- Учителю
- Конспект Мұғалімнің кәсіби шеберлігі
Конспект Мұғалімнің кәсіби шеберлігі
МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ-НӘТИЖЕЛІ БІЛІМ БЕРУДІҢ НЕГІЗІ
Сердалинова Г.Х.
Бастауыш сынып мұғалімі, №11 орта мектебі, Жезқазған қ.
Қазіргі қоғамдағы мұғалімнің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады.
Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның білімінің жан-жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияны меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзіреттілік қабілеті де кең болмақ.
«Құзырлық» сөзі туралы қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «құзыр (компетенция) - жалпы алғанда қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нәрсені жасау» деп берілген
Құзырлылық белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді. Кәсіби құзіреттілік деп педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады
Кәсіби құзырлылықтың қатарына келесі қабілеттер жатады:
1. Бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық);
2. Мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
3.Оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
4. Коммуникативтік құзіреттілік ( адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
5.Ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
6. Әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
7. Тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті)
Сонымен қатар, «құзырлылық тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылығын дамыту қабілеті» деп түйіндейді белгілі оқымысты Т.Г.Браже. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет. Қазіргі таңда оқытудың әр түрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде. Жаңа технологияны, әдіс- тәсілдерді меңгеруде мұғалімнің жан жақтылығы, біліктілігі қажет.
Өз тәжірибем бойынша білім сапасын арттыру жолдарын қарастыратын болсам, әліппеге дейінгі кезеңнен бастап түрлі дидактикалық дамытпалы ойындар, шығармашылық тапсырмалар колдандым. Атап айтсам, «Адасқан әріптер» ойынында әріптерден сөз құрау тапсырылады. «Қандай сөйлем?» дидактикалық ойынында оқушылар орны ауысқан сөздерден сөйлем құрайды. «Не артық?» ойыны барысында ерекшеленіп тұрған әріпті атау тапсырылады. Сондай - ақ, сөздік диктант жазғанда жұмбақтар жасырып, шешулерін жазғыздым. Сауаттылығын арттырумен бірге ой-өрісін дамытуды да көздедім. «Жасырын дыбыс» деген ойын барысында жаңылтпаштан жиі қайталанған дыбысты табу тапсырылады. Шығармашылықтарын дамыту мақсатымен грамматикалық ойындар, ұлттық мазмұнды ойындар, сөзжұмбақтар, ребустар, шарада, анаграммалар, грамматикалық лото, домино ойындарын қолдандым. Лото ойнау принциптерін басшылыққа алып әріп, буын, сөз лотолары қолданылады. Лотоның бұл түрлерін ойнау жолдары бірдей болғанымен, көздеген мақсаттары әртүрлі. Ойын барысында оқушылар карташадағы, сурет бойынша әріптерден немесе буындардан сөздер құрайды. Лото ойыны үстінде балалар әр сөздегі дыбыс, әріп санын дұрыс табуға, сөздегі буын санын дұрыс ажыратуға, тұтас сөздерді дұрыс оқуға дағдыланады. «Сөзтізбе» (чайнворд) ойынында бір оқушы бір сөз айтады, балалар сол сөздің соңғы дыбысынан басталатын сөз тауып жалғастырады. Мысалы: ат, таға, аспан, нан, т.б. сөздер. «Өзгертпе сөз» (анаграмма) ойынында берілген сөздегі әріптердің орнын өзгерту арқылы жаңа сөз жасайды. Мысалы: пана-апан, маса-сама, т.б. сөздер. «Тумасөз» (метаграмма) мұнда жаңа сөз жасау үшін пайдаланылатын сөздің бір әрпі өзгертілуі қажет. Мысалы: түлкі - күлкі, тоң - тон. Сонымен қатар, дайын ұйқасқа өлең шығару; аяқталмаған ертегі, әңгімелерді өзіндік шығармашылықпен аяқтау; оқушылардың бір-біріне немесе шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беруі тапсырылады.
Нәтижесінде тапсырмалардың түрлері оқушыларды: ерекше ойлауға; өз идеяларын ашық айтуға; болжамдар жасай білуге; белгісізге қарай табысты түрде қадамдар жасай білуге үйрете отырып, олардың бойларына құзыреттілік қасиеттердің белгілерін қалыптастырып, заман деңгейіне сай білім негіздерімен қаруландырады.
Оқушыларға тіліміздің байлығын, оның көркемдігі мен өрнегін, ойды анық та айқын жеткізе білу тәсілдерін үйрету негізі бастауыш сыныпта қаланады. Қазақ тілі оқулықтарында берілген жұмыстар көбіне грамматикалық заңдылықтарды игеруге бағытталған, ал тіл заңдылықтарын игерту, тіл дамыту мақсатын көздеген тапсырмалар жеткіліксіз. Осыған орай "Тіл ұстарту", "Қызықты математика" атты авторлық бағдарламалар құрастырдым.
Тіл ұстартудың түпкі мақсаты - қазақ сөзінің құдіретін, ана тілінің сырларын білу, сөйлеу өнерін игеруге ұмтылу. Ұсынылып отырған бағдарламада ауызша, жазбаша тілдің заңдылықтары негізінде - оқушы мәдениетті сөйлеуге, әдеби тіл нормаларын меңгеріп, сауаттылығын арттырып, тіл стилдерінің ерекшеліктерімен танысады.
Бағдарлама қазақ тілі, ана тілі, дүниетану пәндерімен байланыстырылып құрылған.
Әр тақырыптан кейін, тілдік ұғымдарды өздіктерінен саналы түрде түсініп, тұжырымдай алатындай тапсырмалар ойластырылған. Бағдарлама мазмұны оқушылардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастырады. Ауызекі сөйлеу және жазба тілде ойды жүйелі жеткізе білуге тәрбиелеп, сөздік қорын байытып, сөйлеу мәдениетін дамытады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез келген үлгімен құруға мүмкіндік береді. Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда негізінен сыни ойлауды дамыту технологиясын басшылыққа аламын. Себебі жеке, топтық жұмыстар әзірлеу, эссе, бақылау жұмыстары, әртүрлі кесте, модельдер жасап қорғау, дискуссия, пікір алмасулар сияқты танымдық- рефлексиялық әрекеттер арқылы оқушылар өздері үшін маңызды болған мәселелерді туындайды.
Сын тұрғысынан ойлау технологияны қолдану нәтижесінде:
-
Оқушылар күні бұрын берілген тапсырма мен де сабақ үстінде берілген тапсырмалармен қосымша ізденеді, өз бетімен дайындалады.
-
Оқушы ой қиялының дамуына, пікір айтуына еркіндік беріледі.
-
Өз өміріне , қоршаған ортаға сын көзбен қарауға үйренеді.
-
Өзгенің пікірін тыңдап, оған өз көзқарасын қоса білуге үйренеді.
-
Шыншылдық, әділдікке дағдыланады.
-
Өзгенің пікірімен санасуға үйренеді.
-
Әр түрлі шығармашылық жұмыстарға дағдыланады.
-
Өз пікірін қорғай дәлелдей алады.
-
Топпен жұмыс істеуге үйренеді.
-
Жан дүниесін тәрбиелейді.
Осы бойынша сабақ кезеңдерінде:
- оқушылар сабақтың мақсат, міндетін өздері анықтайды;
- мәселені шешу жолын іздестіреді;
- жаңаны өздері табады;
- ақылдасады, кеңеседі.
Аталған әрекеттері арқылы әр оқушының мәселені шешу, ақпараттық, коммуникативтік құзыреттіліктері қалыптасады. Құзыреттілік қалыптастырудың келесі міндеті әр сабақтың өмірлік жағдайлармен байланыстылығы. Бұл орайда құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағдарланған тапсырмалар да қолданылады.
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы оқушы құзыреттілігін дамытуда аса маңызы бар технология.
Қорытындылай келгенде, сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз- алған білімге сын көзбен қарау, іздену, оның ақиқатын дәлелдеу, яғни, білімді саналы түрде алу. Бұл технологияның тиімділігі - оқушының құзыреттілігін арттырып ғана қоймайды, сонымен қатар:
-
Жеке тұлғаның жетілуіне, дамуына бағытталады.
-
Мұғалім мен оқушылар арасында ізгілікті қарым-қатынас орнауы.
-
Оқушының өздігінен жан-жақты білім алуына жағдай жасалады.
-
Алған білімге сын көзбен қарау, білімді сапалы түрде алу.
-
Оқушыны ойын ашық айта алуға, пікір айтуға, алмасуға үйренеді.
-
Бірін-бірі сыйлауға баулуы.
-
Мәселенің ең негізгі түйінін табуға дағдыланады.
-
Оқушының шығармашылық белсенділігінің артуы.
Сыни ойлау - ашық қоғам негізі. Сыни ойлау деген -әр жеке тұлғаның кез -келген жағдайдағы мәселені ойлап, зерттеп қорытып, өз ойын еркін ортаға жеткізе алуы.Сыни тұрғыдан ойлау, өзіндік, жеке ойлау болып табылады.
Қазіргі таңда мектеп оқушыларының мұғалімнен күтері көп. Оларды сабаққа белсене қатыстыру үшін әр сабақ барысын жеке формада, жаңа әдісте жүргізу шарт. Оқу формалары заманауи талаптарға лайық болуы, жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру үшін, ұстаз ақпараттық технологияны өз іс-әрекетінде тиімді, сауатты ұйымдастыруы қажет. Сондықтан интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану интеллектуалдық, эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, ал көрнекі құрал ретінде пайдалану оқу-танымдық үрдіс тиімділігін арттырады Бұл кезеңде оқушылар ана тіліндегі барлық дыбыстар және олардың әріптерімен танысып, оқуға, жазуға үйренеді. Баланың алғашқы тілдік сауатын ашу интерактивті тақта арқылы жүзеге асырған жөн. Оқушы теория мен практиканы ұштастырып, ана тілінің қыр сырын терең түсінеді, шығармашылық қабілеті артады. Ұсынылған сабақтарда оқушылар әрбір жаңа дыбыс және оның таңбасымен танысып, оны жазып көреді, тақырыптық сурет бойынша әңгіме құрастырып, мәтінді оқып, грамматикалық тапсырмаларды шешеді.
Қорыта келгенде, кәсіби, шығармашыл ұстаз оқытудың жаңа технологияларын өмірге енгізуге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын, қоғамның ең озық бөлігінің бірі. Оқу-тәрбие үрдісінің мазмұнына және ұйымдастырылуына комплексті тұрғыда қарайтын, зерттеушілік ыңғайға бейім, теория мен практика іс-әрекетін біріктіре білетін, өмірлік құндылық қағидалары адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, парасатты мінез құлық қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз.
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілі - бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ.
Бүгінгі заман талабы - жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан «тұлға» тәрбиелеу. Оқушы «тұлға» болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға логикалық операцияларды қолдана отырып дәлелдеуге жалпы алғанда жеке адамның құзіреттіліктері қалыптасуы қажет.
Осындай биік нәтижеге қол жеткізуді - кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалім ғана жүзеге асырмақ .
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Құдайбергенова К.С. Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары. Алматы 2007
2. Тоғымбаева А.Ә. Педагогтың кәсіби құзырлылық моделі. «12 жылдық білім» журналы 2006 №3
3. Қазбекова Н.Т. Қазақ тілі сабақтарында коммуникативтік оқытудың
элементтерін қолдану 12 жылдық білім журналы 2006 №1
4. Алимова Қ. «Дамыта оқыту» мәселесінің педагогикада зерттелу жайы
Бастауыш мектеп №4 2009
5. Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық Алматы 2007