- Учителю
- Шебер сынып
Шебер сынып
8 наурыз мерекесіне арналған сценарий -
аяулы да қымбатты аналар мен аруларымыздың мерекесі 8 наурызда жоғары сынып оқушыларының мектеп оқушылары мен ұстаздарына арналған «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты кештің сценариін ұсынамыз:
Мерекелік кештің басты мақсаты: Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Оқушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету.
Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.
Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.
Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнаның сыртынан Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңі оқылады.
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, - деп, Абай атамыз айтқандай ... оқушымыздың орындауындағы «Анаға сәлем» әнін қабыл алыңыздар.Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
Тәңірім кеше көрсін кесірімді
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…
(Өлең аяқталып болған соң, бірден көңілді әуен қосылып оқушылар сахнаға шығып, ай секілді дөңгеленіп тұрады да орталарына екі жүргізуші келіп тұрады).
1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!
(Екі жүргізуші сөзін аяқтай салысымен сахна төрінде тұрған оқушылар, квн ойыншылары секілді қысқа би билейді де, сахнадан шығып кетеді).
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар мен мектебіміздің ұстаз, қыздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер.
Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, - дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді мектеп директоры ... (апайға немесе ағайға) береміз.
Шалқып, тасып әніміз
Жадырасын жанымыз,
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз.
Алдарыңызға әнші шәкірттеріңіздің орындауындағы «Ана» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар.
1-жүргізуші:
Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып ұл-қыздарыңыз жүрекжарды тілектерін ұсынады.
1-оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
2-оқушы: Анасыздар - Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.
3-оқушы: Өр десек те сіздерді - лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді - лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді - лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді - лайықсыздар.
4-оқушы: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
5-оқушы: Сіздер - Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер - өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер - ана, сіздер - жар, сіздер - қыздар,
Сіздер - жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
6-оқушы: Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.
2-жүргізуші:
1-жүргізуші:
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек.
Тұрғандай өзі, қимылсыз билеп,
Иықтан шашып, төгіліп жерге,
Күмісті шашбау, жарасып белге деп ақын ағаларымыз жырлағандай келесі кезекті мың бұралған бишілерге береміз.
1-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов.
2-жүргізуші: Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген.
1-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
2-жүргізуші: Талай ренжітсек те, еркелігімізді көтеріп, туған анамыздай маңдайымыздан сипай білген ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың еңбегі ұлан-асыр мұхитпен тең. Сабақтарды әрдайым қызықты өткізіп, ойын ойнататындарыңыз әлі де есімізде. Сол себепті бүгін біз сіздерді ойнатамыз.
Ойын: Қағазға алдын ала ерекше қылығы бар 3 ұстаздың және 3 оқушының есімі жазылады. Артынша бұл қағаздар таратылады. Ұстаздар қағазда есімі жазылған оқушыны, ал оқушылар ұстазына пародия салады. Барынша сыпайы жақсы мінездерін салуға тырысу керек.
1-жүргізуші:
Десек те уақытпен жарыспайды,
Қиялға қиялменен қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Өнерін аналарға бағыштайды,-дей отырып, сыныптастарымыздың орындауында попурри ұсынамыз.
3 ер бала шығып біреуі ұстаздарға, екіншісі аналарға, үшіншісі барша оқушы қызға арнап жазған шағын шығармаларын оқиды.
1-жүргізуші:
Бишілер бар бізде қыздар мен ұлдар тобы,
Мерекеге өнерімен келген бүгін.
Таң қалдырып, қанекей би билеші,
Қол соғып, демеу берсе көрермендер! - деп кезекті ... сыныптың байсалды да байыпты бишілеріне береміз.
2-жүргізуші:
Мерекеге арналады бүгін билер.
Көтерілсін, қанекей, көңіл-күйлер.
Алдарыңызда қазіргі үнді биі,
Таң қалдырып қанекей би билеңдер, - демекші, ендігі кезекте «Үнді биі», қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші: «Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші.
2-жүргізуші:
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр. Ендеше жас журналистеріміздің сұрақтарына жауап беріп көріңіздер. (Шанышқының басына қызыл алмаларды шаншып микрофон ретінде пайдаланды). Оқушылар кезек-кезек мұғалімдерге сұрақ қояды:
1. Мектептегі ең сүйікті оқушыңыз кім?
2. 8 наурыз мерекесіне қандай сыйлық алғыңыз келеді?
3. Жарыңыздың осы мерекеде сыйлаған ең алғашқы сыйлығы есіңізде ме?
4. Мектебіміздің ең-ең бұзық оқушысы кім деп ойлайсыз?
5. Өлең айтып бере аласыз ба?
6. Әріптестеріңізді құттықтап 4 жол өлең шығара аласыз ба?
7. Осы мерекеде сізді кім ең бірінші құттықтады?
8. 8 наурыз мерекесі қайдан шықты?
9. Бұл мереке біздің елімізде қай жылдан бастап атап өтіліп келе жатқанын білесіз бе?
10. Осы мерекеде анаңызға қандай сыйлық жасадыңыз?
1-жүргізуші: Өміріміздің әрбір сәтін есімізде сақтап қалу мүмкін емес. Десе де, фотоаппараттың көмегімен оны жүзеге асыруға болады. Назарларыңызға естеліктерді ұсынамыз. (Алдын ала оқушылар мен ұстаздардың өмірінен, ата-аналармен бірге түскен суреттерден слайд жасалып қояды). Проектордың көмегімен слайд көрсетіледі.
2-жүргізуші:
Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!
Мерекелік кешімізді қорытындылау сөзді апайға немесе ағайға береміз.
Ең соңында оқушылар ай секілді дөңгеленіп тұрып, алдын ала мұғалімдерге арнап шығарылған 4 жол өлеңдері жазылған ашық хатты оқып, шоқ гүл немесе сыйлықтар ұсынады.
1-жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен концертіміз аяқталды.
Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші! Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын!