- Учителю
- Ауғанның асуында от кешкендер!
Ауғанның асуында от кешкендер!
Онгарова Жанар,
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Шамалаған станциясындағы
қазақ орта мектебі.
Ауғанның асуында от кешкендер!
Мақсаты:
-
оқушыларға Ауған соғысының болу себептерін түсіндіру;
-
Отанын құрметтеуге,еркіндікті бағалай білуге,ұлтжанды,елжанды болуға үйрету;
-
Бейбітшілік үшін күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрқашан есте сақтауға,үлгі ете білуге тәрбиелеу.
1-жүргізуші: Армысыздар Ауған соғысына қатысқан,ардагерлер!
2 жүргізуші: Сәлеметсіздер ме құрметті қонақтар,
Біз соғысты,
Жеңгеніміз үшін еске алмаймыз,
Жамандықты ешуақытта жақтамаймыз.
Ұрпаққа айта береміз,қайта айтамыз,
Бұндай жағдай ешуақытта болмасын деп.
Қайталаймыз ұрпаққа қайталаймыз.
1-жүргізуші Ауған соғысының ардагерлері. Бүгінгі «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кездесу кешімізге қош келдіңіздер!
-Тарих көші үнемі жаңаланып отырады.Десе де ұмытылмайтын,ескірмейтін тарихи оқиғалар болды.Соның бірі-әлемді дүр сілкіндірген Ауған соғысы.
Ауғанстан жеріне қатерлі күн туғанда елін,жерін қорғау үшін көптеген ер азаматтар соғысқа аттанды. 1979 жылы басталған соғыс 10 жылға созылды.1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылды. Бұл соғысқа 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 761-і қаза тапты, 21жауынгар хабарсыз кетті. Содан бері 27 жыл өтіпті.
2 жүргізуші:
Елбасымыз Н.Назарбаевтың ауған соғысы туралы сөзінде : « Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» - деген ойлы сөзі бар .
Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер,ардақты ағалар,аяулы әкелер жазықсыздан -жазықсыз құрбан болды. Бүгінгі жастар өздеріндей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағандарын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағылым алсын деген ниетпен бүгінгі кездесуді өткізіп отырмыз
1-жүргізуші:
Еліміздің елдігін танытатын,
Ерлерімнің ерлігін жаңғыртатын.
Қазақстан Гимні шырқалады,
Қыран құсын қияға самғататын.
Назар аударыңыздар! Тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады
1 жүргізуші:
Ауған соғысының Қазақ еліне әкелген адам шығыны мен зардабы аз емес. 1979-89 жылдарда, яғни 10 жылға жуық созылған бұл соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Абзал ана жалғыз боздағынан айырылды, әйел жесір, бала әкесіз, отбасы панасыз қалды. Енді ғана азамат атанып әскер қатарына алынған қаншама жігіттеріміз Ауған даласында жан тапсырды. Ал кейбір жауынгерлер із-түзсіз жоғалып кетті. Аяқ-қолдан айырылып, қаны төгіліп мүгедек болғандар қаншама!
Ауған соғысы- жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын беттер...
Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы- Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпайық.
2-жүргізуші: Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды сол кез,
Қирады талай арман көңілге алған.
Тұғыры биік заманда,
Тамыры терең адамға.
Кенде емес мынау ұрпағым,
Сіз тұрсыз мәңгі жанымда.
Бүгін кездесуге келген , Ауған соғысына қатысқан ардагерлермен таныс болыңыздар: (ардагерлер таныстырылады)
Еске алайық, құрметтейік құрбандардың рухын,
Қабірлері нұрға орансын, суық көрде жылынсын
Есіл ерлер ескерткішке айналсаңда біз үшін,
Мәңгі бақи тірісіңдер, тірісіңдер, тірісің!
Осындай ержүрек, қайтпас,қайсар жауынгерлердің арқасында жат жердің болашағы үшін, бейбіт өмірі үшін ,соғыста қаза тапқан батыр ағаларымызбен есіл боздақтарымыздың рухына тағзым етіп,
1 минуттық үнсіздік жариялаймыз.
1- жүргізуші: Бейбіт ел қанат жайып өсер өрлеп,
Адамзат адал ойлы бізге сенбек.
Жақтаған бейбіт күн мен әділетті,
Жолымен ұлы мақсат іздей бермек.
Сөз кезегі мектеп директоры Наимбаева Азиза Ахметқызына беріледі..
2- жүргізуші: Тілегені бейбітшілік әр елдің,
Тыныштыққа орансын байтақ жерің
Аттандырды соғысқа асыл ерін
Сонау жаққа,қорғауға Ауған жерін
Назарларыңызға Ауған соғысы туралы бейне фильмді ұсынамыз.
1- жүргізуші:Ардагерлер,
Айтса ертек көргендері,
Табандары таймаған өрден кері.
Сыңғырлап сыр шертеді жиындарда,
Кеуде толы жарқырап ордендері.
1-жүргізуші: Ауған соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, қажыр-қайраты, олардың бір-біріне деген достық және бауырмалдық көмегі, от пен оқтың ортасындағы жан кешті тағдыры бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге болғандай.
2 жүргізші: Кір жуып,кіндік кескен жері үшін,аялап,әлпештеп өсірген елі үшін жанған отқа түсіп,от кешкен ер азаматтарымыз ешқашан ұмытылмайды. Ауған соғысында мерт болған ерлердің рухына, елге аман оралған, бүгін арамызда асқар таудай болып жүрген ағаларымызға мың тағзым!
Құрметті ардагер ағалар.Ортамызда сіздермен кездесуге зор ықыласпен келіп отырған Қазақстан жерін қорғайтын азаматтар ,арттарыңыздан ерген ұрпақтарыңыз,болашақ жауынгерлер отыр.
Сол балаларға Ауған соғысы кезінде бастан кешкен оқиғаларыңыз жайлы қысқаша әңігімелеп берсеңіздер. Сөз кезегі өздеріңізде.
( сөйлеп болған соң)
1-жүргізші:
Ардагер ағаларымызға ойландырып жүрген сұрақтарыңыз болса қоюларыңызға болады. ( оқушылар сұрақтар қояды)
-
«Соғыс» деген алғашқы сөзді естігенде ,өзіңізді қалай сезіндіңіз?
-
Алғашқы оқ дыбысы,жарылыстарды көргенде бойыңызда қорқыныш болды ма?
-
Жалпы соғыс кезінде адам баласы мен адам баласы бір-біріне қарсы шығады.Жаудың көзін жою керек деген сөз әр жауынгердің санасында болады ғой, бірақ адам болған соң оқ атқанда аяушылық сезім жаныңызда ояна ма ?
-
Сіздер өз Отандарыңызды емес,өзге Республиканың жерін қорғау үшін бардыңыздар.Бірақ сіздерде ,сол жердің жауынгерлерімен бірге ,жауға қарсы шықтыңыздар, олар сіздерге ризашылығын қалай білдірді?
-
Отбасыңызды ,еліңізді сағынғанда өзіңізді қалай жұбатып жүрдіңіз?
-
Сіздерді қалай тамақпен,киіммен қамтамасыз етті?
-
«Соғыс бітті,елге қайтасыңдар» деген сөзді естігендегі сіздердің қуаныштарыңызда әрине шек болған жоқ.Ерекше қуанған кездеріңіздегі сезімдеріңізді айта аласыздар ма?
1 жүргізуші:
Қаншама ана айырылды баласынан,
Бала күтті, әкесін теңіз жағасынан.
Шүберекке түйіп жанын,елең етіп
Ана байқұс, әр дыбысқа жаутаңдаған.
Құрметті ардагер ағалар сіздердің құрметтеріңізге
ӘН: «Здравствуй мама» Даулетбаев Қуанышбек пен Болат Толқынның орындауында орындалады.Қабыл алыңыздар!
2- жүргізуші:
Соғыс бұзды тыныштықты,өмірді,
Жауынгердің алып ұшқан,көңілді.
Соғыс бұзды бар арманын ұланның
Сол арманның бірі алу жеңісті.
ӘН: «Война» орындайтын Бақтыгелдиев Нұрлан пен Садыков Бейбарыс
1-жүргізуші:
Соғыс бітті, жауынгер келді әскерден,
Еске алады сол бір күнді өртте өткен.
Сол соғыста қайтпай қалған қайсардың
Жаны бірге тірі келген, ерлермен.
ӘН: « Отаным» орындайтын Құдабаева Индира
Құрметті ардагерлер , міне сіздердің арқаларыңызда осы күнге жетіп,жас ұрпақ әр істеріңіз бен ерліктеріңізді әнге қосудан жалыққан емес.Ендігі тыңдайтын әндеріңіз бейбіт өмірді сақтап қалатын ұрапақтардың арман тілектері деп қабылдаңыздар.
2 жүргізуші: 26 жыл-бейбіт көктем таң атқалы,
26 жыл-шуақты күн таратты әнін
Талай құс содан бері қайта оралды,
Талай бақ әлеміне қайта оранды.
Соғыста өлгендер тек оралмайды,
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді.
ӘН :«Соғыстан қайтқан солдаттар» орындайтын Гүласыл мен Зухра
1 жүргізуші : Жақсының еңбек десе жаны күлер,
Бағаңды жаста,кәрі,бәрі білер .
Бас қосу құтты болсын ер ағалар,
Мерекең құтты болсын аcыл ерлер .
Елі үшін ,ерлік туын желбіреттің,
Жанарын талай жанның мөлдіреттің
Көк туым көк аспанда қорған болып,
Жүрегін қазағымның елжіреттің.
ӘН:«Елім-ай» орындайтын Мейржанова Наргиза
2-жүргізуші:
Елім менің Егеменді еңселі,
Ел теңдігі жүрегімде еседі.
Тәуелсіздік туын биік көтерген,
Ерлерімнің даңқы көкке жетеді.-деп шағын сыйлықтарымызды қабыл алыңыздар.
Құрметті ардагер ағалар мектеп ұжымы мен оқушылары сіздерді құрметтейді,ерлік істеріңізді мәңгі есте сақтайды.Ешқашан соғыс болмасын деп,жас сәбидің гүлі солмасын деп,аналар жыламасын деп,ерлеріміз жат жерде болмасын деп, ақ бата мен ақ тілекті сіздерден күтеді. Ақ бата немесе тілектеріңізді білдірсеңіздер.
1 жүргізуші:
Өткеніміз ұмытылмайды. Бүгініміз бейбіт күн, Ертеңіміз жарқын болсын, бейбіт өмірдің ақ таңында көріскенше күн нұрлы болсын құрметті ардагерлер ! Қош сау болыңыздар!