- Учителю
- 'ӨЗін-өзі тану пәні сабағында жеке тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерінің дамуына ықпалететін әдіс-тәсілдер'. Баяндама
'ӨЗін-өзі тану пәні сабағында жеке тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерінің дамуына ықпалететін әдіс-тәсілдер'. Баяндама
БАЯНДАМАНЫҢ ТАҚЫРЫБЫ: ӨЗІН -ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ САБАҒЫНДА ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ӘДІС-ТӘСІЛДЕР.
Адамгершілік тақырыбы - мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру - ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер.
«Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды» демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдану - «Өзін-өзі тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы деуге болады.
«Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану - адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы. Ойшыл Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы да деп саналады.
Өзін-өзі тану пәнінің базалық білім беру мазмұны төрт негізгі бөлімді қамтиды:
- Адамның өзін-өзі тануы;
- Адам және қоғам;
- Адам және қоршаған орта;
- Адамзаттың рухани тәжірибесі.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру мынадай жалпы мақсаттарға негізделеді:
- Әрбір оқушының өзінің жан дүниесін сезінуіне және өзінің дербестігін түсінуіне ықпал ету;
- Жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуына өмірлік-маңызы бар мынадай түйінді құзыреттерді мақсатты түрде дамыту арқылы ықпал ету;
- Өзінің өмірлік позициясын анықтау;
- Әр түрлі мәселелерді адамгершілік нормаларға сәйкес конструктивті шешу;
- Өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау;
- Адамдарға қолдан келгенше көмек беру, туыстарына және жақындарына қамқорлық көрсету;
- Өзімен-өзі үндестікте өмір сүру, ойы, сөзі, іс-әрекеттеріне шынайы болу;
- Жасампаздық тұрғысынан таңдауға даярлығын таныту және өз ойы, сөзі мен ісіне жауапты болу;
- Қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.
Аталған мақсаттар күнделікті практикада оқу-тәрбие үрдісінде жеке тұлғаның өзін-өзі анықтау, балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тұлғаның рухани-адамгершілік дамуына ықпал етеді.
Өзін-өзі тану сабақтарында мұғаліммен ашық диалог жүргізіледі, әлеуметтік-рөлдік ойындар мен тренингтерде адамдардың өзара қарым-қатынас әлемі зерттеледі, өмірдік бақылаулары бойынша пікір алмасады, қоғамға қызмет етудің практикалық дағдылары дамытылады. Өзін-өзі тану ерекшелігін есепке ала отырып, әр түрлі стандартты емес сабақ түрлерері: ойын-сабақтар, ойлану-сабақтары, пікір-сайыс, театрландырылған сабақтар, шығармашылық сабақтар, экскурсия және концерт сабақтар т.б. түрлері пайдаланылады.
Өзін-өзі тануды оқыту үрдісінде, күнделікті тәжірибеде қолданылып жүрген тиімді әдістемелік тәсілдерге тоқтала кетсем:
«Шаттық шеңбері» - сабақтың беташары ретінде оқушыларды ұйымдастырып,әрі оларды жақсы, көтеріңкі көңіл күйге шақыратын әдіс-тәсіл. Мұғалім балалармен бірге, барлығы бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасайтын шеңбер жасайды, әр түрлі ән айтып, өлең оқиды.
«Өзіммен-өзім» - бұл тәсіл баланың өзін және өзінің жүрегін тыңдай білуіне септігін тигізеді. Ол баланың сезімі мен эмоциясын, жалпы рефлексияға қабілеттерінің дамуын ынталандырады. Осы тәсіл балаларға жайлы әсер етеді, олардың қиялын дамытады, топтағы мінез-құлыққа жағымды ықпал етеді және әдетте, материалды жаңадан түсіну барысында пайдаланылады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру барысында мұғалімнің сөзімен қатар, сондай-ақ аудиоқатарлар (классикалық музыка, табиғат дыбыстары және т.б.) қолданылады.
«Жағдаяттар кезінде ойлану» - балалардың нақты өмірлік жағдаяттарды бағалай білу қабілеттерін дамытуға, өзінің ойы мен ісіне, әрекеттеріне жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал ететін әдістемелік тәсіл.
Жағдаяттарды талқылай балалардың ойлауға бейімділіктерін,өзін және өзгелерді бағалауға икемділіктерін, қоршаған әлеммен жағымды өзара әрекеттестікті құра білу іскерліктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Бейнематериалдар көру (фильмнен, мультфильмнен, үзінділер және т.б.)» - оқу ақпараттарын жеткілікті көрнекілік нысанда ұсынуға мүмкіндік беретін әдістемелік тәсіл.Айқын көркем бейнелер балалардың өтілген материалдардың мазмұнын қабылдауы мен меңгеруін күшейтеді.
«Сахналау» - оқу материялдардың мазмұнын өз әрекеттеріндей етіп көрсетуге ұмтылдыратын рөлмен орындау әдісі.Бұл тәсіл арқылы әр баланың өтілген материялды қандай сезім күймен қабылдағанын, оны басқаларға қалай жеткізе білетіндігін анықтауға болады.
«Ән шырқайық, достар!» - сабақта қосылып ән айтуды ұйғаратын әдістемелік тәсіл. Ән айту балалардың сезімдерін сергітіп, көңіл-күйін жадыратады. Бұл тәсіл сабақтың кез-келген кезеңінде қолданылады.
«Дәптермен жұмыс» - сыныпта өтілген материялды дәптерлеріне өз бетінше орындау тәсілі.Мұғалім сабақ барысында әр әдіс-тәсілдер байланысының аражігін үзбей, сабақтың мазмұнымен сабақтастыра отырып, дәптермен жұмыс жүргізіп, балаларға тиісті бағасын беріп отыруы қажет.
«Сергіту сәті» - сабақ үстіндебалалардың бойын сергітуге ықпал ететін, шаршағандарын басатын жаттығулар. Сергіту жаттығулары бір әрекеттен басқа әрекетке ауысуға бағытталған қысқа ойындар түрінде жүргізіледі. Осы тәсілді қолдану топта жақсы көңіл-күй тудырады, ұқыптылықты, реакция жылдамдығын дамытады, ұжымға топтасуға ықпал етеді.
«Жүректен-жүрекке» шеңбері - әдетте, оқу сабағын аяқтайтын, бір-бірімен пікір алмасу, бір-біріне тілек айтуды қарастыратын және педагогтың әрбір баланың эмоционалдық жай-күйін, олардың сабақ тақырыбын түсіну дәрежесін анықтауына мүмкіндік туғызатын әдістемелік тәсіл.
«Үй тапсырмасы» - баланың сабақ тақырыбына және сабақта меңгерген білім, іскерлік және дағдыларын бекітуге қызығушылығын арттыратын тәсіл. Балалар үй тапсырмасын дәптерлеріне өз бетінше немесе үлкендермен бірге орындайды. Бұл балалар мен үлкендердің бірін-бірі жақсы түсінуіне септігін тигізеді.
Осы күтілетін нәтижелер міндетті түрде оқытылатын пәндер мазмұнының адамгершілік әлеуетін күшейту үшін бағдар және пәнаралық байланысты жүзеге асыратын құрал қызметін атқарады, әрбір пәннің құндылықтық мәнін ашуға бағдарланған, оқу процесін жобалауға жағдай тудырады.
Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде, өзіндік таңдау жасауына ықпал етуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.
Мемлекет тілде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері «Өзін-өзі тану» апталығына белсене қатысып, биылғы оқу жылында «Мейірімділік - асыл қасиет» атты іс-шара өткізді. Сабақ барысында топтарға бөлінген балалар, шашылған әріптерді жинау арқылы, сабақтың тақырыбын ашып, жағдаяттар, рөлдік-сахналық көріністер, клайстер құру ,мақал-мәтелдер сайысы арқылы, оқушылардың күнделікті қарым-қатынастағы адамгершілік қасиеттер туралы түсініктерін кеңейтті. Бұл сабақта түйіп алған рухани құндылықтар, оларды отбасында, аулада, мектепте өзара сыйластыққа үйретеді.
Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың адамгершілік рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. «Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда барлық адамзат үшін маңыздылығы өте зор.
Дайындаған : Бастауыш сынып мұғалімі Н.Б.Уалиева.
№1 мектеп - гимназиясы
Баяндама тақырыбы:
«ӨЗІН -ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ САБАҒЫНДА ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ҚАСИЕТТЕРІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ӘДІС-ТӘСІЛДЕР»
Дайындаған :
Бастауыш сынып мұғалімі Н.Б.Уалиева.
Щучинск , 2015ж