- Учителю
- Ел ертеңін ойлаған Елбасы 8 сынып
Ел ертеңін ойлаған Елбасы 8 сынып
Т. И. Кайпбекова
Биология пәні мұалімі
Целиноград ауданы
№ 2 Қосшы орта мектебі
Ел ертеңін ойлаған Елбасы
Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің қайта оралғаны - біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы [1,55]. Қазақстан - бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты, Тәуелсіз мемлекет. Ал Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктері еліміздің негізін салып, оны дамудың бүгінгі биігіне жеткізген Елбасының есімімен тікелей байланысты. Бұл тұста Қазақстан халқын бір атаның баласындай бір шаңырақ астында бауырластырып, олардың әрқайсысына туған тілін, дінін, мәдениетінің гүлденуі мен ұлт ретінде ұйыса дамуына еркіндік беріп отырған, соларды қанаттандырып отырған Елбасының еңбегі ерен. Расында да халықтар ынтымақтастығы тұрғысынан алғанда Президенттің еңбегі - зор мәні бар тарихи еңбек.
Елбасы тек қана Қазақстан халқының ынтымақтастығын жарастырып қана отырған жоқ, Назарбаевтың бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниедегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға қосып отырған үлесі одан да зор. Тәуелсіздікті алған қысқа мерзімге қарамастан экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтеріліп, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде, әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.
Ардақты ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғаны, тұңғыш төл теңгеміздің шығуы, Семей атом полигонының жабылуы - бәрі де Елбасының көреген парасатты саясатының арқасында. Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын айқындау мақсатында бірнеше еңбектері жарық көрді. Солардың бірі 1992 жылдың мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» [2,56] атты еңбегі жарияланған болатын. Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н. Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Ал «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында Елбасы: «Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды» [3,253] дегеніндей, осы өмірге, азаттыққа деген құштарлық елімізді тәуелсіздікке жетеледі. Елбасымыз «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында» тағы басқа еңбектерінде халықты өткеніне үңілтіп, бүгінгісіне шүкіршілік етуге тәрбиелеп, алға жетелеп отырды.
Президентіміздің тапсырысымен көптеген Қазақ азаматтары өзінің ата-бабаларының туып өскен, кіндік қаны тамған кең байтақ Қазақ еліне келіп, өмір сүрулеріне мүмкіндік алды. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен астананы көшіру туралы ойын алғаш жариялаған кезде, бұл жағдай қоғамда екі жақты пікір туғызған болатын. Дүние жүзі тарихында мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға бармаған. Ал осы астананы көшіру идеясы сол кезде орындалмас арман болып көрінсе, қазіргі таңда бұның бәрі ақиқат, шындыққа айналғандығын көреміз. Елбасымыздың жаңа астанамызды құру мақсатында нақтылап қойылған жоспарлары мен табандылығы арқасында, арман қала - Астанамыз әлемдегі әсем қалалардың қатарынан көрінді.
Астана - Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі. Бұл - соншалықты жеңіл тимеген заманның өзінде жаңа астанасын тұрғызуға бел шешіп кіріскен халықтың өзінің күш-жігеріне деген сенімнің белгісі. Бұл - азаттық алған ұлттың өзінің гүлденген болашағына, ұрпағының келешегіне зор үмітінің көрінісі [3,21]. Бұл қала өзінің әсем сәулет өнері үлгілерімен, сан-алуан тарихи және мәдени ескерткіштерімен, сұлулығымен әлем назарын өзіне қаратып отыр. Мұнда тамаша сәулет өнері туындылары, солардың ішінде «Ақорда», «Хан шатыры», «Бәйтерек», «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Думан» ойын-сауық орталығы секілді көптеген ғимараттар мен ескерткіштер орналасқан. Әсем қаламыз Астананы жылдан-жылға жаңарып, көркеюіне Елбасымыздың қосқан үлесі орасан зор.
Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болатын. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс, батыл қадам жасай білді. Бұл қадам - тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді. Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, президенттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дүниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәртебесін арттыра түсті. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Президентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңірегіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.
Тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Елбасының даналығы мен көрегендігінің арқасында осы дәрежеге жеткендігімізді айтқанымыз жөн. Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлекетімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындауда. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын Назарбаев өмірін баяндаумен жазады. Ал «Пакистан Обсервер» газетінде Исламабад саяси талдау институтының сарапшысы Мұхаммед Мунирдің «Нұрсұлтан Назарбаев - көреген көшбасшы» атты мақаласында: «Көреген көшбасшылар өз мемлекеттерінің тағдырын өзгерту қабілетіне ие тұлғалар қатарына жатады. Олардың ерекшелігі - көпшілікке айқын емес үрдістерді байқап қана қоймай, оны басқалардың да көруіне себепкер болуында жатыр» деген болатын. Бұдан біз еліміздегі мемлекет тізгінінің сенімді қолда екендігін еліміз ғана емес басқа елдерге де мойындағанын білеміз.
Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.
Қашанда, қай істе болсын, ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда - мемлекет нығайып, ел ырысы тасады; ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік өктем алып, өзара талас-тартысқа түскенде - мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады [4,16]. Сондықтан да татулықты ту етіп, кең байтақ тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесімізді қосайық. Ал еліміздің дамуы гүлденуі үшін, елімізге бойына ата-бабамыздың елмен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жүректі сауатты да саламатты азаматтар қажет [4,14]. Осы қасиеттермен қатар өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу - бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
Ұлт Көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін жоғары бағалайды. Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өркенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан да «Елбасы», «Ел тәуелсіздігі», «Ел ертеңі» ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз бізге парыз етіледі.
Елбасы, ел егемендігі мен ертеңі жайлы ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық сеніміне лайық бола алу қасиеті мен берілген уәделерді орындауы және қажымас қайраты мен табандылығы, парасатты көреген саясатының арқасында Қазақстан Республикасын қарыштап дамыды және дами бермек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеді. Елбасымыздың сындарлы саясаты мен Қазақстанның жарқын болашағы үшін атқарып жатқан бірегей бастамаларының арқасында еліміз бүгінде өзіндік өрлеу жолына түсті. Қазақстан өз алдына экономикалық, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басу мақсатын қойды. Ел бірлігі мен Елбасының жүргізіп отырған көрегендігі арқасында алдағы кезеңде де үлкен жетістіктерге қол жеткізеріміз анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Н. Назарбаев. Өзек ойлар. - Алматы, 2003.
-
Н. Назарбаев. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. -Алматы,1992.-56 б
-
Н. Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. - Қарағанды, 2003. -256 б.
-
Н. Назарбаев. Тарих толқынында. -Алматы, 1999.