- Учителю
- Тәрбие сағаты: 'Әдептілік - тәрбие бастауы'
Тәрбие сағаты: 'Әдептілік - тәрбие бастауы'
Тақырыбы: Әдептілік - тәрбие бастауы
«Әдептілік, ар - ұят - адамдықтың белгісі»
Халық мақалы
Мақсаты: Тәрбиеленушілерді адамгершілікке, қарапайымдылыққа, әдептілікке, кішіпейілділікке, еңбексүйгіштікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу;
Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, әдептілік әліппесі бойына дарыту;
Тіл байлығын дамыту, таным белсенділігін арттыру.
Көрнекіліктер: мақал - мәтелдер, слайд - презентациялар, тапсырмалары жазылған кеспе қағаздар.
Сабақтың түрі: сұрақ - жауап, талдау, пікір алмасу
Сабақтың барысы:
Қыздар қолдарындағы гүл шоқтарын бір - біріне тілек айту арқылы ұсынады.
«Өзгелерге денсаулық тілеп жақсылық жасасаң, ол өзіңе қайтып оралады» деген қорытынды жасаймын.
Біреуге жақсылық тілеудің өзі де әдептілікке жатады.
Кіріспе:
Әдептілік - адамдардың өзара жақсы қарым - қатынасының, жүріс - тұрысының ережесі. Мысалы: уәде беріп оны орындамаса, басқа кісіге дөрекі жауап берсе, үлкенді сыйламаса, ондай адамды жұрт «Әдепсіз екен» дейді. Одан басқа адамдар қарым - қатынас жасаудан қашады. Оны сыйламайды. Кейбір балалар әдептілік ережесін байқамай немесе білмей бұзады. Қазір сендер мектеп қабырғасында білім алып жатырсыңдар. Уақыт тез өтеді, ертең - ақ әрқайсысың үлкен азаматша боласыңдар. Бірің дәрігер, бизнесмен, мұғалім, әнші, биші, енді бірің - елші боларсыңдар. Алайда, сендер ең әуелі нағыз азамат, жақсы адам болып өсулерің қажет. Бойларыңа мейірімділік, батылдық, қарапайымдылық, кішіпейілділік, сыпайлық сияқты асыл қасиеттерді сіңірулерің қажет.
Кей кезде қарым - қатынас мәдениеті, мінез - құлық әдебі жетіспей жатады. Ал ол үшін оған осы бастан үйренуіміз, өзімізге сын көзбен қарауымыз керек.
Негізгі бөлім:
Сонымен біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз «Әдептілік - тәрбие бастауы» деп аталады.
Енді ойланайық, пікірлесейік.
- Әдепті бала қандай болады?
- Өз іс - әрекетіңнен ұялған кезің болды ма?
- Әдепті адамның бойында қандай қасиеттер болуы қажет?
- Біреуді мазалаған кезде немесе оған қолайсыздық тудырған жағдайда не істер едің?
Ребус шешу:
Әр суреттің атауларының бастапқы әріптерін қосып оқитын болсақ, қандай сөз шығады? Әдеп
, , , ,
Әдеп, ізет, иба да - Әдеп - алтын сабырың,
Шарайнасы жаныңның. Жетелейтін мұратқа.
Әдептіні сыйла да, Әдеп - талап, жалының,
Тәңіріңдей табынғын. Ақ желкенін құлатпа.
Сұңғұла:
Ата - ананың тілегі -
Адам болып өскенің.
Адамдықтың тірегі -
Адам болып өскенің.
Мадина:
Әдептілік дегенің -
Әрқашан де керегің.
Әсемпаздық дегенің -
Әуре - сарсаң әлегің.
Айназ:
Атам менің әманда
«Ынтымақшы бол» дейтін.
«Бірлік болса» адамда
«Шын бақыт қой» ол дейтін.
Мәтінмен жұмыс
Әдептілік
Ы. Алтынсарин
Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді.
Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі.
Қасындағы бай:
- Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? - деп сұрайды.
Сонда ғалым тұрып:
Ешбір ғылым - білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па? - деген екен.
• Жарлы адам мен ғалымның кішіпейілділігі олардың қандай іс - әрекеті арқылы көрінеді?
• Әңгімеден қандай ой қорытуға болады?
Суретпен жұмыс
Сурет бойынша әңгімелету. Адамгершілік, сыпайылық қарым - қатынас қасиеттерді үйрену керектігін әңгімелеу.
Ойын «Жалғастыр»
«Не істеуге болмайды?» Осы сөз үлкен етіп жазылып көрсетіледі.Мұғалім басқы сөзін айтады, оқушы ойланып жалғастырып айтуы керек.
- Үлкендердің алдынан...... (кесіп өтуге болмайды.)
- Кішкене баланы................(жылатуға болмайды.)
- Құстарды ...........................(атуға болмайды.)
- Қыз баланы........................(ренжітуге болмайды.)
- Сабақтан.............................(кешігуге болмайды.)
- Сыныпта.............................(айғайлауға болмайды.)
«Не істеу керек?» (бұл да сол сияқты жүргізіледі)
- Үлкен кісіні.......................(сыйлау керек.)
- Үлкеннің тілін...................(алу керек..)
- Үлкендерге..........................(сәлем беру керек.)
- Кішілерді..............................(қамқорлау керек.)
- Оқу құралдарын.................. (күтіп ұстау керек.)
«Құпия хаттарға» жауап беру
Оқушылар үш топқа бөлінеді. Әр топқа құпия хаттар жазылған конверттер таратылып беріледі.Жауабын әр топ ойланып , ақылдаса отырып айтады.
Хоттардың мазмұны:
1 хат.Құрметті достар!Менің көршімнің бір баласы бар.Өзі өтірікші көзбе - көз өтірікті айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен онымен дос болып бірге ойнайын ба?
2 хат.Құрметті достар!Менің де бір досым. Өзі мақтаншақ. Ойнап жүргенде үй ішін айтып, нәрселерін айтып, бөсіп мақтанады. Мен онысын ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба, айтыңдаршы?
3 хат. Құрметті достар!Партада менімен бірге бір бала отырады.Ойнап - ойнап тапсырмасын орындамай, жазбай келеді. Мұғалім сұрағанда қысылады.Сабақты менің дәптерімнен көшіріп алады.Мен бермесем, «Сен сараңсың» - дейді. Мен не істеуім керек?
Шығармашылық жұмыс. «Әдептілік ережелері»
Мұғалім балалармен түрлі суреттер арқылы «Әдептілік ережелерін» құрып, ватманға жапсырады.
Әдептілік ережелері
• Әдепті бала қашанда сәлемдеседі. Кезіккен адамдармен амандасады, көмегі және қамқорлығы үшін алғыс аййтып, кетіп бара жатқанда қоштасуды ұмытпайды.
• Әрқашан сыпайы болу керек. Сыпайылық - айналаңдағы адамдарға өзіңді жағымды көрсету. Байқамай біреуді ренжітіп алса, дереу кешірім сұрайды.
• Әдепті бала көлікте отырғанда үлкендерге орын береді.
•Үлкендерді, ауру адамдарды, соқыр адамдарды көшеден өткізуге көмектеседі.
Дәйексөз
«Әдептілік, ар - ұят - адамдықтың белгісі...» деген халық мақалын сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіру.