- Учителю
- 'Менің Отаным Қазақстан' 1 қыркүйек білім күніне арналған ашық сабақ
'Менің Отаным Қазақстан' 1 қыркүйек білім күніне арналған ашық сабақ
Талдықорған қаласы. Еңбек ауылы. № 22 орта мектеп.
Садбаева Айжан Саятқызы
Білім сабағының тақырыбы: «Менің Отаным - Қазақстан».
Білім сабағының мақсаты:
Қоғамда қазақстандық патриотизм идеясын дамыту, Тәуелсіздік алғаннан бергі Қазақстанның жетістіктерін насихаттау, басты құндылықтарды - тәуелсіздік, бейбітшілік пен келісімді нығайту.
Балалардың Отанға деген азаматтық жауапкершілікті сезінуіне ықпал ету. Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан халқы
Ассамблеясының құрылуы туралы түсінік беру, Қазақстан халқы бірлігін нығайтудағы олардың маңызын ашу.
Сабақтың түрі: конференция сабақ
Сабақтың көрнекілігі: Қазақстанның рәміздері, ұран сөздер, Қазақстан картасы, интерактивті тақта, суреттер, лента.
Сабақтың барысы:
I.Психологиялық кезең
Оқушылар мойнына қызыл, сары түсті лента тағып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтау.
II. Кіріспе бөлім. Ой шақыру.
- Балалар, бүгін сендердің мойындарыңда екі түрлі лента бар. Бұл ненің белгісі? Бұл түстерді қай жерден көруге болады?
- Тудан.
- Көк түс нені білдіреді?
- Ашық аспанды білдіреді.
- Сары түс нені білдіреді?
- Күн сәулесін білдіреді.
- Осындай күн сәулесі төгілген, ашық аспанда тұрып жатқан біздің Отанымыз қалай аталады?
- Қазақстан.
- Қазақстан дегенде сендердің ойларыңа қандай сөздер түседі. (Кластер құрастыру)
- Cабақтың тақырыбымен, мақсатымен таныстыру. Бүгінгі алғашқы білім күнінің тақырыбы - «Менің Отаным Қазақстан». Сабағымыз конференция сабағы болғандықтан ортамызда тарихшы, шежіреші, археолог, ғалым оқушыларымызға алдын ала жоба тақырыптары бөлініп берілген болатын. Жобаны қорғайтын оқушылар дайындала берсін.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында адам - қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі. Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік - асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы. Негізгісі екеу. Бірі - күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат - мұрат керек. Ұлттық идея - халық мұраты. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды. Елбасының биылғы Жолдауда айтқан «Мәңгілік Ел» идеясы да осыдан туындаған деп ойлаймын. «Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - мәңгілік ел идеясы.
Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Президент.
3. Негізгі бөлім:
Оқушыларға алдын ала тақырыптар бөлініп берілген.
1жоба. Уражанов Айбек, Дүйсембаева Аделя. Тақырыбы: «Қазақ хандығының құрылуы»
2 жоба. Алибекова Арайлым. Тақырыбы: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы».
Сергіту сәті: оқушыларға өлең жолдары беріледі, бұл өлең жолдарын әнмен айту.
«Елім менің» өлеңінің бір шумағын әнімен айту.
Өлеңі: Н. Ә.Назарбаев
Әні: Б. Тілеуханов.
«Елім менің»
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартып көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге,
Жасай бер жаса, қазағым менің.
Қазақстаным - жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған бабам, аңсаған елім
Бостандық еді ау, асыл арманым.
«Атамекен» өлеңінің бір шумағын әнімен айту.
Өлеңі: Қ. Мырзалиев
Әні: Е. Хасанғалиев
Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Айдарымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.
«Ақ көгершін» Өлеңі: Н. Баймұхамедов, Әні: А. Жұбанов
Ақ көгершін , көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін.
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан,
Бақыт болып қоншы деп
Ұшырамын қолымнан.
3 жоба. Сергалиева Алмаш, Суршина Арайлым. Тақырыбы: «Қазақстан Республикасының Конституциясы»
4.Қорытынды бөлім.
- Рахмет балалар. Бүгінгі білім күніне арналған алғашқы сынып сағатымыздың қорытындысы ретінде өз Отаныңа, туған - туысқандарыңа, достарыңа арнап жақсы тілектеріңді жазып қалдырсақ
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізде екеніне мақтанамын. Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын.ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын біз - жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін демекпін.