- Учителю
- Разработка по математике на тему Ғажайып математика
Разработка по математике на тему Ғажайып математика
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Математика.
Білім саласы: «Таным».
Білім саласын кіріктіру: «Таным», «Қатынас».
Тақырыбы: Ғажайып математика.
Мақсаты:
Білімділік: 1-10-ға дейін сандарды қайталап, білімдерін бекіту.
10-ға дейінгі санның құрамы, таңбасын, геометриялық пішіндерді
айырып, салыстыруларын бекіту.
Дамытушылық: Логикалық ойлауларын, есте сақтау қабілеттерін
дамыту. Санамақтар айтқызып математикалық ойын арқылы балалардың
тілдерін дамыту.
Тәрбиелік: Зейінділікке, ойшылдыққа, қамқорлыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: Сандар таңбасы, санайтын таяқшалар, жұмыс
дәптері, ертегі кейіпкерлерінің суреттері, бағдаршам, сиқырлы
қарындаш.
Әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, салыстыру, ойын ойнау, дәптермен жұмыс
жасау, санамақ айту, сандарды тура және кері санау.
Билинвальды компонент: Бағдаршам-светофор, сандар-цифры, сиқырлы таяқша-волшебная палочка.
Шаттық шеңбер:
Біз ерекше баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Достарымды көргенде,
Қуана қарсы аламыз.
Қайырлы таң, достарым!
Сабақтың барысы:
Тәрбиеші сұрақтар қою арқылы сабақты бастайды.
-Қазір жылдың қай мезгілі?
-Көктем мезгілі.
-Көктем мезгілінде неше ай бар?
-Үш ай бар.
-Атап беріңдерші?
-Наурыз, сәуір, мамыр.
-Ал енді, балалар доп лақтыру ойынын ойнағыларың келе ме?
-Ия, келеді.
Ойын: «Доп лақтыру».
-Бір аптада неше күн бар?
-Бір аптада 7 күн бар.
-Апта деген ағайдың жеті бірдей ұлы бар.
-Қалай санаймыз?
Біріншісі - дүйсенбі.
Екіншісі - сейсенбі.
Үшіншісі - сәрсенбі.
Төртіншісі - бейсенбі.
Бесіншісі - жұма.
Алтыншысы - сенбі.
Жетіншісі - жексенбі.
-Бүгін қай күн?
-Сейсенбі.
-Балалар, бүгінгі оқу іс-әрекетімізді саяхат түрінде өткіземіз,
қалай қарайсыңдар?
-Барғымыз келеді!
-Онда біз ғажайып математика еліне саяхатқа шығайық. Ал, кеттік.
Бірақ жүруімізге бірдеңе кедергі болып тұрған сияқты. Мен жұмбақ
жасырамын, не екенін сендер табыңдар.
Аяғы бар жүрмейді,
Аузы жоқ сөйлейді. ( Бағдаршам)
-Бағдаршамның қызыл көзі жанып тұр ғой, не істейміз?
-Дұрыс, тоқтап тұрамыз.
-Бағдаршамның көздерінің пішіндері қандай?
-Домалақ, шеңбер.
-Түстері қандай?
-Қызыл, сары, жасыл.
-Балалар, бағдаршам дегенде нені түсінесіңдер?
-Бағдаршам жол тәртібін реттеуші.
-Бағдаршам қай жерде болады?
-Жол қиылысында болады.
-Бағдаршам туралы тақпақ кім біледі?
Мен көшеден өтерде,
Бағдаршамға қараймын.
Қоймаған ғой бекерге,
Жәрдемшісі ол талайдың.
Тәрбиеші:
-Ал енді,әрі қарай жүрейік, бағдаршамға қарайық.
Балалар:
Қызыл көзі жанғанда тұрайық.
Сары көзі жанғанда,
Жүруге дайын болайық.
Жасыл көзі жанғанда,
Жылдам өтіп алайық.
-Балалар, мына жерде бір қорап тұрған сияқты. Ашып көрейік ішінде не бар екен?
Мұнда таяқша бар ғой, мүмкін бұл сиқырлы таяқша шығар. Бізді саяхатқа осы сиқырлы таяқша апаратын сияқты.
Көзімізді жұмайық 1, 2, 3 бізді математика еліне апар.
Ғажайып математика еліне келдік.
Балалар мен сендердің тапқырлықтарыңды, шапшаңдықтарыңды байқап
көрейін. Ол үшін менің бірнеше тапсырма, ойындарым бар. Соларды
орындай аласыңдар ма?
Балалар: Ия, орындай аламыз
1 тапсырма: Ойын «Өз орныңды тап». (Сандарды алып, ретімен қатарға тұрады)
Мақсаты: Балалардың сандарды ретімен орналастыра білуін, шапшаңдығын байқап көру.
Шарты: 1-ден 10-ға дейінгі сандарды тура және кері санау.
Балаларды үстел басына шақырып, отырғызу.
2-тапсырма: Дәптермен жұмыс.
Шарты: Суретте көрсетілген пішіндерге қарап, пішіндері ұқсас жапсырмаларды жапсыру. Пішіндерді көрсетілген түспен бояу.
3-тапсырма: «Санамақ санау».
Ал санайық, санамақ,
Саусақтарға қарап ап,
Қане, қане санайық,
1, 2, 3, 4, 5-1, 2, 3, 4, 5
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ,
Беске бесті қосқанда,
Болады сонда он саусақ.
4-тапсырма: Логикалық ойын: «Таяқшалар»
Мақсаты: Есте сақтау қабілетін дамыту.
Шарты: Көрсетілген суретке қарап, сол пішінді санау таяқшаларынан құрастыру.
-Құстарға қамқорлық танытып, геометриялық пішіндерде ұя жасайық.
-Шырша
-Жұлдызша.
Ал балалар, орнымыздан тұрып саяхатымызды жалғастырайық.
Көзімізді жұмамыз, 1, 2, 3 көзімізді ашамыз.
Келесі аялдама «Ертегілер елі» екен.
Жыл бойы өткен ертегілерімізді есімізге түсірейік.
-Ал мынау қай ертегілердің кейіпкерлері еді?
-Балалар, бұл ертегіде неше кейіпкер болды, еске түсіріп
көрейікші?
-Қанша адам?
-Қанша үй жануары шалқанды тартқан еді?
-Ал мұнда қай кейіпкер жетіспейді?
-Немересі мен атасының ортасында кім тұрған еді?
-Ең соңында ше?
Енді тобымызға оралайық.
-Балалар, сендер бүгін қандай тапсырмалар орындадыңдар?
-Балалар сендер нағыз алғыр, білімпаз, өнерлі балалар екенсіңдер.
Бағдаршам туралы айттық, сандарды ретімен тура және кері санадық,
санамақтар айттық, ертегі кейіпкерлерін атадық, геометриялық
пішіндерді атап, таяқшалардан ұқсас пішіндер құрастырдық.
Жүректен-жүрекке.
Балалар топқа оралып, шаттық шеңберіне тұрады, бір-біріне жылы
тілектерін айтады.
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау саламат болайық!
-Балалар, мына сиқырлы таяқшамыздың ішінде бірдеңе бар-ау
жұлдызшалар ғой, осы жұлдызшалар сияқты жарқырап жүріңдер, сендерге
рахмет.
Күтілетін нәтиже:
Нені біледі: 1-ден 10-ға тура және кері санауды.
Қандай түсініктерді игерді: Бағдаршам туралы, пішіндерді
орналастыруды игереді.
Меңгерген дағдылары мен іскерліктері: Жолда жүру ережесін, санамақ
айтуды, сандарды ретімен орналастыруды меңгереді.