- Учителю
- Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынов қазіргі Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының Сартүбек деген жерінде 1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Сартүбекпен Аққұм және Алла тағаланың Арқаның төсіне таққан маржанындай болған айдынды Ақкөл қапталдасып жатыр. Әр көктем сайын Ұлытаудан бастау алатын Жыланшық өзенінен кенері толығып, екінші шетіне көз жетпейтіндей марқайып, күмістей жарқырап жатушы еді. Бұл Ақкөл тарих таразысынан өткен талай тарихи оқиғаның да куәсіндей еді. Сонау елді бордай тоздырып, еңіреткен жоңғар шапқыншылығында қалмақтар Арқа жеріне дейін еніп, осы Ақкөл, Торғай бойында қоныстаныпты. Содан Абылай хан үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтарға қарсы соғыс ашады. Басы қосылған қазақ әскері қалмақтарды жеңіп, оларды оңтүстікке қарай ысырғанда, Абылай бастаған әскер осы Ақкөлді бойлап өткен екен. Ұлытауда Абылайды ақ киізге орап, хан көтергенде де кіші жүз бен Арқаның басты билері, батырлары осы Ақкөлді асып барған екен сонда. Қазақ елінің азаттығы үшін ақ патшаның әскерімен талай айқасқан Кенесары хан да Торғай жерінде көп тұрақтай алмай, Жетісуға қарай бет алғанда әскерімен осы Ақкөлде бірер күн аялдапты. Ахмет Байтұрсынов өзінің өлеңдері мен әндеріне де осы Ақкөл мен Аққұмды арқау еткен.
Патшаның бұйрығымен 1843 жылы негізі қаланған Торғай бекінісінің картасы бойынша қарағанда Аққұм, Ақкөл жері Торғай өзенінің арғы бетінен шығысқа қарай жайылып, бір шеті Бетпақдаламен шектесіп жатса, Ахаң туған Сартүбек, Аққұм, Ақкөл аймағының бергі шеті Торғай өзенімен, Тосын құмымен жағаласып жатыр. Бұл жерлерді негізінен үмбетей руы мекен еткен. Ахаңның үлкен атасы Шошақ, одан туған Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ), Ерғазы, Ермағанбет аса бір дәулетті адамдар болмағанымен, ел арасында беделді кісілер болған.
1885 жылы Қарғалы байланыс бекетінде өтіп жатқан болыс сайлауына уезд бастығы Яковлев арнайы келіп қатысады. Болыстыққа Дәуітбай ұрпағы өтеді. Содан тас салушы сайлаушылар алдында дау туындайды. Сол даудың ортасында жүрген Шошақұлы Байтұрсын уезд бастығынан сайлаудың қайтадан әділдікпен өткізілуін талап етеді. Яковлев Байтұрсынды тыңдағысы келмей, дөрекі сөздер айтып, жүріп кеткісі келіп атын тебініп қалады, сол кезде намыс қысқан Байтұрсын қолындағы шыбыртқыны сілтеп қалады. Оның бір ұшы Яковлевтің мойнын орап, Байтұрсын шыбыртқыны қайта тартып қалғанда, уезд бастығы атынан ұшып түседі. Бұл орыс патшасының өкілі үшін, оның қасына ерген атты казактар үшін бұрын- соңды көрмеген масқара оқиға болды. Сол кезде болыс сайлауына келген қазақтар үшін де таңғалдырған оқиға болғанымен, Шошақ ұрпақтары үшін бұл істің арты қайғылы оқиғаларға жалғасты. 1886 жылы сот шешімімен Ақтас, Байтұрсын, Данияр (Сабалақ) 15 жылға Сібірге жер аударылатын болды.
Кейін Ахмет Байтұрсыновтың «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам... Адамнан туып, адамның ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам?!» деп жазғаны бар еді. Балалық шағынан сұмдық әділетсіздіктің куәсі болып, жүрегі жараланған Ахаң өлеңіндегі осы сөзін ғұмырының соңына дейін қағида қылып ұстады, орыс отаршылдарына қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күресті және халқының көзін ашып, сауаттандырып, мәдениеті дамыған елдер қатарына қосу үшін жан қиярлықпен қызмет етті. Ұлы ұстаз Ахаң өз еңбегінің алғашқы жемісін көзімен көрді де. Өзі ғылыми түзген «Қазақ әліпбиі», грамматикасы, «Әдебиет танытқышы» жарық көріп, кезінде оқу орындарында оқытылды.
Ахмет Байтұрсынов - отаршылдыққа қарсы күрестің бастаушысы, дем берушісі
Қазақ жерінде оқыған азаматтардың арасында төңкерістік ойлардың ұрық шашуы ХІХ ғасырдың аяғы еді. Оның бастауында осы Ахмет Байтұрсынов тұрды десек, артық айтқандық болмайды. Сөзімізді дәлелдеу үшін Сәкен Сейфуллиннің «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 19 қаңтардағы нөмірінде жарияланған А.Байтұрсынов туралы мақаласындағы сөзін келтіруге болады: «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді». Сондай-ақ 1923 жылғы 4 ақпандағы «Ақ жол» газеті де: «...Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді», - деп А.Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы төңкерісшілдік рухтағы қызметін атап көрсеткен.
1900 жылдан бастап Ахаң сөз түсінетін қазақты сөзбен ширатуға кірісті. Осы мақсатта И.Крыловтың мысалдарын аударуды бастады. А.Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын сонау Кеңестер Одағы кезінде зерттеген Рымғали Нұрғалиев өзінің «Алып бәйтерек» атты мақаласында бұл туралы: «Қалай да халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген... Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды, әсіресе патша отаршыларының зорлық- зомбылығы, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап, кейде ашық жеткізеді», - дейді. «Қырық мысал» баспадан шыққаннан кейін ел арасында көптеп тарады, Ахаң ойлағандай кітап өзінің насихаттық рөлін атқарып шықты.
Патша қазақ жерінде Сібір жерлері тәрізді Ресейге біржола қосып алу және халқын шоқындыру саясатын біртіндеп жүзеге асыра бастаған еді. А.Байтұрсынов патша отаршылдарының бұл саясаты қазақ халқының келешегі үшін өте қауіпті екенін жүрегімен сезді, білді. Ахаң ол кезде Қарқаралыда қызмет етіп жүрген. Жан ұшырып, жергілікті басқару әкімшілігінің қазақтарға жасап отырған қиянаттарының заңсыздығын айтып, петиция жазуға ұйғарды. Ол петицияға Қарқаралыдағы көптеген қазақ оқығандары қол қойған. Оған «Мыңдаған адам қол қойды» деген дерек те бар. Бұл 1905 жыл болатын (Ресейде «Қанды жексенбі» болған жыл).
Содан бір жыл бұрын, А.Байтұрсынов Ресей Думасына қазақтар тарапынан депутат болу туралы ел арасында сөз қозғап, (орыстың сол кездегі отар елдері арасында Думада тек қазақтан ғана депутат жоқ екен) Думаға қазақтан бір өкіл өткізулеріне көмек сұрап, башқұрлардың, татарлардың, өзбектердің белді өкілдеріне хат жазады. Сөйтіп, патшалық Ресей Думасына қазақтан депутат болуын армандаған, сол үшін көп ізденген, содан қазаққа бір жеңілдік болар деп үміттенген бірінші қазақ осы А.Байтұрсынов атамыз еді. С.Сейфуллиннің «...сонау патша заманында ұлты үшін дауыс көтерген кісі еді» дейтіні сол себептен еді.
Ахмет Байтұрсынов - қазақ әліпбиінің, грамматикасының және әдебиет теориясының ғылыми негізін қалаушы
Қазақ елін сауаттандыруда тарихи рөл атқарған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ әліпбиінің» Орынбордан басылып шыққанына биыл 100 жыл толып отыр. Араб графикасына бейімделген, бар болғаны 28 қаріптен тұратын бұл әліпби әдістемелік оқулығымен бірге 1912 жылы елдің қолына тиіп, ауылда балалардың сауатын ашу үшін сол жылдан бастап қолданыла бастады. Аталмыш оқулықта оқыту әдісі көрсетілгендіктен бір жағынан, оқытушыларға да жеңіл болды, екінші жағынан, оқушы балалар бір жылда хат тану мүмкіндігіне ие болды. Бұрын араб қарпімен молдадан оқитын шәкірттер үш жылда хат тануды әрең игеретін. Ал кирилл қарпімен оқығандар өзінің қазақ қалпынан алыстай бастайтыны байқалды. Соның бір мысалы ретінде айта кетейін, сол кезде Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқыған Әліби Жангелдинді кезінде миссионерлер Ресейдің христиандық діни орталығына жіберген еді.
1913 жылы төте әліпбиді игергендер санының көбеюіне байланысты Ахмет Байтұрсынов Орынбор қаласынан осы әліпбимен «Қазақ» газетін шығара бастады. Ахаң «Қазақ әліпбиіне» қоса, оны оқытуға арналған бірнеше әдістемелік оқулық та әзірледі. Олар кеңес үкіметі тұсында ашылған мектептерде пайдаланылып, 1929 жылға дейін қолданыста болды. Елдің сұранысы мен кеңес тұсындағы қазақ мектептерінің қажетіне орай, «Қазақ әліпбиінің» оқулықтары сол тұста тоғыз рет баспадан басылып шықты. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде «Қазақ әліпбиін» дүниеге әкелген Ахмет Байтұрсынов қазақ тарихында тағы бір ұлы қадам жасады. Ол сонымен бірге қазақ тілі грамматикасын (фонетикасын, морфологиясын, синтаксисін және терминологиясын) жүйелі түрде ғылыми түзеген. Бағамдап қарағанда, бұлар - бірнеше адам ғылыми зерттеп қана жүзеге асыра алатын филология ғылымының төрт саласы. Сөйтіп, ұлы Ахаң қазақтың дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін, терминологиясын толық зерттеп, қазақ тілі грамматикасының негізін салды. Ахмет Байтұрсыновтың лингвистика саласындағы бұл ғылыми еңбектерін кезінде Орта Азия, бүкіл түркі әлемі мойындап, қолдады және Ахаңның лингвистика саласындағы зор жетістіктерін өздерінің грамматикасында пайдаланды. 1929 жылдан кейін кеңес үкіметі саясатымен Қазақстандағы мектептер әуелі латын, одан кейін кирилл қарпіне көшірілгенімен, Қытай мен Моңғолиядағы 2 миллионға жуық қазақ осы күнге дейін Ахаңның 28 қаріпті емлесі мен грамматикасын қолданады.
ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ оқығандары, интеллигенциясы, жазушылары, ақындары болып қазақ мәдениетінің, әдебиетінің, өнерінің іргесін қалап, бекітіп жатқан кез еді ғой. Ал Ахаңның сол кезде жазылған «Әдебиет танытқышы» қазақ мәдениетін, әдебиетін, ғылымын тағы бір жаңа биікке көтеріп тастады. Кеңестер өкіметі кезінде Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Рымғали Нұрғалиевке осы «Әдебиет танытқыштың» алғашқы нұсқаларының бірін берген КазГУ-дың профессоры Бейсенбай Кенжебаев екен. Кітапты 40 жыл сақтаған ол кісі «бұл кітаптың шарапаты тиетін күн келеді, ол күнді мен көрмеспін, сендер көрерсіңдер» деген екен. Мұндай адамды қазақта әулие дейтін. Бірақ «кітаптың соңғы тарауы болмаған екен» деген сөз бар.
«Ахаң «Мәдениет тарихын» да жазды» деген дәлелді деректер бар. Бірақ Ахаңның бұл кітабы жоғалып, сақталмаған. Мұны әлі де зерттеу - ғалымдардың еншісі.
Жалпы, әдебиет теориясын оқулық пәні ретінде жазып шығу үшін әлемнің философия, психология, әдебиет теориясы ғылымдарының тарихын терең білу қажеттігін кез келген адам пайымдайды. Ең кереметі, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтың көзі енді ашылып келе жатқан кезде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышын» сол кезде «қазақ әдебиетінің қалыптасуының басында жүрміз» дейтін ақын-жазушыларды былай қойғанда, көрші Ресейдегі, Орта Азиядағы, түркі тілдес елдердегі әдебиет, филология мамандары да мойындады. Олар әдебиет тарихтарында, энциклопедияларында А.Байтұрсыновтың еңбектерін атап өтті.
Ахаңның «Әдебиет танытқышы» әрбір сауатты адам түсінетіндей түрде жазылған. Онда әңгіме, роман, өлең жанрларының көптеген түріне ғылыми-теориялық терең сипаттама берілген. Мұнда да Ахаң көптеген қазақы терминді қолданған және оны оқып отырып, Ахаңның сөз түрлендіргіш қасиетіне таңғаласың. Ахаңның тіл оқулықтары мен әдебиет танытқыштағы сол терминдері өмірде жатырқанбай қабылданды. Терминология да - ғылымның бір саласы. Қазақта осы ғылымның негізін салған - тағы Ахаң. Шағын мақалада оқулықты толық шолып өту мүмкін емес және қажет те емес. Бірақ Ахаң осы «Әдебиет танытқышта» әдебиеттің ауыз және жазба әдебиет болып бөлінгені туралы біршама тоқтам айтқан. Ол әдебиетте қалыптасып отырған бұл көзқарастың жазба әдебиетті ауыз әдебиетінен көтеріп көрсету үшін, ауыз әдебиетін төмендету үшін істелгенін айтады. Ахаңның ғылыми-теориялық көзқарасы бойынша, «ауыз әдебиеті де, жазба әдебиет те шығармаға жатады, олардың құндылығы айтылған ойына, мәніне байланысты анықталады». Ал біз ауыз әдебиеті, жазба әдебиет деп әлі күнге дейін бөліп, жазба әдебиетті дәсердей етеміз. Керісінше, қазіргі уақытта жастар арасында жазба әдебиеттен гөрі, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармалары зор ықпал ете бастаған тәрізді. Осыған қарап та, Ахаңның «Әдебиет танытқышындағы» ауыз және жазба әдебиет туралы теориялық байламы өте дәл бағамдалғанына көзіңіз жетеді.
Ахмет Байтұрсынов мұраларының ғылыми бағамдалуы
Ахмет Байтұрсынов - патша өкіметі мен кеңестер үкіметі тұсында да қоғамдық және мемлекеттік қайраткер деңгейінде қызметтер атқарған тұлға. Сондай-ақ ол - шығармашылық адамы: ақын, жазушы журналист, композитор. Шығармашыл болған адамның өз еңбегінің қоғамда қандай деңгейде бағаланғанын білгісі келетіні рас. Бұл - заңдылық. Өз еңбегінің нәтижесін көрмей де, талай дарынды өмірден өтті. Ал Ахмет Байтұрсынов атамыз халық үшін істеген қызметтерінің, шығармашылығының бағасын өзінің 50 жылдық мерейтойы Тәшкенде, Орынборда аталып өткен кезде қазақ елінің басында жүрген мемлекет және әдебиет қайраткерлерінің аузынан естіп, баспасөз беттерінен оқыды. Той кезінде айтылған бағалы, құнды пікірлер осыған дейін орыс патшалығы тұсында екі рет сотталып, кеңес үкіметі тұсында өкімет басындағылардан психологиялық қысым көріп келе жатқан Ахаңның мерейін көтерді. Сонда С.Сейфуллин: «Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі... Қалай болса да, жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу-тіл құралдарымен қылған қызметі таудай», - деген-ді. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасов та Ахаңның халқына сіңірген қызметтеріне жоғары деңгейде баға берді. Бұл 1922-23 жылдардың арасы еді. «Ол кезде ауылдағы есі кірген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін Ахметтің есімін білуші еді» деп айтып отыратын үлкендер. Олай дейтіні, ол уақытта қыстық қант-шайын қамдау үшін шыққан базаршылар, ауқаттылар мен саудагерлер қалаға барғанда басқа қажеттерімен бірге, Ахаңның «Қырық мысалын», «Масасын», «Әліпбиін» алып қайтады екен. Кешке отбасында ағайындар жиналғанда немесе ораза кезіндегі ауызашарда үй ақсақалы сауатты балалардың біріне Ахаңның мысалдарын, «Ерсайынын» оқытып, жиналғандар рухани рақаттанысып қалады екен. Үлкендері «осының бәрін қалай біле берген» деп, мәз болып, бастарын шайқасады. Мысалдардың мәнін түсінгендері «данышпан екен, ә» деп таңданысады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда - қазан» деп айтушы еді данышпан қазақ, сол «қазанымыз» осы біздің заманымыз шығар. Ахмет Байтұрсынов есімі халқымен қайта қауышты. Оның артында қалған орасан зор мұрасы - халқына таусылмас қазына. Ұлы тұлғаның әлі де ашылмай, көрінбей жатқан қырларын зерттеу - ғалымдардың міндеті. 20-жылдардың бас кезінде Ахаңның еңбектері туралы ең алғаш ғылыми пікір жазғандар - М.Дулатұлы, Шонанұлы, І.Омаров (Ученая деятельность Байтұрсынова. 1927ж.) және т.б.
Ал Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын Кеңестер Одағы тұсында зерттеген ғалымдар, Рымғали Нұрғалиев пен Рәбиға Сыздықова болды. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Ахмет Байтұрсыновтың өмірін, саяси қызметін, ақындық шығармашылығын және ғылыми еңбектерін ғалымдар жеке-жеке алып, салаларға бөліп, зерттеу жұмыстарын бастады. Осы көштің басында тұрған жоғарыда аталған ғалымдармен бірге, ғалымдар З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Ә.Қайдаровтың, Ө.Айтбайұлының, Т.Кәкішевтің ғылыми зерттеулері ахметтануды биік белеске көтерді. Ахаңның еңбектерін терең зерттеуші ғалымдар қатары көбейіп келеді. Оның ішінде ғалым Ө.Әбдимановтың «Ұлттың рухани көсемі», «Ұлт азаттығын ұлықтаған ақын», «Қырық мысал -төл туынды», «Азатшыл ойға көшбасшы басылым», «Қазақ тілінің ұстазы - Ахмет Байтұрсынов» тәрізді көптеген зерттеулерін атап өтуге болады. Өткен жылы Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов мұражайының директоры Р.Имаханбетованың «Ғасыр саңлағы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық өмірбаяны» атты кітабы баспадан жарық көрді. Бұл да ахметтануға қосылған зор үлес болды. Ахаңның артында қалдырған мұрасы бұлақтың көзі тәрізді. Көзін ашсаң, жарқырап жаңа қырынан көріне береді. Дегенмен осы күнге дейін жазылған ғылыми зерттеулер Ахмет Байтұрсыновтың отаршылдыққа қарсы, еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткері, ақын, қазақ әліппесі мен грамматикасының, терминологиясының және әдебиет теориясының негізін қалаушы ұлы ғалым, аудармашы, фольклорист, журналист публицист, сондай-ақ композитор екендігін дәлелдеп шықты.
Қазақ тілі қазіргі уақытта өзге ұлт өкілдеріне балабақшадан бастап оқытылып келеді. Мемлекеттік тілді оқыту, болашақ ұрпақтың бойына қазақ тілін құрметтеу сезімін қалыптастыру мұғалімдердің үлкен еңбегін қажет етеді. Ұстаздар бұл бағытта аз тер төгіп жатқан жоқ. Кішкентай кезінен қазақ тіліне сусындап өскен балалар қайтсе де бұл тілдің қадір-қасиетін біліп өседі деп ойлаймын. Оларға тек жаттанды түрде оқытпай, қазақ халқының тәлім-тәрбиесін де үйрете алуымыз қажет. Сабақтың қызықты өтуі үшін мұғалімдер әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Соның ұтымды бір түрі - ойын арқылы тіл дамыту болып табылады. Енді бірнеше ойын түрлерін айта кетейін: 1. «Ойлан тап» оқыта үйрету ойыны. Мұғалім кім? деген сұрақ қойғанда, оқушылар ата, әке, іні деп жауап беруге тиіс. Мұғалім қайда? деп сұрақ қойғанда, үстелде, орындықта, партада, аулада, үйде, мектепте деп жауап берулері керек (мақсаты: оқушылар қойылған сұрақты түсініп, оған дұрыс жауап таңдай білулері керек. Яғни кім? деген сұраққа сызғыш деп жауап берілмейді). 2. «Қайталай ғой» оқыта үйрету ойыны. Ойын шарты: бір оқушы қандай да бір көкөністі атайды, ал екінші оқушы оны қайталап, тағы бір көкөніс атауын қосады. Үшінші оқушы екеуін қайталап, үшінші сөзді қосады. Осылай ойын 6-7 сөзге дейін жалғасады. 3. «Мені түсін» оқыта үйрету ойыны. Бұл ойынды жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуын меңгерту кезеңінде қолдану тиімді. Ойынның бір артықшылығы- алдын ала қосымша дайындықты қажет етпейді. Мұғалім тақта алдына оқушыларды бір қатар етіп тұрғызады. қатардың бас жағына өзі тұрып, жанындағы оқушыға жаңа сөздердің бірін сыбырлап айтады. Оқушы дәл осылай сол сөзді келесі оқушыға сыбырлап айтады. Ойын осылай жалғасады. Қатар аяқталғанда, соңғы тұрған оқушы өзі естіген сөзін дауыстап айтады. Алғашында мұғалім жасырған сөз бен соңғы сөз салыстырылып, бастапқыда сөзді бұзып айтқан оқушы сол сөзді бірнеше рет қайталайды. Осылайша бірнеше сөз жасырылып, олардың айтылуы бірнеше рет қайталанады. Мұғалімнің орнына сыныпты топқа бөліп, жарысты ұйымдастырғанда, әр топ мүшелері ойынды бастайды. 4. «Тақырыптық сөздер» оқыта үйрету ойыны. Лексикалық тақырыптарды пысықтау кезінде қолдануға қолайлы ойын түрі. Оқушылар шеңбер жасап, дөңгелене тұрады. Мұғалім басты тақырыпты айтады. Мысалы, мұғалім «Көктем» деген тақырыпты айтады. оқушылар осы тақырып бойынша сөздерді бір-бірден айтады. Осылайша шеңбер аяқталғанға дейін сөздер айтыла береді. 5. «Өз жұбыңды тап» оқыта үйрету ойыны. Сөз тіркесетірн меңгертуге арналған ойын. Мұғалім сабақта сөз тіркестерінің лексикалық мағынасын жаттықтыру мақсатында осы ойынды ойнатуына болады. Бұл ойында оқушылар саны жұп болуы керек. Мұғалім әр оқушыға бір-бірден сөз үлестіреді. Барлық оқушылар өздеріне берілген сөздерді дауыстап оқиды. Осыдан кейін оқушылар сөз тіркесін жасау үшін өз жұбын іздейді. Мысалы жаңбыр, жауады, көктем, айлары деген сөздер таратылады. Жаңбыр деген сөзді оқыған бала жауады деген сөзді оқыған баланың қасына барып, екеуі бірігіп, жаңбыр жауады деген тіркесті айтады. 6. «Кім көп және тез?» оқыта үйрету ойыны. Мұғалім қазақ тіліне тән белгілі бір дыбысты атайды, оқушылар сол дыбыс кездесетін сөздерді атауы керек. Әрбір дұрыс айтылған сөз үшін мұғалім оқушыға жұлдызша береді. Көп жұлдызша жинаған бала жеңімпаз атанады. 7. «Сөзден сөз тіркесіне» оқыта үйрету ойыны. Бұл ойын арқылы оуқышалрдың сөзден сөз тіркесін құрай алу дағдылары қалыптастырылады. Мысалы, мұғалім бәтеңке деген сөзді айтады, оқушылар қызыл бәтеңке, екі бәтеңке, үлкен бәтеңке, менің бәтеңкем т.с.с сөз тіркестерін айтады. Осы ойын түрлерін қолдану ұстаздардың сабағын қызықты өткізуге септігін тигізеді деген ойдамын. Пайдаланыған әдебиет: Б.У.Салыхова. А.Ж.Хазимова А.М.Ауғанбаева. Қазақ тілі Әдістемелік құрал. Алматыкітап 2012 Қарағанды қаласы, №81 жалпы білім беретін орта мектебі, қазақ тілі мұғалімі Шәкәрімова Гүлдана Қуатқызы.