7


  • Учителю
  • Өзін-өзі тану пәніне арналған ашық сабақ жоспары 'Уақыт-мезгіл пернесі' (10-сынып)

Өзін-өзі тану пәніне арналған ашық сабақ жоспары 'Уақыт-мезгіл пернесі' (10-сынып)

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Смайлова Аймереке Сматқызы, Абай Құнанбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі


Сынып: 10

Сабақтың тақырыбы: Уақыт- мезгіл пернесі.

Құндылықтар: Дұрыс іс-әрекет. Қасиеттер: Жауапкершілік, әдептілік.

Мақсаты: "Уақыт" ұғымының құндылық ретінде мәнін ашу.

Міндеттері:

  • "Уақыт" ұғымын құндылықтар аясында түсіндіру.

  • Жауапкершілік қасиеттерін дамыту;

  • Уақытты бағалай білуге баулу.

  • Мәдениеттілікке үйрету.

Қажетті құралдар: Слайд «Уақыт -мезгіл пернесі», «Тыныштық сәті» бөліміне арналған баяу музыка, «Бағалайық бақытты» әні.


Сабақ барысы:


1.Ұйымдастыру кезеңі.

Тыныштық сәті: Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді мейірімге бөлеп, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте-бірте шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Қанша уақыт өтсе де, менің осы нұрлы жүрегім өзгермеуі тиіс, себебі мен әрбір сәтімді бақытты өткізуге тиіспін, ал әрбір сәтті бақытты өткізу үшін, мен тек жақсы істерді жасаумен айналысуым керек. Іштей қайталаңыз: мен бақыттымын, мен өз өмірімнің әрбір сәтін бағалаймын. Осындай бақытты күйде отыра тұрамыз. Көзімізді ашуға дайындаламыз.


Балалар бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай, сабағымыз өміріміздің құндылықтарының бірі «уақытқа» арналады.

Тақтадан (слайд№3) домбыра суреті шығады, Домбыраны сабақтың тақырыбымен байланыстырып, мағынасын ашып көрелік. Оқушылар өз ойларын ортаға салады. Мысалы, домбыра уақытпен бірге жасап келе жатқан ата-бабалардан қалған мұра десек, сонымен қатар домбыраны уақытқа теңесек, ал пернелерін біздің іс-әрекеттерімізге, өміріміздің әрбір сәтіне теңеп көрелік: домбыра пернесін дұрыс бассақ одан шыққан әуенде сазды, мәнді болатыны сияқты, уақыттың әрбір сәтін дұрыс іс-әрекеттерге арнасақ, өмірімізде мәнді мағыналы болмақ.

2. Үй тапсырмаларына шолу:

1.Уақытты қадірлей алып жүрсіз бе?

2.Уақытты тиімді пайдалануда өз тәсілдеріңіз бар ма?

3.Өміріңізде «уақытым бекер өтті» деген өкінішті сәттер болды ма?

Берілген сұрақтар бойынша дайындап әкелген жауаптарын ортаға салады.


Ал, енді балалар осы сұрақтарға танымал жұлдыздарымыз не деп жауап берген екен? (тақтадан Әкім Ысқақ пен Роза Рымбаеваның суреттері мен жауаптары жазылған слайд көрсетіледі

Әкім ЫСҚАҚ, ақын-сазгер:

«Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың!»

1. Өмірдегі ең үлкен жоғалту - уақытты жоғалту. Шындығында бәріміз де уақытқа тәуелдіміз. Жас кезімде уақыттың қадірін ұға алмаған сәттер болды. Ал есейген сайын бос уақыт деген мүлде болмайды екен. Уақыт алдындағы жауапкершілік үнемі маза бермейді. Сондықтан мүмкіндігінше бәріне үлгеруге тырысып бағамын.

2. «Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны емес, жолаушысы ғанасың!» деген сөзді жиі қайталаймын. Қонаққа көп барудан да қашқақтауға тырысамын. Өйткені аяқталмаған жұмыстар қаншама?!

3. Зымыраған уақыттың тегершігі ешкімге бағынбайды. Және өткеніңді қайтара алмайсың. Өкінішті сәттерімнің бары рас. Ал жалпы алғанда, өміріме өкпем жоқ.

Роза РЫМБАЕВА, әнші, Қазақстанның Халық әртісі:

«Уақытымды тиімді пайдаланбағанда, Роза Рымбаева болмас едім»

1. Әрине. Өйткені менің әр күнім, әрбір сағатым, әр минутым белгілі бір жоспарға құрылған. Қаншама кездесулерім, гастрольдік сапарларым бар. Сондықтан ешқашан уақытымның бос өткен кезі болған емес. Ал жолға шыққанда газет-журналдар оқып, тынығамын.

2. Мен таңғы сағат 7:00-ден кешке дейін не істейтінімді қағазға түртіп, жазып жүремін. Және сол бойынша жұмыстарымды іске асырамын. Уақытты тиімді пайдаланбаса, белгілі бір жоспармен жүрмесе, өнер адамына өте қиын. Өйткені уақыт өте жылдам. Еш нәрсеге үлгере алмауың мүмкін.

3. Ешқашан «уақытым бекер өтті» деп өкінген емеспін және олай ойлауға уақытым да жоқ. Бала күнімнен еңбек етуге тырысып, әрбір күнімді жоспарлауға дағдыландым. Кейін сол қасиетім әдетіме айналып кетті. Егер мен осылай қатаң тәртіппен жүрмегенде, өз-өзіме сынмен қарамағанда, елге танымал әнші Роза Рымбаева болмас едім.


3. «Дәйек сөз» айдары.

«Уақыттың бос өткені - өмірдің бос кеткені» Бүгінгі сабақтың дәйек сөзінің мағынасын ашу.

Осы дәйек сөздің мағынасын жете түсіну үшін оқулықтағы Ә.Нұршайықовтың естелігінен үзінді оқып, түсінігімізді кеңейтуге болады.


4. Әңгімелеу.

Оқушыларға оқулықтан тыс уақыт тақырыбына байланысты қызықты ойлар мен кеңестерді әңгімелеу.

  1. Уақыттың ерекшеліктері:

Тез өтеді

  • Адам баласының ғұмыры «қамшының сабындай» қысқа. Ең ұзақ өмір сүрген Нұх пайғамбарға өлім періштесі: «Дүние қандай екен?» деп сұрағанда, ол: «Дүние екі есігі бар үй сияқты екен, бір есігінен кіресің де, екіншісінен шығып жүре бересің» депті.

Қайтып келмейді және орны толмайды

  • Әрбір өткен күн, таусылған сағат, жылжыған сәтті қайтару мүмкін емес, демек олардың орны да толмайды. Үлкен білім иесі Хасан әл Басри: «Әр таң атқанда, күн адам баласына: Ей адам баласы! Мен жаңа бір жаратылыспын, сенің амалдарыңа куә боламын. Мені пайдаланып қал, мен өтіп кетсем Қияметке дейін қайтып келмеймін» дейді, деп өсиет айтқан.

Адамда бар нәрсенің ең қымбаты

  • Уақыт - адамда бар нәрселердің ең қымбаты. Хасан әл Басри: «Ей адам баласы! Сен топталған күндерден тұрасың. Бір күнің кетсе сенің бір бөлігің кетті», дейді.

5. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс:

Уақыт құндылықтар жүйесінде.

Уақытты өзімізге белгілі 5 құндылық жүйесі арқылы түсіндіреміз:

1-топ: Ақиқат. Уақытты ақиқатпен байланыстыру

2-топ: Парыз ақтау. Уақыттың парыз ақтаудағы маңызы

3-топ: Қиянат жасамау. Уақытты қиянат жасамаумен байланыстыру.

4-топ: Сүйіспеншілік. Уақыт пен махаббат, сүйіспеншілік

5-топ: Жан тыныштығы. Жан тыныштығының уақытпен байланысы.

6. Топпен ән айту.

"Бағалайық уақытты" ("Бағалайық бақытты" әнімен айтылады, сөздері уақыт тақырыбына біршама өзгертілген)

Балғын-дәурен, балауса кезің қандай

Уақытты жүреміз сезіне алмай
Әрбір сәттің қадірін біле алмасақ

Бұл ақиқат - жүреміз кезіге алмай.

Қайырмасы:
Жүрегімде махаббат ән тербетер
Бағалайық бақытты жан тербетер
Мұңға батып қалмасын көңіл бекер
Оралмайды жан-құрбым - өмір өтер

Ешкім бізге аяулым бал ашпайды
Қалауына уақыттың таласпайды
Жолын дұрыс таңдаған адаспайды
Ешкімге де бос жүрген жараспайды

Қайырмасы.

Арманның мекені, алыстап кетеді
Жастығың өтеді қас-қағымда
Бағың бір таймасын, көңілің сайрасын
Уақытты ойлап жүр жас шағыңда

7. Үйге тапсырма: Оқушы дәптеріндегі тапсырмаларды орындау. Берілген Пифагор ойын оқи отырып, өз тұжырымыңызды ұсыныңыз. Сонымен қатар өз еліміздің рәміздерінің қайсысында «уақыт пен кеңістіктің» белгілері бейнеленгенін біліп келіңіздер?

(Балалар Елтаңбадағы Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол - өлмес өмірдің бейнесі екендігін біліп келулері керек)


8. Тыныштық сәті:

Балалар, қанекей сабағымыздың соңында жайлы әуен аясында жанымызды тыныштандыра отырып, бүгінгі алған әсерлерімізді ой елегінен өткізелік. Жүрегіміздің лүпілін тыңдайық, әр соққан жүрек лүпілі уақыт өлшемі - сағаттың тырсылындай. Әрбір соққан жүрек лүпіліне бір-бірден әдемі моншақтарды тізіп жатқандаймын. Көз алдымызға әдемі тізілген моншақтарды елестете отырып сабағымызды аяқтаймыз.

Жүрек айтар бір сәт тоқтап тұра алман,

Тұрмайды өмір қызық пенен құмардан.

Ескермейтін, ей адамзат, өмірің

Минуттар мен секундтардан құралған дегендей әр сәттеріңіз мағыналы да мәнді өте беруіне тілектеспін.



 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал