7


Тәрбие сағаттары

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание: “Қазақ хандары” зияткерлік сайысы.«Адам болам десеңіз…»Әкем, шешем және мен (жанұялық жарыс)«Елімнің тағдырына үлесім».Бірлігіміз жарасқан, Мен- тәуелсіз елдің ұрпағымын (спорттық сайыс), Ұлы тұлғала
предварительный просмотр материала


Қаратоғай орта мектебі



Тақырыбы: «Бірлігіміз жарасқан»



Сынып жетекшісі: Зияшов М.Ч.



2015 жыл


Сабақтың тақырыбы: «Бірлігіміз жарасқан»


Сабақтың мақсаты: Оқушыларға Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығын ұғындыру. Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлауға үйрету.


Көрнекілігі: Плакатқа жазылған тақырып, қанатты сөздер, гүлдер, шарлар, ұлттық киімдер.


Сабақтың барысы:


І жүргізуші: Қайырлы күн, ардақты ұстаздар және оқушылар!


ІІ жүргізуші: Құрметті қонақтар мен оқушылар! Қазақстан Республикасының мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы және бірлігіне арналған «Ынтымақ, бірлік, келісім - ең басты байлық ел үшін» тақырыбындағы салтанатты жиынымызға қош келдіңіздер!


І жүргізуші: Қазақ жері - қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі - қас сақтай ердің елі.
Толқынында тарихтың қуғын көрген,
Барша ұлтқа құт мекен болған еді.
Зобаланда көп шеккен қасіретті,
Ұлт ұрпағы өнерлі, өсиетті.
Риза көңілменен елге деген,
Арнайды барша халқы ақ тілекті.


ІІ жүргуші: Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді.Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.


І жүргізуші: Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.


Олай болса бүгінгі бірлік күніне арналған салтанатты кешімізге қонаққа келген ұлттармен таныс болайық.

  1. 8 «А» сынып «Корей» ұлты

  2. 8 «Ә» сынып «Орыс» ұлты

  3. 8 «Б» сынып «Қытай» ұлты

  4. 8 «В» сынып «Өзбек» ұлты

  5. 8 «Г» сынып «Түрік» ұлты

  6. 8 «Ғ» сынып «Қазақ» ұлты


ІІ жүргізуші: Тілі бөлек болған менен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.


І жүргізуші: Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сығат түспесе екен.


ІІ жүргізуші: Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жүрегемде таныстым мың тіліммен.
Жылағанда жүрегем күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен күн түрілген.


Ендеше сайысымыздың кезеңдерімен таныс болыңыздар:

1 кезең: Таныстыру. Ұлттар өз тілдерінде өздерін таныстырып өтеді.

2 кезең: Құттықтау кезеңі. Бүкіл қазақ елін ұлттар өз тілдерінде құттықтап өтеді.

3 кезең: Өнерлі ұлт. Бұл кезеңде ұлттардың өнерін тамашалаймыз. Әр ұлттық өнері ән, би, өлең т.б.

4 кезең: Сән үлгісі. Әр ұлт өздерінің ұлттық киімдерін таныстырады.

5 кезең: Мақал-мәтел сайысы. Ұлттар достық, ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтел айтады.

6 кезең: Ас - адамның арқауы. Бұл кезеңде әр ұлтттың ұлттық тағамдарын әзірлейді.

Әр ұлт өкілдерімізге әділ баға беретін әділ-қазы алқасымен таныс болыңыздар.

  1. Жас мамандар жетекшісі - Ержанова Жанаргул

  2. Информатика пәні мұғалімі - Инятова Эльмира

  3. Дене шынықтыру пәні мұғалімі - Инятова Маржангул


І жүргізуші: Мен - қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.


ІІ жүргізуші: Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 24 жыл толғалы отыр. Бұл - қажырлы еңбектің, төзімділік пен жеңістің 24 жылы. Егемен ел бесігі жыл өткен сайын еңсесін биіктетіп келеді.


І жүргізуші: Ендеше бірінші кезеңімізді бастаймыз. Ұлттарымызды ортаға шақырамыз. Корей ұлты, Орыс ұлты, Қытай ұлты, Өзбек ұлты, Түрік ұлты, Қазақ ұлтықарсы алыңыздар.

ІІ жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бүгінгі кешімізде біз 6 ұлт өкілдерінің басын қосып отырмыз. Әрине, қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады.


І жүргізуші: 1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені - Қазақстан халықтары Ассамблиясы құрылды. Бұл - ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.


ІІ жүргізуші: Ортақ менен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан - дей отырып бірінші кезеңіміз таныстыру кезеңін бастаймыз.


І жүргізуші: Ортақ бізге бір отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы - дей келе біз екінші кезеңімізді бастаймыз. Екінші кезең бойынша әр ұлт құттықтау тілектерін айтады.


ІІ жүргізуші: Байлықтың ең үлкені - халықтар достығы - дей отырып, үшінші кезеңімізді бастаймыз. Үшінші кезеңде әр ұлт өз өнерін көрсетеді. Келесі кезекті корей ұлт өкілінің өнерін тамашалауға шақырамыз.

І жүргізуші: Елім менің, жарқыраған, жайнаған,
Бақ біткенде бұлбұл құсы сайраған.
Елім менің биіктігі шарайнам,
Қыран құсы көгінде мың самғаған! -дей отырып біз төртінші кезеңімізді бастаймыз. Ұлттардың сән үлгілерін тамашалаймыз.

ІІ жүргізуші: Жер - анамыз жасайды тарлық кімге,
Кетпеу үшін мәңгілік қалқып түнде.
Қайталанып, жаңарып айтылады,
Бейбітшілік деген сөз барлық тілде- дей отырып біз бесінші кезеңімізді бастаймыз. Ұлттарды ортаға шақырамыз. Сіздерге тапсырма достық, бірлік, ынтымақ жайлы мақал-мәтел айту.


І жүргізуші: Ағайын - туған - бар адам,
Адалдық үшін жаралған.
Бар қымбат туыстық,
Баянды болсын тыныштық! - дей отырып алтыншы кезеңімізді бастаймыз. Әр ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарын ұсынады. Ол тағамның аты, қалай жасалғандығын және қандай көкеністерден дайындалатынын айтып өту керек.


ІІ жүргізуші: Республикам менің,
Республикам менің,
Айбатым!
Көркіңді көрсе - мейірі көздің қанатын!
Қуат бар сенде лапылдап от боп жанатын,
Шуақ бар сенде достасып бірге табатын!


І жүргізуші: Тілегі бір,
Жүрегі бір,
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз!


ІІ жүргізуші: Тағдырдың тезіне, қолдан жасалған тозақтың өзіне шыдаған елміз. Бабалар рухына бас иіп, Алладан медет сұраған елміз!


І жүргізуші: Халқы жомарт, даласы дархан, орманы қарған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, сол мененде жусанның жұпар иісін иіскеген, өздігінен ешкімге тиіспенгн елміз!


ІІ жүргізуші: Шыдамының шегіне жеткенде, намыс оты еті түгелі сүіегінен өткенде, кеудесінде жанар тауы жарылып, көзінің алды қанталап, өзіне қарап анталап тұрған жаудың алысқанының ауызына ұрып, жұлысқанның жұлынын жұлып бір-ақ тоқтаған қазақпыз»


І жүргізуші: Сондықтан да біздің мемлекет кешегі бабаларым табыстаған, сәт сайын, сағат сайын қарыштаған Тәуелсіз Қазақстан!


ІІ жүргізуші: Кешімізді қорытындылау үшін №21 орта мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Умирбекова Мереуерт апайға және әділ-қазылар алқасына беріледі.


І жүргізуші: «Ел бірлігі - ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге - қазақтарға керек» деп көргенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көп ұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі - Қазақстан халықтарының бірлігі. Осымен бүгінгі мерекелік кешімізі аяқтаймыз. Қош сау болыңыздыр!

Мен- тәуелсіз елдің ұрпағымын (спорттық сайыс)

Тақырыбы:Тәуелсіз елдің білімді ұрпақтары
Мақсаты:Қазақстан елі бойынша жинақтаған білімдерін, спорттық қабілеттерін арттыру. Сайыскерлердің ойлау, сөйлеу дағдысын дамыту, өз ойын жеткізе білуге, ізденуге баулу. Туған жерін, Отанын қастерлеп, сүюге тәрбиелеу.
Сайыстың ұраны: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеуі үшін алдымен азаттық пен білім қажет.» Ш. Уәлиханов.
Көрнекіліктері: Слайдтар, «Менің Қазақстаным», «Тәуелсіздік тарихнамасы» плакаттар топтамасы, күй дискілері, цитаталар.
Пәнаралық байланыс: математика, дүниетану, әдебиет, қазақ тілі.

Сайыстың жүру барысы:
Гимн орындалады.
1. Кіріспе.
Тәуелсіздік - қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған. Тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ боп қонды. 1995 жылы 13 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Алматы қаласында ел тәуелсіздігінің белгісі ретінде Тәуелсіздік монументін орнату туралы қаулы қабылдады.
Егемендік иесі мен деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз.
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көркем сөз.
Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
«Егемендік» деген сөзден естілер,
Атажұрттың арғысы мен бергісі.

Егер тәуелсіздікті ақ сұңқар құсқа теңесек, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп, әлпештеп, құрметтеп, ардақтайық! Бәйтеректей асқақтап, аспан құшағына өршелене құлшынып өссін, Отанымыз көркейсін!
2. Тәуелсіздік тарихнамасы.
Ел тәуелсіздігіне биыл 21 жыл толып отыр. Олай болса, сайысымызды бастамас бұрын тәуелсіздік тарихнамасына шолу жасайық.
1991 жыл - Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылы. Осы жылы қазан айында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. ҚР Президенті болып Н. Ә. Назарбаев сайланды.
1992 жыл - Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті.
1993 жыл - ҚР тұңғыш Конституциясы қабылданды.
1994 жыл - Халықаралық отбасы жылы.
1995 жыл - Ұлы ақын Абай жылы
1996 жыл - Бейбітшілік пен рухани татулық жылы.
1997 жыл - жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу жылы.
1998 жыл - Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы.
1999 жыл - Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы.
2000 жыл - Мәдениетті қолдау жылы.
2001 жыл - Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл.
2002 жыл - Денсаулық сақтау жылы
2003 жыл - Ауылды қолдау жылы.
2004 жыл - Қазақстандағы Ресей жылы.
2005 жыл - Ұлы Жеңіске 60 жыл.
2006 жыл - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 15 жыл.
2007 жыл - Қазақ тілін қолдау жылы
2008 жыл - Астана - елбасы ерлігі.
2009 жыл - Германиядағы Қазақстан жылы
2010 жыл - Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ - ға төрағалық жылы.
2011 жыл - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл.
2012 жыл - Тұңғыш президент күні жарияланды
«Жаса, Қазақстаным» әні хормен орындалады.

3. Сайысқа қатысушы топтармен таныстыру.
Әділ қазылар алқасын сайлау.
Бағалау парағын беру.
Әр топтың жеке таныстыруы.
1. «Жас қыран» тобы.
Ұраны: Білім, ғылым, өнерге талмай қанат қағамыз,
Қазақстандай ұлы елдің қырандары боламыз!
2. «Бәйтерек» тобы.
Ұраны: Бәйтерек, шық бүгін сайысқа,
Білімді сынауда қалыспа.
Көк туын құрметтеп сүйіп те,
Ел даңқын көтер сен биікке.

4. Сайыс шарттарымен таныстыру.
1. Әріптер сөйлейді.
2. Сандар сыры.
3. Пәндер сыры.
4. Шығармашылық тапсырма.

Алғашқы бөлім «Әріптер сөйлейді». Бұл бөлімде экраннан әріптер көрсетіледі. Әріпті таңдағаннан кейін сұрақ қойылады, ал жауап сол әріптен басталады немесе жауаптың ішінде таңдаған әріп кездеседі.
А Ә Б В Г Ғ
Д Е Ж З И К
Қ Л М Н О Ө
П Р С Т У Ф Ц ь
А - Еліміздің оңтүстік астанасы (Алматы)
Ә - Абылай ханның шын есімі (Әбілмансұр)
Б - Астана қаласының символы (Бәйтерек)
В - 1993 жыл қарашада болған тарихи оқиға. (валюта енгізілді)
Г - Мемлекеттік рәміз (гимн)
Ғ - Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген атақ. (Ғасыр адамы)
Д - Алла тарапынан берілген әмір, міндет пен тыйымдардың жиынтығы (Дін)
Е - «Алтын адам» қайдан табылды? (Есік қаласы маңынан)
Ж - «Мен қазақпын» поэмасының авторы (Жұбан Молдағалиев)
З - Сиырдың пірі (Зеңгі баба)
И - Елбасымыздың мамандығы (инженер - металлург)
К - Қазақтың соңғы ханы (Кенесары)
Қ - Қазақтың инженер - геолог, академик, ғалым ұлы. (Қ. Сәтпаев)
Л - Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған қазақтың қаһарман қызы (Ләззат Асанова)
М - ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (Мұхтар Құл - Мұхаммед Абрарұлы)
Н - Күйші, сазгер, дирижер, домбырашы (Нұрғиса Тілендиев)
О - Қазақстанның бұрынғы астанасы (Орынбор)
Ө - Бес дұшпанның бірі (Өсек, өтірік)
П - Жоғарғы заң шығарушы орган (Парламент)
Р - Бес асыл істің бірі (Рақым)
С - 2010 жылы Астана қаласында өткен ЕҚҰЫ - ның жиыны.(саммит)
Т - Қазақстанды алғаш тәуелсіз ел деп таныған ел. (Түркия)
У - Малдың төлдегеннен кейінгі алғашқы сүті (уыз)
Ф -«Екінші ұстаз» атанған ғұлама. (Фараби)
Ц - Астана қаласының бұрынғы атауы (Целиноград)
Ь - Бейжің олимпиадасының чемпионы, ауыр атлетикадан бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған спортшы.(Илья Ильин)

Келесі бөлім «Сандар сыры». Бұл бөлімде әр топ 3, 4, 5, 7 сандарына байланысты сұрақтарға жауап береді. Сұрақтар сол сандардың қасиеттеріне байланысты болады.
3саны 10 - Үш дана (Абай, Шоқан, Ыбырай)
10 - Үш арыс
20 - Үш байлық (Денсаулық, ақ жаулық, он саулық)
20 - Үш қадірлі (Бақ, ырыс, дәулет)
30 - Үш тұл (Қайратсыз ашу, тұрлаусыз ғашық, әкіртсіз ғалым)
30 - Үш алыс (Көк пен жер арасы, кәрі мен жас арасы, жақсы мен жаман арасы)

4 саны
10 - Төрт маусым (қыс, көктем, жаз, күз)
20 - Төрт тұлға (от, су, жер, жел)
30 - Төрт кітап (Зәбүр, Тәурат, Інжіл, Құран)
30 - Төрт періште (Жәбірейіл, Мекайіл, Әзірейіл, Исрафил)

5 саны
10 - Бес парыз (Иман, намаз, ораза, зекет, қажылық)
10 - Бес қару(садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта)
20 - Бес жаратылыс (Күн, ай, жұлдыз, күндіз, түндіз)
30 - Бес өсиет (Топасқа сенбе, жайға иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма)

7 саны
10 - Жеті күн (Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі, жексенбі)
10 - Жеті ата (бала, әке, ата, арғы ата, баба, ту ата, тек ата)
20 - жеті қазына (Ер жігіт, сұлу әйел, ілім - білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, құмай тазы)
30 - Жеті жұт (Зілзала, жұт, оба, өрт, топан су, құрғақшылық, соғыс)
30 - Жеті жоқ (Аллада бауыр, аспанда тіреуіш, жерде өлшеуіш, таста тамыр, тасбақада талақ, аққуда сүт, жылқыда өт)


Ұлы тұлғалар

Сабақтың тақырыбы: «Қонаев - ғасыр адамы»
Сабақтың білімділігі: Оқушыларға қазақ елінің біртуар азаматы Д. А. Қонаев туралы жан - жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі, экономика мен саясаттағы реформаларына талдау жасау арқылы білімдерін толықтыру.
Сабақтың дамытушылығы: Жеке тұлғаның зияткерлік дамуын өз бетінше іздену, оқу арқылы қалыптастыру, жеке тұлғаның зерттеушілік және шығармашылық қабілетін дамыту.
Сабақтың тәрбиелігі: Ұлы тұлғаның халқына сіңірген еңбегін, ерлігін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ету, оқушылар бойына халқымыздың құндылықтарын сіңіріп тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Д. А. Қонаевтың суреттері, ғылыми еңбектері, баспасөз материалдарында жарияланған мақалалар.
Сабақтың түрі: Танымдық сабақ
Сыныбы: 5 сынып
Сабақтың жүрісі:
«Д. А. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» (Н. Ә. Назарбаев)
Мұғалім сөзі: Советтік Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаев - қарама - қайшы тұлға. Қызметінен түскенде басқалар оның атын өшіруге тырысқан болатын, ал, қазір халық оның есімін ұлықтап жүр. Д. А. Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Алматыдағы №14 мектепті үздік аяқтаған соң, Мәскеудегі түсті металдар институтын 1936 жылы тау - кен инженері мамандығы бойынша аяқтап, Балқаш, Риддер «Алтай полиметал» кәсіпорындарында қарапайым инженерден бастап барлық еңбек баспалдақтарынан өте отырып, кәсіпорын басшылығы қызметтерін атқарған.

1960 - 1962, 1964 - 1986 жылдар аралығында Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің І хатшысы қызметін атқарды. Ол басшылық жасаған жылдары Қазақстанда Ақтау, Текелі, Шардара, Арқалық т. б. жетпістен астам үлкенді - кішілі қала салынып, Балқаш пен Жезқазған тау - кен комбинаты, Ақтөбе химия комбинаты, Қаратау фосфор зауыты, Соколов - Сарыбай тау - кен комбинаты т. б. көптеген алып индустриялық құрылыстар жүзеге асырылды. Д. А. Қонаев 20 жыл бойы Орталық Комитеттің саяси бюросының толық мүшесі болды. Ел алдындағы оның еңбегі ерекше бағаланып, Еңбек Ері атағымен, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған. Сонымен қатар, Д. А. Қонаев ғылымға да үлкен еңбек етіп, жүзден аса ғылыми еңбектері жарық көрген.

1 - оқушы: Ұлы Димашты бола ма, ұмытуға,
Ол - кемеңгер, ғажайып ұлы тұлға!
Жалғыз өзі жарады қапас күнде,
Ұлан байтақ даланы көркейтуге.

2 - оқушы: Димаш ата туралы жазушы журналист Серік Әбдіраймов: «Ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған екі адам болса, соның бірі елі еркелетіп Димаш атаған - Д. А. Қонаев. Шүкір, шыққан тауы биік болды. Бір кісідей биліктің шыңына көтерілді. Кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеген кім десеңіз, онда да осынау абзал жанның есімі еріксіз еске түседі. Димекең қанағатшыл жан еді. Газет - журналда жарияланған мақалаларын есептемегенде, қай баспадан қанша кітап шығармасын соның барлық қаламақысын жетім балалар үйіне аударып отырған», - деген болатын.

3 - оқушы: Димаш аға! Дидарыңыз жарық күн,
Ұранысыз қазақ деген халықтың.
Саясаттың дауылына сынбаған,
Өзіңізсіз бәйтерегі тарихтың.

4 - оқушы: Димаш аға өмірінде өте ұстамды, салмақты, ақылы мен парасаты ерекше, көпшілікті іске жұмылдыра білетін, қабілеті мол кемеңгер басшы болды. Оны халқы ерекше құрметтеп, қошеметтеп, «Біздің Димаш» дейтін.

5 - оқушы: Өшпейді ғой, өлмейді ғой ұлы еңбек,
Елің барда мәңгі бақи еленбек.
Ел үшін атырам деп жарық таңды,
Сіңірдің жан аямай көп еңбек.

6 - оқушы: Димаш ағаның ерекше бір қасиеті адамгершілігі еді. Талай көкірегі ояу, білімді азаматтар Димаш ағаның қолдауы мен шапағаты арқасында келе - келе қарымды ұйымдастырушыға айналып, абыроймен ел - жұртын басқарды. Көрегені мол мемлекет және қоғам қайраткері болды.

7 - оқушы: Ғұмыр кешпей қара бастың қамы үшін,
Қорғадыңыз ел мен жердің намысын.
Тарих өзі таразылар, танытар,
Ұлық қазақ Қонаевтың сан ісін.

8 - оқушы: Үзілмеген достығы, сәлемдері,
Басшылар бар әр қилы, әр елдегі.
Димашқа арнап жыр жаздым жеті шумақ,

Жетіұлы атанған әлемдегі,- ақын Өтеш Қырғызбай жырлағандай, дүние жүзі ғалымдары жер шарының халқына адал қызмет еткен бүкіл ел басшыларын компьютерге салып таразылағанда Д. А. Қонаевтың әлемдік халқына адал қызмет еткен жеті басшының бірі болуы көпті аңғартады.
«Ел ағасы» әні орындалады.
9 - оқушы: Д. А. Қонаев - шын мәнісінде еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырып кеткен жан. Иә, баршамыздың, Отанымыздың, туған еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толуымен Ел ағасы, мемлекет қайраткері, өнегелі әрі ұлы тұлға Д. А. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойының тұспа - тұс келуінің өзі керемет оқиға, ұмытылмас сәт емес пе?!
10 - оқушы: Таулар бар ма, Димаш боп түргелмеген,
Димаш десем жанарым нұрға толған.
Сауыт кеудем, патша өлең жырға толған.
Димаш десем, самғаған көкті айналып,
Қыран құсым саңқылдап қырға қонған.

11 - оқушы: Д. А. Қонаевтың көзі тірісінде жеке адамдарға жасаған жақсылық, рахым, шапағатында шек жоқ. Абзал азаматтың өмірінің соңына дейін жеке үйі, саяжайы, тіпті кейде желпініп мінерге жекеменшік автомашинасы да болмапты. Неткен қарапайымдылық! Неткен адамгершілік!
12 - оқушы: Мен елімнің перзентімін, гүлімін,
Арқа сүйер азаматы ұлымын!
Елімнен мен аямаймын, жұмсаймын,
Ғұмырымның мағыналы, шырынын.
13 - оқушы: Әттең, өмір шолақ, дүние керуен. Елдің сый құрметіне бөленген көзінің тірісінде қазақ халқының ұлы тұлғасына айналған Д. А. Қонаев 1993 жылдың 22 маусымында Алакөл жағасындағы демалыс үйінде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды.
14 - оқушы: Атақ - даңқы аңыз болған талайға,
Димекеңе баға беру оңай ма?
Ешкімге көмегін аямаған,
Халқы сол үшін оны бағалаған,- деп, Ораз Қауғабай ағамыз жазғандай, Д. А. Қонаев атамыз халқы сыйлаған, ардақтаған ғасыр азаматы еді.
Мұғалім сөзі: Халқымыздың біртуар азаматы Д. А. Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді. Олар, сірә, Димаш атасын, оның ғибратты өмірін ұмыта алар ма екен? Иә, қазақ халқы бар жерде Димекеңнің есімі ұмытыла қоймас. Елдің мәңгі есіндесіз, қазақтың асыл перзенті, Димаш ата!


"Қазақ хандары" зияткерлік сайысы.

Мақсаты: Ертістен Еділге дейін созылған сайын даланы өзіне бағындырып,1465жылы Шу өзенінің бойында алғаш «қазақ» деген атаумен Керей мен Жәнібек хандар ірге тасын қалаған Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл болған осы хандықтың тарихына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Күтілетін нәтижелер:

  1. Біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуы туралы білім мен түсінік қалыптасады;

  2. Алған білімдерін сараптай, талдай отырып өзгерістерді анықтайды және болашақты бағдарлай алады;

  3. Сын тұрғысынан ойлай алуға дағдыланады;

  4. Өз бетінше шешім қабылдап, дәлелдемелер келтіреді, қорытынды жасай алады;

Көрнекілігі: Безендірілген сынып,нақыл сөздер, тапсырмалар, сандар, әр топқа

даярлаған үстел,слайд-шоу.

Түрі: Топтық сайыс.

Барысы:

І.Ұйымдастыру сәті: Армысыздар бүгінгі «Қазақ хандығының құрылғанына - 550жыл» атты викториналық сайысын тамашалауға келген қонақтар және оқушылар! 1465жылдары Керей мен Жәнібек Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергені тарихтан аян. «Қазақ» деп ұран тастағанда рухы көтеріліп, намысы оянған барлық қазақ тайпалары түгел жиналып, Қазақ хандығының іргесін қалағанын баршамыз білеміз. Әлбетте, одан кейін тағдыр сан түрлі сынаққа салды бізді. Үш ғасыр тарихымызбен ар - ожданымыз табанға тапталды. Түрлі нәубетті бастан өткердік. Бірақ, мың өліп мың тірілген қазақ ақыры азаттығын алды. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту - сол азаттық сыйлаған бабаларға деген құрметіміз деп қабыл алыңыздар.
Түріктің бір бұтағы қазақ еді,
Қайсар мінез, өр еді, ғажап еді.
Жәнібек, Керей хандар басын қосып,
Өмірге келген еді қазақ елі.
Алтай мен Атыраудың арасында
Жетісу, жеті өзеннің сағасында.
Бірігіп Ұлы, Орта, Кіші жүз боп,
Хандық құрды қазақ өз даласында.

Елбасы 2015 жыл - ұлттық тарихымыздың ұлықталатын жылы екенін еске салды. Мәселен, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз.

Осы тарихи оқиғаға байланысты мектебіміздің 7-8 сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған сайысымызды бастасақ :
І. «Сені көргеніме қуаныштымын…» жаттығуы .

Мақсаты: Қатысушылардың жағымды жақтарын анықтау.
Жаттығу барысы :
Әрбір қатысушы өз көршісіне келесі сөздерді айтады: «Мен сені көргеніме қуаныштымын, себебі …». Бұл сөйлемді адамның сыртқы келбетіне байланысты сөзбен емес, мінез ерекшеліне байланысты сөзбен аяқтау керек.
Бұл жаттығуды орындау сізге қиын болды ма?
Көршіңіз «Мен сізді көруге қуаныштымын » деген сөзді айтқан кезде қандай сезімде болдыңыз?

ІІ. "Жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар"

  • Топ басшылар ортаға шығады;

  • Барлығы 10 сұрақ беріледі;

  • Жылдам жауап беріледі;

Әр дұрыс жауап 10 ұпаймен бағаланады.

  • Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар?

  • Керей мен Жәнібек сұлтандармен бірігіп көшкен алғашқы ру-тайпалардың атауы?

  • Қазақ хандығы қашан,қай жерде құрылды?

  • Керей мен Жәнібек сұлтандарға қоныс,жер бөліп берген Моғолстан ханы?

  • Керей мен Жәнібек сұлтандар бөлініп кеткен хандық?

  • Қазақ хандығының құрылуы туралы мәлімет беретін тарихи шығарма?

  • Қазақ хандығының алғашқы территориясы?

  • Қазақ хандығының Жәнібек ханнан кейінгі үшінші ханы?

  • Қасым хан тұсындағы қазақ хандығының астанасы болған қала?

  • Қазақ хандығының құрылуы туралы жазылған "Тарихи Рашиди" еңбегінің авторы?

ІІІ. "Шөлқандырар"

  • Интерактивті тақтада торкөздер берілген;

  • Әр торкөздер ұпайлар көрсетілген;

  • Ұпай таңдай отырып, торкөздерде жасырылған тапсырмаларды орындайды;

  • Әр дұрыс жауап ұпай санымен байланысты.

Жылдар

20

30

40

Тұлғалар

20

30

40

Терминдер

20

30

40

Жылдар:"20″ Қазақ хандығы құрылған мерзім?

"30" Хақназар хан ел билеген жылдар?

"40" "Ордабасы" Ұлттық тарихи,мәдени және табиғи қорығы құрылған жыл?

"Тұлғалар". "20" Қазақ хандығы туралы дерек қалдырған тарихшы?

"30" Абылай ханның 7 - інші ұрпағы,биыл 100 жылдық мерейтойы атап өтілген тарихшы ғалым?

"40" Абылай ханның дүние жүзіне танылған атақты ұрпағы,қазақтан шыққан тұңғыш географ,саяхатшы,тарихшы,әдебиетші,ағартушы,ғалым?

"Терминдер". "20" Сұлтан? "30" Ханталапай? "40" "Арыс"

ІҮ."Тақымқысар".Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін мозаиканы жинақтау.

Топтық жұмыс жүргізу арқылы сөздердің мағынасына қарай мәтін құрастырыңыздар:

Керей

ұлы

Қазақ

екі

негізін

хан -

хандығының

тарихи

қалаушы

тұлғаның

алғашқы

ханы

бірі,

қазақ

болатын.

Жауабы: Керей хан - Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы болатын. Ү. "Нартәуекел".

Әр топқа тапсырмалар кеспе қағазға жазып беріледі.Кеспе қағаздарға тарихи тұлғалар есімдері жазылған.Әр топтан сайыскерлер ретімен келіп кеспе қағаздағы есімі жазылған тарихи тұлғаны қарсылас топқа жұмбақтап сұрайды.Мысалы: 1598-1628 жылдары ел билеген қазақ ханы? (Қасым).

"Жеті жарғы" заңдар ережесін негіздеген хан? (Тәуке). Қазақтың соңғы ханы? (Кенесары),т.с.с.

  • Әр тапсырма 10 ұпаймен бағаланады;

  • Бір топ екінші топтан "нартәуекел" сұрайды.

  • Екінші топқа нартәуекел беріліп, олар дұрыс жауап бере алмаса, ол ұпай бірінші топқа беріледі;

  • Егер нартәуекел берілмей, олар қате жауап берсе, олардың ұпайы шегеріледі.

ҮІ.Қорытынды.

Құрметті ұстаздар қауымы және оқушылар бүгінгі іс шараға қатысқандарыңызға үлкен рахмет.Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Өз тарихын білмеген халық, өзін де сыйламайды» деген. Сондықтан әр қайсымыз өз еліміз тарихын әрқашанда жадымызда сақтап, мақтан етейік.
Көк аспан түсіндей желбіреп байрағы,
Бір мүдде бір мақсат алдына қойғаны.
Көк түрік отаны бүгінгі қазақтың,
Тәуелсіз мәңгілік ел болу арманы,- деп сайысымызды аяқтаймыз. Келгендеріңізге рахмет.

Әділқазылар сайыста жеңімпаз топты анықтап, марапаттайды.

«Адам болам десеңіз…»

Мақсаты: Абай жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп, оның болашақ өсу, даму жолодарын байқатар басты нәрсе - ғылым деп көрсетеді. Әдепті болуға үйрету жақсылыққа тәрбиелеу болып табылады. Үйрету, үлгі көрсету, жақсыға жанастыру, дағдыландыру, жақсы салтты дәстүрге айналдыру, яғни игілікті іс-әрекетті қалыптастыру. Саналы азамат болып сапалы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек. Азбайтын, тозбайтын басты байлығымыз - білім мен ғылымды жастардың санасына сіңіру.

Тақырыбы: «Адам болам десеңіз…»

Көрнекілігі: 1) Абай Құнанбаевтың портреті. 2) Қанатты сөздер: Абай Құнанбайұлы адамгершілік, ғылым, білім жайында. 3) Буклет. Абайдың өлеңдері, өсиеттері қара сөздері. 4) Оқушылар шығармашылығы, жазған өлеңдері, жасаған қолөнері көрмеге қойылды.

Өтілу формасы: «Дөңгелек стол».

Тақырыбы бойынша оқушылар өз ойын еркін айта білді. Ұстаздың басшылығымен жүргізуші күні бұрын нақты жоспар жасады.

Бағдарлама:

  1. Бес нәрсеге асық бол.

  2. Бес нәрседен қашық бол.

  3. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.

  4. Ескірмейтін ескі сөз (Абайдың, т.б. ғұламалардың нақыл, қасиетті сөздері).

1-жүргізуші.

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?

Жырымен жан сусынын қандырған кім?

Қастерлеп сөз асылын өлеңменен

Мұра ғып кейінге қалдырған кім?

2-жүргізуші.

Ерте оянып, ойланып, ер жеткен кім?

Талабын тас қияға өрлеткен кім?

Құба жон, қүбақан құм, құла қырды,

Өлеңнің бесігінде тарбеткен кім?

Абай суреті ілінген. Абай оқушы (жасырынып тұрып) болашаққа өсиет айтып тұрғандай…

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!»

1-жүргізуші.

Қазақ жерінің ақыны, данышпаны болғанымен Абай біреу-ақ, Абайы бар елдің мейірі үстем. Абай қазақтың бар жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.

2-жүргізуші.

Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бармек. Сол шыңнан көз жазбау - біздің парызымыз да қарызымыз.

Жүргізушілер Абай суретінің алдына келіп тағзым етеді.

Абай Ата! Өзіңнің үміт еткен шөберелерің сіз туралы толғап, сыр шертпек.

Тәрбиеші.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы классик ақын Абай Құнанбаев (1845-1904) ағартушылық жұмысында өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде оқу, өнер білім үйрену, оны халық қажетіне жұмсау, жастарды адамгершілік қасиеттерге, өнегелі мінез-құлыққа тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Абай жас ұрпаққа өмір сүруді үйретіп, оның болашақ өсу, даму жолдарын байқатар басты нәрсе - ғылым деп көрсетеді.

1-оқушы.

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз-

деп өсйет айтады. Саналы азамат болып, саналы өмір сүру үшін, ғылымды үйреніп, тәлімге тәнті болу керек дейді ғұлама. «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді халық. Данышпан ақын ғылымды үйреніп, білімді болу үшін жалықпай, ерінбей еңбек ету қажеттігін айтады.

Жүргізуші.

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек дейді 38-сөзінде - әуелі - надандық, екіншісі еріншектік, үшіншісі залымдық деп білемін», - деп, бұл үшеуімен аяусыз күресті де, оларды жоюдың емі - ғылымды, адал еңбекті, адамгершілікті атап, өзінің шығармашылығында осы үшеуін дәріптеп, өсиет етті және бұл үшеуінің жасампаздық күшіне сенді. Абайдың ағартушылық идеясы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айтылған. «Адам болу» қағидасымен ұштасып жатыр. Абайда «ғылым табу мен адам болу» бір-бірімен ұштасып:

Ғылым таппай мақтанба…

Адам болам десеңіз - деп келеді де ғылым тауып, адам болу үшін не істеу керек дегенде, Абай «Адам болу» қағидасын ұсынады.

1-жүргізуші.

«Бес асыл іс» - адамгершілік - Абай ұсынған этикалық әдеп нормалары. Адамзат қоғамы тарихында - жеке адамның ақылы мен мінезі, адамгершілігі жағынан өсіп-жетіліп, толық адам болып қалыптасуы - күрделі мәселелердің бірі.

«Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол.

Адам болам десеңіз…» деп айқындап берді. «Адам болу, оған тезірек жетуге асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа Абай:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой-

Бес асыл іс, көнсеңіз…» - деп, тұжырымды жауап берді.

2-оқушы.

Талап. Абай 44-сөзін «Адам баласының ең жаманы - талапсыз»-деп бастайды да, талаптың түрлері көп болатынын баяндайды. Абайдың түсінуінше талапсыздық түрлері - ынтасыздық. Ықылассыздық, жігерсіздік.

Еңбек - бұл дүниедегі құдіретті күш, діни ұғымда құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден-бір жасампаз ұлы күш - еңбек.

Терең ой - адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек дағдысы барысында қалыптасқан адамды барлық жан-жануардан ерекше айырып тұрған екі қасиетті Абай жоғары бағалады. Оның біріншісі - ақыл-ой, екіншісі - сөз.

Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «Қанағат ұғымына ерекше мән береді. Ақынның түсінуінше қанағат - барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу.

Рақым. Рақым дегеніміз ұғымдық философиялық тұрғыдан алғанда адамның өзге кісілерге жасайтын жақсылығы, мейірім-шапағаты мен көмегі.

Жүргізуші.

Абай «Бес асыл ісінде» нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанда»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпанын білсеңіз…»

деп адамның бойындағы жағымсыз қсиетті сынға алады.

3-оқушы.

Өсек. Абай заманында ел арасына көп тараған, адамгершілікке жат, жаман қылықтардың бірі - өсек айту, өсекшілдік. Өсектің қазақ ортасын кең тараған бір түрі - жалақорлық, арызқойлық, өсек, өтірік, домалақ арыздар Абайдың өз атына да талай тжауған болатын.

Өтірік. Ақын өсекшілдікті опасыздықтың, арамзалықтың, екіжүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінде айыптайды, өсек-аяңға үйір, желбуаз жандарды өлтіре сынап, адамдар бойындағы өтірік айту секілді кеселдерді уытты тілмен әшкерелейді.

Мақтаншақ. Абай өмір сүрген заманда ел адамдарының, әсіресе үстем тап өкілдерінің бойында жиі кездесетін жаман қылықтардың бірі - мақтаншақтық, даңғойлық.

Еріншектік - адамдардың бойына біткен жаман қылықтардың ішінде ең жағымсызы. Абайдың түсіндіруінше: - еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.

Бекер мал шашу. Абай шығармаларында қолда бар қаржы мен мал-мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын білмейтін, сырт көзге жомарт болып көрінуге тырысатын мақтаншақ адамдарды өлтіре сынға алған.

1-жүргізуші.

«Бес асыл іс» пен «Бес дұшпан» жөніндегі тұжырымдарында өз заманындағы қазақ өмірінің диалектикалық тұжырымдарына нақтылы мысалдармен, болмыстық деректермен терең талдау жасайды.

2-жүргізуші.

Абай адамның адам болу қағидасымен шектелмей, адамтану туралы ойын әрі дамытып, тереңдете берді. Ойшыл ақынды көп толғандырған ендігі бір мәселе - адамның барлық жағынан жан-жақты жетіліп, «толық адам» болу мәселесі. Толық адам болу үшін адам бойындағы ең негізгі қасиеттер - қайрат, ақыл, жүрек тең болуы қажет деп тоқтамға келеді.


Әкем, шешем және мен (жанұялық жарыс)

Мақсаты: Балалардың денсаулығын нығайтып,ептілікке, жылдамдылыққа тәрбиелеу,дене шынықтыруға деген қызығушылығын эстафеталық ойындар арқылы дамыту. Ата-аналардың балабақшамен тығыз байланысын дұрыс жолға қою және ойындарға ата-аналардың белсене қатысып, ынтымақтаса жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болатындығына көз жеткізу.
Іс-шараға қажетті құралдар: Кеглдер,доптар,құрсау,үлкен резеңке доп,қызыл,сары,жасыл түсті кішкене доптар,жалаулар.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме,құрметті ата-аналар,бүлдіршіндер!
Сәттілік тілей отырып,бүгінгі іс-шараны бастауға рұқсат етіңіздер.
Келіңіздер,келіңіздер!
Бұл жарысты көріңіздер.
Бізде бәрі жүйріктер.
Күш сынысар алыптар.
Жарысатын отбасылар, -дей келе бүгінгі осы ата-аналармен балабақша арсындағы өткелі тұрған «Әкем,шешем және мен» атты жанұялық эстафеталық жарысымызға қош келдіңіздер. Олай болса жарысқа қатысушы топтарды ортаға шақырамыз.
1. «Тұлпар» тобы- Асқаровтар отбасын қошеметпен қарсы алайық.
2. «Табиғат қамқоршысы» тобы - Дүйсенбиевтер отбасын қошеметпен қарсы алайық. 3. «Бірлік» тобы - Рамазановтар отбасын қошеметпен қарсы алайық.
Ойынды бастамас бұрын әрбір жанұяға әділ баға беретін әділқазылар алқасымен таныс болыңыздар.
1.Сартаева Гүлнар- ата-ана
2. Таңатарова Тоты- ата-ана
3. Гайнуллиева Жұпар Қуанқызы- тәрбиеші
Жарыс үш бөлімнен тұрады.
1- бөлім: Командалар сәлемдеседі және ұрандарын айтып, әмблемаларын қорғау.
2-бөлім: Эстафеталық жарыс.
3-бөлім: Қимылды ойын.
Жүргізуші:
Қәне, бір-бірімізді қостаймыз,
Бүгінгі жарысымызды бастаймыз.
«Жеңіске жетеміз!» деп,
Жалынды ұран тастаймыз.
Әр топ әділқазылар алқасына өздерін таныстырып өтеді,эмблемаларын қорғайды.
« Тұлпар» тобы:
Топты жарған,жанұямыз,
Жаралдық ақ тілектен біз.
Сұңқар-қанат,
Тұлпар -тұяқ түлектерміз.
Жарысымызды бастаймыз.
« Табиғат қамқоршысы» тобы:
Ұшақтан да ұшқырмыз,
Желден озған жүйрікпіз.
Жарысуға сендермен,
Келіп тұрған мықтымыз.
«Бірлік» тобы:
Қатар өскен құрдасқа,
Жарыс ұнап тұрмас па.
Қуып жету жақсы ғой,
Озып шығу бір басқа.
Ортаңғы топ балалар орындауында «Спорттық би»
2-бөлім: Эстафеталық жарыс.
1. «Ұлпа қар» ойыны.
Ойынның шарты: Әкесі белгілеген орынға дейін жердегі қардың біреуін алып, кедергілер арасымен жүгіріп шелекке дәлдеп түсіру керек. Әрі қарай анасы және балалары кезек-кезек әкесіне қар тасып береді. Қар таусылғанша ойын осылай жалғаса береді.
2. «Аққала» ойыны.
Ойынның шарты: Топ басшысы үрмелі доппен кедергілер арасымен секіріп,допты белгіліленген орынға қойып қайтады. Келесі ойыншылар кезек-кезек допты қойып аққала құрастырып шығады. Қай топ бірінші болып аққала құрастырса, сол топ көп ұпай санын еншіленеді.
2. «Жүйріктер» ойыны.
Оыйнның шарты: Топ басшысы қапты киіп,кедергілер арасымен секіріп, белгіленген жерге келеді. Келесі анасы,секіргішпен сол тәртіппен, секіріп келеді. Балалары кедергілер арасымен,самокатты айдап келуі керек. Қай топтың баласы бірінші болып келсе,сол топ көп ұпай санын еншілінеді.
3. «Кенгуру» ойыны.
Ойынның шарты: Әрбір ойыншы беліне қалта байлап алып, үлкен доппен кенгуруша кедергілер арасымен секіріп,жердегі қызыл,сары,жасыл түсті шарларды өздеріне берілген түстерді жинау керек.
-«Тұлпар»тобы сары түсті
-«Табиғат қамқоршысы» тобы қызыл түсті
-«Бірлік»тобы жасыл түсті
4. « Кім жылдам» ойыны.
Ойынның шарты: Ойыншылар қатар-қатар тұрады. Барлық құрсаулар әкесінде болады.Белгі бойынша әкесі анасына кигізеді,анасы баласына. Сол тәртіп бойынша ойын жалғасады.Құрсаулар қайтадан топ басшысында жиналғанша.Құрсауларды тез жинаған топ жеңіске жетеді.
Қимылды ойын: «Кім тез»
Барысы: Бұл ойын үшін алдын-ала әрбір ойыншыға түрлі-түсті қағаздан жалаулар және әрбір командаға тіреуші бар жалаулар дайындалады. Жүргізуші әрбір командаға белгілі түсті жалаулар ұсынады. Жүргізушінің белгісі бойынша ойыншылар (алаңда) жүреді,жүгіреді, «Орнымызға барамыз»белгісі бойынша барлық ойыншылар командада өз орнын табуы керек. Ойын ережесі бойынша қимыл-қозғалысты бір мезгілде бастайды. Тез және дұрыс кезекпен сапқа тұрған команда жеңімпаз атанады.
-«Тұлпар» тобы- қызыл түсті
-«Табиғат қамқоршысы» тобы- сары түсті
-«Бірлік» тобы -жасыл түсті
Қимылды ойын: « Секіргіштер»
Ойынның шарты: Ойыншылар шеңбер бойымен айнала тұрып, бірінің оң жақ иығына қолдарын қойып,сол аяқтарын көтеріп шеңберді бойлай музыка әуенімен секіріп жүреді. Қай ойыншы көтерген аяғын жерге түсіріп алса, сол ойыншы ойыннан шығады.Соңғы бір ойыншы қалғанша ойын осылай жалғаса береді.
Бағалау: «5» -өте жақсы «4»-жақсы «3»- орташа
Сөз кезегін әділқазыларға береміз.
Қорытындысы женімпазды құттықтау.
Ата-аналарды алғыс хатпен марапаттау.
-Женімпаз топтарға сыйлық беру.

«Елімнің тағдырына үлесім».

Қазақстан, Қазақстан алтын күн, Жанымызды жарылқайтын жарқын күн. Аталдың сен барлық әлем тілінде, Атыменен қазақ деген халқыңның. Қазақстан елім менің берекем, Татулыққа тұтқа болған жыр мекен. Жер жаҺанға шашу болып шашылсын, Арайланған Тәуелсіздік мерекем. «Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз.Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата- бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып еткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Біздің ата шежіреміз ғасырлар бойы Ресей тарихының құрамды бөлігі болып келді, солай хатталды да. Жаңа Тәуелсіздік заманда өз халқымыздың тарихын өзіміз жазып, жаңа егемендік ел, халық тұрғысынан жазуға мүмкіндік алдық. Әрине тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Қазақ халқының небір қайтпас қайсар батырларының жасаған ерліктерін оқулықтардан оқып білудеміз. Елім, жерім деп жаудан ұлтарақтай жері үшін, небір қазақтың батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды. Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті. Исатай, Махамбеттер патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де тосылып қарап қалған жоқ. Бұл күрестер азаттық үшін өткен сан күрестің соңы емес еді. Елін,жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қарсы қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухқа әр кез таңданамын. Аталарымыздың сол қасиеті елге- мұра, ұрпаққа-ұран болып келе жатыр. Ұлт -азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғалары, соғыстың қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында, біздің барлығымыз өмір сүру бақытына ие болдық. Желтоқсан оқиғасы біздің жадымызда. Біз оны көрмегенмен, үлкендер мен апайларымыздың айтулары, теледидардағы деректі фильмдерден жақсы білеміз. Алматының алаңында өткен желтоқсан қырғынының жазықсыз жаласына ұшыраған «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жанкешті жаужүрек жас Қайраттай ағаларымыз болды. Қайрат, Ләззат сияқты аға-апаларымыздың желтоқсанның ызғарында жасаған ерліктерімен, олардың аттарын атамай кетпеуге болмайды. Желтоқсанның ызғарына тоңып, тас қараңғы тас қамалда, Қайрат ағамыздың жазған өлеңдерін оқығаныңызда өлеңдері «Мен қазақпын» деген әрбір жастың, әрбір адамның, жанына күш-қуат беріп патриоттық сезімін оятары анық. Желтоқсанда да өрімдей аға-апаларымыз жас өмірлерімен қоштасқан. Жыл сайын желтоқсанның 16- да сыныбымызда әрдайым тәуелсіздікке байланысты түрлі тақырыптарда тәрбие сағатын өткізіп тұрамыз. Табаным тиіп Алматы қаласына бара қалсам, желтоқсандағы еліміздің тәуелсіздігі үшін ерлік жасаған, аға-апаларымызға гүл шоқтарын қоймай кетпеймін. Сондықтан да ата, аға-апаларымыздың ерліктерін ардақтап, лайықты құрмет көрсету- біздің перзенттік парызымыз деп білемін. Мектеп оқушысы болсамда Қазақстанның болашағы үшін, оның одан әрі дамып, көркейіп, гүлденіп 50 елдің қатарына қосылуына, менде өз үлесімді қосқым келеді. Қандай да бір жақсылық болмасын, қиындықпен келетінін білемін. Дегенменде қиындықтарға мойымай, әрдайым қарсы тұрып жеңе білу керек. Халықта мақал бар: «Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» Біздің халық тарихын ғасырлар бойы жаспен жазып келеді. Тәуелсіздік жолы- азаматтық жолы. Тәуелсіздік келді, енді бәрі болады, бәрі орнына өзінен- өзі толады деп, жігеріңді құм етуге болмайды. Абай ата айтқандай, мал табу жолына түсу керек. Тәуелсіздік жолы- азамат жолы. Егемен елдің азаматы- арлы, зейінді, пейілді, патриот жан. Тәуелсіздік жолы- үміт жолы. Біз бостандық алған елден күтеріміз аз емес. Біз тәуелсіздіктен ең алдымен жарқын болашақ күтеміз, кейінгі ұрпақтан ата- баба аңсаған игі мақсатының орындалуын күтеміз. Самұрық құс көлбей қағып қанатты, Қонды келіп Бәйтерекке дарақты. Шаңқылынан бүкіл дүние оянып, Елімізде Тәуелсіздік таңы атты. Біз тәуелсіздіктен аға ұрпаққа әлеуметтік қорған болуын күтеміз. Басқаша айтқанда, біздің ата- бабамыз аңсаған заман тәуелсіздікпен байланысты. Жаңа ХХІ ғасырға бет алған сәтте нарықты экономиканың құдіретін де көруіміз керек. Біз осындай қоғам жасайтын болсақ қана тәуелсіздік баянды болады. Біз қазақ, ғасырлар бойы жоқ іздеген халықпыз. Біздің жоғалтқанымыз ең асылымыз- тәуелсіздік еді. Біз тәуелсіздікті іздеп соқпақпен де, сүрлеумен де, жүрдік кейде жолға түскендей болдық, бірақ тығырыққа тіреле бердік. Осыдан 20 жыл бұрын түскен жолымыз даңғыл болды. Ол тәуелсіздік даңғылы. Тәуелсіздік сапары тәуекелді керек етеді, жол көлігі керек, жол серігі керек, жол азығы керек, алыс жолға тәуекел етер жүрек керек, тірек керек жол бастайтын көсем керек. Біз тәуекел қайығына міндік, тәуелсіздік даңғылына түстік, 20 жылда басқа халықтар ғасырлар бойы өткен жылдан өттік. Біздің тәуелсіз ел болғанымызға -20 жыл. Тәуелсіздік- тәу етер жалғыз кие. Дүниедегі тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халықта жоқ. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз- тек бір ұрпақтың ғана еңбегі емес, барша ұрпақтардың еңбегі. Басты мұрат- қолымызға қиындықпен түскен тәуелсіздік туына мейлінше бекем болу. Тектілердің тұяғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында халқымыз- тыныштықта, Отанымыз еркіндікте. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана- шаһарын тұрғызды. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз тыныш. Түндеріміз- бейбіт. Күндеріміз нұрлы. Мектеп оқушысының қолынан не келеді деп ойлауларыңыз да мүмкін. Теледидарда Елбасы Нұрсұлтан атамыз айтқандай, елдің болашағының көркейіп, гүлденіп одан әрі дамып, өркендеуі біздің қолымызда. Яғни болашақтың жастары мына біздер, бүгінгі бүлдіршіндер мен жас ұрпақтар. Елімізді әлемге танытып, Елбасымыздың жолдауындағы жұмыстарды атқару үшін, алдымен жақсы білім алып, тәлімді тәрбиелі болуымыз қажет. Әрбір адам өз алдына мақсат қояды. Менің де өзімнің алдыма қойған үлкен мақсаттарым бар. Мектептен жақсы білім алып одан әрі білімімді жалғастырып, елім үшін еңбек ету. Қазақта «бақыт» деген ұғым бар. Мен бақыт дегенді былай түсінемін. Ол- сенің тәуелсіз Отаның, Ұлы тұғырың. Бақыттың кіндігі- Отан. Елімнің көркейіп, гүлденуіне өз үлесімді қосып тәуелсіз елім үшін, отаным үшін, елімнің тыныштығы мен сәбилердің күлкісі үшін, бар өмірімді күш- қуатымды жұмсап жұмыс жасасам. Еліме пайдамды тигізіп, халқым үшін еңбек етсем менде одан артық бақыт болмас еді. Аға- апаларымыздың қиындықпен өздерінің жас өмірлерін қиып алып берген тәуелсіздіктің туын, біздер әрдайым биік ұстауымыз керек, әрдайым биік ұстаймыз да дегім келеді. Менің елім, менің жерім, жыр етемін тамсанам, Елміз біз де ғасыр бойы тәуелсіздік аңсаған. Көк байрақтың астындағы шуақтанған арайлы, Қуанышын мол бақытын сыйлайтындай таң саған. Бізге өз тәуелсіздігіміз қымбат. Неге дейсіз ғой ? Ол бізге қымбат- ата- бабаның рухын көтергені үшін! Ол бізге қымбат- сөнген мемлекетіміздің отын маздатып жандырғаны үшін ! Ол бізге қымбат- елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымға ендіргені үшін! Ол бізге қымбат- ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз- қаз тұрғызып «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін! Ол бізге қымбат- «Отан» деп жүрегімізді қақтырғаны үшін! «Елім» деп елеңдетіп, «жерім» деп желпінтіп, барша алпыс екі тамырымызды игізіп, ата жұртын сүйдіргені үшін! Жиырма жыл! Тәуелсіздік елімде, Бақыт құсы самғап ұшты көгімде. Қазақ деген ғажап халық қашаннан, Көк бөрінің ұрпағымыз тегінде. Тәуелсіздік ақ батасы атамның, Күлімдейді менің Байтақ Отаным. Жан жылытар сәбидің шат күлкісі, Қашаннан қалған сынығымын мұраның. Тәуелсіз қазақ елінің Ақордадай «Астана» атты рухани тұғыры бар. Ол бірлігімізді, тірлігімізді әлемге айшықты айғақтап тұр. Астана- тәуелсіздіктің тақ- тұғыры. Қазақ елінің дербес ел болуына орай байтақ та бағалы елден бата алған Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасының ел билігін ұстауы, біз сияқты ұрпақтарының бағы деп білемін. Тәуелсіздік тұғырын тарихи ерлікке жалғастырған Елбасымыздың парасаттылығы, ойшылдығы деп түсінемін. Елорда бірліктің, ерліктің арқасында қарыштап дамудың айқын дәлелін көрсетті, әрі бүкіл әлем назарын өзіне аударды. Сондықтан тұғырлы тәуелсіздік елдің тұғыры биік,бірлігі бекем, ерлігі ерен болуына тамшыдай болса да өз мүмкіндігімше үлес қосу үшін, білімді терең меңгеруге ұмтылудамын. Санам- сақ, халқымның- жақ боларына сенемін. Өйткені, мен тұғырлы тәуелсіз елдің тұяғымын. Халқымыз «тайында тасқа байла» деген. Тағдырдың тас қамалын бұзуға, білімді, өнерлі болуға күш- жігерімді жұмсаймын. Бүгінгі таңда осындай бақытты, барша әлемге үлгі бола алатын елде тәрбие, білім алып жатқаныма өте ризамын. Тек әрдайым еліміз аман, аспанымыз ашық, көк байрағымыз биікте желбіреп, жас ұрпақ өз елінің патриоты болып, әрқашан Қазақстанды мақтан тұтсын деймін. Аспаныңда жарқырайды арай күн, Бұлтыңа да қызығумен қараймын. Болғаннан соң тәуелсіз, ел түлегі, Мен өзімді бақытты қыз санаймын. Менің елім- Қазақстан! Осынау құдіретті сөзді біздің елдің әрбір азаматы асқақ сезіммен, ерекше мақтанышпен айта алары хақ.




 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал