміріндегі түрлі жарыстарда, әсіресе олардың қабілеттерімен байланысты жұмыс аясында белсенділік танытады. Олар мұғалімнің жетекшілігімен аудандық,қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстар мен байқауларға қатысуға ұмтылады. Дарынды балалардың ой - өрістік және арнайы қабілеттерімен дараланады. Мұндай дарынды балаларда психикалық процестер жаксы дамыған. Олар: ой операциялары, есте сақтау, зейін, елестету мен тілдесу.

Дарынды балалардың бұл тобы өздерінің келешек дамуында жеткілікті мүмкіндікке ие болып, еліміздің өз бетімен ой тұжырымдай алатын, шығарамшыл азаматтарының қорын молайтуға қабілетті. Дарынды балалар барлық көрсеткіштерін 75 % - дан төмен көрсетпеуі тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық «Талантты және дарынды балаларды оқыту» , «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012

  2. Ү. Б. Жексенбаева «Балалардың дарындылығын диагностикалау» Радиал баспасы, АЛМАТЫ 2005

Ана тілім - тірлігімнің айғағы

Категориясы: Бастауыш сынып</</p>

Сабақтың тақырыбы: Ана тілім - тірлігімнің айғағы

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың тіл туралы білімдерін жетілдіру. Өз тіліне, туған жеріне, Отанына құрмет көрсете білуге баулу.



Көрнекілігі: Тіл туралы мақал - мәтелдер

Сабақтың тақырыбы: Ана тілім - тірлігімнің айғағы

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың тіл туралы білімдерін жетілдіру. Өз тіліне, туған жеріне, Отанына құрмет көрсете білуге баулу.

Көрнекілігі: Тіл туралы мақал - мәтелдер



Сабақтың барысы:



Кіріспе сөз.

- Соңғы жылдары ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, халықтық педагогиканың асыл қазынасын пайдалануға, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт - дәстүрімізді жетілдіруге мүмкіндік туғызғаны еліміз үшін зор қуаныш.

Ана сүті бой өсірсе, ана тілі ой өсіреді. Ананың тілі арқылы бабалар аманатына адал болайық.

Әдеби монтаж

Қуан далам! Қуанатын күн бүгін,

Тіл туралы заңым енді күшіне!

Қуан халқым! Күшіне енді тіл заңы!

«Сүйінші!» деп ақын ұлың жырлады.

Ел елдігі бағаланар тілменен

Сол арқылы құлпырады гүл бағы

Тіл деп біл өз тіліңді ғалам сүйген,

Өйткені атаң менен анаң сүйген

Ал мұны біліп қана қойсаң күнә,

Мұрат ет, жалғастырып, балаң сүйген!



Сұрақтар:

- Тіл туралы заң қашан қабылданды?

- Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілі қай тіл?

- Біз оқулықтарымызды қай тілде оқимыз?

- Конституцияда тіл туралы не делінген?



Ана тілі біздің туған анамыз,

Анамызды сыйлап, бағып - қағамыз.

Ана тілін бағаласақ қалай біз,

Өзіміздің солай болмақ бағамыз.

Ана тілін кім бағалай білмесе,

Анасынан безген ұл деп қараңыз.



Ана тілі - асыл күні бабамның,

Қуатымсың ақ сүтіндей анамның

Сәби шақтан бесігімде жыр тыңдап,

Туған тілді жаттап өскен баламын.



Айналайын халқымнан,

Айналайын даңқыңнан.

Ана тілдің бағасы,

Қымбат екен алтыннан.



Тілің - бағың бастағы,

Тиістісің білуге.

Тарихың да тастағы,

Ата - бабаң тілінде.



Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»

- Тіл туралы білетін мақал - мәтел, нақыл сөздерімізді ортаға салайық.



Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.



Тілі жеткенше сөйлеген шешен,

Қолы жеткенше нұсқаған көсем.



Тиекті тілден текті сөз шығады,

Тиексіз тілден кекті сөз шығады.



Ер қазынасы - жүрген із,

Ел қазынасы - көне көз,

Тіл қазынасы - ескі сөз.



Жыланның уы тісінде,

Адамның уы тілінде.



Жақсылықпен қуантатын да тіл,

Жамандықпен қуартатын да тіл.



Өткір тіл - дарын, ұзын тіл - жауың.



Көрініс: «Менің тілім өлмейді»



- Тіл туралы қандай мазмұнды ойларың бар?



1. Халық бар жерде тіл бар. Тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі - оның бақыты, қуанышы.

2. Өз тіліңді білу, өз тіліңде ер жетіп, ел қатарына қосылу - өмірден алған ең үлкен сыйың.

3. Халықтың қуаты - тілдің қуаты. Біз ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.

4. Ана тілінде сөйлеу мәдениеттіліктің әдептілік өлшемі болып табылады.



Ән: «Анамның тілі - аяулы үні»



Туған тілім табындырған талайды,

Ел ертеңі саған ғана қарайды.

Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,

Ана тілім әрқашанда арайлы.



Тілім бар да қазағым бар, халқым бар,

Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар.

Кең даладай жиналмаған жан - жағы,

Аңқау ашық мінезім бар аңқылдар.



Ана тілі көңіліңе гүл егер,

Ана тілді ғұмырым деп біле бер.

Өзге тілде сөйлей білу бір өнер,

Ана тілде таза сөйлеу шын өнер.



Поэзия минуты.



- Нұрғожа Ораздың «Кел, ағайын, сілкінші!» өлеңі. Оқитын Орынбасаров Әнуар.

- Ән «Балғындар жыры». Орындайтын Бақытжанова Айнагүл, Саржанова Гүлфия, Бөлекбаев Ақылбек.



Тілім менің!

Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің,

Тұнығым, рухани жан азығым.

Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.

Тілім менің!

Тілім үшін мың өліп, тірілді елім.



Бабамыздың тілі деп,

Даламыздың үні деп,

Ана тілін сүйеміз,

Басымызды иеміз.



Қорытынды сөз.

- Ана тілін дұрыс білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам атануға болмайды. Сондықтан да әрқашан өз тілімізді, ана тілімізді, қазақ тілін құрметтеп, ардақтап әрбір сөз мағынасына тереңірек үңіліп, сөз қадірін ұғына білуге үйренейік.







 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал