7


  • Учителю
  • Баяндама. Тақырыбы: 2015 - Ассамблея жылы!.

Баяндама. Тақырыбы: 2015 - Ассамблея жылы!.

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

2015 - Ассамблея жылы!



Баяндама. Тақырыбы: 2015 - Ассамблея жылы!.





Татулық, бірлік, келісім - ең асыл іс кез келген ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Ассамблея дербес қоғамдық институт болып құрылғанына да алты айдан кейін 20 жыл толмақ. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл идея елімізге не берді? Президент Жарлығымен 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнаудың себебі не? Осы бастамалардың мән-маңызы жайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаевпен тілдескен едік. Ол кісі әңгімесін былайша өрбітті:

- Әңгімені әріден бастайық. 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт пайда болды. Тоқсаныншы жылдар егемендігін енді алған ел үшін оңай кезең емес еді. Мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар күш қажет болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің алдымен экономикасын көтеруді басты мақсат еткені де белгілі. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін еместігін әу баста айқындап алды. Экономикалық дамумен қатар еліміздегі татулықтың тамырын тереңдету керектігін тәуелсіздік алғаннан бері халыққа түсіндірумен келеді Мемлекет басшысы. Бастаманың мән-маңызын ұғынған еліміздің барлық облысы идеяны іліп әкетті. Алғашқылардың бірі болып сан алуан ұлысқа ортақ шаңырақ көтерген өңірлердің ішінде Павлодар облысы да бар. Біздің филиалға да келесі жылы 20 жыл толады.

90-шы жылдары аймағымызда 11 этномәдени бірлестік құрылса, 2013 жылы олардың қатары 23-ке жетті. Қазіргі таңда барлығы «Достық үйі» атты шаңырақ астында кейінгі буынға ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп, тілін үйретіп, тарихымен таныстыруда. Өшкенін жаңғыртып, мол мұрасын өскелең ұрпағына аманат етуде. Осы ретте, 1996 жылы құрылған ассамблея жанындағы ұлттық жаңғырту мектебінің алар орны зор. Достықты нығайтуға мол еңбек сіңірген белгілі жерлесіміз Қанат Даржұмановтың есімі берілген бұл мектепке.

Облыста 80-нен астам этнос өкілдері тұрады. Облыстық бірлестіктерден бөлек, 9 филиалымыз бар. Оған қоса, қалалар мен аудандарда, ауылдық округтерде ұзын саны 50 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ассамблеяның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында оның аясы кеңеюде. Мәселен, үлкен-кішіге ақыл-кеңесін аямайтын «Ақсақалдар алқасының» орны бөлек. Барымызды саралап, оң мен солды таразылайтын ғылыми-сараптамалық топ, этносаралық қатынас мәселелерін ортаға салатын «Журналистер клубы» бар. Жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесіне де артылған жүк жеңіл емес.

Жергілікті ерекшеліктеріміз ескеріле келе, облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекіді. Ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейтін кез келген шара қоғамда жылы қабылданады. Аймақтың түкпір-түкпірін аралап, ассамблея қызметінің мәнін түсіндіретін «Біз - Қазақстан халқымыз» атты үгіт пойызы көпке мәлім. Екібастұз қаласынан бастау алған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасы биыл жыл бойы облыстың қалалары мен аудандарында өтеді. Аталмыш шара 2015 жылдың қаңтар айында мәреге жетпек. Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайында үлкен думан ұйымдастырылады. Ассамблея жылын павлодарлықтар осы шарадан бастап кетуді жоспарлап отыр. Әрине, алдағы Ассамблея жылын алаулатып-жалаулатып өткізуден гөрі, қоғамдық институттың ел үшін атқарған ісін халық арасында насихаттап, мән-маңызын ашып көрсету басты назарға алынады. Этносаралық қатынас, ынтымақ пен келісім тұрғысында ассамблеяның алар орны айшықталып, көпке жеткізіледі.

«Ертіс - достық өзені» атты Ресейдің шекаралас аймақтарымен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін дәстүрлі халықаралық фестиваль қолға алынды. 2008 жылы әсем ғимарат Достық үйі қолданысқа берілді. Екі жылдан кейін оның жеке концерттік залы ашылды. Достық үйі жанынан 50 клуб және шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Өнерпаздарымыз өңіріміздегі кез келген салтанаттың сәнін келтіруде. Жыл сайын облыстық ассамблея 400-ден астам іс-шараға қатысады.

Ағымдағы жылдың наурызында С.Торайғыров атындағы ПМУ-да Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы, ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтта Қазақстан халқы ассамблеясы және Еуразиялық интеграция орталығы ашылды. ИнЕУ жанынан студенттік ассамблея құру жоспарланып отыр. Мұның барлығы - жиырма жыл бұрын негізі қаланған қоғамдық институттың қанатын кеңге жайғанының айғағы.

Әр бірлестіктің емін-еркін жұмыс істеп, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Өзге елдерден келіп, біздің жұмысымызбен танысып, таң қалысып, таңдай қаққандар аз емес. Барлығы ешбір мемлекетте баршаның баласын қанатының астына алып, қамқорлық танытып отырған Қазақстандай ел жоқ екенін тілге тиек етеді. Кейде замандастарымыз «сол жақсылықты түрлі ұлт өкілі түсіне ме екен?!» деп кейитіні бар. Мен «түсінеді» деп сеніммен айта аламын. Себебі әр бірлестіктің жетекшісімен, өкілімен тілдескен кезде, олар Елбасының сонау тоқсаныншы жылдары көрегендік танытып, экономикамен қатар татулықты алдыңғы шепке қойғанына жиі ризашылық білдіреді. Кез келген кездесуде осыны айтумен келеді. Іспен де дәлелдеп жүр. Қазіргі таңда әлемнің қаншама елінде тұрақсыздық белең алуда. Бейбіт тұрғындар жапа шегіп жатыр. Осындай оқиғаларды сөз еткенде, ылғи Қазақстанның ұстанымының түп-төркінін терең ұғынады. Қысқасы, бейбітшілік пен келісімнен асқан дүниенің жоқтығын түсінеді. Бұл асыл қазына болмаса, ешбір істің алға баспайтынына көптің көзі жетуде. Ассамблея осылайша елдің басын біріктіруші күш екенін көрсетті. Бірлік бар жерде тірлік болатынын дәлелдеді.

































































Қазақстан халқы Ассамблеясына - 20 жыл АССАМБЛЕЯ - ТАТУЛЫҚ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

- Қазақстан халқы Ассамблеясы - ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея

- мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры - бірлікте, Табыстың сыры - тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар - сол шаңыраққа шаншылған уықтар.

- Ортақ ордамыз - Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру - елдік мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз - бір, мақсатымыз - жалғыз. Ол - жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!





Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

- Қазақстан халқы ассамблеясы қазақстан республикасы президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы жарлығымен мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Елбасы нұрсұлтан назарбаев қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Он тоғыз жылдық тарихында ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында н.назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде қазақстан халқы ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол - халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде ассамблея ел президенті төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл - оның ерекше мәртебесін айқындайды.

- Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мүддесі Елбасымыздың тікелей қадағалауында. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын да алғаш рет Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген Қазақстан халқының бірінші форумында айтқан болатын. Тарих қойнауында алтын әріптермен таңбаланған аталмыш форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. Осыған орай, 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан

- Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

- Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Жиырма жылдық тарихында аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Үстіміздегі жылы елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тойы республикалық деңгейде мерекеленеді. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «Ассамблея құрылуының 20 жылдығын атап өту арқылы біз қазақстандықтардың рухани күш қуатын арттыруымыз және толеранттылығын еселеуіміз керек. Сондықтан да, біз Қазақстан халқын ең үздік және мәңгілік құндылықтар - ел игілігі жолында ынта мен жігерді, еңбекқорлықты және мақсаткерлікті арттыруға шақырамыз. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегісі» деп ерекше атап өтті. Ассамблеяның негізгі бағыты барлық этностық топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру болып табылатындығын атап өткен Елбасы Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі - ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана емес, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналғандығын айтты.

- Мемлекет басшысы көп ұлтты Қазақстанда 140-тан астам ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында атап өтеді. Өткен жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында да Қазақстан Мәңгілік Ел атану үшін мемлекетте бейбітшілік пен келісім бекем болуын басты назарға ұсынды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деп аталған сессияда рухани келісімнің айрықша жеті жоғары мәдени қағидатын айтып өтті. Онда діни тұрақтылық, ортақ жауапкершілік, мемлекеттік тілді өзге ұлттардың меңгеруі, конфессияаралық толеранттылық пен ішкі тұтастық, барлық ұлттың өмір сүру сапасын арттыру, әр ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін дамыту және этномәдени бірлестіктердің жұмысына серпін беру қағидаттарына кеңінен тоқталды. -Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саясатүстілік органға айналды. Ассамблеяның депутаттық тобының құрамына бүкіл парламенттік партияның өкілдері болып табылатын 25 мәжілісменнің кіруі үлгі тұтарлық жағдай. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді. Тек өткен жылы ғана Ассамблея 10 мың іс-шара ұйымдастырып, оларға 3,5 миллионнан астам адам қатысты. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде. Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 97,5 пайызы Ассамблея біздің бүкіл халықтық мүдделерімізді бейнелейді деп айтқан. Бұл жақсы мойындау. Қазақстандық бейбітшілік руханият пен келісім мәдениетінің 7 арқаулық қағидаттары осындай. Бұл енді біздер өз ұрпақтарымызға ұлт байлығы ретінде беретін ортақ мәдени мұрамыз,- деді Мемлекет басшысы.

- Сондай-ақ, Елбасы бейбітшілік пен келісімді нығайту - 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың басты критерийі екендігін тілге тиек етіп, бес мызғымас шындықты атап өтті. Әлемдік саяси ахуалды сарапқа салып, этносаралық тұрақтылықты сақтап қалудың жолдарын көрсетті. -Ассамблеяның бай халықаралық байланыстары бар. Мен барлығыңызды G-GLOBAL идеясын ілгерілету үшін өздеріңіздің халықаралық байланыстарыңызды пайдалануға шақырамын. Сондай-ақ, Ассамблеяда еліміздегі Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесі мен Алматыда өтетін Универсиада-2017 сияқты аса ірі халықаралық шараларға дайындыққа қатысу бойынша өзінің нақты Іс-қимыл жоспары болуы тиіс. Осы шараларда біз әлемге мәдениетімізді, еліміз халқының полиэтностық толеранттылығын, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы табыстарымызды көрсетуге тиіспіз,- деп Ұлт Көшбасшысы барлық қазақстандықтарды бірлікте жұмыс жасауға шақырды.

- Ассамблея дүниеге келген 20 жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға айналып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық.

- Халық бірлігі - мемлекеттілік негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Ел өміріндегі мәні мен маңызы орасан зор осынау саяси оқиға қарсаңында біз көп ұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциялық һәм азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көп-этностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты және түбегейлі міндеті - этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдап, дамыту, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтардың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның төл парызы. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.

- Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес, журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Барлық аймақтарда Достық үйлері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада «Бейбітшілік және Келісім сарайы» салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді. Ассамблеяның тағы бір ерекшелігі, этностық топ өкілдерінің мүдделерін жоғары заң шығару органы - ел Парламентінде білдіру болып табылады. Осыған орай 2007 жылы еліміз Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлауға құқылы. Ассамблея сайлаған Мәжілістің тоғыз депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық, бастамашылық құқығын жиі пайдалануда. Еліміз тарихынан ойып тұрып айрықша орын алатын оқиғаның бірі Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз еліміз дамуының ұзақмерзімдік «Қазақстан - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын маңызы орасан зор құжатты халық назарына ұсынып, алда атқарылатын ауқымды да асқаралы міндеттерді белгілеуі болды. Міне, сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құжаттың мәдениет, бейбітшілік, руханият және келісім мәселелерін талқылауға арналуы тегіннен-тегін емес. Себебі, Елбасы айтқандай, Тәуелсіз Қазақ елінде бәрі бар. Тек қана көпұлтты ұлттар мен ұлыстардың арасында өзара түсіністік, тату-тәтті береке-бірлік пен ынтымақ және рухани құндылықтарға деген адалдық ауадай қажет. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде көпұлтты қазақстандықтардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырған татулық темірқазығына айналып отыр. Туған елі - Қазақстанды әлемдегі өркениетті елдер қатарына қосуды жоспарлаған Елбасының басты арман-мұраты да міне, осы!

- Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Береке басы - бірлікте», «Ырыс алды - ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді.

- Ғасырлар тоғысында еркіндікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып - егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы, ең алдымен, осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі.Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.

- 20 жылдық тарихы бар ұйым елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналып, ол Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен этностардың мүдделерін, құқықтарын бір арнаға түйістірді. Әрбір ұлттың тегіне, дініне, көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етті. Түптеп келгенде, Ассамблея еліміздегі халықтардың тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдықтың пайда болуына жол бермейтін, бір-біріне төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуді дәріптейтін ең маңызды ұйымның бірі болып саналады. Осының нәтижесінде әрбір қазақстандық кең ауқымды ойланып, достық пен өзара түсіністікті бағалауға жетелеу жолында жемісті еңбек етуде. Осыған байланысты бұл ұйым мемлекетімізді мекендейтін эстнос өкілдерін бірлікке шақырып, елдегі демократияның қалыптасуына да тікелей атсалысуда. Ел Президентінің бастамасы бойынша құрылған мемлекеттік, ұлттық саясатты дамыту мен жетілдірудің ерекше маңызды құралы болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде елді біріктіруде, этностар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді, татулықты нығайтуда аса маңызды қызмет атқарады.

- Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы - Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген дана бабаларымыз. Сондықтан да атқаратын игілікті істеріміз халқымыздың болашағын бірлігіміз бен берік етсін.

































































Ассамблея жылы - Қазақ Елінің бірлігі жылы!



Баяндама. Тақырыбы: 2015 - Ассамблея жылы!.



АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа, құтты мекенге тұрақтылықтың тамырын жайғызатын, бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылдың 1 наурызында құрды.

Содан бері бақандай 20 жыл өтіпті. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады, ең бастысы - Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Осындай киелі құбылысты нығайта түсу мақсатында биылғы 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған болатын. Сондықтан да, табалдырықтан аттағаннан бастап Қой жылында елдің түкпір-түкпірінде осынау мерейтойға арналған шаралар бастау алса, бүгін ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылып отыр.

Осындай айтулы шараға орай өз құттықтауын жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблея Жылы - барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі, барлық 17 млн қазақстандықтың iсi» екенін алға тартады. «Ассамблея Жылы бiздiң орасан нақты iстер мен жаңа жетiстiктердiң жылы болады. Ассамблея жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай. Биылғы жыл тарихи тағдыры ортақ халық бiрлiгiнiң жарқын көрiнiсiне айналуы тиіс. Қазақстан - бiр ел, бiр халық, бiр болашақ. Сондықтан Ассамблея Жылының басты идеясы - «Менiң елiм - мәңгiлiк ел!», - дейді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өз құттықтауында.

Шындығында, Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секілді мемлекеттік маңызды мерейтойлар қатарында аталып тұр. Қатарында аталып қана тұрған жоқ, тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнағалы отырмыз. Ендеше, бұндай органға осыншама мемлекеттік мән беретін оның ерекшелігі нешік? Мәселені осы тұрғысынан алсақ та Ассамблеяның қоғамдағы орнының маңыздылығын мейлінше түсінер едік. Өйткені, Ассамблеяның басты ұраны - Ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде - елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат.

Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінде мойындалуында болып отыр. Нақтыласақ, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдіріпті. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жатады.

Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып келеді. Мәселен, ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұмыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. «Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңестік орган ретінде құрылған Қоғамдық келісім кеңестері Ассамблеяның Елбасы айқындап берген жалпыхалықтық институт мәртебесін айшықтай түседі. Себебі, ауыл, аудандардағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауалдардың барлығымен айналысатын осы кеңестер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі деңгейдегі 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Ассамблеяның жанынан құрылған Отбасында толеранттық тәрбие беру жөніндегі Аналар кеңесі еліміздің ең басты құндылықтары - татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңірудің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын бастады», - дейді Ералы Тоғжан.

Сонымен қатар, Ассамблея «Мәңгілік Ел» мен Ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан да ерекшеленіп отыр. Мысалы, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы ретінде Ассамблея қолдауымен әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық - Дружба» журналын, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарламаны, 9 республикалық басылымдағы 22 тұрақты айдарды, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөзді санап шықсақ та болады. Бұдан бөлек, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылыпты. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлестерін қосып келеді екен.

Бір сөзбен айтқанда, сонау жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлық та іс. Тіпті бұл жыл дәл осы тұрғыдан алғанда тарихи жылға айналуы да әбден кәдік. Өйткені, қанша дегенмен табыстың, тұтастықтың кілті - бірлікте. Сондықтан да, Ассамблея жылының - Ел бірлігі жылы ретінде есте қалатындай өткізуге жұмыла алсақ игі.

























Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы ассамблеясының жылы деп жариялады.

Баяндама. Тақырыбы: 2015 - Ассамблея жылы!.





Бұл туралы ассамблеяның ХХІ сессиясында мәлім болды. «Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбымен айшықталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы жарияласа, 1995 жылдың 1 наурызында тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту жолында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Себебі саяси тұрғыдан да ұлт пен ұлысты ұйыта тәуелсіздікті ту ету жолында аталған институтты құру ауадай қажет еді. Қазақстан халқы ассамблеясы ауызбіршіліктің күре тамыры деп танылды десек, ХХІ сессия осының айғағы болса керек. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Қымбатты отандастар, қадірменді қауым! Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясының ашылуымен баршаңызды шын жүрегіммен құттықтаймын. Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі - бейбітшілік. Руханият және келісім мәдениеті - бірлігі жарасқан елдің кепілі. Мәдениет - тіршіліктің тірегі. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясы барысында XX ғасырдың 5 айнымас ақиқатын атады. Бәріміз білетіндей, ассамблея, ең әуелі, құтты мекенге сызат түспеуді көздейді. Бұл тұрғыда бірінші - тұрақты экономика тұрақты қоғам. Бізде экономиканың дамуы, біріншіден, «Қазақстан-2050» стратегиясының басты міндеті екендігі айтты Президент. Екіншіден, мемлекеттің тәуелсіздігі тек Конституция мен заңдарды, ең алдымен, еліміздің өз азаматтары барынша сақтаған кезде ғана мызғымайды. Үшіншіден, этносаралық қатынастар, азаматтық теңдік мәселелері, тіл саясаты. Төртінші ақиқат - интеграция. Бесіншіден, әлем үлкен өзгерістер жолағына қадам басты. Мәселен Кеден одағы құрылған кезден бері Қазақстанның Ресей және Беларусьпен арадағы тауар айналымының көлемі 88%-ға өсіп, 24 млрд. АҚШ долларына жеткен. Ол экономикалық ілгерім бар екенін дәлелдейді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу - заманауи үрдікпен дамуға қарсы болу деп есептеледі. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интерграция арқылы жетіп отыр. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Оған қарсы тұрмай, ішіне енуіміз керек. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз - дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек. жарасады. Инеграция ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді. Керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді. Алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады. Бәсекелестік қабілетімізді шыңдайды. Діні мен ділі өзге болғанымен, елімізде әрбір азаматтың құқықтары еркін сақталып, сенім мен келісім қалыптаса білді. Оған түрлі этностардың мәдениеттері, тілі, дәстүрінің дамуына барлық жағдай жасалғаны айғақ. Мына аласапыран заманда Нұрсұлтан Назарбаевтың толеранттылық пен қоғамдық келісімі бүгінде күллі әлемге үлгі болып отыр. Осы орайда Елбасы бүгінгі қоғамды ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабамызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дейін солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен, ішкі тұтастығымен ерекшеленген. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айыруға бүгінгі діннің еш қақысы жоқ. Сондықтан мен барлық қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерді барша қазақстандықтарды ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі 2015 жылы өткізілетін барлық шараларды осынау маңызды мерейтой аясында жүзеге асыру керектігін айтты. Бұл ретте Президент ҚР Үкіметіне ассамблеямен бірлесе 20 жылдық мерейтойды өткізу бойынша жоспар әзірлеуді тапсырып, Астанада Қазақстан халқының форумын ұйымдастыруды жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда бейбітшіліктің бесігі етіп барды бағалай білсек қана, еңбектің жанатынын нақты жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - ХХІ ғасырдың ең басты заңы - татулық. Татулық пен тыныштық арқылы экономика өседі, халықтың әл-ауқаты күшейеді, бейбітшілік орнайды. Келісім, экономика мен саясат қауіпсіздігі - өмір заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті мәңгілік болу керек. Ал шараға қатысушылар ассамблеяның санаулы жылдар ішіндегі жетістіктерін жіпке тізіп, барша ұлт пен ұлысқа өз лебіздерін білдірді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса, мемлекеттік тілді меңгерген жалынды жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналмақ. Отт Юлиана, ағылшын тілі мұғалімі: - Ахмет Байтұрсынов «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен. Мен барша жас мамандардың атынан сіз сияқты тынымсыз жұмыс істейміз деп сөз беремін. Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары: - Шашқанда алтын арай дала таңы, Шапағын дүниеге таратады, Сен менің бақытымсың, Қазақстан, Анамның аялаған алақаны. Ізетпен, ізгіліктен іркілмеген, Тұлпардың өз елімнен тұрқын көрем, Сен менің тағдырымсың, Қазақстан, Үкісі үмітінің үлпілдеген. Сессия алаңында ел Президенті ассамблея төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындау туралы үкімге қол қойды. Бұл қызметтерге ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро мүшесі Анатолий Башмаков пен «Суоми» карел-фин ұлттық мәдени орталығының төрағасы Александр Смирнов сайланды. Ал облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы ассамблея хатшылығы жетекшілері енді мемлекеттік қызметкерлер тізіміне өтетін болды. Сондай-ақ, алқа мәжілісі барысында Сочиде өткен ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенге «Құрмет» ордені және Қазақстан халқы ассамблеясының бірқатар мүшесіне «Бірлік» алтын медалі табыс етілді. Ал сессияға қатысушылар Қазақстан халқына арнап үндеу қабылдады. Онда «Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясы, Қазақстан Президентінің салиқалы саясаты, бүкіл халықтың оны қолдауы, ұлыстың ұлы мақсаты - елдің гүлденуі үшін топтасуы Отанымыздың кемел болашағының кепілі бола алады», - делінген.









 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал