- Учителю
- Сабақ жоспары 'Сан есімді қайталау'
Сабақ жоспары 'Сан есімді қайталау'
Сабақтың тақырыбы: Сан есімді қайталау.
Сабақтың мақсаты:
а) Сан есімнің мағыналық түрлерін, жасалу жолдарын, өзіне тән ерекшеліктерін қайталап, пысықтау, оқушылардың сан есімнен алған білімдерін тиянақтау;
ә) Грамматикалық сауаттылығын арттыру, танымдылык қабілеттерін дамыту, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, пәнге деген қызығушылығын ояту;
б) Ана тілінің заңдылықтарын сүйе білуге үйрету, тілді құрметтеуге, бірлікке, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу;
Типі: қайталау, пысықгау.
Түрі:
Әдісі: сұрақ-жауап, ойлау, ойын, топпен жұмыс.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, деңгейлік тапсырмалар, бағалау парағы.
Сабақтың барысы:
-
Ұйымдастыру кезеңі
-
Үй тапсырмасын сұрау
-
Өзіңді - өзің бағала
-
Кім жылдам?
-
Кім білгір?
-
Кім тапқыр?
-
Мақал-сөздің мәйегі
-
Білгенге маржан
-
Жеті жұмбақ
-
Жинақтау
2. Үй тапсырмасын сұрау
129 - жаттығу.
Мәтінді көшіріп жазып, сан есімдерді табу. Оларды құрамдық және мағыналық түрлеріне қарай талдау.
Арада екі жаз, бір қыс өткен. Жаяу-жалпы келіп, Қызылжыңғылға құлаған үйлер үй басы төртеуден-бесеуден ірі қаралы болып қалған. Сондай қой-ешкілері тағы бар. Қырық үйдің ортасында жүз елудей жылқы, елу шамалы түйе, екі жүздей қой-ешкісі бар. Дүркімбайдың бір өзінде үш мың жылқы, жеті мың қой, жүз елудей түйе бар. Кедейлердің бір-екі жүз қарасын көргенде сол малы көзіне көрінбей қалды.
3. Өзіңді-өзің бағала
1. Қазақ тілінде неше сөз табы бар? (9)
2. Сан есім дегеніміз не? (Заттың санын, мөлшерін, ретін білдіретін сөздер)
3. Сан есім мағынасына қарай неше топқа бөлінеді? (6, есептік, реттік, жинақтық, топтау, бөлшектік, болжалдық)
4. Есептік сан есімнің ерекшелігі неде? (Заттың нақытылы санын білдіреді, қанша? Неше?)
5. Реттік сан есім нені білдіреді? (Заттың ретін, қатарын білдіреді, нешінші?)
6. Жинақтық сан есімнің анықтамасы қандай? (Заттың жинақталған санын білдіреді, нешеу?)
7. Топтау сан есімі дегеніміз не? (Заттың санын топтап көрсетеді, нешеден? Қаншадан?)
8. Болжалдық сан есім заттың санын қалай көрсетеді? (Шамалап, болжалдап көрсетеді, қанша? Неше? Қай шамалы?)
9. Бөлшектік сан есімнің ерекшелігі қандай? (Заттың санын бөлшектеп көрсетеді)
4. Кім жылдам? 130-жаттығу.
Цифрмен берілген есептік сан есімдерден реттік, топтау, жинақтық, болжалдық сан есімдер жасап, сөзбен жазыңыздар.
5, 7, 3, 20, 180, 1000, 34, 71, 82, 120
Сергіту сәті
Бір, екі - еңкей,
Бүгілмесін тізең.
Үш-төрт шалқай
Иілмесін тізең.
Қолды көтер аспанға
Саусақты соз, жасқанба.
5. Кім білгір? 131- жаттығу
Берілген сан есімдердің ішінен дара сан есімдер мен күрделі сан есімдерді бөліп атаңыздар.
Отыз, тоқсан, елу, жетпіс жеті, алпыс тоғыз, жүз елу үш, он сегіз, жиырма төрт, мың екі жүз елу сегіз, алты, үш, қырық екі, жиырма жеті, он үш, тоқсан тоғыз, екі, алпыс, үш, төрт-бес, екіден бір, алпыс -жетпіс, бес-бестен, он-оннан, екі- үш, бір бүтін үштен екі.
6. Кім тапқыр?
Санамақты сәйкестендіру.
Бір дегенім - бөрік, іші жылы жайлы-ақ.
Екі дегенім- етік, қыста кисең жылы-ақ.
Үш дегенім- ішік, болма бала тентек.
Төрт дегенім- тымақ, киер сәнді етіп.
Бес дегенім- байпақ, кисең бойға көрік.
Алты дегенім- алқа, жүрме босқа ойнап.
Жеті дегенім- жейде, жылысы тонның кисең.
Сегіз дегенім- сеңсең, теріден тігер пішіп.
Тоғыз дегенім- телпек, мойныңа тақ, ал да.
Он дегенім- оймақ, кір болмасын кейде.
7. Мақал - сөздің мәйегі
Көп нүктенің орнына тиісті сан есімді қойып, мақал мәтелдерді толықтырыңыздар.
... ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.
... саусақ бірдей емес.
... теңгең болғанша, ... досың болсын.
Білекті ... жығады, білімді ... жығады.
... жылда ел жаңа.
... бірі қыдыр.
Ердің ... сөйлегені өлгені.
8. Білгенге маржан
Қазақ халқы үш, жеті, тоғыз сандарын киелі деп есептеген. Мысалы, ер кезегі үшке дейін, жігіттің үш жұрты бар. Үш бәйтерек дейміз. Жеті санына байланысты жеті әулие, жеті қат көк, жеті ғалам, жеті ғашық, жеті мүше, жеті жұт, жеті амал, жеті қазына дегендер бар. оқушыларға жеті қазынаны, үш бәйтеректі, жігіттің үш жұртын атату.
Үш бәйтерек -Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
Жігіттің үш жұрты - өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты.
Жеті қазына - жүйрік ат, құмай тазы, алғыр қыран, берен мылтық, қара қазан, ақ жаулық, он саулық.
9. Жеті жұмбақ
Екі доп ауысты,
Бір шеңберді тауысты. (Күн, ай, тәулік.)
Шаруасы әр салалы,
Он екі балалы,
Бәйтеректей атам бар.
Әр баласының
Отыздан серігі,
Өзіне лайық көрігі бар. ( жыл он екі ай)
Жасыл тонның бояуы,
Жыл он екі ай оңбайды.
Діңі, бүршікті сояуы
Қысқы аязға тоңбайды. (Шырша)
Екі айыр құйрығы,
Қияқ мұрт қанаты,
Ұшқырлардың жүйрігі ( Қарлығаш)
10.Сабақты қорыту. Кластер әдісімен сан есімнің мағыналық түрлерін жинақтау.
11. Үйге тапсырма:
1. 134-жаттығу. Сөйлемдерден сан есімдерді тіркескен сөзімен бірге теріп алып, сөзбен жазыңдар.
2. Санамақ жаттау
12. Бағалау.