7


  • Учителю
  • Урок на тему Балаларға арналған ұлттық ойындар

Урок на тему Балаларға арналған ұлттық ойындар

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Балаларға арналған ұлттық ойындардың маңызы

Балаларға рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңызы

Дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен. Жас бала жас шыбық секілді, қалай исең солай майысады, қалай айтсаң солай көнеді.

Жаңадан нәрестелі болған екі жас қарияның алдына келіп: - Баламызға тәрбие берсеңіз деп едік, - дейді. Сонда кемеңгер: - Сәбилеріңнің туғанына қанша болды?» - деп сұрайды.

- Үш ай.

- Ей, құлындарым, балаға тәрбие беруден үш ай кешігіп қалыпсыңдар, - депті. Шынымен де, бала тәрбиесі бір сәтті де қалт жіберуге болмайтын ұлы да игі іс. Ал сол тәрбие беруде баланың көңіліне, ішкі жан-дүниесіне қатты тимейтіндей етіп берудің өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Себебі, жас бала жаратылысынан ата-анасының қамқорында болып, өмірдің барлық келбетін ойын арқылы қабылдайды. Баланың негізгі іс-әрекетінің өзі - ойын. Халқымыздың баланы «ойын баласы» деп те атауы бекерден бекер болмас.

Балаға дүниенің қызығы сол - ойын, барлығын ойынға айналдыру. Сондықтан балаға тәрбие бергенде ойын мен тәрбиені ұштастырып, баланы ойната тұра, оның бойына рухани, адами құндылықтарды сіңіру ата-ананың да, ұстаздардың да, бір сөзбен айтқанда жөн сілтеушілердің міндеті. Халық даналығы да соны меңзейді.

Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және т.б. секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал - ұлттық ойындар. Сонау ерте замандардан бері талай батырларымыз, ақын-жырауларымыз, бозбала-бойжеткендеріміз сол ойындарымызды ойнап, халық даналығынан сусындап келді емес пе?!

Педагог ретінде қысқа мерзімді даярлық топтары балаларына тәрбие мен білім беруде, құндылықтарды үйретуде халық ойындарының маңызы өте зор екендігіне көзім жетіп отыр. Себебі, бұл балалар - үйде болған, балабақшаға бармаған, мектепалды даярлықтан өтпеген биязы балалар. Ата-анасының етегінен асып көрмеген олар балабақшаға келгенде бөтен ортаға, бөтен адамдар арасына түседі. Отбасы, ошақ қасынан басқа да дүние бар екенін, балаға басқа өмірге аяқ аттап келе жатқанын аса бір педагогикалық шеберлікпен, шынайылықпен жеткізген жөн. Ойнай отыра тәрбиелеу, білім беру.

Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, Алматы, «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, т.б. әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Ал «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындары туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған», - дейді. Бұл сөздер алынып отырған әдісіме, айтылған сөзіме жан бітіріп отырғандай.

Ұлттық ойындар: айгөлек, ақсерек-көксерек, ақсүйек, алакүшік алтыбақан, ақшамшық, арқан аттау, арқан тартпақ, асық, аттамақ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, епті жігіт, дауыстап атыңды айтам, қыз қуу, күміс ілу, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, шалма, соқыр теке, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, түйілген орамал, бес асық, сұрақ-жауап, жасырынбақ, орын тап, тақия тастау, ұшты-ұшты, т.б. түрлері өте көп. Соңғы кезде қалыптасқан ойындар: әріп таңдау, нөмір, пароль, пошта, сымсыз телефон, сыңарын табу. Сондай-ақ қазақтың ұлттық ойындарының ішінде «қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған да ойындар бар.

Осы ойындардың ішінен сабаққа, іс-әрекетке, жағдайға, баланың жас ерекшелігіне байланысты таңдап, керектісін қолданамын. Кейде сабақтың талабына сай ойындар толық емес, элементтері пайдаланылады.

1. «Ақсерек-көксерек» ойыны. Ептілікті қажет ететін қызықты ойындардың бірі. Ойынның шарты бойынша балалар екі топқа бөлініп, араларын жиырма қадамдай ашып, тізіліп, қол ұстасып тұрады. Бірінші топ:

Ақсерек, көксерек,

Шауып алдым бәйтерек.

Ақсерек, көксерек,

Бізден сізге кім керек? - деп хормен сұрайды. Келесі топ жауап береді:

Ақсерек, көксерек,

Сізден бізге … (баланың аты) керек.

Аты аталған бала жүгірген күйі қарсы топтың ұстасып тұрған қолдарын үзіп өтуі керек. Үзсе, сол топтың бір баласын өзімен ала келеді, ал үзе алмаса, сол топта қала береді. Қай топта бала көп болса, сол топ жеңеді. Балалар ептілікке, бірлікке, тобы үшін намыстанып, жеңіске талпынуға үйренеді. Дене тәрбиесі, сергіту сәттерінде пайаланылады. Кейде сабақтарымда бұл ойынның сәл өзгертілген түрі пайдаланамын. Дәл солай екі топқа бөлінеді. Бірінші топ сөздерін айтады. Аты аталған бала сол топтың сұрақтарына жауап беруі не тапсырмаларын орындауы тиіс. Орындай алмаса, сол топқа өтеді не өнерін көрсетеді . Бала тапсырманы қызыға орындайды.

2. «Ақшамшық» (немесе «Сақина салу»). Ерте заманнын келе жатқан дәстүрлі, әдемі ойын. Ережесі бойынша балалар дөңгелене отырады, алақандарын қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізушінің алақанындағы сақинаны кімге салса да, өз еркі. Барлығына салып шығысымен: «Тұр, сақинам, тұр!» - деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған бала «Сақина менде!» - деп атып тұруы тиіс. Оны көршілері ұстап қалса, жұрт алдында өнерін көрсетеді. Жылдамдықты, ептілікті баулитын, өнерлерін жұрт алдында көрсете алуға үйрететін бұл ойынды балалар, әсіресе қызыға ойнайды.

3. «Соқыртеке». Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған баланы - «Соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойы тұрған балалар «соқыртекені» түрткілейді. Сол кезде ол түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуы тиіс. Тыныш тұрғанды да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған бала «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. Осы ойынды балалар көбірек ойнауға тырысады. Балаларға қызықты, ал бізге, педагогтарға, ұтымдысы - дене қимыл-қозғалыс ойыны, сондай-ақ дыбыстарға мән беруге, қимылдарды сезінуге, яғни сенсорлық дағдыларын қалыптастыруға көмек береді.

4. «Ұшты-ұшты!» ойыны. Ойын бастаушы бала оған қатысушыларды жаңылыстыру үшін тез-тез ұшатын, ұшпайтын заттарды араластырып айтады. Шарт бойынша ойнаушылар ұшатын заттарға ғана қолын көтеруге тиісті. Олар ұшпайтын затқа қолын көтеріп қалса, айыбына өз өнерін көрсетеді (немесе сабақтың ерекшелігіне байланысты сұрақтарға жауап береді). Ойын бастаушы негізінен адамдарды былайша жаңылыстырады:

- Ұшты, ұшты - қарға ұшты! (ұшады)

- Ұшты, ұшты - балға ұшты! (ұшпайды)

- Ұшты, ұшты - тырна ұшты! (ұшады)

- Ұшты, ұшты - тырма ұшты! (ұшпайды). Біріншіден, балаларға қызық, екіншіден, есте сақтау, мұқият болу қабілеттерін дамытады, өнерлі болуға баулиды.

5. «Тақия тастау». Ойынға бірнеше бала қатысады. Балалар шеңбер жасап отырады. Жүргізуші шеңбердің сыртын айнала жүгіріп, бір баланың артына білдіртпей тастап кетеді. Сезіп қойған бала жүргізушіні қуып жетуі керек. Ал жүргізуші бала қуған баланың орнына келіп отыра қалуға тырысады. Жүргізушіге жете алмаған бала айыбын төлейді, өнер көрсетеді. Өте қызықты әрі жан-жақты ойын. Себебі, бұл ойын дене бітімін тәрбиелеуге көмектеседі, шапшаңдық, мұқияттылық және ең ұтымдысы баланың өнерін жан-жақты дамытуға көмек береді.

6. «Сымсыз телефон» ойыны. Балалар тізіліп тұрады. Ойын бастаушы бір сөзді тез айтады. Келесі бала естігенін көршісіне айтады. Сөйтіп тізбек бойы айтылады. Соңында қай сөз айтылғаны сұралады. Егер сөз бұзылса, оны бұзған бала айыбын төлейді, яғни өнерін көрсетеді. Немесе сәл басқаша ойнауға болады. Әр бала көршісіне әртүрлі сөздер айтады. Кейін жүргізуші әр балаға сұрақтар қояды. Мысалы, «Сен тамақты немен ішесің?» - дейді. Ол баланың сөзі «қарындаш» болатын. Сонда «Қарындашпен тамақ ішемін» деп жауап береді. Әрбір қисынсыз шыққан жауапқа балалар мәз-мейрам болып күледі.

Асықпен ойналатын ойындардың түрі сан алуан. Сабақтың элементі ретінде де қолдануға болады. Балаларға шапшаң, епті болуды баулиды, сонымен қатар асық табиғи зат болғандықтан, бала денсаулығына еш зиянын тигізбейді

Ойынның қай түрін болса да қолдануға болады. Әр сабақтың ерекшелігіне, тақырыбына сәйкес ойын түрлерін алмастырып пайдаланған жөн деп есептеймін. Балалар пайдасынан зияны көбірек тиетін қазіргі ойыншықтармен ойнағаннан гөрі, оларға әдемі адами қасиеттерді үйрететін осй ойындарды үйреткен жөн. Сондай-ақ балалар ұлттық ойындар арқылы ата-бабасының тұрмыс-салтынан да хабардар болады, бойына сіңіріп өседі.







 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал