7


  • Учителю
  • Бала құқығын қорғау конвенциясы

Бала құқығын қорғау конвенциясы

Автор публикации:
Дата публикации:
Краткое описание:
предварительный просмотр материала

Балалар құқығы туралы конвенция

2002 ЖЫЛҒЫ 8 ТАМЫЗДАҒЫ № 345-ІІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы



Осы Заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.



1-тарау. Жалпы ережелер



1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынандай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) бала - он сегiз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;

2) баланың заңды өкілдерi - ата-анасы, бала асырап алушылар, қорғаншысы, қамқоршысы, патронат тәрбиелеушiсi, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың орнында қамқорлық жасайтын, бiлiм, тәрбие беретiн, баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын адамдар;

3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала - ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала;

4) жетiм бала - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;

2005 жылғы 13 сәуірдегі № 40-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

5) мүгедек бала - тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;

6) қорғаншылық - он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен мүддесiн қорғаудың құқықтық нысаны;

7) қамқоршылық - он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi балалардың құқығы мен мүддесін қорғаудың құқықтық нысаны;

8) патронат - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген адам (патронат тәрбиелеушiсi) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегi тәрбиенің нысаны;

9) баланың әлеуметтiк бейiмделуi - өмiрлiк қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мiнез-құлық ережелерiмен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтiк ортаның жағдайларына белсендi түрде бейiмделу процесi, сондай-ақ басынан кешiрген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесi;

10) бала құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар - бұл ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, балаларды әлеуметтiк қолдауды, әлеуметтiк-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтiк, әлеуметтiк-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызмет көрсетулер мен материалдық көмек көрсетудi, өмiрдегi қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабiлеттi жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудi жүзеге асыратын ұйымдар;

11) мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар - мемлекет белгiлеген әлеуметтiк қызмет көрсетулердi, нормалар мен нормативтердi қамтитын, балалар өмiрiнiң сапасын қамтамасыз ететiн негiзгi көрсеткіштер;

12) өмiрде қиын ахуалға тап болған балалар - қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тiршiлiк етуi бұзылған және бұл мән-жайларды өз бетiмен немесе отбасының көмегiмен еңсере алмайтын балалар.



2-бап. Осы Заңның қолданылуы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

2. Осы Заңның бала құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейтiн нормаларының күшi кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес азаматтық әрекет қабiлеттiлiгiн толық көлемiнде алған балаларға қолданылмайды.



3-бап. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары

1. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттағы оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.



4-бап. Балалардың тең құқықтылығы

1. Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие.

2. Некеден және некесiз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады.



5-бап. Баланың құқықтарын шектеуге тыйым салу

1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды.

2. Баланың құқықтарын шектеуге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлер олардың қабылданған кезiнен бастап жарамсыз болып табылады және олар қолданылмауға тиiс.



2-тарау. Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат



6-бап. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың мақсаттары

1. Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатының мақсаттары:

1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушілікке жол бермеу;

2) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру;

3) бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыру, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi тиiстi органдар мен ұйымдар құру;

4) балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесу;

5) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөніндегi нысаналы жұмысты қамтамасыз ету болып табылады.

2. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және:

1) баланың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге;

2) балаларға толымды тәрбие берудi, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмiр сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттiк қолдауға;

3) аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып, балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеуге және сақтауға;

4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны, оған зиян келтiргенi үшiн лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына;

5) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де ұйымдарды мемлекеттiк қолдауға негiзделген.



7-бап. Қазақстан Республикасы орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекетте баланың құқықтарын қорғау мәселелерi жөніндегi өкiлеттiктерi

1. Орталық атқарушы органдардың баланың құқықтарына кепiлдiктердi қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктерiне:

1) балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың негiздерiн талдап жасау;

2) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн, оның денсаулығы мен имандылығын қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң басым бағыттарын таңдау;

3) өз құзыретi шегiнде баланың құқықтары мен бостандықтарын реттеу және қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;

4) балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу;

2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

5) бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен балалар мүдделерiнде мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;

2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 6) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

6) баланың құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттің халықаралық мiндеттемелерiн орындау және халықаралық ұйымдарда мемлекет мүддесiн білдiру;

2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)

7) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласындағы балалар мүдделерiнде мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шаралар шеңберiн айқындау жатады.

2. 2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

3. Жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерiне:

1) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға, отбасы мен балаларды қолдауға арналған мемлекеттiк, жергiлiктi бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз ету;

2) балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу;

2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгерді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)

3) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi консультацияларды хабарлау мен өткiзу, iс-шараларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;

2004.20.12. N 13-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді)

4) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру жатады.



3-тарау. Баланың негізгі құқықтары мен міндеттері



8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы

1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.

2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды.

3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы:

1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау;

2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру;

3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қолдау;

4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу;

5) бiлiктi медициналық көмек көрсету;

6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау;

7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi.

4. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға тегiн медициналық көмектiң көлемiне кепілдiк бередi.

5. Баланың өмiрiне, денсаулығына және қалыпты өсiп-жетілуінe зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады.



9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы

Әрбiр бала туған сәтiнен бастап аты, әкесiнiң аты, тегi, ұлты және азаматтығы болуына құқылы, ал Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқылы.



10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы

1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.

2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.



11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы

1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.

2. Мемлекеттiк органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылық iстерiне қатысатын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi.



12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы

1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.

2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.



13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары

1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.

2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп aлуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар.

Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.

3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.

Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.

Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.



14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы

1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.

2. Жетiм баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердегi баланың тұрғын үй-жайға меншiк құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының тұрғын үй туралы заңдарына сәйкес тұрғын үй-жай алуға құқығы бар.

3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа үй-жай берiлмейiнше олар тұрып жатқан тұрғын үйден шығаруға болмайды.



15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.

3. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi.

4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.



16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы

1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

3. Он сегiз жасқа толмаған балалармен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және еңбек қатынастарының басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.

4. Баланы ауыр қара жұмысқа, зиянды және (немесе) еңбек жағдайы қауiптi жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.

Жұмыс iстеу оқу процесiн бұзбауға тиiс.



17-бап. Баланың мемлекеттiк көмекке құқығы

1. Мемлекеттiк көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттiк көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.

3. Мемлекеттiк органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.



18-бап. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу

1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы ор¬та бiлiм мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм берудi;

2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;

3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;

4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi шараларды;

5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;

6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;

7) бiлiктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.

3. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.

4. Тиiстi бiлiм беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.



19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы

1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.

2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.

3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.

4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.



20-бап. Баланың мiндеттерi

Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.



4-тарау. Бала және отбасы



21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы

Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.



22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары

Бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген құқықтарға ие.



23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау

Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.



24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi

1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері өздерiнің қабiлетi мен қаржы мүмкіндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi.

2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.



25-бап. Баланың ата-анасымен бipгe тұру құқығы

1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.

2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.

3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.



26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы

1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.

2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.



5-тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары



27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық және патронат

1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi.

2. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi.

3. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн.

5. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.



28-бап. Бала асырап алу

Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.



29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу

1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкіндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.

2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның жеке шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.

3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтіп-бағуды пайдалануға, тәрбие, бiлiм алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетінің құрметтелуiне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуiне, ана тiлінiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнің сақталуына құқығы бap.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауаптылықта болады.

5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беріледi.



30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар

1. Балалар үйлерiне туғаннан бастап үш жасқа дейінгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды Балалар үйiнде уақытша күтіп-бағу үшiн арнаулы бөлiмше ашылады.

Мамандандырылған Балалар үйлерiне туғаннан бастап төрт жасқа дейiнгi, психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балалар қабылданады.

Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына он бiр жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, мiнез-құлқы ауытқымалы балалар орналастырылады.

Интернаттық ұйымдарға үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.

Жалпы үлгiдегi жалпы білiм беретiн мектеп-интернатқа жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ күн көрiсi төмен және көп балалы отбасылардың алты жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, осы үлгiдегi ұйымдарда күтіп-бағылуға қайшы келетiн медициналық көрсеткiштерi жоқ балалар қабылданады. Интернаттық ұйымдар кәмелетке толмағандарға тұратын орын бере отырып, тәрбиелеуге, бiлiм беруге және күтiп-бағуға мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз етедi.

Ақыл-eci кем балаларға арналған интернат-үйлерге төрт жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, күтіп-бағуды, медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетудi және әлеуметтiк-еңбекке бейiмделудi қажет ететiн балалар қабылданады.

Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына қабылдаудың және оларды күтiп-бағу жағдайының тәртiбi отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

Балалар ауылы (балалар үйi) әкiмшiлiгiнiң шешiмi негiзiнде балалар үйлерi мен балалар ауылының жиырма үш жасқа дейiнгi түлектерi, он алты жастан бастап балалар ауылы мен балалар үйлерiнен көшiрiлген тәрбиеленушiлер Жасөспiрiмдер үйлерінде әлеуметтiк бейiмделуден өтуi мүмкiн.

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарына қадағалаусыз және қараусыз қалған үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi балалар олардың ата-аналарын немесе басқа заңды өкілдерiн анықтау үшiн қабылданады.

2. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары, осы Заңмен белгiленбеген бөлiгiнде, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.



6-тарау. Мүгедек баланың құқықтары



31-бап. Мүгедек баланың толымды өмiрге құқықтары

1. Мүгедек баланың қоғам өмiрiне белсене араласуына ықпал ететiн өз қадiр-қасиетiн қамтамасыз ету жағдайындағы толымды өмiрге денi сау балалармен бiрдей құқығы бар.

2. Мүгедек бала өзiнің дене бiтiмiне, ақыл-ес қабiлетiне және тiлегiне сай бiлiм алуға, қызмет түрi мен кәсiптi таңдауға, шығармашылық және қоғамдық қызметтерге қатысуға құқылы.

3. Ақыл-есiнiң немесе дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларды қоса алғанда, мүгедек балалар мамандандырылған балалар ұйымдарында медициналық-әлеуметтiк көмек aлуға құқылы.



32-бап. Мүгедек баланы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк кепiлдiктер

1. Мемлекеттiк органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүгедек баланың денсаулық жағдайын, қажеттерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, оны оқыту, кәсiптiк даярлау, лайықты жұмыс тауып беру және жұмысқа орналастыру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.

2. Мүгедек балалардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жеке жүзеге асыратын және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен жеңiлдiктер белгiленуi мүмкiн.



33-бап. Мүгедек балаларға мемлекеттiк көмек

1. Мемлекет мүгедек балаларды қолдауға бағытталған медициналық, құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық шаралар кешенiн жүзеге асырады.

2. Мүгедек балаларға көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

3. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқа да заңды өкілдердің мемлекеттiк көмек алуға құқығы бар.



7-тарау. Бала және қоғам



34-бап. Ұлттық және әлемдiк мәдениетке баулу

1. Мемлекет балалардың Қазақстан халқының тарихымен, дәстүрлерiмен, рухани қазыналарымен және әлемдік мәдениет жетiстiктерiмен танысуына мүмкіндiк жасайды.

2. Мемлекет балалардың шығармашылық және ғылыми қабiлетiн дамыту үшiн ұйымдар құруды, кино және бейнефильмдер, теледидар және радио хабарларын шығаруды, балаларға арналған газеттер, журналдар, кiтаптар басып шығаруды көтермелейдi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оларға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.

3. Порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты дәрiптейтiн, адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын, балаларға зиянды әсер ететiн және құқық бұзушылыққа ықпал ететiн бұқаралық ақпарат құралдарын, әдебиеттi, ойын-сауық және басқа iс-шараларды пайдалану заң бойынша қудаланады.



35-бап. Бала және дiн

1. Мемлекет баланың ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың дiни дүниетанымына негiзделген тәрбиеге араласпауға, бiлiм беру, тәрбиелеу, емдеу ұйымдарының және өзге де сол сияқты мекемелердiң шегiнен тыс жерлерде баланың қатысуымен дiни жоралардың жасалуына, аталған әрекеттер баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн, оның құқығын бұзатын және жауапкершiлiгiн шектейтiн жағдайларды қоспағанда, кепiлдiк бередi.

2. Кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға қатысты дiни жоралар ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың келiсiмiмен жасалады. Балаларды дiнге тарту жөнiндегi мәжбүрлеу шараларына жол берiлмейдi.



36-бап. Баланы әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғау

1. Мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi.

2. Салауатты өмiр салтын насихаттау мен балаға құқықтық бiлiм берудi мемлекет өз саясатының басым бағыттарының бiрi деп таниды.

3. Қылмыстың, зорлық-зомбылықтың немесе өзге де заңсыз әрекеттің салдарынан тән немесе жан жарақатын алған балаға денсаулығын қалпына келтіру және әлеуметтiк бейiмделу үшiн қажеттi көмек көрсетiлуге тиiс.



37-бап. Баланы алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды әсерiнен қорғау

1. Баланың ата-анасы, басқа да заңды өкілдері, мемлекеттiк органдар, сондай-ақ баланы тәрбиелеу мен оған бiлiм беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар салауатты өмiр салтын және алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды екенiн насихаттауға мiндеттi.

2. Балаға алкогольдi iшiмдiктердi, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.

3. Алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарын өндiруде немесе сатуда бала еңбегiн пайдалануға тыйым салынады.

4. Балалар тауарларын сататын сауда ұйымдарында және мәдениет мекемелерiнде, сондай-ақ балаларға арналған iс-шараларды жүргiзу кезiнде шылым шегуге, темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.

5. Балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустегi аумақта алкоголь өнiмдерiн сатуға тыйым салынады.



38-бап. Баланы есiрткi, психотроптық, күштi әсер ететiн немесе улы заттардан қорғау

1. Бала есiрткi, психотроптық, күштi әсер ететiн немесе улы заттарды қолданудан, оларды дайындаудан, сатудан немесе өзге де жолдармен таратудан қорғауға тиiс.

2. Баланы есiрткi, психотроптық заттарды тұтынуға тартқаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылық шаралары қолданылады.



39-бап. Бала және қоғамдық ақпарат құралдары

1. Балаларға арнап нәсілдiк, ұлттық, әлеуметтiк және дiни өшпендiлiктi өршiтуге бағытталған, тектiк-топтық ерекшелiктi, соғысты насихаттайтын, конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға шақыратын үндеулерi, порнографиясы бар немесе баланың рухани және имандылық жағынан дамуына өзгеше зиян келтiретiн ойыншықтарды, кинофильмдердi, дыбыс- және бейнежазбаларды көрсетудi, сатуды, сыйға тартуды, көбейтудi және прокатқа берудi жүзеге асыруға, әдебиеттердi, газеттердi, журналдарды және басқа бұқаралық ақпарат құралдарын таратуға тыйым салынады.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған әрекеттердiң жасалғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылық шаралары қолданылады.



40-бап. Баланы жезөкшелiк пен порнографиядан қорғау

Баланы жезөкшелiкпен айналысуға тартқандарға, балаға порнографиялық материалдарды немесе заттарды, баспа басылымдарын, кино- немесе бейнематериалдарды, порнографиялық сипаттағы және эротикалық мазмұндағы өзгеде нәрселердi таратқандарға, жарнамалағандарға немесе сатқандарға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жауаптылық белгiленедi.



41-бап. Баланы соғыс қимылдарына қатыстыруға тыйым салу

Баланы соғыс қимылдарына, қарулы жанжалдарға тартуға, балалардың әскерилендiрiлген құрамаларын құруға тыйым салынады.



8-тарау. Баланың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау



42-бап. Баланы заңсыз алып кетуден қорғау

Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық мiндеттемелерге сәйкес, орындалу мақсаттарына, нысандары мен әдiстерiне қарамастан, балаларды заңсыз алып кетудiң, ұрлап әкетудiң, олармен сауда жасаудың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ оларды тұрақты тұратын елiне қайтару жөнiнде шаралар қолданады.



43-бап. Баланың заңды өкілдерi

1. Баланың заңды өкілдерi барлық мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда, оның iшiнде соттарда кез келген тұлғамен қарым-қатынаста, арнайы өкiлеттiксiз баланың (немесе баланы асырап алуы) туралы куәлiгi, ата-аналарының паспорты, қорғаншының жеке басының куәлiгi негiзiнде балаларға өкілдiк етудi және олардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының заңдарында кәмелетке толмағандардың дербес азаматтық, неке-отбасылық, еңбек және өзге де құқықтық қатынастарға түсу және өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау құқығы көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн олардың заңды өкілдерi қорғайды.

3. Тәрбиелеу, емдеу ұйымдарындағы, халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарындағы балаларға өкілдiк ету мен олардың мүдделерiн қорғауды осы ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға өкілдік ету мен оның құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау yaқытша, баланы отбасына немесе балалардың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияны жүзеге асырушы ұйымға орналастырғанға дейiн қорғаншылық, және қамқоршылық органына жүктеледi.



44-бап. Мемлекеттiк органдар және баланың құқықтарын қорғау

Балалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауды өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.



45-бап. Осы Заңды орындау кезiнде дауларды шешудiң сот тәртiбi

Ата-аналар (олардың орнындағы адамдар), сондай-ақ балаға бiлiм беру, оны тәрбиелеу, дамыту, оның денсаулығын сақтау, оны әлеуметтiк қорғау мен оған әлеуметтiк қызмет көрсету, оның әлеуметтiк бейiмделуіне, әлеуметтiк оңалуына жәрдемдесу жөнiндегi iс-шараларды және (немесе) ол қатысатын iс-шараларды жүзеге асырушы адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте, баланың денсаулығына, мүлкiне келтiрiлген зиянды, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.



46-бап. Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы мемлекеттiк баяндама

Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы жыл сайынғы мемлекеттiк баяндаманы балаларды қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады және ол ресми басылымда жарияланады.



47-бап. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың құқықтарын қорғау

1. Босқын және амалсыз қоныс аударушы балалардың өз мүдделерiнiң қорғалуына құқығы бар.

2. Баланың тұрып жатқан жерiндегі қорғаншы және қамқоршы органдар, аумақтық көшi-қон қызметтерi ата-анасының не өзге де заңды өкілдерiнiң бар екендiгi және олардың тұратын жерi туралы мәлiметтер алуға жәрдемдеседi, қажет болған жағдайда баланы емдеу-профилактикалау немесе бала құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларын жүзеге асыратын өзге де ұйымдарға орналастырады.



9-тарау. Бала жауапкершілігінің және оның мінез-құлқына әсер етуден ерекшеліктері



48-бап. Бала жауапкершiлігінің ерекшелiктерi

1. Құқыққа қарсы әрекет жасаған бала Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жауапты болады.

2. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар жаза түрiн белгiлеу кезiнде баланың өмiр сүру мен тәрбиелену жағдайын, психикалық даму деңгейiн, жеке басының өзге де ерекшелiктерiн, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалын ескеруге тиiс.



49-бап. Баланың мiнез-құлқына әсер етудің ерекшелiктерi

Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтiруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсiлдерiнде баланың адамдық қадiр-қасиетiне менсiнбей, қатал, дөрекi қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиiс.



10-тарау. Қорытынды ережелер



50-бап. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершілік

1. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

2. Ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтару ата-ананың (олардың орнындағы адамдардың) балаларды тәрбиелеу мен күтiп-бағу мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы, ата-ананың перзентханадағы (оның бөлiмшесiндегі) немесе балаларды емдеу мекемесiндегi баласынан бас тартуы, балаларды қадағалаусыз қалдыруы, оларға қатыгездiкпен қарауы, оларды қанауы ата-аналық құқықтарынан айыруға немесе оларды ата-аналардың орнындағы адамдардан шектеуге әкеп соғады.

Баланы алып қойған кезден бастап балаға арналған жәрдемақы төлеу, сондай-ақ өзге де төлемдер соттың шешiмi бойынша тоқтатылады.

3. Ата-ана (олардың орнындағы адамдар) балаларға арналған жәрдемақыларды және өзге де төлемдердi мақсатсыз пайдаланған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерiне елеулi нұқсан келтiрсе, әлеуметтiк қорғау органдары, қорғаншы және қамқоршы органдар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар немесе прокурор бала мүдделерiне орай оған негiзсiз жұмсалған қаражатты өтеу туралы талап қояды. Сот арқылы өндiрiлген қаражат баланың жеке шотына аударылады.

4. Ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылуынa қатысты балаларға алименттер төлеу жөнiндегi мiндеттерден босатылмайды.



51-бап. Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарының сақталуын iске асыруды үйлестiруi

Балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi органды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

Балалар құқықтарын қорғау саласындағы орталық уәкiлеттi орган:

1) бала құқықтарын қорғау саласындағы басқа мүдделi уәкiлеттi органдардың қызметiн үйлестiредi және бағыттайды;

2) баланың негiзгі құқықтарын iске асыру жөнiндегi әртүрлi бағдарламалар әзірлейдi;

3) балалар өмiрi көрсеткiштерiнiң ең төменгi әлеуметтiк стандарттарын, нормалары мен нормативтерiн жақсарту жағына қарай жыл сайын қайта қарауды қамтамасыз етедi;

4) балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi органдардың халықаралық ынтымақтастық iсiндегi қызметiн үйлестiредi.

2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 52-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



52-бап. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының сақталуына бақылау жасау

1. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының сақталуына бақылау жасау баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған және оны уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.

2. Жеке және заңды тұлғалардың баланың құқықтарын іске асыруға бағытталған қызметі бақылау объектісі болып табылады.

3. Бақылау тексерулер (жоспарлы, жоспардан тыс) түрінде жүзеге асырылады.

4. Жоспарлы тексерулер уәкілетті мемлекеттік органдар бекітетін кестелерге сәйкес жылына бір рет кезеңділікпен жүзеге асырылады.

Жоспардан тыс тексерулер баланың қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу қаупін дереу жоюды талап ететін, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне дереу назар аударуды талап ететін жағдайларда жүзеге асырылады.

Тексеруді жүргізу мерзімі бес күннен аспауға тиіс.



53-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру

Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiрудi Қазақстан Республикасының Yкiметi жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев







 
 
X

Чтобы скачать данный файл, порекомендуйте его своим друзьям в любой соц. сети.

После этого кнопка ЗАГРУЗКИ станет активной!

Кнопки рекомендации:

загрузить материал