- Учителю
- Баяндама 'Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды ұалыптастыруда мектеп пен ата-ананың рөлі'
Баяндама 'Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды ұалыптастыруда мектеп пен ата-ананың рөлі'
"Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы
Қарағайлы кентінің "ЖББ №17 орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
биология пәні мұғалімі
Карибаева Перизат Сериковна
Оқушы бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда
мектеп пен ата-ананың рөлі.
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды боиымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн».
Олай болса, басты мақсат - жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
- оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
- жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
- ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
- жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие - ел болашағы.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Асанқайғы, т.б. қазақ ақын- жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.
Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі-бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған.
Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды. Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды. Сондай-ақ қазақ отбасында адам зиялылығының негізі - ақыл ой тәрбиесі деп есптелінеді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізгі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешіледі. Қазақ халқында ерекше құрметтелетін адамшылдық қасиеттің бірі - ар болып есептеледі. Ары бар адамда намыста, әділдікте, адамгершілік пен имандылықта болары сөзсіз.
Қазақ отбасында балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ата-бабаларымыз өз тегінің шығу тарихын білуді әр азаматқа парыз деп ұққан. «Жеті атасын білмеген ер жетім»,«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөз содан қалса керек. Баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген. Отбасы мүшелері балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймаған. Олардың қандай адам болғанын, өнегелерін үлгі етіп отырған. Әрі сол арқылы отбасы шежіресін жалғастыруға баулуды мақсат еткен. Қазіргі медицина ғылымы дәлелдегендей, жеті атаға дейін қыз алыспай қанның тазалығын, яғни ұлттың таза болуына әкеледі екен, екіншіден, қазақ ұрпағы жеті атасына дейін араласып, ынтымағы бір болсын дегеннен болса керек. Мектеп қабырғасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтарға осы ұлттық тәрбиені сіңіріп, оның ерекшелігін терең білуге, құрметтеуге, үйретуге тиіспіз.
Қазақ халқының салт-дәстүрінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі аса зор, мәні үлкен. Ендеше құрметті ата-аналар, ұстаздар оқушыларымызға білім беру барысында ұлттық салт-дәстүрлерді пайдалану олардың ұлттық рухты қалыптастыруға мол үлесін қоспақ. «Баланы жастан» демекші, мектеп оқушыларының санасына халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы - салт-дәстүрлерін дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан зор ұлтжанды қазақ азаматы шығатынына кәміл сенуге болады.
Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болды.
Сонымен , қазақ отбасы тәрбиесіндегі мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:
1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
2. Отанды, халқын, жерін,елін сүю. «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын»
тәрбиелеу.
3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным
арымның садағасы».
4. Жеті атсын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
5. Отбасы шежіресі және мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың ерекше рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.
Қазіргі кезде халықтық педагогика элементтерін бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, дене шынықтыру сабақтарында кеңінен қолданудың маңызы артып келеді. Мысалы: математика сабағында ақыл-ой қабілетін дамытатын ойындармен, ән-күй сабақтарында түрлі әуендермен, дүниетану сабағында табиғи денелерді қолдануды және хайуанаттар дүниесін елестететін ойындармен танысады. Оқушыларды жоғары мәдениетті адам етіп тәрбиелеу сіздер мен - біздің басты міндетіміз.
Әр мектепте өзінің тәрбие жүйесі бар. Өзінің бағыт бағдары бар. Біздің мектебіміз Академик Әлкей Марғұлан есімін алғаннан бері, ұстаздар қауымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктелді. Саналы ғұмырын қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрлерін зерттеуге арнаған ғұламаның есімі оқушыға үлгі өнеге болып, оның ұлттық құндылықтарды қабылдауына арналған баспалдақ болуы керек деген мақсат қойылды. Мектеп педагогикалық ұжымы энциклопедист Әлкей Марғұланның өмірі мен шығармашылық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойына рухани, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды өзінің негізгі міндеттерінің бірі деп санайды. Академиктің өмірі мен шығармашылық қызметін оқушыларға таныстыруды нақтылы істермен жүзеге асыруды қажет деп тауып мектепте Әлкей Марғұлан мұражайы ашылды.
Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіруде ақын-жазушылар мен еліміздің ұлтжанды азаматтарымен болған кездесулер әсер етеді десек артық болмас. Мектепте академиктер Р.Нұрғали, М.Жолдасбеков, С.Рүстембеков, профессор А.Сейдімбек, А.Айталы, Қ.Салғараұлы, Т.Жұртбай, ақын М.Шахановтар қонақта болды. Олардың ғибрад сөздері, даналық ойлары, ұлт тағдыры туралы толғаныстары бала жүрегінде мәңгі ұялап қалары сөзсіз.
Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың «халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені, бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы - отбасында, екінші - мектепте болғандықтан, ата-ана мен мектеп, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы шартты нәрсе дей келе мектебімізде ата-аналармен бірлесіп көптеген іс-шаралар өткізіледі, атап айтсақ соның ішінде салт-дәстүрді дәріптеуде Наурыз мейрамы, Ораза Айт күндеріне байланысты имандылық тәрбиесі сынып сағаттарында өткізіліп тұрады.
Елімізде тәрбие беру ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) маңызы ерекше. Жаңа қазақстандық қоғамда теледидар мен радионы еркін пайдалануға мүмкіндік мол.
Радио мен телеарналарда біраз ұлттық болмысымызға сай бағдарламалардың жүргізілуін үлкен игілікті істің бастауы деп санауға болады. Мәселен: «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Шаңырақ», «Бастаңғы», «Айтыс», т.б. бағдарламалардың тәлім-тәрбиелік құндылығы өте зор.
Сонымен қатар, бала тәрбиесінде өзіміздің ұлттық дәстүрімізде жасалған мультфильмдердің, кітаптар мен бейнетаспа үлгілерінің атқарар рөлі де ерекшк деп білеміз.
Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. «Ұлттық мектеп дегеніміз - ұлттық рухта тәрбие беретін орын».
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, ата дәстүріміздің қалыптаса беруіне отбасы тәрбиесінің ықпалы зор. Әйтседе, күнделікті тірлікте ортақ тәрбие құралы - бұқаралық ақпарат құралдарын баса пайдаланып келеміз.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзатттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету басты міндетіміз болып қала бермек.
Ұлттық тәрбие - біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ал мұндай мәселелерді зерттеп, көпшіліктің ой-пікірлерін қаум елге жеткізетін негізгі құрал - бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз.
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басында ми бар болса, бетінде ары, - деп Шәкәрім ақын жырлағандай, біздің жастарымыздың өз өмірлерін бос өткізбей, білімге жұмсауды, артында өшпейтін із қалдырып, мәнді де, сәнді де бақытты өмір сүруге ұмтылуына көмектесуіміз керек. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу - бүгінгі күн талаптарының маңыздысы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту - баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Сонымен қорытындай келе, осындай халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысайық!
Қолданылған әдебиеттер:
1. Б.И.Иманбекова. Тәрбиеге жетекші. Алматы, 2004.
2. С.Әбішқызы, Ж.Сарманов. «Ұлттық тәрбие - құндылығы мол дүние». 2008 ж.
3. С.Әбішқызы, Ж.Сарманов. «БАҚ және Ұлттық тәрбие». 2004 ж.
4. М.С.Керімбаева. «Ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы мектептің қызметі». Астана, 2008 ж.
5. М.С.Керімбаева. «Ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы мектептің рөлі». Астана, 2007 ж.