7


  • Учителю
  • Даналығын халқымның мақтан етем

Даналығын халқымның мақтан етем

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание: Түлкібаева Шамшахар-Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, №3 мектеп-интернатының тәрбиешісі.Даналығын халқымның мақтан етем.Мақсаты:1.Білімділік- аталардан қалған ұлағатты сөздерді баларға ұғындыру.2.Тәрбиелік- сол сөздерден өнеге алуға баулу3.Дамытушылық- ойын нақты же
предварительный просмотр материала

Түлкібаева Шамшахар-Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы,

№3 мектеп-интернатының тәрбиешісі.


Даналығын халқымның мақтан етем.


Мақсаты:

1.Білімділік- аталардан қалған ұлағатты сөздерді баларға ұғындыру.

2.Тәрбиелік- сол сөздерден өнеге алуға баулу

3.Дамытушылық- ойын нақты жеткізуге тапқыр сөйлеуге,ақылды, салмақты ой айтуға үйрету.

Бүгінгі тәрбие сағатымыз үш бөлімнен тұрады.

I Шешендік шиырлары

II Шешендік нақылдар мен толғаулар

III Сөз Атасы

Мұғалім: Қазақ-сөз қадірін, өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр.

Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуәсіз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр, лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр-бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін. Оның рухы, жан құпиясы, төзім-сезімі сөз құдіретімен тұтас, туыс. Сондықтан да ол үшін сөзден өткен күш, құдірет жоқ. Тоқтам жоқ.

I бөлім. Шешендік шиырлары

1-оқушы. Сырым. Торы-тоқсан тоғыз төбелі-бір

Бірде Нұралы хан Сырымға шабарман жіберіп:

-Торы көп пе,төбелі көп пе?Сырым осы екі түстің қайсысын қалайды екен?-деп сұрапты .

Батыр кідірместен;

-Торы-тоқсан тоғыз,төбелі бір.Торысы-менікі,төбелі-хандікі,- депті. Мұның мәнісі- «халық аттың торысындай көп ақ сүйектер- аттың бөбеліндей аз, мен көппен біргемін» дегені екен.

2-оқушы:.Төле би. Баланың бесігі-кең дүниенің есігі

Бейбіт жатқан ауылды жоңғарлар шауып,қазақтың малын айдап,егісін таптап кетеді.Жау қорлығынан тоз-тоз болған ел-жұрт таулы жерге қашып,жан сауғалайды.Босқын халық арасында екіқабат жас келіншек бесікті арқалап бара жатады.Қара жолда Төлемен үзеңгі қаңысып келе жатқан егде кісі:

-Мына бишараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқанын-ай дейді.

-Баланың бесігі-кең дүниенің есігі,-депті сонда ақылгөй Төле би.

3-оқушы:Төле би. Ананың тікенектей арқасы,балаға мамықтай

Жорықтан оралған жігіт Төле уйіне келіп,жол үстінде көрген-білгенін әңгімелеп отырады.

-Ауыл іргесіне жақындай бергенде екі-үш жасар баласын мойнына мінгізіп,бір арқа шеңгелді арқалап келе жатқан әйелді кездестірдім.Тікенек үстінде отырған баланы ерге отырғызып,алдыма алайын десем,шешесінің мойнынан айырылмай қойды,-дейді.

Сонда Төле би:

-Кірпікшешен баласын арқалап жүріп өсіреді емес пе?

-Бұл не дегеніңіз,биеке?

-Ананың тікенектей арқасы балаға мамықтай жұмсақ тиеді,-депті Төле.

4-оқушы: Төле би. Халқыңа әділ бол

Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сәлем бере барыпты: сонда Төле би былай деген екен:

-Бата басқа,қына тасқа,ақыл жасқа,не қалайсың,балам?-депті.

Сонда Жетес бала:

-О қаситтеі баба!Ат берсеңіз өліп қалады,тон берсеіңз тозып қалады.Ат,тонға бергісіз өлмейтін,өшпейтін,өмірі естен кетпейтін бір өсиет айтсаңыз соған ризамын,-депті.

-Онда қолыңды жай,балам,-деген Төле би:-

-Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол!

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол!

Бір тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол!

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала.

Өзегің талса өзен бойын жағала,

Басыңа іс түссе көпшілікті сағала

Озіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

5-оқушы: Қазыбек би.Қазыбек пен Бұқар

Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаз дауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұқар жырау:

-Бірден онға дейінгі санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады.Қазыбек, сен айтып берші,-деген екен.Сонда Қазыбектің берген жауабы:

-Бір дегеніңіз-бірлігі кеткен ел жаман.Екі дегеніңіз-егесіп өтке ер жаман. Үш дегеніңіз-үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман. Төр дегеніңіз-төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. Алты дегеніңіз-аймағын билей алмаған адам жаман. Жеті дегеніңіз-жетем деген мақатына жете алмаған жаман. Сегіз дегеніңіз-серкесіз бастаған қой жаман. Тоғыз дегеніңіз-толғанғаның. Он дегеніңіз-өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз, -болған екен.

Қарт жырау бас бидің жауабына риза болыпты.

6-оқушы:Қазыбек би. Арық емес қатумын

Ертеде Қаракесек пен Қыпшақ руларының арасында бір дау болады. Дауға Қаз дауысты Қазыбек келеді. Амандасып болған соң Қыпшақ биі:

-Арғынның арық биі, сөйле!-депті

Сонда Қазыбек

Арық емес қатумын,

Қара жерден татумын.

Көшершілік кезде түйе азады,

Жетімдік көрсе қыз азады,

Елі жаугершілік болса,

Тағында хан азады,

Табындағы бие азады,-

депті.

7-оқушы: Әйтеке би. Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

Жер дауымен байланысты Орта жүзде Ормамбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,батыр болсаң жауға найзаң тисін,бай болып,елге пайдаң тимесе,батыр болып, жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген

Суалмайтын суат жоқ,

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Құйрығы суда тұрса да,

Уақтысы жеткенде,

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүние деген фәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ,

Бәрінен қиын сол екен,

Артыңда жанған шырақ жоқ...»

деп Әйтеке атынан айтылатын нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген- түйгені мол,өз заманының ақылгөйш екенін аңғартады.

8-оқушы:Әйтеке би. Қара қылды қақ жарған

Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектің бір әділ билгіне риза болған Әйтеке би көп адам отырған жиында:

Бүркіт бол,заманыңызға түлкі болса,

Бай болар кедей жігіт мүлкі болса,

Жақсылардың белгісі сол емес пе-

Қара қылды қақ жарған әділ болса,-

депті

9-оқушы Досбол шешен..Бәрінен де сөз бастау қиын

Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:

Қол бастау қиын ба?

Жол бастау қиын ба?

Сөз бастау қиын ба?-

деп сұрайды.Сонда Досбол

Қол бастау қиын емес,

Көп найзалы ерің болса.

Жол бастау қиын емес,

Соңында ерген елің болса.

Бәрінен де сөз бастау қиын,

Тауып айтсаң мереке қылады,

Таппай айтсаң келеке қылады!-

деген екен.

10-оқушы:Досбол шешен. Тауда жүріп таста өскен

Досбол қарауыл Ордабайды ертіп Екі Шектіге дауға барады.Сөз арасында Ордабай жеңілдік қып күле беріпті.Сонда Досболдың Ордабайға айтқаны:

Көлде жүрген қоңыр қаз

Шөл қадірін не білсін.

Шөлде жүрген дуадақ

Көл қадірін не білсін

Тауда жүріп,таста өскен,

Ағайыннан басқа өскен

Ордабай күлмей,кім күлсін!

11-оқушы:Бөлтірік шешен. Бала-артта қалған ізің емес пе?

Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:

-Ақ (Бөлтірікті жұрты осылай атаған),бақ кімге қонады?Бала ыстық па,байлық ыстық па:-дейді.Сонда Бөлтірік:

-Қарағым,байлық-қолға ұстаған мұзың емес пе,бақ -ол да ұшқан бір құсың емес пе,бала-артта қалған ізің емес пе:!Бәрінен жолдас-жораң мен ағайын-туысыңмен,ел жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін.Осылараға жүрегің жылы болса,қайғың-күл,қуанышың-от!-дейді.

12-оқушы:Бөлтірік шешен. Әр қазанның қақпағы өзіне шақ болады

Шешеннің суық қолды бір жеңгесі көрші қонған үйдің боздау түндігін ұрлап алып, өзінің қараша шаңырағына көтеріп алады.Ұрлықты сезіп қойған мүлік иесі одан әрі-бері сұраса бермейді.Ақыры Бөлтірікке келеді.Шешен жеңгесінің үйіне келіп,шаңыраққа қарап:

-Жыртығына жамауың сай келмей тұр екен,жеңеше.Әр қазанның қақпағы өзіне шақ болады,-депті.


13-оқушы:.Бөлтірік шешен .Жарық дүниеге жалаңаш келген болатын

...Ауылдың төрт түлігі түгел өскен дәулетті адамы дүние салады.

-Бұ кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді,міне,енді дүниеден бір кебінмен кетіп барады,-дейді көп ішінен біреу.

-Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ,-дейді сонда Бөлтірік шешен.-Бұ кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын.

14-оқушы:Бала би. Жерден ауыр не?

Бала би қартайған шағында елінің игі жақсыларымен кеңесіп отырып: «Жерден ауыр не,судан терең не, оттан ыстық не, көктен биік не?» - деп сұраған екен.

Бұған ешкім ауыз тұшырлықтай жауап бере алмапты. Сонда Бала бидің өзі шешіп берегн екен дейді

Жерден ауыр дегенім-ақыл-білім,

Судан ауыр дегенім-оқу-ғылым.

Оттан ыстық дегенім-адамның өмірі,

Көктен биік дегенім-тәкәппардың көңілі

15-оқушы:Байдалы би.Байдалы бидің қазынасы

Өзінің замандасы ,әрі тұрғыласы,дәулетті кісі Бафғозы үйіне келгенде,өмірі кедейлікпен өткен,бірақ аты бүкіл қазаққа белгілі Байдалы шешен:

-Мына тұрған біздің үй,

Дәулеті жоқ ұйтқысыз.

Сексен үйрек қамасан,

Бірін қармап тұтқысыз.

Төрге салар кілем жоқ,

Көрпе менен жастықтан

Сілкіп салар сілем жок.

Кедейлікті жеңуге-

Келін шайпау бала ынжық,

Жасым жетті шамам жок.

Ойым- теңіз, сөзім бал,

Мал дегенде тұлдыр жоқ.

Байғозыға лақ сойсам жетпейді-ау

Енесін сойсам орны мүлдем бітпейді-ау!-

депті.

16-оқушы:Байдалы би .Ер көңілін кім ашар?

Атақты Байдалы и тоқсан жасында қос жанарынан айырылып,мүгедек болып қалады. Бидің көңілін сұрауға келген замандасы:

-Бәйдеке,күн өткен сайын тұрмысыңыз жүдеп барады. Алдында үш,артында екі мың жылқысы бар туыстарыңнан не неге көмек сұрамайсың депті. Сонда жасаураған көзін орамалмен суртіп тастап, би:

-Ағадағы мал-аспандағы мал,

Інідегі мал-іннің түбіндегі мал,

Туыстағы мал-қуыстағы мал,

Қыздағы мал-құздағы мал,

Өз алдыңда жоқ нәрсені санама,-

Жауап қатады. Сәлден кейін сөзін былай деп жалғастырады:

-Зағип көңілін кім ашар:

Хал сұраған тең ашар,

Жабыққан елдің көңілін,

Өзен су мен кең қоныс,

Бұлтсыз ашық күн агар;

Ат көңілін кім ашар:

Жалқұйрығын тараған,

Сұлы менен сүт ьберіп,

Күніне жеті қараған

Ардақтап мінген ер ашар,

Ер көңілін кім ашар:-

Әлдилеп сүйген бала ашар

Алма мойын шалғын шаш

Жарқылдап күлген жар ашар,

Ел үшін туған ерлерге

Ерлік қылмақ жарасар,

Қазіргі кәріп күнінде,

Ерліктің абзал серігі

Сабырлық етпек жарасар

17-оқушы: Шоң би.Ақылды деп кімді айтамыз?

Бір мәжілістебас қосып сөйлесіп отырғанда Шоң биге Мұса мырза:

Ақ сауыт деп нені айтамыз,

Арғымақ деп нені айтамыз?

Ақылды деп кімді айтамыз,

Ер жігіт деп кімді айтамыз?-

деп сұрақ қойыпты.

Бұған Шоң:

Ақ сауыт деп айтамыз,

Атқанда оқ өтпесе.

Арғымақ деп айтамыз,

Желгенде жылқы жетпесе.

Тозған елді септесе

Ер жігіт деп айтамыз,

Жауға тастап кетпесе!-

депті.

18-оқушы:Шоң би.Ақтайлақ пен Қанай шешен

Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:- Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу?- деп сұрайды.

Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:

-Ер басында бақыт-бесеу, кемдік- үшеу,құлазу- төртеу.

Астыңдағы атың жүрдек болса,

Жалғанның пырағы;

Алғаның жақсы болса,

Үй мен қонақтың тұрағы

Әкең-асқар тау,

Шешең-қайнар бұлақ.

Балаң жақсы болса

Екі көздің шам шырағы.

Міне-бес бақыт осы.

-Атың шабан болса,

Жалғанның азабы:

Алғаның жаман болса

Көрінгеннің мазағы.

Міне- үш кемдік осы.

-Қалың ел көшсе,

Көл құлазиды,

Қаптаған мал кетсе,

Бел құлазиды.

Нарқын танымаған

Сөз құлазиды,

Қатарынан айырылған

Шал құлазиды.

Міне-төрт құлазу осы.

19-оқушы:Саққұлақ шешен.Шоқанға берген батасы

Саққұлақ би шешен Шоқанның білімі мен мінезіне қатты риза болып,аттанарда былай деп бата береді:

Біліп тұрған бала екенсің,

Туысыңдағы дана екенсің

Айла-ақылды дарыған,

Атаң Абылайдың тап өзіндей хан екенсің.

Өсе берсін бақытың!

Үстінде ағар тағыттың!

Сонда Шоқан: «Ақсақал тағыт дегенініз артық болар» деп жымиып езу тартқан екен.Саққұлақ би шешен оған іркілмей: «Мынаны қазақ тақ дидіғой, білімпазым»- деп қасында тұрған орындықты көрсетіпті. Бұл-тұғырыңнан таймай өт деген сөзі екен.

20-оқушы:Саққұлақ шешен.Арманына жетпей кетті

Шоқанның дүние салғанын естіген 65 жастағы қарт шешен қатты қайғырып, халық алдында жырмен былай деп тіл қатыпты:

Ескедір жиһан кешті,

Жәмшит адамның майын ішті.

Неше ғалым дүниеден көшті,

Айла таппай бәрі де өшті.

Бұл да сол ғылымның бірі еді,

Арманыңа жетпей кетті

II бөлім. Шешендік нақылдар мен толғаулар

1-оқушы: Асан қайғыдан

Еділ бол да, Жайық бол

Ешкімменен ұрыспа,

Жолдасыңа жау тисе

Жаныңды аяп тұрыспа

Елдің құны болса да

Алдыңа келіп қалған соң

Қол қусырып барған соң

Аса кеш те қоя бер

Бұрынғыны қуыспа

Ақың болса біреуде

Айыбын тапта ала бер,

Ерегесіп ұрыспа

Мінезі жаман адамға

Енді қайтіп жуыспа

Тәуір көрер кісіңмен

Жалған айтып суыспа.

2-оқушы: Қазтуғаннан

Арғымақтың баласы

Арыған сайын тың жортар,

Арқа мен қосым қалар деп;

Азамат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес.

3-оқушы: Шалкиізден

Айырдан туған жампоз бар

Жүгін нарға салғысыз

Арғымақтан туған будан бар,

Күнінде көрінім жерді алғысыз

Жаманнан туған жақсы бар

Адам айтса нанғысыз

Жақсыдан туған жаман бар

Күндердің күні болғанда

Бір аяқ асқа алғысыз

4-оқушы: Ақтамбердіден

Ағайының көп болса,

Ұлы шерік қолмен тең.

Білімді туған жақсылар

Аз да болса көппен тең

Жақсысы кеткен ауылдың

Артынан жақсы шықпаса

Өртеніп кеткен жермен тең

Қайырлы болса баяжан

Дария шалқар көлмен тең

Қайырсыз болса жаман бай

Ел қонбаған шөлмен тең

Мінезді болса жолдасың

Күнде сонар қызбен тең

Жаман болса жолдасың

Астыңнан өткен сызбен тең

5-оқушы: Үмбетейден

Үй сыртында ақра тау

Панасы жоқ болса,

Бұл шіркіннің несі тау

Кетеген болса түйең жау

Төбеген болса биең жау

Керіскек болса келінің жау

Үйіңдегі ұлың жаман болса

Есіктегі құлмен тең

Қойныңдағы қатының жаман болса

Қаңтардағы мұзбен тең

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау,-

Арқаңа артқан тұзен тең!

6-оқушы: Бұқар жыраудан

Жар басына қонбаңыз

Дауыл соқса үй кетер

Жатқа тізгін бермеңіз

Жаламенен бас кетер

Жаманмен жолдас болсаңыз

Көрінгенге күлкі етер

Жақсымен жолдас болсаңыз

Айырылмасқа серт етер

Ит жүгіртіп құс салсаң

Киген тоның түлкі етер

Сыпайы сырын білдірмес

Ақырын ғана бүлк етер

Алыстан қызыл көрінсе

Манат емей немене;

Көтеріліп ұшқан соң

Қанат емей немене;

Екі жақсы бас қосса,

Санат емей немене;

Қамшылатып жүгірген

Шабан емей немене

Айтқан сөзге түспеген

Жаман емей немене;

Сұрағанда бермеген

Сараң емей немене

Кісі ақысын көп жеген

Арам емей немене;

Іштегі сыр аллаға мәлім,

Сыртыңдағы қулығың

Амал емей немене

Сусағанда берген су

Шекер емей немене;

Һәммәтсіз ерге біткен мал

Бекер емей немене

7-оқушы:Шал ақыннан

Санай берсең жетімді жетпіс болар

Бірақта арманда шын үш жетім бар:

Бірінші-ат жетім өрен жүйрік шабылмаған

Екінші құс жетім саятшысы табылмаған

Үшінші-болады екен әйел жетім

Өзінің теңін тауып қосылмаған

8-оқушы: Абылдан

Арғымақ атта сын болмас

Қиған қамыс құлақсыз

Азаматта сын болмас

Арты болса тұяқсыз

Айдын көлде сын болмас

Жағасы болса құрақсыз

Асқар тауда сын болмас

Бауыры болса бұлақсыз

Ақ киікте сын болмас

Арты болса лақсыз

Жеті арнада сын болмас

Аяғы болса тұрақсыз

9-оқушы:Дулаттан

Батырлықтың сәні жоқ

Түн ұйқысын төрт бөліп

Елерген тұлпар ерттеліп

Толғауы найза қолға алып

Тұйғын құстай толғанып

Сары садақ асынып

Егескен жауды қашырып

Ұлын қорып жауынан

Ереулеген егер дауынан

Тұтамдап оқ жонбаса;

10-оқушы: Қобылан ақыннан

Сергелдеңге түссе мал жаман,

Ығыр болса ел жаман

Үлгісіз пішсе тон жаман

Төресі теріс би жаман

Бесіктегі жас бала

Жетім қалса сол жаман

Алты қанат ақ орда

Иесіз қалса сол жаман

Жіліктері жылтылдап

Жаңа түскен келіншек

Жесір қалса сол жаман

11-оқушы: Құлтумадан

Арақ-ардың ажалы,

Ақшаның тажалы

Ырыстың қырсығы

Абыройдың мылтығы

Жақсылықтың жаңқасы

Төбелестің арқасы

III бөлім. Сөз Атасы

Атақ пен Абырой

Ю.Баласағұни.

1. Адам өз атын кісілікпен көтереді

2. Атың өтімді болса, өмірің татымды болады.

3. Кім атағын жалған тілмен жырлайды,

Ер ішінде сол беделден жұрдай-ды.

4. Көтерілсең-құр салтанат құрмағын,

Төмендесең текке қарап тұрмағын.

5. Ізгілікпен атыңды мәңгілік қыл.

С.Сарайн.

1. Жақсы аты ер өлмейді

2. Адамға тілене беру-ұят:тапқан наны көбейгенімен,абыройы азады.

Көп тілену-жұмыс емес кәделі-

Нан көбейер,бірақ азар беделі.

3. Атымтый кеткенімен,халықты аты қалады.

4. Ердің артында көп алтын қалғанша,жақсы аты қалған игі:

Өлер ердің алтын болмай мақсаты

Ізгілік қой- қалған болса жақсы.

5. Жақсы атың «мәңгілікке қалсын» десең,сүрінгеніңді сүйеп қал.

Ар мен Ұят

Ю.Баласағұни

1. Арсыз-адамның қоры

2. Бар бәледен ұят сақтайды

Барлық жақсы істің байламыда ұятта.

3. Бұл жалғанды бұзатын-арсыз адам

4. Маңайлама ар-ұяттан безгенге,

Мыңдап алғыс инабатты сезгенге.

4. Пәле-жала жолын ұят кеседі,

Ұятсыздық-ердің емсіз кеселі.

Ашық мінез,пәктік,ұят серік боп.

Адал ар мен ақ көңілде еленер-

Екі жалған бақытына бөленер.

5. Ұят-жаман ойдың жүгені.

М.Қашқари

1. Ауыз жесе,көз ұялар.

2. Ұяты бармен-ұрысб

Ұятсызбен ұстаспа

3. Итке ұят келсе,сирақ тастасаңда жемейді.

Қуаныш пен Қайғы

Ю.Баласағұни

1. Рахат пен қайғы-жолдас

2. Қайғы басқанда ағаш атқа жайдақ мінерсің.

3. Өмірде адам көп қайғыны көреді,

Неге сонша көкірегін кереді!

4. Бір күн күлер,сорасы ағып жылаған,

Қасіреттің құрдымына құлаған.

5. Тарығып жүрген-сүйінер,

Қамығып жүрген-қуанар.

М.Қашқари

1. Көп сүйінсең-қаты өкінерсің де.

2. Ердің басын мұң шалар.

3. Қуантар болсаң-асық,

Мұңайтар болсаң-сабыр тұт

4. Қара күн туғанша қара суды кешпе

5. Қиындықты көп көрген-керегесін арқалар.

Құтып

1. Қайғылының көзінше қарқылдап күлме

2. Бұ дүниенің қайғысы көп.

3. Күні туғанда әкесін зөлтірген адамды да «досым» дейсің.

4. Қайғы да мәңгі тұрмайды

6. Жылаған көзде күлімдер.

Мінез-құлық туралы

Ю.Баласағұни.

1. Жүнжімеген жүрсе дағы түк өңбей,

Оңса құлық-бәрі келер түгелдей.

2. Ізгі мінез,түзу қылық болғанда,

Пайда түгел екі бірдей жалғанда.

Екінші-ұят,сосын шындық-үшінші,

Үшеуімен ер көгерер,түсінші!

Биязыны халық сүйіп,ұғады.

Ісі түзу кісі төрге шығады.

3. Кісі қылығымен танылар.

Ерлік пен Ездік

Ю.Баласағұни

1. Ердің аты айқаста шығады.

2. Ерлер бектің қанаты мен құйрығы.

Құс қанатсыз ұшпайды:сол-Алланың бұйрығы.

3. Қайраттанса,ерлікпенен кей кез ер,

Биәк таудың басын жерге тигізер.

4. Ер игісі ел жүгін көтереді.

5. Етіңе ерік берме,

Мойыныңды име

М.Қашқари

1. Ердің ісін ауыл қылма

Сәйгүлікті жауыр қылма

2. Алып-жауда көрінер,

Байсалды-дауда көрінер.

3. Ер шекіспей бекіспес,

Жел айдамай,бұлт кетпес.

4. Батыр жауда сыналады

Жуас жайда сыналады.

5. Қылышты тот басса-істің қырсыққаны,

Ерді қара басса-күштің қырсыққаны.

С.Сарайи

1. Ер адам кек сақтамайды.

2. Ер біреудің көңілін қақпас,

Айыбын көрсе,басқаға шақпас.

3. Қиын іске сыналған ерді жібер.

4. Өз нәпсісін жеңе білген адам-ер адам.

5. Қашарға жол таппаған-қылышқа жармасады.

Құтып

1. Аяқтың астында жатсаң,басың аман қалады.

2. Опа қылу-ерлік нышаны

3. Қатардан қалу-ердің ісі емес.

4. Алпыс батпас көтерген кісі бес батпан қосқаннан қорықпайды.

5. Батырлардың мықтысы қарушы болады.

Жігіттердің сұлуы бауыршы болады.

Көңіл күйлері

Көз бен көңіл

Ю.Баласағұни

1. Көз-жіті,құлақ-сақ,көңіл-кең болу керек.

2. Көз қайда түссе-кңілдес сонда

3. Көз көрмей,көңіл толмас.

4. Кісі көңілі-түпсіз теңізбен тең

5. Көңілшек кісілер тез қауышады.

М.Қашқари

1. Көзден кетсе,көңілденде кетеді.

2. Құлақ естісе-көңіл біледі,

Көз көрсе-жүрек ұғады.

3. Көңілі кедейді зорлап байыта алмайсмың.

С.Сарайи

1. Көңіл беріп бір нарсеге сиынба,

Одан кейін ажырасу қиында.

2. Көңіл берме,көңіл бермес кісіге.

3. Көңілмен ашқан есікті қатты жаппа.

4. Кісінің көңіліне тиетін нәрсені істеме.

Мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер

Адам туралы

Адам мен адамгершілік

Ю.Баласағұни

1. Нағыз адамның белгісі-кісілік

2. Таңсық нәрсе-күміс пенен алтын да

Ер қымбат-ау ұстамдылық қалпында

3. Көңіл аудар даналардың сөзіне:

«Адал жанды өнеге тұт өзіңе»

4. Бауырмал адамға бауырыңды бер:

Тауып айтқан зейінділер жөн көрген:

«Артық емес бауырмалға жан берген».

М.Қашқари

1. Адам баласы үрілген мес сияқты:

Аузын ашса-босап қоя береді.

2. Тау-тауға қосылмас,

Адам адамға қосылады.

3. Тірі адам көп нәрсені көреді.

Құтып

1. Кісі үшін кісі өлмейді.

2. Адам баласы-тастан қатты емес.

Рашид-әд-дин

1. Әр қайсысың өз жүрістеріңмен жүріңдер.

2. Адам жүзімнің бұтағы емес,оның басын қырқып тастаудан қорқу керек.

С.Сарайи

1. Ер артық жаратылған-адам,

Ең төмен жаратылған-ит,ол нан-тұздың қадірін біледі.

Ең жаман жаратылған-соны білмейтін адам.

2. Адам-бір оқтық.

3. Азаматтық жасай алмаған адам-бұл өмірге келмеген адаммен бірдей.


Пайдаланған әдебиеттер:

1. Шешендік шиырлары. Алматы «Қайнар» 1993. 240-бет

Құрастырған Есхожин.

2. Билер сөзі Алматы «Қазақ университеті» 1992. 160-бет

Құрастырған Т.Кәкішев

3. Сөз Атасы. Алматы «Жазушы» 1987. 208-бет

Құрастырған Ә.Құрышжанов



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал