- Учителю
- Қош бол, құтты- Әліппем!
Қош бол, құтты- Әліппем!
Тақырыбы: Қош бол, құтты- Әліппем!
Мақсаты:Оқушылардың білімдерін бекіту, олардың алған білімдерін, білік, дағдыларын көрсету.Тілін дамыту, сөздік қорын дамыту, ұқыптылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.
Барысы
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар 1-«ә» сынып оқушыларының « Қош бол, құтты-Әліппем» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Балалардың қолына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы- Әліппе. Бұл кітап- бүкіл әлем дүниесінің алғашқы есігі, білімге бастайтын алғашқы соқпақ. Сүйікті әліппенің арқасында біздің балалар сауатты адам қатарына енді.
Нұрлы үміт арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Бүлдіршіндерді шақырайық ортаға
Баршаға өнер сүйер жар саламыз,
Үкілі үміттерді қарсы аламыз.
Күйге енейік баршамыз ерекше бір,
Сіздер үшін би билеп, ән саламыз.
Оқушылар сахнаға келіп тұрады.
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі жазып, оқитын халге жетті,
Құтты болсын білімі балалардың
1-оқушы: Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға
Хош келіпсіз ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға
2-оқушы: Өтті оқу сан сабақ
Бүгінгі үлкен салтанат
Оқулықпен достассаң
Әліппемен қоштассаң
Өсті, білім бойымыз
Құтты болсын тойымыз
Мұғалім: Міне бүгін барлық ғылымның атасы, біздің болашағымыздың негізі - Әліппені бітіріп отырмыз, өйткені алғаш хат танып, сауатымызды ашқан біздің жақын досымыз Әліппемен қоштасамыз. Адам баласы талай замандар бойы жинаған білімнің асыл қазынасына жол ашқан оқу құралы деп «Әліппені» үлкен де, кіші де қастерлейді.
-
Балалар мен сендерге жұмбақ жасырғым келіп оыр:
Іші толы әріпке,
Білімдіге жарық не?
-Оқушылар:
Болашаққа жол ашқан,
Ол сүйікті -«Әліппе»
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге қымбат дос Әліппені ортаға шақырайық.
Оқушылар: Әліппе! Әліппе! Әіппе!
Әліппе сөзі
Мұғалім: Ал балалар, олай болса, сүйікті әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз.Сондықтан біз осы уақытқа дейін алған білімімізді көрсетіп, ән-күймен, өлеңдермен өрнектеп өнерімізді ортаға салайық.
Әліппе сіз бүгінгі кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
Қане, балалар, Әліппеге арнаған қандай өлеңдерің бар айтып берейік.
1-оқушы: Әсем ою - өрнекпен,
Көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге,
Бастайтын жолды біліппе ем,
2-оқушы:Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.
3-оқушы: Бар кітапқа бас болған,
Әліппе- ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
4-оқушы: Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Ән: «Әліппе»
Тайджан Ақтілек пен Алиева Ақжарқынның орындауында.
Мұғалім: Балалар, біз 42 әріпті түгел жаттап алдық. Оқуды, жазуды үйрендік. Әліппемен қоштасу тек біздің мектепте ғана емес, еліміздің мыңдаған балалары « Әліппе» кітабын бітіргенін мерекелеуде. Енді балалар біз әліппеден өткен әріптер туралы қандай өлең білесіңдер?
1-оқушы: Алфабиттің «А» тұрады басында,
2-оқушы: Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.
3-оқушы:Байқадың ба, «Б» тұрады үшінші
Ал осының сыры неде түсінші.
1-оқушы: «А» деген ол аналар ғой ардақты,
2-оқушы: «Ә» деген ол әкелер ғой салмақты.
3-оқушы: «Б» деген ол балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуіде кәделі.
4-оқушы: Әр үйде бір қақпа бар,
П-ға аумаған тап солар.
Ата-анаңмен барып сен,
Пілді көрдің парктен.
5- оқушы «Н» әрпінде екі тіреу,
Ортасында басқыш -біреу.
Ас біткеннің анасы-
Қасиетті « нан» осы.
6-оқушы: Қырларда құр- деші,
Жайылып жүр -деші,
Біреуі қарауыл,
Қарап-ақ тұр -деші,
Ал енді өзің-ақ,
Р-Р-Р - деші.
7-оқушы:Оспан да өлең жаттады,
Олжас та өлең жаттады.
«О» әрпінен басталған,
Екеуінің аттары.
8-оқушы: «Ш» әрпін айтсақ жасырмай,
Үш аша айыр басындай.
Шоршиды шортан, шорағай,
Шегіртке қуып Шорабай.
Ән: «Оқуда озат боламын»
Айтым Әбілхайырдың орындауында.
Би: « Қара жорға»
Мұғалім: Балалар, біз Әліппеден үйренген өлеңдерімізді ортаға салып жатырмыз. Енді сол әліппеміздің үйреткен мақал-мәтел, жаңылтпаштары бар емес пе, ендеше соларға кезек берейік.
1-оқушы:Оқу- білім бұлағы,
Білім- өмір шырағы.
2-оқушы:Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
3-оқушы:Үйшік жаса, күшік үшін,
Кең қып жаса, үйшік ішін.
4-оқушы:Хакім хат ашып отыр,
Хат ашып, шатасып отыр
Ол хатты қате ашып отыр.
Мұғалім: Балалар, біз әліппеден оқу, жаза білуді үйренсек, ал математикадан санауды, есептеуді сандарды жаза білуді үйрендік. Ендеше осы уақытқа дейін математикадан не үйрендіңдер ортаға салыңдар.
1-оқушы: Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын.
Шөліркесем ашып сан
Білім нәрін жұтамын.
Біздің келер шамамыз,
5-ке 3-ті қосамыз.
10-нан 5-ті алып,
Жауабын тез табамыз.
1-оқушы: Бір дегенім- білім,
Білімсіз жоқ күнің.
2-оқушы:Екі дегенім- еңбек,
Еңбек бәрін жеңбек.
3-оқушы:Үш дегенім-үміт,
Үміт артар жігіт
4-оқушы:Төрт дегенім- талап,
Талмайтұғын қанат.
5-оқушы: Бес дегенім -бірлік,
Бірліксіз жоқ тірлік.
6-оқушы:Алты дегенім-ақыл,
Тыңдағаның мақұл.
7-оқушы:Жеті дегенім- жігер,
Жеңер жолын білер.
8-оқушы:Сегіз дегенім- сенім,
Сүйенішің сенің.
9-оқушы:Тоғыз дегенім-талғам,
Тура жолға салған.
10-оқушы:Он дегенім-Отан,
Отанды сүй ботам.
Мұғалім: Балалар, біз математикадан да білімімізді көрсеттік. Енді Әліппемен де қоштасатында кез келді. Әліппе бізге қаншама нәрсе үйретті.Біз Әліппенің арқасында жазу жазуға, өз бетімен оқуға,сөз, сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше Әліппеге не деуіміз керек.
Хормен: Рахмет саған, Әліппе!
Хор: Рахмет саған, Әліппе!
Би: Үнді биі. Тайджан Ақтілек
Мұғалім: Балалар біздің Әліппеміз асығып отырған сияқты. Қане Балалар Әліппеге рахмет айтып шығарып салайық.
1-оқушы: Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің.
2-оқушы: Енді біз жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Ырза боп саған жүреміз,
Қош бол, сүйікті Әліппе.
Әліппе сөзі
Хормен: қош бол, Әліппе!
Мұғалім: Балалар, сендер Әліппені жақсы меңгеріп сауатты болуларыңа ата-аналарыңның да қосқан үлесі мол. Бақытты балалық шағымыз үшін, ата-аналар сіздерге көп рахмет дей отырып әнімізді арнаймыз.
Ән: Ата-ананы тыңдаймыз
Мұханмединова Арай мен Айтқұлова Гүлдариғаның орындауында.
Айдында аққудай сылаңдаған,
Біреулер күй, біреулер жыр арнаған.
Шықсын енді ортаға биші қыздар,
Айдында аққудай сылаңдаған.
Би: Өзбек биі.
Мұғалім: Балалар, сендер Әліппені бітірдіңдер. Ендігі сендердің жаңа достарың ана тілі болады. Сондықтан Әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. Ал енді ана тілін ортаға шақырайық.
Хормен: Ана тілі, ана тілі, ана тілі
Ана тілі сөзі.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата -аналар , бүгінгі балалардың «Қош бол, құтты- Әліппем! атты ертеңгілігі өз мәресіне жетті.
Енді мектебіміздің оқу ісі меңгерушісі Айша апайға сөз береміз.
Келесі сөз ата-аналарға беріледі.