- Учителю
- Баланың өскен бесігі- кең дүние есігі
Баланың өскен бесігі- кең дүние есігі
«Баланың өскен бесігі- кең дүние есігі»
Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға лайықты етіп дайындау үшін қолданылатын әдістің бірі - ата-анамен байланысты дұрыс жолға қою деп санаймын. Сол себепті «Баланың өскен бесігі- кең дүние есігі» тақырыбында ата-аналармен тәрбие мәселесіне қатысты іс- шара ұйымдастырдым. Биыл бірінші сыныпқа қабылданған оқушыларымның отбасындағы тәрбиесі мектептегі тәрбиемен ұштастырылып, нәтижеге бағытталуы менің ата-анамен ортақ тіл табысып, ата-анамен пікір алмасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды жүзеге асыруыма тығыз байланысты болмақ. Мақсатым сыныбымдағы оқушылардың ата-анасымен жақынырақ танысып, олардың бала тәрбиесіне қатысты ой пікірлерімен, өмірлік тәжірибелерімен өзара бөлісулеріне мүмкіндік туғызу.
Мағынаны тану кезінде «Мектеп- бала үшін жаңа өмір» тақырыбына тоқталдық. Қазіргі білім беру үрдісіндегі маңызды мәселелердің бірі -баланың мектепте оқуға дайындығы болып табылады. Биыл мектепке балаларын әкелген ата-аналар өз балаларының оқуға дайындығы жайлы ойлануына түрткі болу мақсатында
БАЛАНЫҢ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҒЫНЫҢ КРИТЕРИЙЛЕРІ
• Дене дайындығы
• Адамгершілік дайындығы
• Психологиялық дайындығы
• Ақыл-ой дайындығы туралы ғылыми зерттеулердің мәліметтерімен таныстырдым. Бұл кезде әрбір ата-ана өз баласының мектепке қандай дайындықпен келгендігін ой елегінен өткізіп, баласына қандай бағытта көмек көрсетілуі қажет екендігін саралады деп ойлаймын.
Ой толғаныс сәтінде ата-аналар 3 шағын топқа топтастырылып, әр топқа тапсырмалар ұсынылды. Әр тапсырманың бағаланатындығы ескертіліп, бағалау критерийлерін құрастыруға ықпал еттім. Бірінші топқа «Балаңыздың 1-сыныпты бітірген кездегі келбеті жайлы қалауыңыз?», екінші топқа «Балаңыздың қалауыңыздағы баладай болуы үшін мектеп, мұғалім не істеуі керек?», үшінші топқа «Балаңыздың қалауыңыздағы баладай болуы үшін сіз не істеуіңіз керек?» деген тапсырмалар берілді. Ең алдымен әрбір ата-ананың өзі ойланып, бір шешімге келуіне уақыт бөлдім. Содан соң әркім өз пікірімен шағын топ ішінде бөлісіп, бір тоқтамға келіп, ойларын қағаз бетіне түсірді. Әр топ өз ойларын ұжым алдында жариялап, басқа топтардың бағасын алды.
Дәстүрлі жиналыста мен ғана сөйлеп, ата-анаға баланы қалай тәрбиелеу керектігі туралы айтатын болсам, бұл жолы барлық қатысушы ата-ананың пікірімен танысып, ата-ананың өз баласын қандай межеде көргісі келетіндігін және сол межеге жеткізу үшін маған қандай талап-сұраныстар жасайтындықтарымен таныстым. Сондай-ақ балалары үшін өздері қандай іс- әрекеттер жасайтындықтарын жоспарлады.
Заманауи ойыншықтар мен техникаға зәрулігі жоқ, бірақ ата-анасының сүйіспеншілі жетіспейтін баланың қылығы жайлы өсиет әңгіме әрқайсының мынадай ешнәрсеге уақыт жетпейтін заманда өз баласына қаншалықты көңіл бөліп, оған уақыт арнайтындығы жайлы ойлануына мол мүмкіндік берді. Осы сәттегі сезімдерін сыртқа шығарып, басқалардың ой-пікірімен танысуларына жағдай жасау мақсатында әр топқа ситуациялық сұрақтар бердім. «Балаңыз сізді сұрақтың астына алды, ал сіз қатты шаршап отырсыз делік . . .», «Балаңыздың келеңсіз қылығына бола оны қатты жазаладыңыз. Сабаңызға түскен соң өз ісіңізге қатты өкіндіңіз. Ары қарай не істейсіз? ...», «Балаңыз мектептен келген соң біраз уақыт өтпей оның сыныптасымен төбелескендігі жайлы хабардар боласыз. Сізді шұғыл түрде мектепке шақыртып жатыр. Сол кездегі сіздің әрекетіңіз...» Осы кезде шағын топтардың ішінде қызу талқылау жүрді. Әр ата-ана өзінің қандай қылық көрсететіндігін айтып жатты. Талқылай келе дұрыс деп тапқан ортақ шешімдерін ұжымға жариялады. Бұл кезде олар дұрыс жауап пен өз ойларын салыстырып, өзіндік ой түйді. Өз қылықтарна сыни қарады деп ойлаймын.
Оқушының алған білімі оның өмірімен байланыса өріліп, өзіне қызмет ететіндей етіп сіңірілуі керектігін мойындап, сол үшін өз мойнына шынайы жауапкершілік алған ата-аналар бүгінгі іс шараға өздерінің оң бағаларын берді.
«Бүгінгі іс- шара сәтті ұйымдастырылған деп санаймын. Мен өзімнің көп кемшіліктерімді сезіндім. Түзетуге тырысамын. А-ның анасы», «Осы жиналыста өзіме терең ой түйдім. Айтылған дүниелерді күнделікті өмірде пайдаланамын», «Мұндай іс- шаралар арқылы мұғалім мен ата-ананың мақсаты бірге ұштасады. Балаларымыздың да осылай топтарға бөлініп, басқа балаларман пікір алмастырғанын қолдаймын. Әр түрлі пікірлерді естіп, өз ойын жүйелеуді үйренеді. Рахмет. Л-ның әкесі »
Рефлексия: Менің ата-аналармен ұйымдастырған бұл іс-шарам сәтті болды деп ойлаймын. Себебі, ата-аналар мектепке өз пікірлерін білдірулеріне мүмкіндік туғанына, әр пікірдің құнды саналып, ұжымдаса бір шешімге келе алатындықтарына риза болды деп ойлаймын.
Ал, «Балаңыздың қалауыңыздағы баладай болуы үшін сіз не істеуіңіз керек?» деген сұраққа нақты жауап берулеріне ықпал ете алмадым. Сондықтан ата-аналармен келесі кездесуіме ата-ана тарапынан оқушыға қандай нақты қолдау керектігін талдауды жоспарладым.