- Учителю
- Тақырыбы: 'Ана - сенің жүрегіңдей жүрек жоқ'
Тақырыбы: 'Ана - сенің жүрегіңдей жүрек жоқ'
Ақшатау орта мектебі
Өткізген: Мәдиева Жансая
2014-2015 оқу жылы
Тақырыбы: « Ана- сенің жүрегіңдей жүрек жоқ».
Мақсаты: 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен аналарды құттықтау. Оларды сыйлауға, құрметтеуге және аялауға дағдыландыру.Ана, апа, әже, қарындас, ұстаздың адам өміріндегі ең аяулы жан екендерін ұғындыру.Ана деген ең асыл жан екенін түсіндіру.
Көрнекілігі: Зал іші мерекеге сай безендірілген, мақал-мәтел «Ана көрген-тон пішер, әке көрген-оқ жанар»деген сөздер және «Ана-өмірдің гүлі» атты тақырыпқа суреттер ілінген, шарлар, гүлдер т.б.
Жүргізуші:
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Қымбаттыда, бар мейірімін балаларға арнаған, аяулы аналар, бар мейірімін немерелеріне арнаған, ақжаулықты әжелер, білім нәрімен сусындатқан, ұлағатты ұстаздар және көктемнің мерекесіндей құлпырған аруда әсем қыздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі 8-наурыз Аналар мерекесімен құттықтаймыз. Бүгінгі «Ана сенің өміріңдей өмір жоқ» атты мерекемізге қош келдіңіздер!
Жүргізуші: Көгімнің көркі кім?
-
Ана.
Жүрегімнің нұры кім?
-
Ана.
Әлемнің нұры кім?
-
Ана.
I жүргізуші:
Армысың ару қыздар, абзал ана!
Анаға тең келетін бар ма дана?
Мерекең бүгінгі күн құтты болсын,
Қуанышпен құшағың гүлге толсын! - деп бүгінгі мейрамда көктемдей көңіл сыйлайтын оқушыларымыздың аналарға арнап жазған өлең шумақтарын қабыл алыңыздар.
1-оқушы. Шолпан:
Ана десем, алғыс алам халқымнан,
Ана десем, теңіз болам шалқыған
Ана десем, ашылады қабағым
Ана десем, әділдікті ұғамын
2- оқушы: Мақсұтбек:
Мен мұғалім анамның, өнегесін аламын.
Ертең менде анамдай, Оқытушы боламын.
Мен үшін не керек- бәрін іздеп табасың.
Айналайын анашым, жұмысыңа барасың.
Қайтып мені көргенде, шын сағынып қаласың.
3- оқушы.
Еркелесем күлімдейтін, ұрысқаны білінбейтін,
Маңдайымнан иіскелейтін, құлыншағым күнім дейтін.
Мәпелейсің мені анам, қолыңдағы құсыңдай,
Құлпыра өсіп дем алам, құшағыңда қысылмай.
4-оқушы. Мадина:
Дүниедегі ең ардақты асыл жан,
Анам менің мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам қуанады ол бірге,
Мен қиналсам табылады қасымнан.
Маған қымбат жан жоқ сірә анадан,
Бар жақсылық аналардан тараған.
Жер бетіне өмір нәрін себуші.
Ана алдында борышты ғой бар адам.
Жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, меніңше сүй, -деп, Абай атамыз айтқандай оқушыларымыздың орындауындағы «Асыл ана» әнін, қабыл алыңыздар.
Ән «Асыл ана»
5-оқушы.
Анам менің, асылым, лағыл әнім,
Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,
Жұлдызыңдай көгіңде жағыламын.
Алыс кетсем-аңсаймын сағынамын,
Анам менің, асылым, лағыл әнім.
6-оқушы.
Аяулы да алтыннұрлы анашым,
Жүрегіммен мәңгі бірге боласың.
Сен асқарсың,сен аспансың, биіксің,
Сен дархансың, сен жомартсың, данасың.
7-оқушы.
Ана деген-асыл жандар болаттай,
Ана деген-мөлдір жандар бұлақтай.
О,адамдар, қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.
Ана десем сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Берсе барлық адамға ана мейірін
Орнар еді бар әлемге тыныштық.
8-оқушы.
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам.
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ анам!
Жүргізуші:
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек.
Тұрғандай өзі, қимылсыз билеп,
Иықтан шашып, төгіліп жерге,
Күмісті шашбау, жарасып белге -демекші, ендігі кезекте қазақтың
«Қазақ биі», қабыл алыңыздар.
Би «Қазақ биі»
2-жүргізуші:
Ойын «Ананың алақанын сипап сезу» Үш баланың көздерін жауып байлаймыз. Аналардың орны ауысқаннан кейін, балалар көздері байлаулы күйде барлық аналардың алақанының арасынан, өз анасының алақанын сипап сезу арқылы табу керек.
Жүргізуші:
Ана ол біздің елде ардақты адам,
Кішісі де, үлкені де ардақтаған.
Өзінің аяулысы да Отанын да,
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған, -деп кезекті көрініске береміз.
Көрініс «Атасы мен немересі» «Дүниеде не тәтті?»
Енді мына көрініске көңіл бөлейік
Немересі:
-
Ассалаумағалейкум ата
Атасы:
-
бар бол балам
-
балам мені көптен бері бір сұрақ мазалап жүр. Сен оған жауап бересің бе?
Немересі:
-
Ата қоятын сұрағыңызды қоя беріңіз мен дайынмын.
Атасы:
-
Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?
Немересі:
-
Сол да сөз болыппа, бал тәтті, мамық жұмсақ, темір қатты.
Атасы:
-
Балам дұрыс емес, ананың ақ сүті, ыстық алақаны, әкенің жүрегі қатты, есіңде болсын
Немересі:
-
бұдан былай есімнен шығармаймын ата - деді.
Жүргізуші (Мұғалім) «Отбасы деректері»
Әр оқушы қобдишадан сұрақтар таңдап алады,жүргізуші оқиды.Оқушыларымыз Аналары туралы деректерді қаншалықты біледі екен?
«Сен білесіңбе» ойыны (оқушыға):
1. Анаңның анасының аты - жөні?
2. Алғаш мектепке келгенде 1 сыныпта үстінде қандай киім болды ?
3. Анаңның қанша аға - қарындастары бар?
4. Анаң бос уақытында немен шұғылданады?
5. Анаңның әкесінің аты - жөні?
6. Анаң қандай гүлді ұнатады (гүлдің аты)?
7. Анаңның жақсы көретін түсі қандай?
8. Анаңның атқаратын кәсібі не?
9. Анаң жылдың қай мезгілін ұнатады?
10.Анаң қандай кино жақсы көреді?
11.Анаңның ең жақсы көретін салаты?
12.Анаң қандай кітап оқығанды ұнатады?
13.Анаң тоқыма тоқығанды ұнта ма әлде үй жинағанды ұната ма?
2-жүргізуші:
Мерекеге арналады бүгін билер.
Көтерілсін, қанекей, көңіл күйлер.
Алдарыңызда қазіргі үнді биі,
Таң қалдырып қанекей би билеңдер, -демекші, ендігі кезекте «Үнді биі», қабыл алыңыздар!
«Үнді биі»
2-жүргізуші:
-
Оқушыларға арналған ситуациялық жағдаят.
1) Сен өте асығыссың, себебі сабаққа үлгеруің қажет. Көшеде бала жетектеп келе жатқан қарияны қағып кеттің. Ол кісі құлап түсті, немересі қорыққаннан жылап жіберді. Сен не істейсің?
2) Саған анаң өзі жұмыстан келгенше үйді жинастырып қоюды тапсырды.
Сен достарыңмен ойнап жүріп бұл істі ұмытып кеттің. Анаң жұмыстан келіп, өзі жинап,сыпырып қойды. Сен келгенде анаң ренжулі.Сенің әрекетің.
3) Үйде ешкім жоқ. Тек сен ғана. Есіктің қоңырауы соғылды. Сен барып қарасаң қаладан келген туысқаның. Сенің анаң ешкімгесікті ашпауға тапсырған. Сенің әрекетің.
4) Бүгін анаң жақсы көретін тағамыңды жасап берді. Сен отыра калып іні-қарындастарыңмен қосыла жедің де, далаға ойынға қарай жүгірдің. Сен нені ұмыттың?
1-жүргізуші:
Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Қыздарды да қүттықтап,
Мерекесің тойлаймыз-дей отырып, біздің сыныптың ер жігіттері қыздарды құттықтап жіберсек дейік. Аналарға тосын сый. Әр бала өзінің анасы туралы айтып, тілек тілейді.
Енді балалар өздерінің қолдарынан дайындаған мамаларына деген сыйлықтарын тапсырады
Ұлдарымыздың қыздарымызға арнаған шағын сыйлықтарын тарту етсін.
Жүргізуші:
Жан анам, құттықтаймын мереке күніңмен,
Көктемнің құлпыра бер нарт гүлімен.
Өрлесін елдің берген бақыт бағы,
Жазбасын шат көңілін ақ күніңмен, -деп, ендігі кезекте «Анаға сәлем» әні, қабыл алыңыздар!
Хор «Анаға сәлем»
Жүргізуші:
Ендігі кезекті Аналар ойналатын ойындарға береміз.
Тренингке келген аналарды ережемен таныстырамын.
1. Өз ойын ашық айту.
2. Өзгенің пікірін құрметтеу
3. Шынайылық көрсету
4. Белсенді әрекет ету
5. Өз сезімін басқара білу
6. Уақытпен санасу
Аналарды ортаға шеңбер жасап тұрғызу.
«Шаттық шеңберіне шақыру» Аналар өз есімдерін таныстыра отырып, есімдерінің бас әрпінен басталатын тілек сөз айтады.
Жүргізуші: 1.
Аналарымызбен көңіл күй жаттықтыру ойынын ойнайық.
1. Жылап тұрған адамның кейпін көрсетіңіз.
2. Қатты күліп тұрған адамның бейнесін бейнелеңіз.
3. Өлең айтып тұрған адамның сезімін көрсетіңіз.
4. Ренжіп тұрған адамның кейпін көрсетіңіз.
Ойын: «Кімнің даусы табайық» (аналармен)
5бала шығады да, теріс қарап тұрады. Мен қолыммен кімді көрсетем, сол адам бір сөз айтады. Мыс: ботақаным - дейді.
5баланың біреуі, менің мамамның даусы деп айту керек. Дұрыс тапқан бала орнына отырады.
Ойын «Жылы сөздер». Аналар өз балаларына берілген әріптерден басталатын жылы сөздер айтады.
«Кездейсоқ жағдайдан шығу»
1. Сіз тәрбиелі отбасы иесісіз. Бірақ балаңыздың жат әрекеттерге бой алдырып бара жатқанын байқадыңыз. Балаңызды қалай қорғап аласыз?
2. Биыл сіздің балаңыздың сыныбында оқитындардың бәрінде «ұялы телефон» бар, тек сіздің балаңызда жоқ. Үйде алып бер деп мазаңызды алады. Сабаққа барғысы келмейді сіз не істейсіз?
3. Сіздің тұңғышыңызды атасы мен әжесі бауырына басқан. Сабағы қиындап кеткен соң «өздерің қадағалаңдар» деп әкеліп береді. Ал балаңыз тәрбиеге еш көнер емес, не істейміз?
4. балаңыз диктант дәптерін үйге әкелді. жазба жұмысынан «4» деген баға алған. Қатесін сіз де, балаңыз да көріп тұрсыздар, ал пән мұғалімі оны жөндемеген. Сіз балаңызға неліктен жөндемегенін балаға қалай түсіндіресіз?
«Мақалды жалғастыр...» Оқушылардың қатысуымен тақтадан мақалдарды жалғастыру.
«Түйін сөз» БАҚЫТ, БАЛА, БАЗАР, БЕСІК. Осы сөздерді қатыстыра отырып, өз ойларыңызды бір ауыз сөзбен қорытындылаңыздар.
Жаттығуымыздың арасында өлең жолдары тыңдалады.
Жүргізуші:
Ән жырдан көңілдерді қуантыңдар,
Барымен шат-шадыман болыңыздар.
Қоштасайық, келесі кездескенше,
Әрдайым сау - саламат болыңыздар!
Осымен бүгінгі мерекеге орай өткізіліп отырған сайысымыз аяқталды. Келесі кездескенше! Тағы да 8 наурыз әйелдер күні мерекелеріңіз құтты болсын.
Құрметті: Ата-ана!
Сіздерді 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, «Ана - сенің жүрегіңдей жүрек жоқ» атты ашық тәрбие сағатымызға шақырамыз.
Т/б: 7-сынып оқушылары
Күні:06.03.15 ж Сағ: 10:00